Нартұлға

469

0

сурет ашық дереккөзден алынды

Адамзат баласының ғұмыры қысқа болғанымен, сол қысқа өмірде артында өнегелі істер қалдыратын белгілі бір саланы терең меңгеріп, халыққа жасаған жақсылықтары мен айналасындағыларды жанына жақын тарта білетін жылулығы естен кетпейтін адамдар болады. Сондай қабілетімен есте қалатын тұлғаның бірі Б.М.Сапарбаев.

Бекеңнің бойында әке қанымен, ана сүтімен келген уақыт өзгерсе де, кеңістік өзгерсе де, қоғам, заман өзгерсе де туа біткен қалпын сақтаған мағыналы, мәнді тектілік бар. Барлығын білемін демей, білгім келеді деумен өмір сүріп, әр уақытта дүние тылсымы мен құпиясын білуге құштар.

Бердібек Машбекұлы Қызылорда облысына 1995 жылы өте қиын кезде келді. Ол кезде біз әртүрлі салада басшылық қызметте жүр едік. Жоспарлы экономика тоқтап, нарықтық қатынасты толыққанды игере алмай жатқан өлі кезең. Қаржы жоқ, өндіріс мекемелері тоқтаған ауыл шаруашылығы құлдырап Қызылорда облысы тарқап кетуге шақ қалып тұрған уақыт.

Бекеңнің іскерлігінің, сауаттылығының, табандылығының, тазалығының, ұйымдастыру қабілетінің жоғарылығының арқасында 4 жылда қыруар күрделі жұмыс атқарылды. Солардың негізгілеріне тоқталып өтсем.

Бірінші. Қызылорда қаласы аумағында арнайы экономикалық аймақ құру жөніндегі есебін Президентке кіріп дәлелдеп шығуы. Соның арқасында кәсіпкерлер өздерінің жұмыстарын ілгерілетіп, өндіріс орындары жұмыс істей бастады.

Екінші. Республикада бірінші болып 1996 жылдан айналысқа арнайы шығарылған номиналы 10, 50 және 100 теңгелік вексельдер енгізді. Бұл вексельдер айналымға шыққан соң азық-түлік дүкендері, кәсіпорындар, коммуналдық қызмет мекемелері вексельді ешбір кедергісіз қабылдап, қарыздардың төмендеуіне оң әсерін берді.

Үшінші. Бүгінгі халық рахатын көріп отырған ілеспе газды тұрғындардың игілігіне пайдалану жөнінде ұсынысты бірінші болып Президент алдына мәселе етіп қойып, оны дәлелдеп, үкіметтің арнайы қаулысын шығарып, қаржы көздерін іздестіріп, жобалау-сметалық құжаттарын дайындауды іскерлікпен ұйымдастырды.

Төртінші. Президент мемлекетімізде қаржы тапшылығына байланысты қалыптасқан ауыр жағдайдан шығу үшін облыстарды оңтайландыру мәселесін көтерді. Қысқаратын облыстардың тізімінде бірінші Қызылорда облысы тұрды. Осы тұста Бекең жарғақ құлағы жастыққа тимей, барлық экономикалық есептерін жасап, 2-3 жылда облыстың жағдайының жақсаратынын экономистерге дәлелдеп, дербес аймақ есебінде алып қалды.

 Бесінші. Мен су шаруашылығы маманы болғанымен тарихта теңізді ортасынан бөліп тастау дегенді естіген де, көрген де, оқыған да емеспін. Бірақ Бердібек Машбекұлы облыс басқарып тұрғанда батыл қадамға барды. Барлық су шаруашылығы мамандары күмәнмен қарадық. 60 миллион қаржы көзін тауып Арал теңізінің бір жағын кіші Арал, екінші жағын үлкен Арал етіп бөліу бастамасын қолға алды. Кіші Арал теңізін құтқарып қалудың бірден-бір жолы осы екеніне су шаруашылығы комитеті мамандарының, үкімет мүшелерінің көзін жеткізді.

Осының негізінде «Сырдария өзенінің арнасын реттеу, солтүстік арал теңізін сақтап қалу» ғасыр жобасы бекітіліп, жұмыс істеп тұр.

Дүние жүзінің халқы бұл жобаның тиімділігін көре бастады. Бұны жазып отырғаным Бердібек Машбекұлы өз өмірін қатерге тігіп, барлық жауапкершілікті өз мойнына алып халық үшін жаратылғанын дәлелдеді.

Бекеңнің Қызылорда облысынан кейінгі атқарған қызметтері бәрімізге белгілі. Оңтүстік, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл облыстарын басқарып, сол өңірлерде де айрықша із қалдырды.

Кеден агенттігі өте ауыр сала, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін басқарғандағы осы саланың мәселелерін шебер, білгір маман есебінде шешкендігіне бәріміз куәміз.

Мен, Бекеңмен бір сыныпта, бір партада отырып, 10 жылдықты бірге бітірдік. Абзал қасиеттері мен азаматтық тұлғасын жақсы білемін десем артық айтқандығым емес.

Бердібек Машбекұлының өзге министрлерден, әкімдерден ерекшелендіретін үш қасиетін дара айтқым келеді.

Біріншіден, қара жердің демін, қара нанның дәмін сезіп ауылда туып-өскені. Екіншіден, ана тілінде шебер сөйлеп, қазақтың салт-дәстүріне қанығып жетілгені. Орыс тілінде жақсы меңгергені. Үшіншіден, Бекеңді өмір жолында алға сүйреген еңбек, еңбек және еңбек деген ұлы ұстанымы. Аузы дуалы, ісі пәтуалы әкесі Машбек ақсақал елге көшіп келгенге дейін Оңтүстік Қазақстан облысында мақта бригадирі болды. 1966 жылы елге сол жақтағы барлық ағайындарды көшіріп келіп, күріш бригадирі болып жұмыс істеді. Өз табысы өзіне, балаларын оқытуға толық жетті. Бірақ Бекең Алматы қаласында жоғары оқу орнында оқып жүріп сабақтан бос кезінде әке шешесіне салмақ түсірмей қара жұмыс істеп өзін-өзі асырады, қайрады, шыңдады. Осы қасиеттерінің арқасында Бекең байыпты, берік, іскер, білікті басшы, қай қалыпқа салсаңда қайыспас қара Нар боп қалыптасты. «Туған жерге туың тік» деген ұстанымдағы Бердібек Машбекұлының туған жеріне, өскен еліне деген ықыласы тіпті ерекше. Қазақ елінің қай қиырында жүрсе де, қандай белес асып, қай биікке көтерілсе де, өмірінің сонау ең бір таза, шынайы кезеңіне куә болған ауылды жадынан ешқашан шығарған емес. Туып-өскен өлкесінің тыныс-тіршілігінен өзін бір сәтте бөлек ұстамайды.

Ауылымен мақтанып, марқайып қана қоймай, перзенттік парызын да үзбей атқарып жүреді. Кейінгі жылдары ауылда бой көтерген мектеп, жаңа үлгідегі спорт кешені, мешіт, амбулатория, моншалардың салынуына ұйытқы болған Бекеңнің өзі.

Сонша жұмыстың сыртында өнегелі отбасы иесі, ардақты әке. Әйел парасаты, әйел көрегендігі – бір отбасының ғана емес бүкіл отанның ортақ игілігі. Бұл ретте Бекеңнің өмірлік жары болған Ғайша Сербосынқызы замандасымыз да құдай деген жан, данагөй әйел.

Бекеңмен дәмдес-тұздас болған дос-жаран оның осындай қадір-құрметке бөленуінде отбасының берекесін келтіріп отырған сүйікті жары, адал өмірлік серігі Ғайшаның да өзіндік үлесі бар екенін, оның қонақжайлылығы мен көңілінің дархандығын, кісіге қайырымы мен биік парасатын, адамгершілік ізгілігі мен ілтипатын ризалықпен айтып жүреді. Шүкір аспандағы тәңіріміз қолдап, Бекең жарты ғасыр басшылық қызметте жүріп барды бағалай білді, жоқты саралай алды, тәубесінен жаңылмай, тәуекелден айнымай осы дәрежеге 70 жасқа жетті. Бірақ, өкінішке орай, мерей жасын елімен, халқымен бірге тойлай алмады.

9 маусымнан 10 маусымға қараған түні сағат 2-де мемлекет және қоғам қайраткері, жаны да, тәні де, қолы да таза Бердібек Машбекұлы бауырымыздың жүрек соғуы тоқтады, бір алып бәйтерек құлады. Осы қаралы күн басталғаннан Астана, Алматы қалаларындағы өткізілген іс-шараларда көңіл қосын білдірген Үкімет басшысы Ә.Смайлов, Қазақстан Республикасының еңбек ері А.Әшімов, мемлекет және қоғам қайраткерлері Қ.Сұлтанов, Қ.Көшербаев, М.Құл-Мұхаммед, И.Адырбековтер Бекеңнің өмір жолындағы атқарған жұмыстары жөнінде толық қамтып жиналған қаралы қауымға жеткізді. Менің ерекше назарымның ауғаны медицина ғылымының докторы, профессор «Казвак»-тың авторы Күнсұлу Дальтонқызының сөзі еді. «Біздер оқымыстылар вакцинаның шығуына дүние жүзінде алғашқы мемлекеттердің бірі болып ғылыми жағынан жұмыс істеген болсақ, ал ұйымдастыру мәселесін орналасқан ғимараттан бастап, ішіне қойылатын медициналық аппараттар, жақын-алыс шетелдерден алынған компоненттер, қаржы мәселесі басқа да сан алуан жұмыстарды шешуді Бердібек Машбекұлы өз мойнына алды. Жарғақ құлағы жастыққа тимей Президентке, Үкімет басшысына тікелей бірнеше мәрте кіріп, мәселелерімізді шешіп беріп отырды. Соның арқасында мыңдаған адамның өміріне араша болған вакцинаны мерзімінде шығардық. Мен жақында ол кісіге барып, «Беке, зейнеткерлікке шықтыңыз, сіз бізге керексіз, Акционер қоғамның директорлар кеңесіне мүше болып келіңіз» дегенімде, «рахмет, ойланып көрейін» деп еді. Бірақ сол күнге жете алмады», – деп толғаныспен сөйледі.

Дара тұлғаның жүріп өткен жолының өзі бір құнды тарих. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосқан, туған еліне, жеріне, халқына адал еңбек еткен, көпке қадірлі пайым-парасаты мол, тумысынан турашыл, әділдікке жанашыр дара тұлғаның өмір жолына тәуелсіз Қазақстанның өскелең жастары қанығып, елжандылық қасиеттерін бойына сіңіріп өссе құба-құп.

Бердібек Машбекұлындай азаматтың шын мәніндегі бет-бейнесін, адами қасиеттерін, іскерлігін кейінгі ұрпаққа барынша шынайы жеткізу, қызметтес болған азаматтардың парызы деп есептеймін.

Бар ғұмырын елінің бірлігін сақтап, тәуелсіз Қазақстанды көркейтуге арнаған Бердібек Машбекұлының есімі қазақ халқының тарихында алтын әріппен жазылып, ел жүрегінде мәңгі сақталары анық.

Өсиеттей өлмейтін сөзі де, өшпейтін ісі де соңында қалған Бердібек Машбекұлы шын мәнінде бақытты адам. Қандай заман, қандай қоғам болса да қанша уақыт өтсе де алыптар аласармайды. Олардың асқақ тұлғасы биіктей бермек.

Бақыт НҰРТАЗАЕВ,

«Құрмет» орденінің иегері,

Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<