Мұнай мұнарасында маздаған  шырақ

528

0

Мұрат Ғазизұлы Саламатов 1942 жылы 31 шілдеде Жамбыл облысы Көктерек ауданы  Бурылбайтал ауылында дүниеге келген.

Еңбек жолын 1959-1961 жылдары «Ақтөбемұнайбарлау» тресіне қарасты мұнай барлау экспедициясында бұрғылау жұмысшысы, бұрғышының көмекшісі болып бастаған.

1961-1966 жылдары  Қазақ политехникалық институтында оқыған. 1967-1973 жылдары «Өзенмұнай» басқармасында, №2 аудандық инженерлік-технологиялық қызметте мұнай өндіру шебері, бастығы, 1973-1975 жылдары Маңғышлақ облыстық партия комитетінің өнеркәсіп бөлімінің нұсқаушысы, бірінші хатшының көмекшісі болған.  1975-1979 жылдары  «Жетібаймұнай» мұнай-газ өндіру басқармасының бастығы,  1979-1981 жылдары  Қазақстан Компартиясы ОК-нің ауыр өнеркәсіп бөлімінің нұсқаушысы,  1981-1986 жылдары «Маңғышлақмұнай» өндірістік бірлестігінің бас директорының орынбасары,  1986-1988 жылдары Құмкөл кен орнын жайластыру жөніндегі бас директордың орынбасары. 1988-1991 жылдары «Құмкөлмұнай» басқармасының бастығы, «Маңғышлақмұнай» өндірістік бірлестігінің бас директорының орынбасары қызметтерін атқарды.

1991-1994 жылдары «Оңтүстікмұнайгаз» өндірістік бірлестігінің бірінші бас директоры, 1994-1995 жылдары «Мұнайгаз» мемлекеттік холдинг компаниясының президенті болып қызмет етті. 1995-1997 жылдары ҚР Мұнай және газ өнеркәсібі министрінің 1-ші орынбасары болып бекіді. 1997 жылдың наурызынан «Қазақойл» Ұлттық мұнай компаниясының бірінші вице-президенті қызметін атқарды.

 Мұрат Ғазизұлы   Саламатов  1999  жылы 57 жасында қайтыс болды.

Отыз жылдан аса уақыттан бері Қызылорданың нәпақасы, берекесі болып келе жатқан мұнай өндірісі біздің өлкемізде қалай басталып еді?

Осындай сұрақ қойылса әңгіменің әлқиссасы «Құмкөлдің» қазығын өз қолымен қағып, Сыр бойындағы мұнайшылар мектебінің негізін салған Мұрат Саламатов есімінен басталуы әділдік әрі заңдылық сияқты көрінеді.

Кеңес дәуірінде қара алтыннан қаймақ сүзген Татарстан, башқұрт елі, шешен жері секілді біраз аймақтың берері азайып, бұрғылаушылар назары Сібірге қарай ауғанда қазынасын қойнына бүктеп жатқан жер қыртыстарын зерттеп-зерттеп, ішіне түйгендер «Құмкөл» мұнайы туралы сыр ашқан.

1985 жылдың 6 маусымында КСРО Мұнай өндірісі министрлігінің «Қазақ КСР-індегі «Құмкөл» кенішін іске қосу мен пайдалануға әзірлік шараларын ұйымдастыру» туралы бұйрығы шыққан. Онда геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде сол кездегі Жезқазған облысы аумағындағы «Арысқұм» иінінен жаңа әрі болашағы зор кен орны табылғаны атап көрсетілген.

Қазақ Геология министрлігінің «ЮжКазгеология» бірлестігі жасаған жұмыстардың нәтижесінде көпқатпарлы «Құмкөл» кеніші ашылған.

Аталған бұйрықта «Маңғышлақмұнай» бірлестігіне 1987 жылдың 4-тоқсанында кеніште мұнай өндіруді қамтамасыз ететін кешенді шараларды атқару, 1986 жылдың 1 шілдесінен бастап «Маңғышлақмұнай» бірлестігінің құрамындағы дирекцияны Қызылорда қаласында құру тапсырылған. 

1986 жылдың 17 желтоқсанында Қазақстан Компартиясы Қызылорда облыстық комитетінің бірінші хатшысы Е.Әуелбековтің төрағалығымен өткен жиында «Құмкөл» кенішін игеруге дайындық мәселесі қаралған. Жиналыс хаттамасындағы қатысушылардың тізімінде сол кездегі облыс, қала басшылары, «Маңғышлақмұнайдың» бас директоры А.Дергачев, Қазақ КСР Энергетика министрінің орынбасары Б.Нұржанов және «Маңғышлақмұнай» бас директорының орынбасары М.Саламатов есімдері аталады. 

Қызылорда мұнай кенішінің тарихы осылай басталады, ал, оның алғашқы күнінен ыстық-суығын сезініп, ауырын арқалаған нар азамат Мұрат Саламатов болатын.

Сонау сексенінші жылдары Алматыдағы Қазақ политехникалық институтының мұнай факультетіне оқуға түскен қызылордалық талапкерлерге былайғылар: «Сендер мұнай факультетінде неғып жүрсіңдер, Қызылордада мұнайдың өзі емес, иісі де шықпайды ғой. Басқа оқуға ауысып кетіңдер», – дейді екен. Айтатынындай бар, ол кезде мұнай тек Гурьев, Маңғышлақ жақта ғана болатын.

«1988 жылы Қазақстанның оңтүстік аудандарынан келген институт бітіруші студенттерді бір аудиторияға жинады. Саламатов деген кісі келеді деп күтіп отырдық. Біздің болашақта не істейтініміз туралы айтып, бағыт бермекші екен. Фамилиясына қарап басқа бір ұлт па дегенбіз, сөйтсек, жасы қырықтан шамалы асқан шамадағы әдемі, өңді қазақ екен. Ол бізге Құмкөл мұнай кен орынының ашылғанын, Оңтүстік Қазақстан мұнай барлау экпедициясы арқылы төменгі неоком түзілімдерінен мұнай алынғанын айтты. Біздің жас маман екенімізді, алған білімімізді осы кен орнын дамыту үшін жұмсап, қызмет етуімізге ұсыныс білдірді», – деп еске алады қызылордалық белгілі мұнайшы-кәсіпкер Мұрат Өтеев.

Осы естеліктің өзі Мұрат Ғазизұлының Құмкөл мұнайын игеруге қаншалықты құлшынысты еңбек сіңіріп, Қызылорда облысының ілгері дамуына үлес қосқанына бір айғақ бола алады.

«Маңғыстаумұнайгазбарлаудың» қырықшақты кен орнын барлап, жер қойнауындағы «қара алтын» қорын анықтағаны белгілі. Осы тарихи іске еңбегі сіңген үш адам – Қазақ КСР Геология министрі Ш.Есенов, экспедиция бастығы Х.Өзбекқалиев, бас геолог В.Токарев Лениндік сыйлыққа, олардан басқа да біраз сала майталмандарының КСРО Мемлекеттік сыйлығына, Қазақ ССР-нің Мемлекеттік сыйлығына ие болғанын білеміз. Әттең, біз үшін орындаушылар ортасынан табылған Саламатовтың марапат тізімінен көірнбеуі өкінішті.

Алайда, Мұрат Саламатовтың Қызылорда аймағына сіңірген еңбегі мен парыз адалдығы халық тарапынан бағаланды. Ел бұл есімді бүгінге дейін ауыздан ауызға көшіріп әкеле жатыр.

Сол кезде Саламатов «Құмкөл» мұнайын игеру жұмысына аса қажет болған кадр мәселесін шешу бағытында тынбай ізденіп, әрекет еткен.   Әрине, мамандарды тұрақтандыру оңай болмаған. Мұнайшыларды Ақтаудан, Газлиден отбасыларымен көшіріп, оларға тиісінше жағдай жасауды қолға алған да Саламатов болған.

Қазіргі күні сол мамандар Сыр жеріне сіңісіп, қызмет атқарып келеді. Бұрын ешқандай өндірісі болмаған аграрлық өңірге мүлде беймәлім тың саланы игеру ерлікке тең іс еді. Осы қадамда кере тартқан садақтай жігерлі де, жүйрік ойлы Мұрат Саламатовтың біліктілігі, болашақта қандай бағытты қолға алу керектігін күні бұрын сезетін стратегтігі алға шықты.

1990 жылдың 9 мамырында жомарт жер «Құмкөл» алғашқы мұнайын берді.

Бұл уақытта Саламатов Маңғыстаумен, Алматымен, Мәскеумен тығыз байланысып, министрліктер арқылы қажетті құрал-жабдықтар алдыруға бар күшін жұмсады.

Жезқазғаннан 229 шақырым электр желісі тартылды, Қызылордадан 200 шақырым тас жол төселді, 214 шақырым «Құмкөл-Қарақайың» мұнай айдау құбыры салынды. Осы мехнатты өзі арқалап, осы машақатпен Саламатовтың өзі айналысты.

1991 жылдың жазында миллион тонна мұнай алған Қызылордаға КСРО Мұнай-газ министрі Л.Филимонов келеді. Сол жылы тек «Құмкөл» емес, басқа да кеніштерді игеру, жаңадан мұнай-газ кен орындарын барлау жөнінде Қазақстан Министрлер кеңесі арнайы қаулы қабылдаған. Соның негізінде «Сырдариямұнайбарлау» экспедициясы, «Құмкөл» экспедициясы құрылды. Жергілікті мамандар «Ащысай», «Оңтүстік Ақшабұлақ», «Блиновский» деген кеніштерді ашты. Құлазыған қу дала еңбек ырғағымен тербелді, мұнай мұнаралары менмұндалап, әлеуметтік құрылыстар сап түзеді. Мұның бәрі сөз жоқ, Мұрат Саламатовтың өз ісіне, азаматтығына адал болмысымен келген олжа еді десек, оған ешкім де таласпайды.

 Бұл жерлерден еліміздің мұнай өндірісіне сүбелі үлес қосқан айтулы мамандар тәрбиеленіп шықты.

Саламатов алғашқы бірлескен кәсіпорындарды құруда көп еңбек сіңіріп, шетелдік әріптестермен интеграцияға жете мән береді. Бұл жаңа кәсіпорындардың, атап айтқанда «Торғай Петролеум» мен «ҚазГермұнай» компанияларының құрылуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына сеп болды. Сөйтіп, «Құмкөлден» басталған жол бүгінде халықаралық деңгейге жетті.

1996 жылдың тамыз айында облыста «Қызылорда-Құмкөл» кенішінің игерілгеніне 10 жыл және 10 миллион тонна мұнай өндірудің құрметіне салтанатты шара болып өтті.

Сол мәжілісте Мұрат Саламатов тебірене сөйледі. «Құмкөлдің негізін қалағандардың ұжымын қалыптастыру құрметінің маған бұйырғаны үшін, оның құт-қазынасын адамдарға ашып беру еншісінің маған тигені үшін өзімді бақытты сезініп, тағдырыма ризашылығымды білдіремін», – деді.

Шын мәнінде Мұрат Ғазизұлы маман не еңбеккер ғана емес, сол еңбегі арқылы мыңдаған жандардың жақсы өмір сүруіне себеп болған сом тұлға еді.

Құмкөлден кейін «Оңтүстікқазмұнайгаз» өндірістік бірлестігінің бас директоры, «Мұнайгаз» мемлекеттік холдинг компаниясының президенті, Қазақстан Республикасы Мұнай және газ өнеркәсібі министрінің бірінші орынбасары, «ҚазақОйл» ұлттық мұнай компаниясының бірінші вице-президенті болып қызмет жасады.

Қанша лауазымды қызметтерде жүрсе де қарапайым қалпын сақтады, себебі, оның қарапайым болмысында елге қызмет етсем деген арман болды, сол арманын орындады. Атақ-даңққа бой ұрмады. Марапаты да «Құрмет грамотасынан» аспапты.

Алайда, халық жақсы көріп, жадында тұтты. 

2002 жылы Қызылордада марқасқа мұнайшы Мұрат Ғазизұлының 60 жылдығы атап өтілді. Қызылорданың үлкен даңғылына оның есімі берілді. «Құмкөл» кенішінде ескерткіш бюсті қойылды. Бұл шараларды ұйымдастыруға Есқожа Бергенбаев, Сүлеймен Атаниязов, Мұрат Үдербаев және басқа да әріптестері үлкен қолдау көрсетті.

«М.Саламатов ерекше тұлғалы ұлтжанды азамат, қазақи мінезді, ұлттық қасиеттерді бойына жинаған ірі тұлға болатын. Өзінің азаматтық борышын зор деңгейде атқарды, күні-түні демей, ыстық-суыққа төзіп, денсаулығының сыр беруі де соның салдарынан болуы керек, әйтпесе берері мол еді. М.Саламатов Қызылорда облысында мұнай өндірісінің үлкен жүйесін қалыптастырды, соның жемісін өңір тұрғындары көріп отыр. Көптеген азаматтарды тәрбиеледі, соның бірегейі – кезінде «Южнефтегаздың» бас инженері болып қызмет атқарған Алик Айдарбаев республикаға белгілі қоғам қайраткері атанды, үлкен басшылық қызметте жүр. Мұнай саласындағы көптеген ірі қызметтегі азаматтар оның сыйлас інілері, көбісі шәкірттері болатын», – дейді бір кезде Мұрат Ғазизұлымен бірге еңбек еткен белгілі тұлға, Шымкент қаласының құрметті азаматы, Қазақстанның құрметті құрылысшысы Алданазар Құрманбаев.

«1987 жылы «Құмкөл» мұнай кенішінің құрылыс жұмыстарын жүргізетін мекеме есебінде «Маңғышлақмұнайқұрылыс» тресінен ПМК-1 мекемесін бөліп алып, Қызылордаға көшірілді. Саламатов осы жұмысты маған тапсырды. Мен сол мекемедегі жұмысымды прораб, учаске бастығы, бас инженер болып бастап, сосын өзім басқардым. Бұл өсу жолыма бір-ер ай ғана уақыт кетті. Өйткені, Мұрат Ғазизұлы маған сенді, міндеттеді.

Ол кісі жергілікті кадрларды тәрбиелеуге маңыз берді. Жұмысшыларды оқуға жібердік, олар бұрғылаушы, мұнайшы-механик, скважина жөндеушісі секілді өзекті мамандықтарды меңгеріп оралды.

Мәкең өзінің жағдайына аса мән бермейтін. Қызылордада екі бөлмелі пәтерде тұрды. «Жер алдық, үй салып алсаңызшы» деп кеңес бергенбіз. Ол жерлерді Мәкең көпбалалы отбасыларға бөлгізді.

Мәкең шешендік сөздерді көп оқитын, майын тамызып айтуға да шебер еді.  Жұмысына өте тиянақты, талабы күшті, жаны бай адам», – дейді Қазақстанның құрметті құрылысшысы, Қызылорда қаласының құрметті азаматы Марат Қожабеков.

Қызметтес болған, қатар жүрген азаматтардың бұл пікірлері де Мұрат Саламатовтың бейнесін аша түскендей бізді қызықтыра түседі.   

Өмір заңы, Хақ бұйрығы – біздің еркімізден тыс тылсым. Елінің жарқын ертеңін мұрат қылған ер болмысты Мұрат Ғазизұлы бейнеттің зейнетін көрер шағында дүниеден өтті.

Асыл азамат көңілі өскен сәттерде халық әндерін әуелете шырқайды екен. Бұл оның жан-дүниесінің түкпіріндегі туған халқына деген махаббатының бір нышаны болса керек.

Алыстан қараған кісі болса, «Құмкөл» жақтағы мұнаралардан шырақ сәулесі төгіліп тұрған бір суретті көрер еді. Бұл бәлкім, Мұрат сынды асыл тұлғаның жан әлемінен тарап жатқан шырақ шығар…

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

Жылы лебіздер

«…Мәкеңнің еліне қалдырған ірі еңбегі, өшпес қолтаңбасы «Құмкөл» кен орны. Сыр бойы мұнайлы өңірге айнала бастады. Жергілікті кадрдан жұмысқа тартып, оқытып, үйрету арқылы тұрақты мұнай мамандары қалыптасты. Нәтижесінде, іскер, беделді басшының арқасында «Құмкөл» кеніші, өзіміздің ұлттық кадрдың көбірек қатысып, араласуымен, қысқа мерзімде игерілді».

Нұрлан Балғымбаев,

бұрынғы ҚР Премьер-министрі (1997-1999),

ҚР Мұнай және газ өнеркәсібі министрі).

«Батыс Қазақстанның кеніштерін айтпағанда Оңтүстік даласындағы бір «Құмкөл» кенішін қысқа мерзімде өз күшімізбен игеру – Қазақстанда мұнай саласында шетелдіктермен иық тірестіре алатын тәжірибелі мамандар мен басшылардың бар екендігін, олардың қатары жылдан-жылға өсіп келе жатқандығын көрсетті».

Төлеген Хасанов,

бұрынғы  «Оңтүстікмұнайгаз»

АҚ-ның бас директорының орынбасары.

«Маман жігіттің іскерлігін, ұйымдастырушылық қабілетінің зор екенін, шаршап, шалдығуды білмейтін Саламатовтың әрбір ісіне риза болған Еркін Әуелбеков айына бір рет облыстық басқармалар, мекеме басшыларын жинап, Саламатовтың атқарып жатқан ісін өзіне баяндататын».

Есқожа Бергенбаев,

бұрынғы «Харрикейн Құмкөлмұнай» АҚ

 президентінің орынбасары.

«Мен мұнайшы болмағанда жазушы болатын едім. Кейде түсімде өлең шығаратыным бар. Бірақ таңертең тұрғанда ұмытып қаламын», – деп күліп алды.

…Ақындардың ішінен неге екені белгісіз Мұқағали Мақатаевты пір тұтатын. Екеуміздің тағдырымызда бір ұқсастықтар бар дейтін. Ақынның екі томдық таңдамалы кітабынан өзі белгілеп қойған беттерден өлеңдер оқитын. 

Мәкең бізді осылайша ұлы ақындармен ұйытып тастап отыратын».

Сағын Тәжікенов,

бұрынғы «Сайман» АҚ бас директоры.

«Үлкен ұстазымыздың – Мәкеңнің айтқан сөзі әлі есімде: «Дүние төңкеріліп жатқанға ұқсайды. Одақ тарап, бәрінің берекесі кетіп, техника талан-таражға түсіп, әркім ойына келгенін істеп жатыр. Жеке байлықтан гөрі батырлық жасауға ұмтылыңдар».

Ұстаздың бұл өсиеті кез келген адамның пенделігіне тосқауыл болатын, дәл уақытында айтылған сөз еді. Бұл сөз аяулы ұстаздың «әр пендеде болатын нәпсіңді тыя жүріп, жұртқа ортақ іс жаса, ерлік қыл», – деген сөзі еді. Солай деп түсінген біздер қателеспеген екенбіз».

Сүлеймен Атаниязов,

«Құмкөлқұрылыс» АҚ-ның бұрынғы президенті. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<