Өнегесі өшпейтін абзал адам

756

0

Арамызда кеше ғана алшаң басып жүрген бірімізге аға, бірімізге іні, бірімізге адал дос, балаларының аяулы әкесі, жарының арқасүйер сүйікті серігі, облысымыздың бокс мақтанышы, шәкірттеріне қадірлі ұстаз болған бауырымыз Сайлыбаев Нұрлан Әбдіқалықұлының дүниеден озғанына көзді ашып-жұмғанша 40 күн болыпты.

Нұрлан Сайлыбаев 1956 жылғы 7 қараша күні Жаңақорған ауданы Төменарық совхозында көпбалалы отбасында дүниеге келді. Ол күнді әлемнің жарты елі «Ұлы Октябрь Социалистік революциясы күні» деп тойлайтынын Нұрлан қуанып еске алатын еді. 

Әкеміз Әбдіқалық Сайлыбаев соғысқа дейін ағасы Ораз көкеміздің соңынан Мәскеу қаласындағы теміржол инженерлері институтында, сонан соң Ф.Дзержинский атындағы Ленинград жоғары әскери соғыс-теңіз училищесінде оқыды. Оқуының соңында Ұлы Отан соғысына қатысып, жараланып елге оралған соң, облыстық партия комитетінде нұсқаушы, Қармақшы аудандық партия комитетінің хатшысы, «Комсомол» совхозының басшылығында қызмет атқарды.

Анамыз Шырын Түкеева Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, 45 жыл бастауыш сыныптың мұғалімі болған ұлағатты ұстаз еді.

Ата-анамыз қызмет бабымен 1961 жылы атақонысы Сырдария ауданы «Комсомол» совхозына көшіп келді. Нұрлан осы ауылда мектепке барды. Үлкен ағамыз Рақымжанның жол көрсетуімен, анамыз қарсы болса да, әкеміздің қолдауымен ауылдың бір топ баласын ертіп, Қызылорда қаласындағы спорт мектебінде бокс өнеріне жаттығып жүрді. Алғашқы жаттықтырушысы бүгінде марқұм Аман Рахметұлы Досмайылов болды. Сол балалардың ішінде Қоныс Ешпанов, Нұрлан Сайлыбаев, Тимур Әбдіғалиев облыс және республика чемпионы атанды.

Нұрлан 1974 жылы «Қайрат ерікті спорт қоғамы» біріншілігінің жеңімпазы атанып, 1975 жылы республика чемпионатының күміс медалін иеленіп, СССР спорт шебері нормативін орындады. Ол – облыстың бокс тарихында айтулы орны бар азамат. Сол жылдары Нұрлан бауырымызбен облыстың, республиканың бокс тарихын бірге жазған командаластары Сұлтан Көрпешов, Тимур Әбдіғалиев, Ерғанай Үмбетов, Сембі Бұғыбаев, Шәріппай Асановты, т.б. еске аламын. Осы өнердің арқасында көп қалаларда болды, бірсыпыра елді аралады. Анамыз мақтанышпен «Нұрлан әкем Түкейге тартқан, ол кісінің жауырыны жерге тимеген балуан болды» деп айтушы еді. Бокс өнері оны табандылыққа, жүректілікке, шыдамдылыққа, жауапкершілікке тәрбиеледі. Өзі сөздің емес, тындырымды істің адамы еді.

Нұрлан 1980 жылы Қарағанды мемлекеттік университетіне Қазақстанда тұңғыш ашылған «Алғашқы әскери дайындық және денешынықтыру» мамандығы бойынша оқуға түсті. Қарағанды университетіне облыстан 11 жігіт әке-шешеміздің батасын алып, біздің үйден аттанып еді.

Нұрлан студент болып жүріп, анамыз дүние салғаннан кейін, анамыздың орнын басқан бастауыш сынып мұғалімі Гүлнар Сариеваны келін қылып түсіріп, отбасын құрды.

1985 жылы Қарағанды университетін бітіріп келген жас маман көп жыл «Комсомол» совхоз техникумы директорының орынбасары қызметін атқарды. 1995 жылы отбасыммен ғылыми жұмысты жалғастыру үшін  балаларымыздың болашағын ойлап, Алматы қаласына қоныс аударуға шешім қабылдаған сәтте Нұрлан мен Гүлнар келін «Әбеке, аға, жаңа жерге жалғыз аттанбаңыз, сізге серік болайық» деп Алматы қаласына көшкен едік. Бірақ үйді шамамызға қарай Алатаудың қойнауындағы Есік өзенінің жағасында орналасқан Есік қаласынан алдық. Қаланы аралап жүргенде Нұрлан: «Әбеке, неге біздің балаларымыз да осындай жер бетіндегі жұмақта жүрмеске» деп қуанған еді. Балалары сол жерде өсті, енді немерелері шауып жүр.

Нұрлан Алматыда алғашқы жылдары қалалық мұғалімдер біліктілігін жетілдіру институтында «Алғашқы әскери дайындық» пәні мұғалімдерінің әдіскері қызметін атқарып, мұнда да еңбегін сіңірді. Ол жылдары республикада аталған пәннің арнайы дайындалған мұғалімдері тапшы еді. Осындай жағдайда Нұрлан әскери шені өзінен жоғары отставкадағы офицерлерден мектеп педагогтарын тәрбиеледі. Күні бүгінге дейін ол кісілер Алматыда іс-шараларда кездесіп қалғанда Нұрланды сұрап еске алады.

1999 жылдан бастап Есік қаласындағы Абылай хан атындағы №4 мектепте директордың орынбасары – АӘД жетекшісі қызметінде 20 жыл ішінде «Педагог-зерттеуші» дәрежесінде жас ұрпақты тәрбиелеп шығарды. Есік халқы оның іскерлігін, адами қасиетін қалай бағалайтынын қоштасуға келген жұртшылықтың ықыласынан байқадық. Мектеп директоры Ләйлә Тункаева отбасына арнайы келіп, «Нұрлан ағайдың орны жоғалмасын, баласы Береке ауысып келсін папасының орнына» деген ұсыныс айтты. Бұл бауырымыздың өзіне, оның аруағына деген құрмет емес пе?!

Гүлнар келініміз екеуі екі ұл мен бір қыз өсірді, олардың жоғары білім алуын қамтамасыз етті. Балалардың барлығы да әке-шеше жолын таңдап педагог мамандығын алды. Ұлдары Қуаныш пен Береке әкесінің жолымен жоғары білімді дене тәрбиесінің маманы болды. Қызы Әйгерім заманауи ақпараттық технология мамандығын алды.

Бауырымыздың Алла берген тәтті немерелері өсіп келеді. Иә, Аллаға шүкіршілік етеміз. Нұрлан бауырымыз әке-шешеміз бен Бақытжан ағасының қасына мәңгілік мекеніне кеткенмен бұл өмірде ізі қалды.  Ол – Нұрланның көз алдымыздағы жұмсақ мінезі, өшпес бейнесі, жүрегіміздегі жылы естеліктер. Ол – Нұрланның Алла берген ұрпақтары. Ол – Нұрланның атқарған ізгі де игі істері. Ол – Нұрланның тәрбие алған мыңдаған шәкірттері. Ол – Нұрланның қаламынан туған ондаған әдістемелік жұмысы.

Бауырымыз өзінің ұсынысымен Есік қаласының Көктөбесіне мәңгі қоныс тепті. Бақұл бол қимас бауырым, адал дос, аяулы жар, ардақты әке.

Әкімжан Сайлыбаев

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<