Менің  әкем

866

0

Бала кезімізде әкемді үйде сирек көретінбіз. Қашан да жұмыста жүретін. Әкемнің көңіл-күйін көзінен ұғатын едік. Кейбір іс-әрекетіміз ұнамай тұрғанын бір қараған көзқарасымен-ақ ұқтыратын. Ал дүниеде ең баға жетпес сәт – ол әкемнің мейірімге толы күлімдеген көзі. Сол сәт бүкіл  ғалам есігін саған айқара ашып тұрғандай ғажайып кез болатын. Әкем сөздің емес, істің адамы болғандықтан өте аз сөйлейтін, бос сөзді көп жақтыра бермейтін.

Ол кісінің алдына әбден ойланып, бір нақты шешіммен баруға тырысатынбыз. Дастархан басында да отыру тәртібі болатын. Отбасының барлық мүшесі әрқайсысы өзіне бекітілген орында отыруы тиіс. Оқу орнын бітірген соң ұлым дипломын атасына қуана алып келді. Дипломын ұстап отырып:

– Бұл өзіңнің неше жылғы оқуыңның жемісі, енді осы құжатыңмен еңбек етіп, тер төгіп, мықты маман болу міндетің, –  дегені есімде.

Сырт көзге   қатал болып  көрінгенмен,  әкемнің жүрегі мейірімге толы болатын. Әр мереке сайын  уақыт тауып,  ағайын-туыс, дос-жарандарын шақырып, ақ дастарханда бас қосып, жарқырап отырғанды ұнататын. Ол да бір бауырмал болып, сыйласып жүрудің үлкен тәрбиесі екен ғой.  Ағайын-туыстың басына түскен ауыртпалықты қайыспай, сыртқа  білдірмей өзі көтерді. Ал немереге келгенде өте мейірімді ата еді. Демалыс күнінде  әдейілеп немерелерін ертіп шығып, сол кездегі «Балалар әлемі» дүкенінен қалаған ойыншықтарын әперіп, оған өзі де баладай мәз болып, қуанатын.

Дара кісінің қасында дана адам болу керек болса, менің анам сондай жан бола білді. Жұмысына қатты берілген күйеуінің қарны тоқ, киімі бүтін, көңіл-күйі орнықты болып жүруі – бәрі анамның арқасы.

Әкемнің еңбек жолы – көпке үлгі болар даңғыл жол. Ол туралы замандастары мен үзеңгілестері: «Білмегенін терең білуге құштар, қай істің де түбіне терең үңілетін, аспайтын, саспайтын, жер қозғалса қозғалмайтын, сабырлы, салмақты, артық сөзі жоқ кісі еді», деп бағалайды. Бұл Сыр перзентінің өмір жолына, қызметі мен еңбегіне берілген халықтық баға деп ойлаймын.

Әкеге деген сағыныш таусыла ма, биыл әкемнің өмірден өткеніне көзді ашып-жұмғанша 5 жыл өте шығыпты. «Жақсы әкенің аты, баласына қырық жыл азық» деген даналықтың растығына көз жеткізіп келемін. Мәңгiлiкке жүрегiмiзге орныққан бейнесi жыл санап асқақтап, биіктей түсуде. Жүрегім сағыныштың ыстық жасына булығып-ақ тұр….

Жанат ҚАРАМАНОВА

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<