«Жақсының жақсылығын айту» – біздің ұлттық мінезіміз. Оның астарында ел-халқы сыйлап, құрмет тұтқан адамның өмір жолын, кісілік келбетін кейінгі ұрпаққа өнеге ету жатса керек.
Сыр өңірінің тұғырлы тұлғасы, басшылық қызметтер атқара жүріп саналы өмірін аймақтың әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани саласын дамытуға арнаған Сәмит Далдабаевтың өнегелі өмірі туралы жазылған «Бекзат болмыс» атты кітаптың да тұлғатанудағы, жас ұрпақты тәрбиелеудегі орны ерекше деп ойлаймыз.
Естелік кітап ««ASU» баспа үйі» ЖШС баспаханасынан шыққан. Жалпы редакциясын басқарған ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Алдабергенұлы Бисенов. Демеушілері – Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты, «Сыр үміті» жастар қауымдастығының төрағасы, кәсіпкер Мағжан Ералиев пен «Агрофирма Dihan Ata» ЖШС директоры Сәкен Шағыртаев.
Кітапқа Сәмит Далдабаевтың өнегелі өмір жолы, тағылымды тұлғасы, азаматтық болмысы туралы естеліктер жинақталған. Мемлекет және қоғам қайраткерлері Қ.Көшербаевтың, Б.Сапарбаевтың, Т.Әубәкіровтің, О.Әбдікәрімовтің, Қ.Саржановтың естеліктері Сәмит Далдабаевтың ұйымдастырушылық, басшылық қырларымен қатар адамгершілік қасиеттерін ашады.
Замандастары мен әріптестерінің, іні-шәкірттерінің де жазбалары – досқа, ағаға деген ізгі ниет, ілтипат, қимастықтан туған дүниелер.
Әкеге деген сағыныш ұл-қыздарының тебіреністі толғаныстарынан табылса, өмірлік жарға адалдық, отбасы берекесі туралы жары Айгүл апайдың естелігі де көңіл тебірентеді.
Өнегелі өмірдің шежіресі іспетті кітап жалпы оқырман қауымға арналған.
Ғ.Әнешұлы,
кітапты құрастырушы
ӨМІРДЕРЕК
Сәмит Далдабайұлы Далдабаев 1938 жылы 5 қарашада Қызылорда облысы Жалағаш ауданы қазіргі «Еңбек» ауылдық округінің «Ынтымақ» елді мекенінде дүниеге келген.
1956 жылы орта мектепті күміс медальмен бітіріп, сол жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына түсіп, 1961 жылы мал дәрігері мамандығы бойынша бітіріп шығады.
Еңбек жолын Қызылорда облысы Тереңөзек ауданы «Тереңөзек» совхозында (қазіргі Шаған ауылдық округі) бас мал дәрігері, аудандық малдәрігерлік станциясының бастығы қызметтерінен бастаған.
1965 жылы еңбекшілер депутаттары Сырдария аудандық Кеңесі атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, 1967 жылы аудандар бөлінгеннен кейін, Тереңөзек аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы – аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған.
1974 жылы Қазақстан Компартиясы Жалағаш аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, 1975-1979 жылдары Сырдария аудандық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы қызметтерінде болды.
1979 жылы желтоқсан айынан 1989 жылдың аяғына дейін алғашқыда халық депутаттары Жаңақорған аудандық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы, кейін жеті жылдан астам Қазақстан Компартиясы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерінде болып, ауданның өсіп-өркендеуіне ерекше еңбек сіңірді.
1989 жылдың соңында Қызылорда облыстық партия комитетінің хатшысы болып сайланды. 1991 жылы қыркүйек айында Кеңес мемлекеті және Кеңес Одағы Коммунистік партиясы тарағаннан кейін облыстық Кеңес атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметінде болды.
1992 жылы ақпан айында басқару жүйесіне әкімдік институты енгеннен бастап 6 жыл Жалағаш ауданының алғашқы әкімі болып қызмет атқарды.
1997 жылдан бастап облыстық Тәртіптік Кеңесінің төрағасы болып, 2003 жылы мамыр айында зейнетке шықты.
Сәмит Далдабаев ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, 1978 жылы СОКП Орталық Комитеті жанындағы Жоғарғы партия мектебін бітірді, Алматы қаласындағы Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің құрметті профессоры. Зейнет демалысына шыққаннан кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде аға оқытушылық қызметін атқарды.
С.Далдабаев 1965 жылдан 30 жыл үзіліссіз Тереңөзек, Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған аудандық Кеңестерінің, 1975 жылдан 20 жыл Қызылорда облыстық Кеңесінің депутаты болып сайланды. 1973 жылы Қазақ ССР-ы Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «Қазақ ССР-ына еңбегі сіңген ауыл шаруашылығы қызметкері» атанса, 1998 жылы Ел Президентінің Жарлығымен «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкері» құрметті атағына ие болды.
Жаңақорған, Жалағаш, Сырдария аудандарының құрметті азаматы.
1971 жылы «Құрмет белгісі», 1981 жылы «Халықтар достығы» ордендерімен, Совет Одағының 2 медалімен, 4 ескерткіш медалімен, 2010 жылы желтоқсан айында Қазақстан Республикасының «Құрмет» орденімен, бірнеше рет орталық, облыстық басқару органдарының Құрмет грамоталарымен, алғыс хаттарымен марапатталды.
Жолдасы Өміртайқызы Айгүл – мұғалім, 3 ұл, 6 қыз бала тәрбиелеп өсірген үлкен отбасының анасы.
«ТУЫСПАҒАН ТУЫСЫМ…»
Халқымыздың ұлттық танымын бойтұмардай қастерлеп, исі қазаққа ізгілік пен ізеттің жолын сыйлаған Сыр елі қай қырынан алып қарасаң да тұлға әрі танымал қайраткер биігіне көтерілген өрелі азаматтарға кенде болмаған.
Бойына ғаламат адамгершілік қасиет пен қабілет дарытқан Сәмит Далдабайұлы да – осы киелі топырақтан қуат алып, белін бекіткен, тамыр тартып өсіп, қалыптасқан Сыр сардарларының бірі. Бірі ғана емес, бірегейі!
Өз жері мен елін қалтқысыз сүйіп, оған ар-ұятымен қызмет еткен, болмысындағы табиғат берген сыпайылық, үлкен-кішіге бірдей ізеттілік, жүзіне ұйыған жылы сезім, дүниеге байыпты көзқарас, ұстамды да жағымды мінезі – Сәкеңнің өмір ағымы осы айтылған ақылман сөздердің ақиқатымен сабақтасады.
Көп жылдық басшылық қызметі, маңдай тері, күрмеуі көп жұмыстардың оябын тауып, түйінін тарқатқан адал еңбегі аршыл азаматты елімізге танымал тұлға, белгілі қоғам қайраткері атандырды.
Алғашқы танысқанымызға да қырық бес жылдай болыпты. Сол кезден басталған әрбір қауышу, жүрекжарды әңгімелеріміз, риясыз, емен-жарқын көңіл – бәрі-бәрі менің көкірегімде шып-шырғасы бұзылмай, сол күйі асыл сезімдей сақталып тұр. Бірде-бір сәт көзден де кағыс қалған жоқ, көңілден де қалыс кеткен жоқ. Өзімізді айтпағанда, Айекең мен Зәкеңнің өзара сыйластықтары, қадірлесіп жақын болып кетулерінің өзі бізді іштей марқайтатын, көңіл қуантатын.
Осыншама уақыттың ішінде арамызда жел боп тиер қиянат не кераулықтың, иненің жасуындай да алалық не алғаулықтың, арам пиғылдың болмағаны, әйтпесе ши жүгіртіп, сызат түсіріп, сына қаққысы келетін әлдебір ішіне пышақ айналмайтын, кеудесі қуыс кермінездердің болуы да әбден мүмкін еді ғой. Өсектің көрігін қыздыратын, табанының бүрі жоқ, құйымыр, екіжүзді, алдамшы алакүліктер бұл жалғанда аз ба?!
Шүкір, ағараңдап алға шықпасақ та, қарайып артта қалғанымыз жоқ, адами қызғаныштан, қиямпұрыс қылықтан аулақ жүрдік, шамшылдық деген мерез мінез бізге мүлдем жат болды.
Жан тазалығы жарасқан, көңілге нұр құятындай, бір-бірінің тілеуін тілейтін туыспаған туыс болдық.
Мен өзі сезімнің, көңіл-күйдің адамымын, біреуге ықыласым ауса, қатты құлаймын, сынсам морт сынамын. Сосын да бұл сөзімде титтей жалғандық жоқ деп білемін. Елді ойласам, алдымен есіме табиғатынан мол пішілген, туған жерге кіндігі байланған, болмыс-бітімі де, ішкі кісілік келбеті де келіскен, патша көңілді, қашан да саспайтын сырбаз тұлға – Сәмит Далдабайұлы түсетін. Бұл – имандай шыным!
Әсілі, өзіне тартып тұратын ибасы бар досты, қадірі бар қатарласты даралай білу деген осы болар-ау, сірә! Әсіресе, бұл кісінің маған деген алғаусыз көңілін, бүкпесіз пейілін, тереңнен тартқан ерекше қарым-қатынасы мен қадір бағалауын іштей сезетінмін. Сосын да отбасында, достар ортасында осы жайттарды әркез тебіреніспен еске алып отырамын.
Осындайда еріксіз еске түсері бар: «Адам тағдыры уақытты таңдамайды, қайта уақыт адамды таңдайды», – деген екен француз ойшылы Монтень. Олай болса, бүкіл өмірі туған елімен қатар өріліп, уақытпен бірге зерде талғамы толысып ғұламаға тән ғұмыр кешкен Сәмит Далдабайұлы – қандай да бір ілтипатқа лайықты жан. Бұған бәріміз де атсалысып, ардақ биігіне көтеріп жатсақ қане!
Тағы да ойдан ой тізіледі. Иә, кешегі өткен көшенелі-кемелді қариялардың адамшылық мәйегі, имандылық пен қадір-қасиет парқы ағайын татулығы теңдесі жоқ қымбат қазына екені даусыз. Ал оны бағалау мен қастерлеу – көне заманнан бері ел ішілік беделді адамдардың ықпалымен іске асып келгені даусыз ақиқат.
Қолында көпті жасқантар айбынды күші немесе өзіне еріксіз табындырар дүние-байлығы болмаса да, біз білетін Сәкеңе қарапайым үлгі-өнегесі, парасат-пайымымен-ақ азуы алты қарыс билік те құрметпен қарап, небір қиын-қыстау сәтте кеңесіне құлақ асқанына талай рет куә болғанбыз. Сосын да, қоғамның басқару орындарының қалың бұқарадан қолдау табуына осы беделді кісінің ықпалы болғанын жақсы білеміз.
Міне, ұлтымыздың татулық, сыйластық пен ауызбіршілікті сақтау үлгісінің бір табиғи тетігі осыдан да көрінеді.
Әуезе етіп айтарым – өзінің білімі мен білігін тиянақтап, таным-түйсігімен, уақыт талабын сергек сезіну қабілетімен, ізденімпаздығымен жүрген-тұрған ортасына тез танылып, жұртшылықтың ықыласына бөленген Сәмит Далдабайұлы – алпыс жылдай туған халқына, еліне адал қызмет істеген танымал қайраткер, адалдықтың, адамгершілік пен мейірімділіктің туын биік ұстап, адами өнеге калдырған қазыналы тұлға! Қайраткер тұлға!
Зерде танымы, пайым кеңдігі, рухани мәрттік, шынайы интеллигенттік – Сәкеңнің бойында тоғысқан адами қасиеттер. Ел жадына ерекше енген есім. Бұл – риясыз шындық!
Сонысымен де қадірлі, жұғымды болды. Бірақ, бұл бейопа дүниенің жалғандығына дауа жоқ. Әсіресе, ажал арсыз. Мың кісілік адамға да бір кісілік өлім бар деген осы. Жақсылыққа жаралған жанның артының да жақсы болары кәміл ғой, кәміл!
Мен білетін, өзім көріп, қызметтес болған, етене араласып, жақын туыстай сыйласқан талай-талай марқасқа азаматтар, міне, әлі күнге жансарай төрінде жаңғырады да тұрады. Ұмытайын десең де, ұлы сезім мен құрмет қасиеті есіңе қайта-қайта салады.
Сәмит Далдабайұлы да – сондай азамат!
Жан досымның жан нұры пейіште шалқысын! Рухы жеңілденіп, Алланың мейірімі түсіп, сауабы жетіп, жаны жай тапсын!
Жолдастық, достық шын ықыласты сезім – сөзім осы менің!..
Оңалбек СӘПИЕВ,
мемлекет және қоғам қайраткері.
ЕҢБЕГІМЕН ЕЛ ТАНЫҒАН
Қай заманда болмасын, қатарың сиреген сайын жан-жағыңа қарайлап, ауыр ой басатын көрінеді. Солардың ішінде өзің жақсы көретін дос, жолдастарың болса ше? Онда жан-дүниең қозғалысқа түсіп, көңілің құлазитыны бар. Сағым болған бейнелері көз алдыңа келіп, санаң шым-шытырық ойға шомылып, астан-кестең болып жататыны тағы бар.
Қай елде, қай жерде де әр заманның өзіне лайықты белгілі азаматтары болғаны сөзсіз. Біздің заманымыздың да ардақты азаматтары баршылық болды десем жаңылыспаймын. Солардың ішіндегі бірегейі – марқұм болған менің досым Сәмит Далдабаев еді.
Әр адамның өз тағдыры, өз өмір жолы бар емес пе?! Мен жарты ғасыр еңбек жолымда тамаша адамдармен кездесіп, танысып, таныстығымыз жолдастыққа, достыққа айналып, адами қасиеттері мен адалдығымен, адамгершілігімен ерекшеленетін жандарға жақын жүргенім, мен үшін үлкен өмір мектебі болды.
Сондай ортада жүрген мен, қай-қайсы болсын зор мақтанышпен айта аламын. «Жолы болар жігіттің жақсы келер қасына» дегендей, менің де жолым болды ғой деп есептеймін.
Сол жылдардағы бір-бірімізге деген қарым-қатынастар ой түбінде жатып, ұмытылмас көрініске айналады. Сыйлас азаматтардың орны бір-бір әлем, бөлек тарих.
Дөңгеленген дүниеде мәңгі жасайтын адам жоқ. Хан да, қара да өмірден озады. Демек өмір шектеулі.
Сәкеңмен қалай таныстық?
Тығыз денелі, орта бойлы, жүзі жылы, биязы, жасы өзіммен шамалас, сары жігітпен бұдан 56 жыл бұрын кездескенмін. Мен Жалағаш орталық ауруханасында оташы жұмысын атқарып жүрген кезім. Бұл 1964 жыл болатын.
Сәмит: «Өзім Тереңөзек ауданы «Шаған» елді мекенінде мал дәрігерімін, туған жерім осы Жалағаш елді мекені, анда-санда қол тигенде осы жерге келіп тұрамын, бірге оқыған жігіттер бар», – дегенді алға тартты. Сол кездің өзінде тынымды істерімен аудан жұртшылығының назарын аудара бастаған еді.
«Мінез – адамның сауыты» – деген екен ұлы Абай атамыз. Сәкеңнің сыры терең, ой-өрісі кең, танымы мен нанымы айқын. Еш уақытта көсемсініп, білгішсініп, шашылып сөз сөйлегенін көргенім жоқ. Кіммен болса да өзін тең ұстап, жылы сөйлесіп жататын.
Маған пікір-ой жазуға жас уақытымызды бірге өткізген, жиі кездесіп, қызықшылығымызды бірге тойлап, мұңымызды бірге бөліскен, сырлас, сыйлас, қимас досым Сәкеңнің өмірден озғанына бір жылдай уақыт болып қалғаны себеп болып отыр.
Жаратылысына сай тіршілік иесінің қолындағы бес саусағы бірдей емес секілді, әр пенде бір-біріне ұқсамайтын өзінше бөлек әлем екені де рас. Дегенде, қазақтың «Ай ортақ, күн ортақ, жақсы ортақ» деген тәмсіліне сай Сәкең жалғыз маған емес, көпшілікке ортақ жан еді. Жақсы адамды жақсы десек, жарасымды болмай ма?! Біз ұзақ уақыт қадір-қасиетімізді, бірімізді-біріміз білетін дос болдық. Достығымыздың мерейі үстем, өресі кең еді.
Тіршілікте үзеңгілес досым, жолдасым деп жанына балайтын, сыйлас, қимас серіктесіңнің дүние салғанын естігенде, жолдың шетінде жападан жалғыз қалғандай, жан дүниең кұлазып, бәрінен баз кешетініміз кімге де болса белгілі жайт болса керек.
Сәкеңнің болмысына ақылы сай, шоқтығы биік, дүниенің түйінін тап баса білетін қасиеті ерекше. Көп сөйлеп, кісіні мезі етпейтін. Сабырлы, байсалды, көкейіндегісінің тобықтай түйінін бір-ақ айтатын. Сыр өңірінің біртуар азаматы еді.
Арсыз өлім кімді аяған? Мәселе өлген адамды мақтау емес, тиісті бағасын беру деп білемін.
Сәкең туралы пікір айту, жазу екінің бірінің қолынан келе беретін шаруа емес. Айтуын айтар, жазуын жазар, бірақ ол кісінің болмысын ашу өте күрделі, қай жағынан алсаңыздар да тұңғиық терең. Бір көрген кісіге қарапайым, биязы, сабырлы болып көрінгенімен, жан-жақты адами қасиеттерін ашу әркімнің қолынан келе бермейтіні шындық.
Сәкеңді жақсы білетін менің өзім қыр-сырын толық жеткізе алмайтыным анық. Өйткені, адамның адамы бар, азаматтың азаматы бар, әрқайсысының аты бар, заты бар, орны бар, жолы бар, ісі-ізі бар емес пе?!
Әр адамның бастапқы еңбек жолында алға, келешекке жетелейтін, жол сілтейтін кісісі кездесуі ықтимал. Сәкеңнің еңбек жолының бастаушы ұстазы болған Сыр өңірі халқына танымал қайраткер, көп жылдар совет-партия жұмысының облыстағы басшыларының бірегейі болған тұлға Қонысбек Төрешұлы Қазантаев ағамызды әр кез еске алып отыратын кезі болатын. Өйткені Сәкеңнің өмірінде алғашқы еңбек қадамына, еңбек жолында қызметінің өсуіне бірден-бір себепкер болған, тәрбиелеген, жаңылмай таныған кісі.
Қалай дегенде де кешегі кеңестік кезеңнің кадрды таңдау, тану, табу, тәрбиелеу, сатылап өсіру тәжірибелері мол болатын. Көкірегі ояу, талабы бар жас мамандарды бәйгеге қосатын ат сияқты тәрбиелеп жататын. Міне, солардың ортасынан шыққан бірнеше азаматтарды жақсы білемін, солардың ішінде Сәкең де бар. Сәкеңнің бүкіл өмірінде жетістіктерге, жеңістерге, биіктіктерге жетелеген бір адам болса, осы кісі болатын шығар. «Дұрыс қанаттанған құс түзу ұшар» деген. Сәкең осы кісінің тәрбиесінің арқасында өзін-өзі өсірген, өз бақытын өз қолымен жасаған азамат екендігінің куәгерімін деп айта аламын.
Сәкең Қонекең ағасымен өмірінің соңына дейін ерекше жақын, жақсы қарым-қатынаста болды. Айнымас ағалы-інілі болды, туыстыққа айналды. Қонекең Сәкең інісіне, өзінің мәңгілік баратын жеріне дейін аманат етіп тапсырды. Осылайша Сәкең де Қонекеңді: «Ұстазым, өшпес өнеге алдым, тәрбие алдым, өстім, өндім, көктедім, Қонекеңнің жаны таза, ары таза, жолы таза, қолы таза адам еді», – деп айтып отырғанының куәгеріміз. Ұстазының аруағын тербетумен өзі де марқұм болды. Осындай ерекше аға-інілік туыстық арттарында қалған ұрпақтарына жұғысты болса екен деген тілек білдіремін.
Сәкең асыл ағаларының, ұстаздарының, халықтың жоғарғы сенімін толығымен ақтады. Отыз жылдан астам жауапты жұмыстарды абыройлы атқарып аспады, таспады, саспады. Небір алмағайып кезеңдерде сүрінбей, жығылмай, әрдайым мәртебесі жоғары болды.
«Сақтансаң, сақтаймын» деген бар емес пе?! Сәкең өзін-өзі сақтай білді, өзін-өзі басқара білді, өзін-өзі жұбата білді, өзіне-өзі кеңесші болды. Сәкең ойланбай, он рет өлшеп-пішпей, қабырғасымен кеңеспей сөз сөйлемейтін, іс істемейтін. Байсалды, тыңғылықты, салиқалы отырысынан, жүрісінен, тұрысынан, сөзінен, ісінен, өзіндік ерекшелігі байқалып тұратын. Қай деңгейде қызмет жасаса да (30 жылдай негізінен басшылық қызметте) абыройлы атқарды. Өмірде азаматтың жолы болды деген осындай болатын шығар, сірә.
2018 жылы Сәкеңнің «Дария-ғұмыр» атты кітабы 80 жасқа толуына байланысты жазылған. Осы кітабында сара жол өмірдеректерімен қатар, көргендерім мен көңілге түйгендерім, «Ауылымыз ажарланса, еліміз базарланады» атты айдарымен жазған мақалалары, ой-пікірлері кімді де болса ойландырмай қоймас. Осы кітаптың негізгі бөлімінде Сәкең «Айтулы азаматтар жайлы айтарым» деп айдар таққан. Өз заманында өзімен қатар жұмыс атқарған белгілі тұлғалар жайлы жүрекжарды жазбалары, азаматтарға деген ой түбінде жатқан пікірі болса керек. Әрқайсысының ерекшеліктерін, адами қасиеттерін, өнегелі өмірлерін жазуы өзімнің парызым деп санаған. Өйткені, бәрі дүниеден озған кісілер еді.
Сәкең туралы көзінің тірісінде әр жылдары жазылған мақалалар жеткілікті. «Дария-ғұмыр» – Дүкенбай Досжанов, «Бедел жинаған азамат» – Қайырбек Мырзахметов, «Елімен бірге есейген» – Айжарық Сәдібеков, «Биіктік» – Шыңғыс Айбосынов, «Өміріміз бірге өрілген» – Сейілбек Шаухаманов, т.б. Осы мақалаларда Сәкеңнің өмірбаяны, өмір жолы мен еңбек жолдары толық қамтылған. Сәкеңнің өресінің биік екені, кісілік кескіні жоғары, өнеге болар өмірі жастарға үлгі, елге сіңірген еңбегінің арқасында көпшіліктің шексіз құрметіне бөленгені айқындалып жазылған.
Қазақта: «Жылқының жылқысы бар, қазанаты бір басқа. Адамның адамы бар, азаматы бір басқа», – демеуші ме еді?! Осылай айтылған сөз Сәкең сияқты азаматтардың атына қарап айтылған болу керек. Ғұлама Конфуций айтқандай: «Адамдар көп, кісілер аз» деп. Осы аз кісілердің бірі – Сәкең деп білемін.
Сәкең бірсыпыра республикаға танымал азаматтармен сыйлас қарым-қатынаста, тұз-дәмдес болды.
Менің білетіндерім: Шахмардан Есенов, Әбіш Кекілбаев, Қалтай Мұхамеджанов, Манаш Қозыбаев, Сұлтан Сартаев, Мұхтар Шаханов, Оралбай Әбдікәрімов, Тоқтар Әубәкіров, Дүкенбай Досжанов, Дүйсебай Ізбасаров, т.б. Ал облысқа танымал азаматтармен сыйластығы – өз алдына тарих.
Тоқтармен айрықша қарым-қатынас, сыйластықта болғанының куәсімін. Бұның өзіндік сыры бар: Т.Әубәкіров Қызылордаға Парламентке депутаттыққа кандидат кезінде Сәкең Тоқтардың жақтаушылар штабын басқарып, жеңіске жеткен еді. Содан бастап ағалы-інілі қарым-қатынаста болды. «Жігіттің қосы оңбай, ісі оңбайды» деген бар. Ер азаматтың жанында жанашыр жары, өмірлік серігі, оның өмір жолында жеңісіне қол соғып, жеңілісіне бірге мұңайып, кейде қайрат беріп, намысын оятып отыратын жары – Айгүл Өміртайқызы десек болады.
Екеуі жұптасып 42 жыл бірге өмір сүріп, келмес сапарға кеткенше өмірдің қиындығына мойымай, қызығына масаттанбай, сабырлы қалпымен бірге жарасымды өмір кешті. Отбасында 9 бала, ұл-қыздары, жапырағын жайып, өркендеп, атасы мен әжесінің мақтаныштарына айналуда.
Сәкең әулетіне пана болып, қамқоршы аға, ағайынның қуанышы мен қайғысына ортақ болып, көлеңкесін түсіріп жүрді. Адал жар болып, ата-аналық борышына жауапкершілікпен қарап, ұл-қыз өсіруде үлкен бақыт, жоғары мәртебе екендігін де айта кеткендігім орынды болар.
Асыл досым, Сәке!
Сіздің бұл фәниден, ол дүниеге алып кеткен байлығыңыз да, бақытыңыз да осы болар, сірә.
Өкінішке қарай, ауруды жеңгеніңмен, ажалды жеңе алмайсың. Күн де батады, жұлдыз да сөнеді, гүл де солады, темір үзеңгі де тозады, адамдар да дүниеден озады. Адам бәріне де көнген.
Сіздің қалған ғұмырыңызды ұрпақтарыңыз қызығымен жалғастыра беруіне тілектестік білдіремін.
Бүгінде Айгүл жарыңыз қазақ әйелдеріне тән, артында қалған қызметтеріңізді ойдағыдай атқарып отырған жайы бар. Айгүлге айтатын алғысымыз мол. Жамандық лебі соқпасын демекпін.
Біздің достығымыз, жай ғана аты – өтті емес, жүрек қалауы, ішкі түсіністіктің, үйлестіктің, пікірлестігіміздің бірлігі болса керек. «Құяр судан бөлінсе, көл тұнар» дегендей, адал достан айырылсаң көңіл тұнады.
Сәкеңнің бейнесі көз ұшында, көңіл түпкірінде сағым болып қалды. Уақыт керуені көрсетіп келеді. Халқымыздың: «Адамда екі-ақ ұлы сезім болады. Біріншісі – махаббат, екіншісі – достық дегені шындыққа жанасады.
Өлім түгіл өкпеге де қимайтын асыл достан, еліміздің тағы бір арқалы азаматынан айырылдық.
Достық деген – ерекше қасиет. Адамдықтың, адамгершіліктің өлшемі. «Жол-жөнекей қосылған екі достан, бір дос артық ежелден көңіл қосқан» деп қазақ дәріптеген. Шын дос кеудеңнен жаның шыққанша дос. Бір адал досы бар адам бақытты дейді екен… Ендеше, сол достардың ішінде бірегейі, маған шын дос – марқұм Сәкең еді. Ол өзінің адалдық, әділдік, адамгершілік қасиеттерін көзінің тірісінде танытқан. Мен тірі жүргенде сол достың сезімдерін қалай ұмытпақпын… Ұмытылмайды…
Тұрғанбай МАХАНОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<