Өнегесі өміршең жан

85

0

Адамның биологиялық өмірі аяқталғанымен, оның екінші – әлеуметтік өмірі басталады. Оны жалғастыратын артында қалған ұрпағы мен атқарған қызметі, айтқан сөздері, жазған еңбектері, аңызға айналған естеліктер.

Дүниеден өткеніне жыл толған Алма Танабайқызы Ақдәулетованың өмірі сан салалы, терең, жарқын, мазмұнды ел үшін атқарған қызметтерге, аңыз бен әңгімеге, естеліктерге бай.

Ол 1933 жылы 8 наурызда Алматы қаласында жоғары дәрежелі жауапты қызметкердің отбасында дүниеге келді. Әкесі Ақдәулетов Танабай партия, совет органдарында қызмет атқарып, 1937 жылы Қызылорда қаласын облысқа айналдыру жөніндегі ұйымдастыру комиссиясының төрағасы болып бекітілген. Соған байланысты Қызылордаға қызмет ауыстырады. Сол жылдардағы зобалаңның құрбаны болып, 1938 жылы қаза тапқан. Тағдыр мен замана иірімі Алма Танабайқызын анасымен бірге Қызылордада қалдырды. Ол Сыр бойында бой жетіп, білім алды, отбасын құрды, ана, әже атанды. Жүнісов Ерназар мақсұм әулетінің үлкен келіні, Нұрлыбек Жүнісов сияқты белгілі азаматтың жары болды.

Алма Танабайқызы Қызылорда пединсти­тутының жаратылыстану факультетін бітіріп, кандидаттық диссертация қорғады. Пединститутта 14 жыл жұмыс істеп, аға оқытушы, кафедра меңгерушісі қызметін атқарды. 1973-1983 жылдары облыстық әйелдер қоғамының төрайымы, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болды. Облыстық советтің депутаты болып бірнеше рет сайланды. Жоғары лауазымдық қызметтер, ата-анадан көрген өнегесі елдің тынысын сезіп, халықпен етене араласуына, байыпты ойымен, сезімталдығымен, елдің қажетін жақсы түсініп, дұрыс шешімдер қабылдауына, көптің көңілінен шығатын жолдарды адаспай табуына, кәрімен де, жаспен де оңай тіл табуына ықпал етті.

Алма Танабайқызы сыйлы келін, сырлас жеңге, абысын, ардақты ана, қадірлі әже, қазақ әйелінің, зиялылықтың, әдеміліктің символы болды. Оның биік талғамы, сырбаздығы, жарқын ойға толы сөздері кімді болса да тамсандыратын, елітпей қоймайтын. Табиғат берген әдемілігі қараған адамның көзін тойдыратын. Оған қарап қазақ қыздары, әйелдері бой түзеді.

Ол кез келген адаммен тез тіл табысатын. Жақындармен, әсіресе, жастармен сөйлескенді ұнататын. Заманның ағымын жақсы сезетін көкірегі ашық адам болатын. Оған қазіргі заман, оның еркіндігі, тәуелсіздігі ұнайтын. Өз қабілетін ашуға беріліп отырған мүмкіндіктерді пайдаланып, өмірді, өзін өзгертіп жатқан жастарға қызыға қарайтын.

Менің өмірімде ағам Нұрлыбек Ерназарұлы мен жеңгем Алма Танабайқызының орны ерекше болды. Олар ата-анамдай қамқорлық жасады. Жығылсам тұрғызып, жанымды жұбатты, жылы сөздерімен, қаржылай көмегімен армандарға жетелеп отырды. Алматы қаласында ғылыми-зерттеу институтының аспиранты болған шақта отбасыма қамқорлық жасап, ғылым жолын таңдауыма, кандидаттық диссертацияны сәтті қорғауыма үлкен қолдау көрсетті. Менің жетістігім – олардың жетістігі, менің қуанышым – олардың қуанышы болды.

Алма Танабайқызы жоғары лауазымға көте­рілсе де, билікке бой алдырып, адамгершіліктен аттаған жоқ. Өзінің қарапайымдығымен, кеңді­гімен, кішіпейілдігімен ел аузында қалды. Мансап пен қызметтің уақытша екенін, ал адам жанында қалатын отбасы, туыстары екенін жақсы түсінді. Өз отбасында бірлікті, мейірімділікті дәріптеді.

Оны тағдыр аямады, өмірінің соңғы жылдары жалғыз ұлы Ғалымның қазасы жүрегін жұлып кеткендей болды. Бірақ қайғыны салқилы ойға жеңдіріп, сабырға келді, немерелерінің өмірде аяғын нық басып, бекем болуына өзінің қам­қорлығы, қолдауы керегін жақсы түсінді. Өзінің амандығы, қастарында болуы олар үшін үлкен демеу екенін түсініп, үмітін болашаққа артты.

Алма Танабайқызы парасатымен, терең ойы­мен, сыпайы, сабырлы мінезімен, ұстамдылы­ғымен, елге жасаған қызметімен облыс тарихында қазақ әйелінің жаңа бейнесін қалыптастырған тарихи тұлға ретінде аталады.

Артында қабырғалы елі, немерелері мен шөберелері қалды. Қазір олар елдің адамы болған әжелерінің жасампаз әрекетке, тарихқа толы өмірбаянымен танысып, оны мақтан етеді.

 Алтынбек ЕРНАЗАРОВ,

дербес зейнеткер, биология ғылымдарының кандидаты Қорқыт ата атындағы

Қызылорда университетінің құрметті профессоры,

Сырдария ауданының Құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<