Ол арамызда жүргенде жас та болса, орамды ой, тартымды сөзімен айналасын жанына жиып, маңызды мәселелердің шешімін табуға атсалысып жүретін. Қарапайым еңбек етіп жүріп, халықтың қамқоршысы бола білген қимас бауыр, шәкіртіміз Жәнібек Жарқынбайұлының жүрегі тоқтағанына да жүз күнге жақындапты. Көз көргенмен әлі көңіл сенбейтін сияқты.
Өмір деген бір жалт еткен жасын ба,
Әлде есікті жауып, қайта ашу ма?
Іздесең де таба алмайсың, бүгін жоқ,
Кеше ғана жүрген жандар қасыңда.
Уақытта өтіп жатқан жоқ тыным,
Қайтеміз біз дүниенің көптігін.
Жанымызда жұлдыздай боп жарқырап,
Кеше ғана жүрген жандар жоқ бүгін.
Өкінішті, әрине, жанымызда жұлдыздай боп жарқырап жүрген Жәнібек баламыздың қапыл қазасы жанымызға батады. Қаралы хабар Қазалы қаласы жұртшылығына ауыр тиді. Жүрегіміз сыздады, еңсеміз езілді.
Біз қаладағы «Өнегелі» қоғамдық бірлестігінің мүшесі бола жүріп, Жәнібек баламызбен жақсы араластық. Ол қарапайым еңбек адамы бола жүріп, көптеген тынымсыз тірліктің ортасында жүретін. Өзіндік ой-пікір, көзқарасымен баурап алатын. 1Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, елге ерте танылды. Қаладағы №17 орта мектеп ата-аналар ұйымының төрағасы ретінде аудандық, облыстық деңгейдегі іс-шараларға қатысып, жастар тәрбиесіндегі ой-толғамдарын жеткізетін. Қала жастарының басқосуларында мәселелер көтеріп, кикілжіңге келгендерді ауызбірлікке шақырып, жарастырып жіберетін ерекше қабілет-қарымы болатын. Халық қалаулысы (депутат) болмай-ақ ел аманатын, мұң-мұқтажын ескеріп, ел аманаттарын қарапайым ғана тілмен түсінікті етіп, аудандық мінберлерден көтеріп жүрді.
Сол жастарды ұйымдастыру нәтижесінде елдік мәселелерге араласып, талай жанғақолдау көрсетті. Қарапайым халықтың мұң-мұқтажын ескеріп, баспана жайына, жөндеу жұмыстарына көмек қолын созып, көптің батасын алып жүретін. Осындай игі істерге бастамашылдығын ескерсе керек, қала жастары Жәнібекке «Жастар жетекшісі» деген атақты да берген болатын.
Жәнібектің ұйымдастыруымен қала халқына «Әлеуметтік дүкен» ашылып, қызмет көрсетуде. Қаланың шығыс жақ бетінен болашаққа деп жастарға арнап спорт залын салуды жоспарлап жүретін. Алғашқы жұмыстарын бастап та кеткен болатын. Жанына жастарды жиып, халыққа қайырымдылық қолын созып жүрген Жәнібек бауырымыздың әлі де берері көп еді… «Бір кем дүние…»
Жәнібек – мұнай-газ саласынан жоғары білім алған маман. Өз мамандығына сай қаланы газдандыру жұмыстарына да өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Жәнібек баламыздың бір айтатын сөзі бар еді: «Мен өз үйімдегі, ауламдағы жұмысты істегеннен гөрі жора-жолдастарымның тірлігіне араласып, соған қөмектескім келіп тұрады».
Айтса айтқандай, көпке қамқор қолын созған Жәнібек осындай игі істерінің арқасында аудандық қоғамдық кеңес мүшесі болып, аудандық «Жыл қамқоршысы-2021» номинациясымен марапатталған.
Ендігі бір маңызды мәселе және де соңғы естелік болып қалатын оқиға жайлы баяндамасақ болмас.
Әттеген-айы, 2022-нің қоңыр күзіндегі қара суықта тұрғын үйде болған оқыс оқиға еді. Жұмыс бабымен шақыру бойынша газ құбырында қосу сәтінде ақаулықтар болған. Оқыс оқиға туралы жанында бірге болған үй иесі Махаттың (күйік шалып, ем алған) сұхбат барысында: «Осы бір қиын сәтте тұрғын үйді сақтап қалу мақсатында орталық жүйеден ажырату кезінде жанкештілік жасады. Олай болмағанда отбасымыз бен тұрғын үйдің күлі көкке ұшатын еді. Әуелі Құдай шығар, сосын Жәнібек ағам. Сондықтан да осы бір ерлік ісін көпке жария етсеңіздер екен», – деген болатын. Ел ішінде де «бейбіт күннің батыры» деген баға беріп отыр.
Мінекей, осындай елене бермейтін ерлік іс жасаған Жәнібек Жүбанғанов өзі өмірден өтсе де (небәрі 34 жас) ерлік ісі ескерусіз қалмаса екен деген ой білдіреміз.
Кеше ғана жанымызда жүрген Жәнібек баламызды еске алып, естелік сөз жазамыз деп кім ойлаған?!
Әрине, ұмыта алмайсың. Бұл өмірде араласқан сәттер көз алдыңда көлбеңдейді. Жәнібек жай ғана жігіт емес, халықтың ұлы болды.
Ең бір өкініштісі — өткен шақпен сөйлейтініміз, қолдан келетіні — өткенге салауат айтып, құран бағыштау.
Ендігі жерде Жәнібек бауырымыздың қалған өмірін, қөрмеген қызығын артында қалған ұрпағына берсін!
Қазыбай Саниязов,
зейнеткер-ұстаз, «Өнегелі» қоғамдық бірлестігінің мүшесі,
Өмірбек Күлімбетов,
зейнеткер, аудандық «Семей-Невада» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.
Қазалы қаласы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<