Өнегелі өмір

812

0

Адам баласына тарихтың беретін үлкен бағасы – есіміңді ел жадында қалдыру. Тарих мұны қай қырымен екшеп алады? Әрине саналы ғұмырыңда айналаңа істеген игі істерің мен халқыңа көрсеткен адамгершілігіңмен, азаматтығыңмен өзгелерден ерекшеленесің. Парасаттылық пен қарапайымдылығы, адалдығы мен кәсібилігін ту еткен, Қызылорда облысының метеорология саласына еселі еңбек сіңірген Серік Нұрмаханұлы Алматов туралы айту досы ретіндегі адамдық парыздарымның бірі деп білемін.

Оның өмір жолы, ел игілігіне атқарған қызметі, жақсылық пен ізгілікке, адамгершілік пен адалдыққа, әділдік пен тазалыққа толы тұлғалық ұстанымдары – тек өзінің ғана абырой-беделі емес, әсіресе өскелең жас ұрпаққа өнеге. Дегенмен, араға қанша уақыт салып, досың туралы өткен шақта ой айту оңай емес екен. Өмір бар жерде, өлім бар. Тағдырдың жазуы солай десек те, аңқылдаған ақ көңіл азаматтың арамыздан ертерек кетіп қалғаны бәріміздің жанымызға батады.

Сәкеңмен сонау 1967 жылдан бері таныспыз. Сол кездегі Жаңақала совхозы, қазіргі Т.Көмекбаев ауылындағы №185 орта мектептің 8-сыныбында оқитын кезіміз еді. Серік досымыз бізге сол жылы ауысып келіп, содан орта мектепті бірге бітірдік. Кейінгі өмір жолы да көз алдымызда. 1969 жылы Алматы қаласындағы ауа райын бақылайтын оқуға түсіп, радио-бақылаушы мамандығын алып шықты.

1973 жылы арнайы жолдамамен «Қарақ» ауа райын бақылайтын станциясына аға-техник  радио-бақылаушы болып жұмысқа қабылданып, 1974 жылы станция бастығы болды. Өз саласында түрлі қызмет сатысынан өтіп, тынымсыз ізденіп, біліктілігін жетілдірумен болған ол 1979 жылы Ташкент Метеорология техникумын бітірді. Ал, 1991 жылы Ленинград гидрометеорология институтын метеорология мамандығы бойынша бітіріп шықты.

Қазақта «бекзат» деген ғибратты сөз бар. Қақ-соқпен жұмысы жоқ, тура жүріп тұратын, іші де, сырты да таза адамдарды айтады. Міне, Серік Нұрмаханұлы бекзат болмысты азаматтың өзі. Ол адамдықтың арда қасиетін аялап, кісіліктің келбетіне дақ түсірмей, байыпты қалыпта ұстанып, айналасына нұрын шашып жүретін тұлға еді. Ең үлкен байлығы – өз саласындағы еңбегі болды. Оған саналы ғұмырын арнады.

Серік Нұрмаханұлының ғұмыр дерегінде өмірінің ақырына дейін кәсіби мамандығына деген адалдығын жоғалтпағанын көреміз. Ол 1991 жылдан бастап Қызылорда облыстық ауа райын бақылайтын орталықтың басшысы қызметін өмірінің соңына дейін атқарды. Жарты ғасырлық қызмет жолы осындай үлкен белестерге толы болды. Метеорология саласының өркендеуіне зор үлес қосып, еңбек сіңірген азамат деп толық айтуға болады.

Елге жасаған жақсылығымен, игі істерімен адами болмысы жарқын. Өмірді сәулелі етер құдіреттің безбені де осы болар. Бұл адамның адамгершілігі мен ішкі жан дүниесінің тазалығынан бастау алса керек. Серік қаршадайынан таза болды, үлкендердің ақадал батасын алып өсті.

Пайымы терең парасат иесі жауапкершілігі мол мемлекеттік қызметті атқару барысында абыройсыз болған жоқ. Жоғары дәрежелі мемлекеттік марапаттарға ие болды.

Айталық, 1979 жылы «Социалистік Еңбек жарысының жеңімпазы» төсбелгісімен, 1980 жылы метеорология саласына сүбелі үлес қосқаны үшін «Құрмет» грамотасымен марапатталды. 1982 жылы Қазақ КСР Жоғары Кеңес Президиумының Құрмет грамотасымен марапатталды. 1984 жылы жоғары өндірістік көрсеткіштері үшін Қазақ КСР «Он бірінші бесжылдықтың екпіндісі» төсбелгісіне ие болды. Біліктілігі мен білімі, даралығы талайды тәнті еткен іскер маман ұжым ортасында айрықша абыройға ие болды. Үнемі ізденісте жүретіндігімен айналасынан алда болуға ұмтылды.

Біз Сәкеңмен жәй ғана сыныптастар емес, жан дүниеміз жақын, өмірлік көзқарастарымыз ұқсас, пікірлеріміз бір арнаға тоғысатын достар едік. 1975 жылы Сәкең мен Тайшаның шаңырақ көтеру тойында жігіт жолдас болу қызметі маған бұйырып, арамыздағы өзара достығымыздың белгісіндей болған.

Оның ата-анасы да елге сыйлы, ауыл-аймақтың айбаты  болған  абыройлы  жандар тұғын. Осындай кісілердің тәрбиесін көрген менің досым да ақжарқын азамат болатын. Табиғатынан таза, адалдықты жаны сүйетін, қасындағыларға қамқор, жанындағыларға жанашыр бола білетін жайсаң жан еді. Жұмысына деген тиянақтылығы, ұқыптылығы, жауапкершілігі жоғары болатын. Ардақты азамат 2006 жылдың 3 желтоқсанында қарапайым қалпы мен азаматтық болмысын жоғалтпаған күйінде арамыздан мәңгілік сапарына аттанып кете барды.

Десе де, соңында ізін жалғайтын ұлағатты ұрпағы мен асыл жары қалды. Бүгінде Сәкеңнен өрбіген Нұрлан, Руслан мен Қуаныш та азамат атанып, өз алдарына бір-бір үй болып, аналары Тайшаны орталарында бағып-қағып отырғанына сырттай сүйсінеміз. Кенже ұлы Саят бүгінде Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы.

Серік адам жанын ізгілендіретін, осынау ғұмырды сәулелі ететін құдіретті еңбектен іздеді. Ол қасаң тірліктің қағидаттарына емес, жақсылықтарға жан жүрегімен сеніп, өмірдің мәні мен мағынасын елге деген қалтқысыз сүйіспеншілікке ұластыра білді.

Кім-кімнің де болмасын өткен жолы мен өмір өзенінің өз тарихы бар. Ғұмырын ұлағатпен өрген, кісілікпен көмкерген тұлға Серік Алматов метеорология саласын дамытуға үлесін қосып, елге, ұлтқа деген жанашырлығын сүйіспеншілікке ұластыра білді. Бәсі бөлек биіктерге ұмтылып, бүкіл болмыс-бітімімен ұлағаттылыққа талпынды. Әркез байыпты бастамалардың басы-қасында жүріп, адамдықтың ұстыны мен елдің игілігіне тірек ете білді.

Онымен дендеп сөйлесіп, тереңірек сыр бөліскен адам баяғы дала даналарының сынығы екенін аңғара бастайтын. Ақтық деміне дейін жан досым болып, өзіме қамқорлығы мен қолдауын сезінген досым Серіктің көзі тірі болғанда биыл 70 жасқа келер еді. Сондықтан оған деген ізгі сыйластық құрметімді қалам арқылы жеткізуді жөн көрдім. Ол туралы өте көп жазуға болады. Бірақ оған менің өрем жетер ме екен деп те ойлаймын. Бойындағы көп қырларын бөліп-бөліп жазсам да ұзаққа созылар еді. Өйткені ол кісінің өмірі – бір әңгіменің желісіне сыймайтын, бір кітаптың арнасынан асып түсер ғибратқа толы.

Абдулай ҚОЙШЫБАЕВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<