Шиелі ауданы Тартоғай ауылының тумасы Әлмағанбет Бекішев ақсақал алапат аштықты да, қанқұйлы соғысты да көзбен көрген, қиын кезеңдерді басынан өткерген өз дәуірінің айтулы перзенті болатын. Ол кісінің есімі аудан жұртшылығына жақсы таныс.
Ұлы Отан соғысының ардагері, халық ағарту саласын дамытуға айрықша үлес қосқан Әлмағанбет аға Тартоғай ауылындағы сол кездегі XIX партсъезд атындағы сегізжылдық мектепте ұстаздық қызметті жемісті атқарып, орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп, ұзақ жылдар бойы шәкірттерді білім нәрімен сусындатты. Ел басына күн туған шақта Қызыл әскер қатарына алынып, Отанын қорғауға аттанды.
Жауынгер Ә.Бекішев туған топыраққа 1947 жылы оралды. Ержүректігі мен батылдығы үшін медальдарды, командирдің нақты тапсырмасын орындағаны үшін «Отан соғысы» орденін кеудесіне таққан солдат елге келе сала мектепке ұстаз болып орналасты. Қырық жылға жуық ұстаздық қызмет атқарады, шәкірттерінің жақсы аты шығып, биіктен көрінді. Ұрпақ тәрбиесіндегі еңбегі КСРО кезінде үкімет тарапынан бағаланып, бірнеше мәрте алғыс хаттармен марапатталды.
Өмір атты ұлы көште Әлмағанбет ағайдың өнегесін көрген жанның бірімін. Ол нағыз еңбек адамы еді. Ақсары жүзді, мол денелі, кең пейілді, ауылдастарының ерекше қадір-құрметіне бөленіп, ардақты жан ретінде ел есінде қалды. Ол өз ауылы Тартоғайдың әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында аянбай тер төкті. Кеңестік кезеңде білім саласының сол кездегі талап деңгейіне сай педагогикалық дәріс беру ісіне өзінің жаңашылдық әдістемесін енгізіп, алдыңғы қатардан көрінді. Ауылдағы күрделі саналатын кейбір мәселелерді өзінің білігі мен үлкен беделінің арқасында аудан басшылары назарына дер кезінде жеткізіп, қандай да бір игілікті істердің ойдағыдай атқарылуына ұйтқы бола білді.
Қырық жылға жуық ұстаз болған Ә.Бекішев 1982 жылы зейнеткерлікке шықты. Екі жылдан соң №2 фермадан Тартоғай ауылына көшіп келіп, 1985 жылдан ауылдың ардагерлер кеңесіне басшылық жасады. Әлі есімде, өтпелі кезең атанған 90-жылдардың ортасында ауылдың егістік және есік алдындағы жерлерін аяқсумен қамтамасыз етіп тұрған чех насосы жанар-жағармай болмаған соң жұмысын тоқтатты. Барлық нәрсенің қат кезі ғой. Ал ауылдағы ағайынның негізгі кәсібі – бақша дақылдарын (көбіне қауын) егу, оны мемлекеттік мекемелерге өткізіп күнелтетін. Соның кесірінен ауыл тұрғындарының күнкөрісі төмендеп кетті. Осы қиын кезде зейнетке шығып, ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы қызметін атқарып жүрген Әлмағанбет ақсақал аяқсу келтіру жұмысына бел шешіп кірісті. Осы ауылдың тумасы Балтабай есімді білікті гидротехникпен бірге дариядан өздігінен ағып келетін су жолдарын зерттеп, іздестіріп каналдың сызбасын жасатты. Сол кезде облысқа келген республикалық Су шаруашылығы министрлігі өкілдеріне мән-жайды түсіндіріп, каналдың қажеттілігін дәлелдеп шықты. Аудан мен облыс басшылығына халықтың мұң-мұқтажын жеткізді. Қазір ауыл халқы рахатын көріп отырған 30 шақырымдық «Балтабай» каналы қазылып, халық игілігіне пайдалануға берілді. Бұған қоса, ауылдағы Әбдімәулен мешітінің ашылуына да Әлекеңнің еңбегі зор.
Айта берсе Әлмағанбет ағаның халық үшін еткен еңбегі ерен. Бұрын Сырдария ауданының құрамында болған ауыл халқының қатынауына ыңғайлы жақын жердегі Шиелі ауданына қосылуы да Әлекеңнің тынымсыз еңбегінің жемісі. Ардақты ұстаз, өнегелі отағасы Әлмағанбет ағай 1998 жылы 76 жасында дүниеден озды.
Кісіге қашанда мейірім-шуағын төгіп тұратын аяулы ана, өмірлік қосағы Фатима апай өткен жылы өмірден озды. Ағамыз бен жеңгеміз Қатира, Жүсіп, Зәбира, Қалмырза, Злиха, Жанат сынды өнегелі ұл-қыздарды өсіріп, тәрбиелеп, көптеген немерелердің сүйікті ата-әжесі атанды. Қазір бұл өсіп-өнген шаңырақ үлкен мәуелі бәйтеректей жайқалып, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның ырыс-ынтымағы артқан үлгілі де берекелі әулетінің біріне айналып отыр. Әлмағанбет ағайдың азаматтық болмысы, саналы ғұмыры кейінгі өскелең ұрпақ, болашағы жарқын жеткіншек жастарға тәлім-тәрбие мектебі болды деп бүгінде мақтанышпен айтамыз. Кезінде қазақ поэзиясының құлагері атанған Ілияс Жансүгіров былай деп жазған еді:
– Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе,
Ел тегі қайдан алсын кемеңгерді!
Үстіміздегі жылы майдангер-ұстаз Әлмағанбет Бекішевтің туғанына 100 жыл толғалы отыр. Осыған орай ғибратты ғұмыр кешкен соғыс ардагері, ұлағатты ұстаз Ә.Бекішевті еске алу шаралары ұйымдастырылса деген ұсынысымыз бар. Ағамыздың өмір жолы туралы айту, ардақты ұстаздың есімін ұлықтап, туған жері үшін аянбай жасаған еңбегін бүгінгі ұрпаққа жеткізу біздің қасиетті борышымыз деп білемін.
Сәбит ӘБІШЕВ,
«Невада-Семей» қоғамдық бірлестігінің облыс бойынша төрағасы.
Қызылорда қаласы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<