Былтыр ел тәуелсіздігінің 30 жылдығында республика көлеміндегі сияқты біздің облысымызда да іс-шаралар өткізілді. Облыстық «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігі де «Сыр елінің дара есімдері» атты жоба қабылдап, тәуелсіздік жолында аянбай еңбек еткен, өздерінің қайраткерлік, ұйымдастырушылық қабілеттерімен ел құрметіне бөленген әр салада қызмет атқарған тұлғалар туралы зерттеулер жүргізіп, есімдерін мәңгілікке қалдыруға, музейлерде арнайы бұрыш ұйымдастыруға, еске алу іс-шараларын өткізуге араласқан болатынбыз.
Солардың ішінде қоғам қайраткері, медицина саласының майталманы, облыстық денсаулық сақтау басқармасын (ол кезде бөлім деп аталатын) 1952-1982 жылдары 30 жыл бойы басқарған София Өтегенқызы Мақашева мен Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген дәрігер, медициналық училищені 1962-1991 жылдары 29 жыл басқарған Сара Төлегенқызы Дәуітбаева бар еді. Бұл жазбада Сара Төлегенқызының өмірі мен қызметі туралы баяндалады.
Сара Дәуітбаева 1958 жылы Алматы медицина институтын бітіріп, өзінің туған жері Қызылордада қалалық балалар емханасына дәрігер болып орналасады. Оқуды жаңа бітірген жас маман болса да, осы қызметті атқару барысында өзінің мамандығын сүйген, оның қыр-сырын меңгеру үшін үнемі ізденісте жүретін, балаларды медициналық дәрі-дәрмекпен ғана емес, өзінің жылы жүзімен, жанға жайлы сөзімен де емдейтін, келешегінен көп үміт күттіретін маман екенін көрсетті. Осындай ыждағатты еңбегі, белсенді қызметімен абыройға бөленген ол 1962 жылы Қызылорда медициналық училищенің директоры болып тағайындалады. Сыр бойындағы орта буынды медициналық кадр дайындайтын бірден-бір училищені басқару барынша күрделі, шешілмеген өзекті мәселелері жетерлік, оқу-тәрбие жұмысын үйлестіре жүргізу үлкен ұйымдастырушылық қабілетті қажет етеді. Осы күрделі жұмысты бірден қолға алып, іскерлікпен кіріседі. Ешуақытта ізденуден жалықпайды, сол кездегі Одақ бойынша үлкен қалалардағы курстардан өтіп, тәжірибе жинақтайды, медицина ғылымының жаңалықтарымен танысады, өзі де ғылыми еңбектермен айналысады. Сол кездегі облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы София Мақашева, білікті дәрігер Ернияз Омаров, тағы басқа әріптестерінің тәжірибесін алады. Облыс, қала басшыларының алдына медициналық училищенің материалдық-техникалық базасына байланысты мәселелерді батыл қозғап, шешімін тапқанша дамыл таппайды.
Сара Төлегенқызының училищені басқарған 30 жылға жуық жұмысын талдап, баяндай бастасақ оған уақыт та, жазуға берілген мүмкіндік те жетпеген болар еді. Сондықтан атқарған сан қырлы жұмыстарының бір-екеуіне ғана тоқталсам деймін. 1970-1980 жылдар училищенің материалдық-техникалық базасының жаңарған кезеңі болды. Жаңа оқу ғимараты, 444 орындық екі жатақхана оның іскерлігінің, белсенді қызметінің арқасында салынды. Осы жылдары медицина училищесі республикадағы ең үздік медициналық оқу орнының бірі болып саналды. Бірнеше республикалық деңгейдегі семинарлардың Қызылорда медицина училищесінде өтуі соған айқын дәлел бола алады. Орта медициналық білімі бар мамандармен облысты жеткілікті қамтамасыз ету мақсатында Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Шиелі, Жаңақорған аудан орталықтарында және Ленинск (қазіргі Байқоңыр) қаласында училищенің филиалдары ашылды. Сара Төлегенқызы қаншама мыңдаған шәкірт тәрбиеледі. Солардың ішінде училищеден кейін медициналық институттарға түсіп, ғылым кандидаттары, докторлары, медицина саласының ұйымдастырушысы болып қалыптасып, үлкен ауруханалардың, клиникалардың басшылары болғандары қаншама. Мен Сара Төлегенқызын 1970 жылдан бастап білдім, танысқаннан бастап жақсы сыйластық қарым-қатынаста болдық. Училищеге Тереңөзек ауданынан түскен студенттердің жағдайын білуге келгенімізде жылы қарсы алып, көмегін аямайтын. Қызылордада өтетін жиналыстарда, семинарларда кездесіп қалатынбыз.
Іскерлік, ұйымдастырушылық қабілеттерімен қоса оның адамгершілік қасиеті де жоғары еді. Өзі келісті, көрікті кісі болатын, жарасымды, талғаммен киінетін, мінезі салмақты, сабырлы, айналасындағы адамдарды өзіне тартып, үйіріп алатын. Кездесіп, сөйлесіп қалғанымызда көңілге жылу ұялап, рухани өсіп қалатын едік, ол қасиеттерін әлі күнге дейін ұмытқан жоқпыз.
Сара Төлегенқызы осындай іскерлік қабілетті, адамгершілік қасиеттерді қайдан алды, қалай қалыптасты десек, халқымызда «тектіден текті туады» деген қағида бар. Ол кісі тектілікті алдымен отбасынан алған, Сакеңнің әкесі Төлеген Дәуітбаев ұзақ жылдар бойы облыста түрлі салаларда басшылық қызметте болған, атқарған қызметінің бір-екеуін ғана айтсам: Қазалы аудандық атқару комитетінің төрағасы, облыстық коммуналдық шаруашылық мекемесі, облыстық қамсыздандыру бөлімдерінің басшысы қызметтерін атқарған. Ленин, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне үш мәрте депутат болып сайланған. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен төрт рет марапатталған. Сара Төлегенқызы осындай әкеден, анадан, отбасынан тәрбие алып қалыптасқан.
Ол білікті дәрігер, медицина саласының ұйымдастырушысы болумен қатар қарымды қайраткер еді. Қалалық партия комитетінің мүшесі, қалалық кеңестің депутаты ретінде облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласты. Медицина саласының жұмыстарынан тыс облыстың әлеуметтік-экономикалық салаларына үлес қосып, аудандарды арнайы тапсырмалармен аралайтын, халықпен кездесетін, бәріне де уақыт табатын.
Сара Дәуітбаеваның қажырлы еңбегі жоғары бағаланып, «Құрмет белгісі» орденімен және көптеген медальдармен, жоғарғы органдардың Құрмет грамоталарымен марапатталған. КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі, «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген дәрігер». 7 рет қалалық кеңеске депутат болып сайланған.
Күрделі де жауапты қызметтер атқара жүріп, отбасының ұйытқысы, шырағы, сүйікті жар, ардақты ана, аяулы әже болды, балалары тәрбиелі жоғары білімді азаматтар, жауапты қызметтер атқарады. Перзенттері, олардан өрбіген ұрпақтары – Сакең мен Әзекеңнің өмірінің жалғасы.
Отыз жылға жуық басқарып, бар күш-жігерін, білім-білігін, аямай жұмсаған медициналық училище өзінің жарқын істерін, озық дәстүрін әрі қарай жалғастырып, орта буын медициналық кадр дайындауда абыройлы орнын сақтап келеді. Училищені облыстағы белгілі қоғам қайраткерлері Раиса Көзденова, Ақмарал Әлназарова басқарып, оқу орнының материалдық-техникалық базасын жаңартып, толықтырып, білім мен тәрбие, кәсіби мамандық беру жұмыстарын шебер үйлестіре білді.
Бүгінде Қызылорда медицина жоғары колледжінің әкімшілігі, кәсіподақ ұйымы, ардагерлер кеңесі, жалпы ұжым қазіргі заман талабына сай, білім беру саласының реформаларын жүзеге асырып, оң тәжірибелерге қол жеткізіп келеді. «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігі атынан Сара Төлегенқызы Дәуітбаеваны ұлықтау жөнінде ұсыныспен келгенімізде қазіргі колледж директоры Салтанат Тасмағанбетованың басқаруымен бүкіл ұжым үлкен ұйымшылдық көрсетіп, өздерінің жалпы жиналысында колледжге Сара Төлегенқызы Дәуітбаеваның есімін беру жөнінде бірауыздан шешім қабылдады. Хаттама мен тиісті құжаттар заңдылықтарға сай ономастикалық комиссияға ұсынылды. Бүкіл өмірі, қоғамдық қызметі, 30 жылға жуық училищені абыройлы басқаруы, ғылыми ізденісі, «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген дәрігер» атағы бүкіл республикаға белгілі тұлға екенінің дәлелі, сондықтан колледжге есімін беруге әбден лайық деп есептейміз. Алдағы 8 наурыз халықаралық әйелдер күні қарсаңында Сара Төлегенқызы Дәуітбаеваны еске алуға арналған «Сағынышқа айналған сәулелі ғұмыр» атты кеш ұйымдастыруға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Колледж ұжымына «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің ұсынысын қабыл алып, ұйымдастыру жұмыстарын жүргізгені үшін ризашылығымызды білдіреміз.
Алмагүл БОЖАНОВА,
«Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің төрағасы,
«Парасат» орденінің иегері
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<