Бұрынғы бабалардың «жалған дүние» деген сөзінің растығына тағы көзіміз жеткендей. Аяулы азамат, еліміздің, өңіріміздің біліміне, ғылымына, руханиятына мол үлес қосқан Мұстафа Матаев ағаның ортамыздан ұзағанына біршама уақыт өтіпті.
Қорқыт ата атындағы университет ұжымы, ол кісінің әріптес достары мен інілері, қарындастары өнегелі тәрбиесін есте сақтап келеді. Мұстафа аға біз үшін асқар тау, сүйенер тірек, ақыл сұрар білгіріміз, барлығымыздың ұлағатты ұстазымыз еді. Жалғыз біз емес-ау, өңірдің көп азаматына қол ұшын созып, ғылымды бастарда, жолына түсерде арқамыздан қағып, батасын берді. Ойлап қарасақ, бәрі кеше ғана болған сияқты.
Ағамыздың салқын сөзін естімеппіз. Есесіне «Е-е, балалар, жағдайларың қалай? Жұмыстарыңды беріліп атқарыңдар. Бірлікте, тату болыңдар, жолдарың құтты болады» деуші еді. Ағаның осы сөзінде қазақтың ірілігі мен көсемдігі жатқан болар, сірә.
Университетте болып жататын түрлі жиындар мен басқосуларда Мұстафа ағайымыздың айтар сөзі мен пікірі әрдайым салмақты, орынды еді. Өз басым біреуге дауыс көтергенін көрген де, естіген де емеспін. Ол кісі ерекше сабырлығы, байсалдылығы, салмақтылығы, тыңғылықтылығымен ерекшеленетін. Осындай жоғары адами қасиеттерге иелік жасаумен қатар соны жанындағылардан талап етуші еді. Көкейкесті сұрақтар талқыланып жатқанда жоғары белсенділік танытатын. Өзінің пікірін жан-жақты, тұщымды, қарқынды дәлелдеу арқасында қажеттілігіне еш күмән қалдырмайтын.
Мұстафа ағамыз өзінің 80 жылдығына орай екітомдық өмірдеректік, ой-толғамдық еңбек жазды. Сол кітаптарды оқығандағы түсінгеніміз: аға азаматтарды жоғары бағалапты, отбасылық өнегені ардақтапты, ұстаздықты шыңына көтеріпті, адалдықты жырлапты. Осынысымен көптің қолынан келе бермейтін, оқыған адамға үлгі боларлық, мол рухани мұра қалдырыпты.
Абыз жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамыздың «Егемен Қазақстандағы» «Туған анаңдай, қайран туған жер» атты мақаласын қайта-қайта оқыған едім. Әбдіжәміл ағамыз: «Осы жасқа келгенде көзім анық жеткен бір ақиқат – адамға ақыл кеш кіреді. Оң-терісін ойлап, бас ауыртып жатпайтын сонау алаңғасар жастық шақтың жөні басқа, жас кезде санаға не кіріп, не шықпады. Оның қайсыбірін сен жадыңда ұстап, есіңде сақтадың, соңыра ақыл кіріп, өзіңді- өзің танығанда қапы кетіп, бармақ шайнаған әттеген-айлар аз ба? Аңсарың әрнеге бір ауып жүріп, көп нәрсенің парқын кейін түсіндік қадір-қасиеті санаңа кеш жетті дер кезінде ескермей, уыстан шығарып алғасын бас салып өкіндік» депті. Мұстафа ағамыз былай деп жазыпты: «Адам жас кезінде көп нәрсені парықтай алмайды, көзге көрінген нәрсенің төңірегінде ғана ойлайды. Ал өмірдің қалтарысы көп болады екен. Дені сау, ақшасы мол, әр күннің делбесіне түсіп, соны тапқанына мәз адамдар адамгершілік дегенді қайдан білсін? Адамгершілік ауру-сырқат, кәріп пен кәсірге, қиындықта қалғанға, жетім-жесірге жасалады. Ендеше өркениетті көксеген жандарға алдымен адамға жақсылық жасауды үйрету керек. Иә…солай» депті. Осы екі азаматтың ойлары бір-бірін толықтырып, бірімен-бірі ұйқасып, жұптасып, жақындасып жатқан сияқты көрінеді бізге.
Мұстафа ағамыз жастайынан білімге құштар болды. Өмірдің болмысы мен тірлігі ерекше толғандырды. Содан болар ағайымыз анау-мынау емес, Мәскеудегі сол кездегі КОКП Орталық Комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясы аспирантурасын бітіріп, сонда философия ғылымдарының кандидаты атағын қорғады. Қоғамдық ғылымдардың қаймағы тұнып тұрған сол заманда мұндай табыс, осындай жетістік, әсіресе, шет республикалардың өкілдеріне тіпті де бұйыра бермесі айдан анық еді. Мен осыны ағаның кітабын оқи отыра түсіндім. Ол ғылыми ортадан тәлім, білім алды. Сол кездегі философия ғылымның негізін қалаушысы іспеттес, бүкіл әлемге әйгілі ғалым Марк Мойсеевич Розентальдің аспиранты болды. Кереметі – ағаның кандидаттық диссертациясын қорғау рәсіміне М.М.Розенталь кенеттен бармай қалыпты. Бәріміз диссертация қорғағанбыз, бірақ мұндайды көрген де, естіген де емеспіз. Сөз жоқ, бұл айтып түсіндірер құбылыс емес. Сөйтсе, М.М.Розенталь қорғауға қасақана бармапты. Бұл ағамыздың терең білімінің белгісі, әлемге әйгілі ғылыми жетекшісінің оған солайымен сеніп, қорғауға оның өзін ғана жіберуі шәкіртін жоғары бағалауымен қатар мықты сынауының да дәлелі болар. Сөз жоқ, әйгілі академиктің аспирантына деген зор сенімінің дәлелі болар бұл. Әйтпесе оның ғылыми кеңеске бармай қалуы тіпті мүмкін емес. Сондай биік шығармашылық ортада ғылымға кіруі Мұстафа ағамыздың ірі ғалым болуының мықты бастамасы мен берік алқымы болғанын ұғынып, түсініп жатырмыз қазір.
Мұстафа аға былай дейді: «Өмірде кәсіби және рухани білім деген бар. Бұл сөздің мағынасы – «Адамға кәсіп үйретсең, адамгершілігін қоса үйрет» деген сөз. Дүниеге тек қана жалаң кәсіптік көзқарас апат әкеледі». Мұны ұғыну үшін қазір әлемде болып жатқан оқиғаларға аздап талдау жасаса жеткілікті. Түсінер болсақ, осы сөзде қаншалықты терең ой, қаншалықты биік ұғым мен түйін, мықты тәлім мен тәрбие жатыр. Ұстазбыз, әрқайсымыздың бағытымыз бөлек, дәріс беретін пәніміз де түрлі. Соны шама-шарқымыз келгенше атқарудамыз. Ал, алдымыздағы студентке, өмірден мол үмітті жасқа біз Мұстафа аға айтқандай, рухани тәрбие мен білім бере алдық па? Мәселе осында! Ендеше, жоғарыда ағаның айтқан сөзі мен қазақтың абыз жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің ойлары мен пайымдарының орайлас, ұқсас келуін заңдылық деп санау керек.
Мұстафа ағаның «Ұстаздық тұғыры» атты екітомдық кітабын оқи түсемін. Мақсатым – аға рухымен сырласу. Ардақты аға былай деп жазыпты: «…Жас ұлғайып, қариялар қатарына ендік, ал енді бар ғой, соған қарамастан мен осы күні марқұм әкемді де, шешемді де сағынамын. Біреулерге күлкілі болып көрінер, ал осыным – имандай шындығым, соларға бір еркелегім келіп кетеді кейде. Мұны үлкейген кісінің бала болуы деп те қарамағын, құрметті оқырман, бұл – ата-анама деген құрметтен туған бір сезімнің сәттік, мезеттік көрінісі болар, бәлкім». Осы жолдарды оқығанда өз басым Мұстафа аға жүрегінің мол мейірімін қайта сезгендей болдым, ол кісінің айналасына, жақындарына, әріптестеріне деген ағалық қамқорлығының түп негізін осы сәтте терең ұғынып, жаңадан тауып түсінгендей болдым. Өзім де сол мезетте өз ата-анамды есіме алып, біраз үнсіз отырдым.
Мұстафа ағаның тағы бір сөзін осы жерде келтірмеске әддім жоқ. «Қазір мен де көкем сияқтымын. Иә, әкемді біз көке дейтінбіз. Үйге келіп, рахаттанып демалу деген менде жоқ, мүмкіндігі болса жазу үстеліне отырамын. Кей тұстастарым «осы кезге дейін бейнеттендік, еңбек еттік, енді демалу керек қой» дейді. Ал мен үшін демалыстың төресі – кейінгілерге жәрдемі тиерлік, пайдаға жарарлық бір дүние қалдыру екенін қайдан білсін?! Бұл да ұлы ұстазым – көкемнің дәрістерінің нәтижесі екені анық» депті ағамыз. Енді осыны ұғынайықшы. Түсінгенім мынау: Ұлы Құдірет екінің біріне бұйыртпайтын мол несібе беріпті ағаға. Ол – өзгені ойлау, жұрттың қамын жеу, өзінен кейінгі ұрпақтың жоғын күйттеу. Осыған ардақты аға қалай кез болды деген сұрақ туындауы әбден мүмкін. Мұның түбірі адамды мықты сыйлап, жақсы көріп, өмірдің түпкі мақсатын айнымастай берік түсінгенінде. Екі кітапты парақтап отырған адам осыны сөзсіз түсінеді, көреді, сезеді де мойындайды. Осы екі кітап оқыған адамға өнеге боларлықтай, оның өмірінде жөн сілтейтін шамшырақтай қызмет атқаратыны анық.
Асыл аға екітомдықтың соңында былай деп жазыпты: «Біздің бұл баянымыздан сіз де ой түйіңіз, керегін алып, қажетіңізге жаратыңыз, қадірлі оқырман. Тек өмірдің әр сәті тағылымға, өнегеге, тәлімге толы екенін естен шығармаңыз. Түйген ойыңыз, алған тәліміңіз тек адамдар арасындағы достық қарым-қатынасқа, татулыққа, бірлікке жұмсалса екен деп тілеймін. Мұны өзіңіз бастан өткеретін өмір сабақтарымен байытып, келер ұрпаққа жеткізерсіз. Сонда ғана үйрену мен үйретудің жалғастығы, сабақтастығы болады. Бұл – елдің ертеңі үшін, ұрпақ тәрбиесі үшін ерекше маңызды жайт. Міне, осы тұста дәрістерің өнегелі болсын». Қандай кең арқалы, қорғасындай салмақты, тобылғыдай мықты, түйінді сөздер! Керек десеңіз, осы сөздерде Мұстафа ағаның бүкіл адами дүниесі мен болмысқа деген жеке көзқарасы жатқан жоқ па? Тіпті бұл, ағамыздың соңында қалған інілері мен әріптестеріне айтылған аманаты, өсиеті емес пе?!
Кітабының соңғы бетінде Мұстафа аға: «Құлмырзаны, Айманды, Файзрахманды, Жабайханды, Айжігітті, Қажымұрат ағаны, Г.Б.Ханды, Матифулланы сағынамын, інілерім Қазыбай, Серікбай, Алтынбектерді іздеймін. Солармен болған әр кездесу, әр сұхбат саф ауа секілді сіңімді болатын сияқты, таудан аққан мөлдір тұма бұлақтай ілгері жетелей береді еріксіз» депті. Осыдан кейін өзіме көңілім тіпті толмады. Қайдан толсын, ағаның ойынан шықпасаң?! Мықты болсақ, неге аға бізді енді іздейін деп ойлай бастағанда қасынан табылмадық?! Жоғарыда Әбдіжәміл ағаның сөзін осыны сезгендей, білгендей келтіріппін. Білмейтініміз, қателеріміз, кемшілігіміз әлі көп екен. Дер кезінде атқара алмаған ісіме өкініп отырмын. Енді амал жоқ, ағаның артына қалдырған сөзіне құлақ салып, үңілемін. Содан пәрмен аламын, ой түйемін, жүрер жолымды пысықтаймын. Шамам келсе, ағаға ұқсап бағамын. Ардақты ағаның аузына ілігіп, кітап бетіне түсіп қалу да біз үшін жетістік шығар деп шүкіршілік етемін.
Қадірлі Мұстафа аға туралы айтқанда ол кісінің жанында болған бауырлары мен жақындары жөнінде жазбай болмас. Өйткені, мен сол азаматтармен кезінде жақсы араласып, игілікті қатынаста болғаным бар. Бұл жерде мен ағаның бауыры Мәрия апайды да еске алып отырмын. Жетпісінші жылы Қызылорда түбіндегі Қарауылтөбе қыстағында орын тепкен облыстық күріш тәжірибе стансасына қызметке тұрдым. Сөйтсем, Мәрия апай сол мекемеде кадр бөлімін басқарады, ал ол кісінің жары Әбдірайхан аға бас экономист екен. Мәрия апайдың ойлы да, ұлағатты ақыл-сөздері есімізде. Әбдірайхан аға ақкөңіл, ашық пейілді азамат еді. Мен ғылым кандидаттығымды қорғағасын Қызылордадағы Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институты филиалына қызметімді ауыстырдым. Содан бір жылдай қалаға ауылдан қатынап жұмыс атқардым. Кейде дастарқандас болғанда Әбдірайхан аға қызметтік болашағыма тілек айтушы еді.
Білмеймін, мүмкін Әбдірайхан ағаның маған ықыласының ауғаны шығар бұл, жақсы азаматтың інісіне деген шынайы көзқарасы шығар осы. Ендеше, мен осындай биік шынайылықты өмірімде осы ағадан молынан көрдім. Сол ауылда біз отбасымызбен оншақты жыл тұрып, нанын жедік. Құдайға шүкір, жаман болған жоқпын, ғылым жасадым, соның арқасында Мәскеуде кандидаттық диссертациямды қорғадым. Сол уақыттарда Әбдірайхан аға ылғи кез бола қалғанда маған өзінің мейірімі мол тілек-батасын беруші еді.
Бірақ, Құдайға мың шүкір, бір азаматтың жетер дәрежесіне жаманды-жақсылы жеттім деп есептеймін. Менің алмаған асуларыма балаларым мен ұрпағым жетсін деп Ұлы Жаратушыдан әрқашан тілеймін. Сонда ойыма келетіні: оңашада Әбдірайхан аға мен Мәрия апайым мен жөнінде шамасы пікірлесетін болуы керек, содан болар ағамыздың менің келешегім жөнінде жоғары ықыласты болжамдар айтуы. Осыған тереңірек үңілер болсақ, бұл шамасы көпті көрген, текті, айналасының қамын өзінікіндей қамдайтын аса мейірімді Мұстафа ағаның бауырларына, туыстарына берген мол шарапатының арқасында оның шет-жағасының маған да тигенінің айғағы болар.
Мұстафа ағаның інісі Темірбекпен қатармын, көңіліміз жақын, ниеттес жандармыз. Бұл азамат – Қызылорда қаласының тірлігі мен шаруашылығына еңбегін молынан сіңірген білікті басшы. Өмірбек ініммен біраз уақыт Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институты филиалында қоян-қолтық жұмыс атқардық. Сол кез қызығы мен қиындығы мол уақыт еді. Күрмеулі мәселелер күнде туындап, құмырсқадай көбейіп жататын. Содан баршамыз қызу іс үстіндеміз, жұмыс көп. Оның түрі де көп, шешімін табу жолдары да баршылық. Не керек, сондай кезеңдерде абыржып, қиналып, бір-бірімізді түсінісе алмаған уақыттарымыз да болмай қалған емес. Сондай кезеңдерде мәселені терең ұғынып, оның шешу жолдарын білімі, білігі, өткірлігі арқасында іске асыратын азаматтардың орны ерекше болатын. Міне, осы жерде Өмірбек ініміздің шыншылдығы, білгірлігі, әділдігі, ізденімпаздығы айқын көрінді. Осы мінезі арқылы, ыждағаттылығы мен мол еңбекқорлығы негізінде сол азамат шағын филиалдың оншақты жыл аралығында өз алдына дербес институтқа айналуына көп еңбек сіңірді. Шамасы бұл Өмірбектің Мұстафа ағамыздан көрген өнегесінің бір көрінісі болса керек.
Бір уақыттарда біз Мұстафа ағамызбен көрші тұрдық. Ағаның пәтері Әуелбеков тұрған үйдің батыс жағындағы кіреберісінде. Біздің үй соның жанындағы көшенің арғы тұсында. Сол кезде отбасылық қарым-қатысымыз жақсы болды. Біз Мұстафа аға мен Ақзия апамыздан мол ұлағатты өнеге мен тәлім алдық. «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» депті бабамыз. Кешке таман Мұстафа аға көпқабатты үйдің жанындағы шағын алаңшаға шығып, жайлап қыдырыстайды. Мен де сол кезеңді пайдаланып, үйден шығып, ағаға сәлем беремін. Және қарап тұрмаймын, әкемнен келген әзілқойлығымды пайдаланып: «Аға, үйдің қасында жүре бермей, мынау қасымызда ағып жатқан дарияның жағалауына барып қайтпайсыз ба, солай жасағаныңыздың бізге де зияны болмас еді!» деймін, күле қарап. Сонда ағамыз бір нәрсе есіне түсе ме, қайдам, рахаттанып кеңк-кеңк күледі. Сөйтіп, ағаның көңілін аулайтыным бар еді.
Жетпісінші жылдары жастардың білім мен ғылымға ұмтылысы ерекше көзге түсетін. Осының себебі де жоқ емес еді. Өйткені, Кеңес Одағында ғалымдардың материалдық-қаржылық жағдайы биік. Міне, бір жағы осы себеп болған шығар, сол заманда көбіміз ғылымға ұмтылдық. Ол үшін аспирантураға түсу керек. Аспирантураға ілігу алдында үш емтихан тапсыру қажет. Олар: мамандық пәнінен, марксистік-лениндік философиядан және шетел тілінен. Аспирантураны аяқтарда осы пәндерден кандидаттық емтихан қабылданатын. Сол заманда соңғы екі пәннен кандидаттық емтихандар жоғары оқу орындарында жылына бір мәрте қабылданып жататын.
Сондықтан жұрт сол екі пәннен кандидаттық емтихандарды тапсыруға ұмтылатын. Өйткені кандидаттық емтиханды тапсырып қойған азамат аспирантураға түсерде сол пәндерден емтихан тапсырудан босатылатын. Мен де сол жолмен жүрдім. Өйткені, бөлім бастығым Қареке Ділімбетов ағамыз Қызылорда пединститутының жоғары абыройлы ұстазы, доценті. Ол кісі институт дайындық бөлімінің меңгерушісі. Бұл – үлкен қызмет. Сондықтан, Қарекеңнің беделі жоғары. Мен Қареке Ділімбетов ағамыздың арқасында қиналмай ағылшын тілі және философиядан кандидаттық емтихандарды тапсырғанымды ұмытпаймын. Философиядан емтиханды қасында екі оқытушысы бар Мұстафа ағамыз алды. Қареке ағайымның көлеңкесінде жүрсем, сол азаматтың нағашысы Мұстафа ағамыз болса, онда мен емтиханды нашар тапсыруға құқым бар ма?! Міне, ғылым жолына түсерде ақ батасын Мұстафа ағамыздың өзі берген.
Байлық пен қазына іздегендей, тағы асыға парақтаймын аға кітабын: «Міне, осы Қазалы – менің атамекенім, осы Қазалы – менің астанам. Мұны мен мың мәрте мақтанышпен қайталауға әзірмін. Өйткені мен осында өмірге келдім, менің сәби шағым, бала кезім осында өтті, осында орта мектепті бітірдім, алғашқы бала махаббат та осында бүр жарды, осы қала маған биіктерге, арман асуларына жолдама берді, осы жерден мен қанаттанып, ғылымға, білім алуға ұмтылдым. Осы қалада мен достар таптым. Достар болғанда қандай?! Олар Алланың маған берген сыйы ғой. Университет бітіріп келіп, қызметті осы Қазалыдан бастадым. Биіктерді бағындыра бастауым, қызметтік өсу жолым да Қазалыдан басталды. Өмірлік жолдасым, адал жарым – Ақзияны да Қазалыдан таптым. Ата-бабам, әкемнің бейіті де осында. Олай болса менің астанам Қазалы болмағанда қайтсін? Жігітке туған жері – Мысыр шәрі деген ғой атам қазақ. Менің де Мысыр шәрім – Қазалы» депті.
Шіркін, осы жолдарда айқын көрініп жатқан жоқ па, ағаның туған жерге деген перзенттік ықыласы мен махаббаты, азаматтық борышы мен міндеті, өз елі мен туған жеріне деген әрбір пенденің сүйініші мен арманы? Осы ықыласты, махаббатты, борышты ақтау үшін ардақты аға бар күш-жігерін, білімі мен білігін аянған жоқ. Болсаң мендей бол деп, алға ұмтылды, сонау ертеде көп азамат баруға жүрексінетін, атынан сескенетін Мәскеудің қақ ортасындағы әлемге әйгілі ғылым ордасына айбынбай аяқ басып, ол кезде жұрт атынан шошитын атақты ғалымдармен өз қатарындай сөйлесіп, пікірлесіп, дәрістерін қағып алып, философия ғылымының биігіне көтеріліп, соның арқасында еліміздің ең күрделі саласының белді маманы атанып, игерген білімі мен білігін қазақ елінің, туған жерінің жастары үшін сарп етті емес пе?! Ендеше, Мұстафа аға сол қасиетті туған жер ықыласына, махаббатына, құдіретіне оранды дегенге кім қарсы тұрар екен?
Мұстафа аға мен Ақзия апай елге өнегелі, білімді, саналы ұрпақ қалдырған, өсіп-өнген, өркенін кеңінен жайған, белгілі әулеттің басшылары болған. Соңына ел үшін қарымды еңбектерін қазір аянбай атқарып жүрген Ботагөз, Гүлнәр қарындастарымызды, Ғабит, Ғалымжан, Талғат інілерімізді ерткен.
Кітабының соңында: «Иә, ауырған сайын жанымдағы серігім Торғынға жаным ашиды, күндіз-түні жағдайымды жасап, тыным таппай жүреді. Адамгершілігі болмаса осы бейнетті өз қолымен атқарар ма еді? Рақмет, Торғынжан» депті абзал аға. Соңғы уақытында Мұстафа ағаның барлық жағдайын қамтып, ол кісінің кәсіби және шығармашылық жұмысына қолайлы ықпалын молынан жасаған, ұлағатты ұстаз Аймұратқызы Торғынға ағаның рухы риза.
Жақсы адам дүниеден өткенмен, оның әулетін, сол өңірді, болымды, тұлғалы азаматтың айтқан ізгі сөздерінің, жасаған өнегелі істерінің шапағаты жайлайды деген ұғым бар. Ендеше, Мұстафа аға артында қалған елімізде, өңірімізде, ол кісінің киелі әулетінде амандық, жақсылық, береке мол болсын.
Серікбай ҚОШҚАРОВ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<