Ол күн ұмытылмайды

856

0

Уақыт сырғып, қазақ тарихы жаңа оқиғалармен толыға түсуде. Алайда сол бір 1986 жылдың желтоқсанын ешкім санадан өшіре алмасы анық. Биыл міне, болашағы үшін күрескен жастардың ерлігіне – 37 жыл. Басын бәйгеге тіккен желтоқсаншылардың есінен ол оқиға бір сәтке де шыққан емес. Олардың қай-қайсысымен сөйлессеңіз де, сол кездегі сәтті суреттеп береді. Есенкүл Нұржановамен әңгімелесу барысында бейбіт күннің құндылығын ұғына түстік.

– 1986 жылы Қазақ мемлекеттік университеті физика факультетінің 3 курс студенті едім. Жасым 22-де. Ол уақытта физика факультеті КазГУградқа көшпеген, яғни, Комсомол көшесіндегі (Никольский базары жаны) ескі ғимаратта оқитынбыз. Сабақта отырған едік. Көшеден шулаған, айқайлаған дауыс естілген соң, бәріміз терезеге жүгірдік. Қарасақ,  ағылған жастар. Олар «кімде-кім қазақ болса, бойында қазақтың қаны мен намысы болса көшеге шықсын, алаңға жиналып жатырмыз» деп лек-лек болып бара жатты. Біздің жанымызда мединституттың ғимараты болатын. Көбі – сол институттың студенттері. Сабақ біткен соң жатақханаға келдік. Қазақстанның бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевты алып тастап, орнына басқа ұлттың азаматы Колбин дегенді қойғанын естідік. Қазақ елін басқа ұлт өкілінің басқарғанын шектен шыққандық, басынғандық деп қабылдадық. Бөлмемізде отыра алмадық. Сөйтіп, 16 желтоқсан күні түстен кейін сағат үштің шамасында бөлмедегі 4 қыз болып Брежнев алаңына келдік.

Біз жеткенде алаң тола жастар екен. Үкімет үйін солдаттар қоршап тастаған. Жастар қолдарына дауыс зорайтқыш алып «Неге қазақ елін қазақ азаматы басқармайды? Қазақтан Абай, Сәкен, Бейімбет шыққан. Осындай зиялылар шыққан елді басқаратын қазақ азаматтары бар» деп наразылық білдірді. Кімде-кім дауыс зорайтқышты алып сөйлесе, бүкіл алаңдағы жастар отыра қаламыз, өйткені оның алдында тұрып сөйлегендерді ұстап алып кете берген. Содан соң бәріміз бірге Шәмшінің «Менің Қазақстаным» атты әнін шырқадық. Қазір сол ән еліміздің Әнұранына айналды. Үкімет үйінен бас прокурор алаңдағы жастарға: «Алаңнан қайтыңдар, ақымақтық жасамаңдар!» деп жатты. Жастар «бізге Қонаев шығып сөйлесін, өзі түсіндірсін жағдайды» деді. Алайда бұл сөзге құлақ асқан адам болмады, – дейді ол.

Міне, осыдан кейін алаңға әскери жасақ келіп, алдынан шыққанның бәрін соққыға жығып, қыз-жігіттерді шашынан сүйреп, жүк көліктеріне салып әкетіп жатты. «Кез келген соққыға шыдаймыз» деген олар бір-бірінен ажырамау үшін шынжыр тәріздес етіп қолдарын байлап, қарсы тұрудан сескенбеген.

– Біраздан кейін алаңда қолында қалқаны, шоқпары бар жасақ көбейіп кетті. Бізде ешқандай қару жоқ, таяқтың астында қалдық. Сонда да жұрт қайтпады, осы кезде өрт сөндіретін бірнеше көлік су шаша бастады. Жолындағы адамдарды басып, жаншып өте берді. Күн өте суық, қар да қалың түскен. Қаша алмай құладым, үсті-басым малмандай су болды, киімдерім мұз болып қатып қалды, – дейді Есенкүл Нұржанова.

Ертеңіне жатақхана бөлмесіндегі кішкентай радиодан «Көшені наркомандар мен алкаголиктер, бұзақылар басып кетті» деп жатты. Сонда жапқан жала, жаққан күйеге әбден ызаланған. Алайда қолдан келер шара жоқ.

– Содан кейінгі күндеріміз тіпті қорқынышты болды. Жатақханадан қол қойып шығып, сабаққа барамыз. Ол жерден де қол қойып шығып, жатақханаға келеміз. Лекцияда отырған кезде бір топ адам сау етіп келіп, қолдарындағы суреттермен сәйкестендіріп тексеретін. Зәреміз ұшып төмен қарап отырмыз. Группадағы біраз жігітті «үлгерімі төмен» деп шығарып, ауылдарына қайтарып жіберді. Ол кезде бұл оқиға жайлы айтуға бата алмайтынбыз. Оқудан шығарып жібере ме деген ой мазамызды қашырды. Қанша дегенмен ата-ананың артқан үміті бар. Осы егемендік алған бақытты күнді көру бұйырған шығар, аман-есен оқуымызды аяқтап елге оралдым, жұмысқа орналастым, отбасылы болдым.

16 желтоқсан мен үшін мереке емес. Өйткені бұл күні қаншама қазақ жастарының қаны төгілген, соңы ауыр зардапқа ұласқан, қаншама жазықсыз студент түрмеге қамалған. Бұл күн – мен үшін тәуелсіздікке тәу ететін күн. Ендігі жерде мұндай оқиға қайталанбасын. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болса екен, – дейді Есенкүл Сарғалиқызы.

Осынау тарихи оқиғаны басынан өткерген сол кездегі өрімдей қыз – қазір аяулы жар, ардақты ана, ұлағатты ұстаз. Үш баланың анасы, немерелерінің әжесі. Т.Жүргенов атындағы №136 мектеп-лицейде информатика пәнінің мұғалімі.

Иә, Желтоқсан оқиғасы туралы талай әңгіме естіп жүрміз. Алайда ызғарлы күндердің куәсі болған кейіпкердің әңгімесінің әсері бөлек. Бүгінде сол уақыттағы әміршіл-әкімшіл саясатқа қарсы шыққан рухты, арманшыл жастардың бастамасы нәтижесіз қалған жоқ.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<