Мизамшуақ

524

0

Қай шығарма екенін ұмыттым, бірақ осы бір сөз әлі жадымда. «Әр адам – өз өмірінің жазушысы. Жақсы жазылған өмір жазбаңыздан кейінгіге өнеге боларлық жол табылса, онда ғұмыр бекер өтпегені. Біз білсек, жақсы тұлға – қоғамға, елге пайдасы тиген жан». Оқыған кезде көз алдыма ғұмыры қиындықпен басталса да, ақадал маңдай терімен елге жаққан әкем мен шешемнің бейнесі келді.

Әуелі әкем жайлы айтсақ. Теңіз жағасында «Жалпақ» деп аталатын шағын жұртта туған ол әкеден жалғыз еді. Жалпақбай әкем ата-анадан ерте айырылып, балалықты білмей ержеткенге ұқсайды.

Жетім өскенмен білімге деген құмарлығы ерте оянған. Содан болар, ағайын ішінде алғаш болып, жоғары білім алып, институттың физика-математика факультетін тәмамдады. Анам Айнагүлмен табысып, шаңырақ көтерді. Өмірге екі ұл, бес қыз әкеліп, ортамызда жайраңдап жүргендері кеше ғана сияқты еді.

Оқудан соң әкем 1956 жылы өзі туып-өскен «Жданов» колхозында мектептің оқу ісінің меңгерушісі болып, одан соң аудандық оқу бөлімінің инспекторы, аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, Қазалыдағы №17 мектеп директоры, Қазақстанның 40 жылдығы, Ф.Энгельс атындағы совхоздарда партия комитетінің хатшысы қызметтерін абыроймен атқарған. Бұның барлығы да көзкөрген азаматтардың есінде деп ойлаймын.

Әкемнің айтуынша, 1974-1981 жылдары бірде ірілендіріліп, бірде қайта бөлініп, ақырында 1967 жылы «Октябрь», 1983 жылы Үрмәш Түктібаев атымен құрылған шаруашылықты басқарыпты. Сол уақытта ауылда егін егіп, ірі қара өсіріп, күйіп тұрған шаруаның басы-қасында жүрген.

Осы жылдары ауыл тұрғындары 800 гектардан бастап, әуелі 1500, кейін 2500 гектарға дейін күріш өсірген. Шаруашылықтан талай еңбек тарландары шыққан. «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегерлері, тракторшы С.Серікбаев, А.Аймағанбетов, бригада жетекшісі А.Жұбатырова, сауыншы А.Жетеулиева, «Еңбек даңқы» орденінің иегерлері, егіс бригадирі Т.Мұханов, Т.Тәжімұратов, сушы-күрішші І.Әбдіров, С.Қожаниязовты айтуға болады. «Қазалы» энциклопедиясында аудан экономикасын дамытуда жемісті еңбек етіп, елеулі үлес қосқандар қатарында «Құрмет белгісі» ордені, «За долголетний добросовестный труд», «Тыңға 50 жыл» және тағы бірнеше медаль иегері, әкем Жалпақбай Нұрмағамбетов есімі де ерекше аталып өтіпті. Бұл – біздің әулет үшін зор мақтаныш.

Әкемнің туған жер туралы әңгімесі кім-кімді де елең еткізетін. «Ол кез Арал теңізінің арнасы толық, толқыны жағаға соғып жататын бір заман еді ғой. Теңіз беті толған тіршілік. Арал қаласынан Нүкіске қатынап, балық, басқа да елге қажет тауар тасып, шұбырып жататын кемелерде қисап жоқ. Адам күнде көріп, қасында жүргесін бе, көп нәрсенің қасиетін бағалай білмейді екен. Өзі де асып-тасып, ырыздығы шалқып төгіліп жататын Арал жарықтық сол кездегі елдің берекесі екен ғой. Жастау кезімізде біз көп мән бермеген бұл жағдаяттарды кейінірек ұқтым. Туған жер – Арал бойы, өскен орта – Қазалы аймағы, ата-баба аруағы жатқан жер – Бөген ауылы. Әкем Нұрмағамбет ел кезіп, теңіз адақтап жүріп, ес жиғасын, өзіне топырақтың елден бұйыратынын сезді ме, бабалар қонысына барып, бақилық жайын сол жерден тапты. Туған жер қасиетін, ата-баба рухын үнемі еске алып жүру керек екен. Мейлі өрде бол, мейлі төрде бол. Өмірдегі талап-талпыныс, қажыр-қайратыңның демеушілері де, тілекшілері де солар екен. Қазақ «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деп қалай орынды айтқан?! Түсіме Аралдың тау-тау толқыны, әкемнің өмірден озардағы көк теңізде қалтылдаған қара қайығы кіретін еді. Шүкіршілік пен тәубе деген – үлкен нәрсе. Соңғы кездері осы екеуіне жиірек жүгінетін болдым. Ғұмыр жолым көз алдымда сайрап тұрады. Бейнет кештік, зейнет көрдік. Бүгін міне Құдайға шүкір, өркенім өсті, өрісім кеңейді. Ұл-қыз өсірдім. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырдым. Немере сүйдім, шөбере көрдім. Ағайын-туыс, құда-жекжат, дос-жаран бар. Сый-құрметті ортам кең, төрт жағым түгел сияқты. Сірә, мұның бәрі өмірге деген түзу ниет, адал еңбектің өтеуі деп ойлаймын…» Бұл сырт қарағанда құз басындағы құлжадай айбынды көрінетін, шаруашылық қызметіне мектептен келгенінен шығар, қас-қабағында кісі қаймықтырар сұсы бар әкемнің дүниеден көшер алдындағы сөздері еді.

Анам Айнагүл жұрт есінде бауырмал, дастарқаншыл, шәкірттеріне алғаш әріп танытып, қолына қалам ұстатып үйреткен ұстазы ретінде жадында болар. Ауылдан басталған мұғалімдікті кейін Қазалыға көшіп келген соң Ж.Жабаев атындағы №234 мектепте де жалғастырды.

Бір жағынан жұмысы, екінші жағынан әкемнің қызметтес жолдастарын қонақ қылып жайлауы бар, үшінші жағынан тетелес өсіп жатқан біздей кішкентай балалары бар, соның бәріне үлгеретін. Қолынан келмейтін өнері жоқ. Әкем екеуі зейнетке шыққасын далалықтан жер алып, картоп, қауын-қарбыз егетін, тәттілерін алып, мені де ерте кететін. Сондағысы алысқа тұрмысқа шыққан балалары, жиен-немерелері келгенде «емін-еркін тойып жесін, қалғанын базарлыққа алып кетсін» деп еңбектенеді екен ғой.

Мен анамның кенжесі болған соң оның қолөнерін көріп өстім. Алашаның түр-түрін тоқу, киіз басып, оны оюлау, құрақ көрпе құрау, шұлық, тоқыма тоқу, ұршық иіруден бөлек, сиыр сауып, күбімен айран пісіп, майын алып, сүтінен құрт, ірімшік, сүзбе жасап, күзде өзі еккен қауынынан қауынқақ, қауынқұрт жасап, келген қонақты өз қолынан жасаған тағамдарымен тойғызып жіберетін бесаспап жан болды. Тезекке піскен, қолдың сары майына салып беретін қазанжаппайы мен өз қолымен піскен айраны қолынан дәм татқан талай жанның есінде. Күріш пен сөкті келі-келсабымен түйіп, талқанын өз диірменімен дайындайтыны ерекше еді. Ал көктем болса есік алдындағы бау-бақшадан шықпай, көкөністің барлық түрін егіп, оларды баптап, алған өнімін көрші-көлемнен бастап ауыз тигізетіні бар. Әсіресе, гүл егудің хас шебері, есіктің алдынан неше түрлі гүлдердің хош иісі аңқып тұратын. Ең бастысы, осы жұмыстарды ол кісі үлкен махаббатпен, көңілді жүріп істейтін. Кешке тыныққан уақытта кітап оқығанды ұнататын, көзіне көзілдірік те киместен барлық жаңалықты әкемнен қалыспай біліп отыратыны бар. Осындай тәрбиені көріп өскен біз де сол тірлікті, анамнан көргендерімді жасауға тырысып келеміз.

Қанша жерден бауырларың, ұл-қызың жаныңда жүрсе де, әке мен ананың орнын ешбірі баса алмайды екен. Кейде оларды іздеп, мойнына мейірлене асыла кететін мезеттерді аңсайсың. Түн баласы түсіңде көріп, жылап оянатын да сәттер болады. Қазір өзіміз ата-ана атанып отырсақ та, кейде бала болғымыз келетіні жасырын емес. Дегенмен шүкір дейміз, қара орманы мен ұрпағының саулығын тілейміз. Ұл-қыздан өрген 19 немере, 40 шақты шөбересінің амандығына атасы мен әжесінің аруағы жар болсын деген тілегіміз бар.

Біздің халықта «Мизамшуақ» деп аталатын мезгіл бар ғой. Бұл аптап ыстықтың беті қайтып, салқын күндер басталатын екі ортадағы шақ. Ыстық та емес, салқын да емес, жанға жайлы уақ. Білуімше, қыркүйектің аяғы мен қазанның басы шамасындағы мерейлі мезет. Мұны неге еске алды дерсіз?! Меніңше, адам ғұмырындағы дәл осы уақыт – ата-анасының бар кезі. Одан кейінгі салқын күндердің келуі олардың өмірден өткеннен кейінгі біздің көңіл-күйіміздей. Міне, әкемнің «жоғалған түйесін» іздеп кеткелі 16, анамның да сол «жоқтың» артынан жөнелгеніне 10 жыл болыпты. Табылмайтын түйе ғой ол. Табылса бұрынғылардың бәрі қайда? Енді қос қадірлімнің бейнесін жүрекке сақтаудан өзге амал жоқ.

Эльмира НҰРМАҒАНБЕТОВА,

№7 «Балдырған» санаториялық

бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі, аудандық мәслихат депутаты.

Қазалы ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<