Өмірден өтсе де,  көңілден кетпеген асылдар

375

0

Өмір жолында халқына жасаған жақсылығы мол, айналасына жүрек жылуын төккен, сәулелі ғұмыр кешкен асылдарымыз Ықылас Самұратұлы мен Салиха Мазбайқызы еді. Ықылас аға кісіден қамқорлығын аямаған, қиянатқа бармайтын, бірсөзді, рухани әлемі бай, мәрттігі мықты, бекзат азамат болды. Ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге елеулі үлес қосқан тұлға.

Біз қазіргі Жалағаш ауданы «Жалағаш» совхозының №114 «Актив» орта мектебінде оқыған едік. Қазір ол Далдабай ауылы болып аталады, мектеп номері де 115 болып өзгеріп кетті. Біз тәлім алған ұстаздар болмысы ерекше болатын, сөз қозғаса ізгілікті өмір, өнегелі тәрбие жайын айтатын. Олар бізді өнерге де, өмірге де қызықтырып өсірді.

Талай тарлан ұстаздан білім алдық – Қодар Ағыбаев, Уайс Хайдаров, Орынбек Бөрібаев, Раушан Берманова, Шермағанбет Нұрмаханов, Хамар Жақыпов, Тоқшылық Үйсінбаев, Ұлданай Тоқпанбетова, Жұмакүл Әлназарова, Әбілхан Ералиев, Зинел Пірімжанов, Әбілхан Дүйсебаев, ағайынды Боранкүл мен Несібелі апайларым біздің өмір жолымызда өшпес із қалдырды. Сол ардақтылардың бірі, шоқтығы биік, өзі көркем, нағыз зиялы ұстаз, «математика – ұлы ғылым» десек, сол ұлы ғылым падишасындай болған Мазбаева Салиха апай еді.Үнемі жүзінен жылылық шуағы есіп тұратын, балалармен ерекше мейірім танытып сөйлесетін. Ұзын бойлы, ажары айдай, парасат-пайымы мықты, даусы құлаққа жағымды, басын тік ұстап тұратын айбарлы ұстаз болды.

«Жалағаш» совхозы мал шаруашылығымен айналысатын. 1969 жылы совхоз директоры болып Ықылас Самұратов тағайындалды. Осыған байланысты Самұратовтар отбасы біздің ауылға қоныс аударды. Ол кісінің өмірлік жары Салиха апай Қызылордадағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институттан ауысып, біздің мектептің математика пәні мұғалімі және директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарды.

«Жақсы ұстаз – мектептің жүрегі» деп бекер айтылмаған, Салиха апайымыз мектептің жүрегі болды. Көптеген іргелі істердің ұйытқысы еді. Мінезімен, терең білімімен шәкірт жүрегін жаулап алатын. Даталы кештер, би кештері салтанатпен өтетін. Мектеп сол тұста ауыл мәдениетінің ошағы болды. Би кешінің аяғында Ықылас ағамыз да келіп сүйікті жары Салиха апайды биге шақырып, қол ұстасып билейтін. Ұстаздар да қосыла кететін. Олар ерекше жұп болды. Бойы биік, әсем тұлғалы, мүсіндей бір-біріне жарасып тұратын. Шәкірт қауым көздің қиығымен сүйсініп қана қарап қоятынбыз. Сонда олар жап-жас екен ғой.

Біздің совхозда 42 мыңнан астам қой, оған қоса сиыр, түйе малы болды. Олар совхоздың төрт фермасына бөлінген. Басы Қарақұмда, аяғы Сырда жайылған мал ен даланы жайлап жатты. Осындай шаруашылықты басқару, малды қақаған қыс пен шыжыған аптап ыстықтан сақтау, ел-жұртпен етене жақын болу міндетін  Ықылас Самұратов күш-жігерін жұмсап атқарды. Көктемгі малды қырға шығару, төлдету, қой қырқымы науқаны кезек күттірмейтін қыруар жауапты іс болатын. Мамандар апталап, айлап мал соңында жүріп, ел маңын көрмейтін.

Шаруашылығымыз егінмен де айналысты. Бақша дақылдары, мал азығына жүгері егу, оны қысқы сүрлем азыққа даярлау үшін қамбаға бастыру міндеті, жем-шөп дайындау, толып жатқан тоқтамайтын тіршілік еді. Сол кезде Қазақстандағы мал басын 50 миллионға жеткізу деген үлкен стратегиялық жоспар тұрды. Совхоз 50 миллионға үлес қосу үшін жоспар жасап, үндеу қабылдап отырды. Талай ерен еңбектің ерлері марапат-атақтарын алды, алды отандық жиын-тойларға қатысты. Осындай қызу еңбектің басында Ықылас Самұратов ағамыз тұрды. Совхозымыз ертеректе «Қаракөл» қой совхозы болып аталды, кейіннен «Жалағаш» совхозы болған еді. Ол ауылда үш қой фермасы, №4 және сиыр фермалары болды.

Көктемде елде адам қалмай Қарақұмға үдере көшеді, себебі мал қыстан шығып, жазғы жайлауға бет алады. Жолшыбай мал төлдеп, қозы көгенделеді, олардың отбасы да үдере көшіп қырға қонады. Жаннан бұрын талап – малды сақтап, сонау қыр төріне шөптің отына жеткізу. Әрине, көлікпен емес, малды айлап жайып, ауанымен айдап жеткізу керек. Отын, су, тамақ дегендерге бөлінген көлік тағы бар.

 Күрделі науқан кезінде жұмыс қолы ретінде ауылдың, ауданның, қаланың қызметкерлері қара жұмысқа жегіледі. Ауыр еңбектен тұратын жұмыстар – көктемгі, күзгі қой қырқым, көктемгі, күзгі мал көшіру және қой қоздату. Бұл қой совхозында қаракөл елтірісі жиналады, ол тазаланып бірден Шымкент қаласындағы қаракөл зауытына өткізіледі. Қырқымнан алынатын тонналаған пресс жүн де Қарақұмнан тікелей Шымкентке жөнелтіледі.

Науқан кезінде ауыл басшылары совхоз кеңсесінің алдына жиналып, биік каналдың басына шығып азаматтарға тапсырма беріп, көлікке мінетін еңбекші қолды аттандыратын. Қырға шығатын әр фермадағы қыстауда жайланған малшыларға көмекші қол осылай жететін.  Оның бәрі жай өзі бола салмайды, Ықылас ағамыз қатқылдау сөйлеп, тапсырма беріп, көшті аттандырып, өздері де көш соңынан кететін. Бұл – мал шаруашылығымен айналысқан әр елдің басындағы тіршілік көрінісі. Бұған бүкіл елді, мал шөбін дайындау, қой қырқу науқандарында тіпті мектеп оқушыларын да жабатын.

Шұбартаулықтардың бастамасын қолдап, алғаш үндеу қабылдаған 1974 жылғы мектеп түлектері болды. Алғаш рет қаһарлы суықта, боранмен алысып 1973 жылы қырда қыстаған мал мен малшы қауымы, ондағы азапты еңбек, соның бәрі ертегі болып артта қалды ғой.

Сол жылы Қарақұм төрінде шопандардың балаларына арнап жаңа бастауыш мектеп ашылды. Қарақұмның ұлыған қасқа бораны, сақырлаған сары аязымен алысып, ұстаздық қызмет атқарған мектеп түлегі, бар болғаны он жеті жастағы Құлмышова Алтын еді.

Мен мектепте оқушы кезімде де, оны бітірген соң да тапсырмамен ауылдағы қызу еңбекке араласып, бастауыш комсомол комитетінің секретары болып қызмет атқардым.

Ауыл халқы мәдениетті, тату-тәтті өмір кешті. Жазғы және қысқы мәдениет клубы, онжылдық мектеп-интернатымен, үш түрлі сауда орталығы болды. Үлкен кітапхана, орталық қонақ үйі, типтік моншасы және аурухана, дәріханасы жұмыс істеп тұрды.  Совхоз орталығында үлкен жеміс бағы болатын. Осындай іргелі елді мекенді қалдырып, «Жалағаш» совхозының орталығын көшірді. Ел басшылары «Қаракеткен» станциясы орталығынан совхозды жаңадан қайта құрып, жасақтап, өркендетті.

Бұл игі іске сол тұста қолдау көрсеткен Жалағаш аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы марқұм Сұлтан Аманов еді. Идеяны ұсынып, жоспарын жасаған совхоз директоры Самұратов Ықылас пен партия комитетінің хатшысы Ысқақов Махамбетжан. Ол жаңа келген елді мекенде жалғыз мекеме – үш елді аймақ қарайтын ауылдық совет қана, саусақпен санарлық тұрғын үйлер және клуб. Ең мықтысы және қажеті – тоғыз жолдың торабы теміржолдың болғаны.

Станцияда жаңа типтегі халыққа қажет мекемелер салынды. Сегізжылдық мектеп онжылдық болып қайта құрылды. «Жалағаш» совхозындағы барлық қызметтегі мамандар осы елге көшіріліп, жаңа орынға қоныс тепті. Сол тұста жаңа аурухана, мектеп-интернат, қаншама тұрғын үй салынды. Бұл елді мекен кеңейді әрі көркейді. Қаншама халық тұрақтады. Әңгіме бұнда емес, басшыларға керегі теміржол бекеті болатын. Сырттан келетін тасымал отын, көмір, құрылыс материалдары, мал азығы жем, жанармай барлығы вагон-вагон болып, тонналап түсіріліп станциядан ауылға қоймаға тасылатын. Мұның өзі жергілікті халыққа екі жұмыс көзі болған еді.

Міне, Ықылас Самұратов жаңа қоныс еткен ауыл осылай тіршілік жасап, жарқырап көш түзеді. Ол тұста ағамыздың жасы отыздан енді ғана асқан екен. Осындай жаста елді, іргелі шаруашылықты басқару – үлкен ерлік, көрегендік.

Ықылас ағаның замандасы, елдегі қыруар жұмыстың ұйытқысы болып бірге жүрген, кезіндегі ауылдың бас дәрігері, ҚР Құрметті дәрігері, тарихта аты алтын әріппен жазылған ардақты дәрігер Байзақ Іздібайұлы ағамызбен сұхбаттасқанда былай деп көңіл күйін шертті: «Мен Ықыласпен қатар қызметте болдым, жасымыз да тетелес еді. Қызмет бабында да талай игі істеріне куә болдым. Сауатты, сонысымен ғана емес әділетті басшы болды. Шопандарға да оң көзімен қарайтын. Барынша адал азамат еді. Мемлекет мүлкіне де аса қырағылықпен қарайтын. Таң демей, күн демей халық қамында жүретін басшы болды».

Еліне елеулі, халқына қалаулы болған Ықылас Самұратұлы 1936 жылдың 5 мамырында қазіргі Қазалы ауданында дүниеге келген. Алматы зооветеринарлық институтының түлегі. Алғаш еңбек жолын Шиелі ауданында бастайды. Онан соң «Жалағаш» совхозының директоры (кейіннен «Қаракеткен» ауылында) қызметін атқарып, өрелі істердің ұйытқысы болды.

Қызылорда қаласына 1974 жылы қызмет бабымен ауысып, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал дәрігерлік бөлімінің бастығы, облыстық мал дәрігерлік лаборатория директоры қызметтерін абыроймен атқарып, беделді де білікті маман болып, еліне елеулі қызмет атқарды.

Ағаның сүйген жары, біздің асыл ұстазымыз Салиха Мазбайқызы 1937 жылдың 24 наурызында Жамбыл облысы Шу ауданында дүниеге келген. Мектепті үздік бітіріп, Алматыдағы қыздар педагогикалық институтының математика факультетіне 1956 жылы оқуға түсіп, 1960 жылы бітірген.

Біздің ауылдан кейін Қызылорда қаласындағы №235 мектепте қызметін жалғастырып, 20 жыл ұстаздық етті. Шәкірт санасына сәулелі білім ұялатты, «менің ардақты ұстазым» дегізді. Отбасылық өмірде адал жар, абзал ана жолдасы Ықылас аға екеуі Серік, Әлия, Ғалия атты үш перзент тәрбиелеп, өсірді.

Олар халық алдында саналы азамат болып, өз қызметтерін абыроймен атқарды.

Халқы қадір тұтқан, азаматтың абзалы Ықылас аға 2008 жылдың 23 желтоқсанында, Салиха апайымыз 2014 жылдың 20 маусымында  дүниеден озды. Шүкір, артында еліне ардақты қыздары, келіні, күйеу балалары қалды және немерелері, шөберелері өсіп келеді.

Ауылдың қақ ортасында Ықылас ағамыздың өздеріне арнап салғызған ақшаңқан үйлері тіршілігін маздатып, шамы жарқырап әлі тұр. Бәрі көңілге ыстық.

Жаса СЕРІКБАЕВА,

ҚР Білім беру ісінің үздігі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<