Орындалған бір арман

244

0

Деректерге жүгінсек, Отан соғысына Сыр өңірінен 70 мыңға жуық азамат аттаныпты. Сол алапат соғыста 30 мыңнан астам боздақ шейіт болып, сүйектері жат жерде қалды. Хабар-ошарсыз кеткендері қаншама?!

Айшагүл Күзембаева 1940 жылы қала сыртындағы «Қаратоғай» қыстағында дүниеге келді. Әкесі Әділбек Күзембаев 1941 жылы соғысқа аттанып, хабар-ошарсыз кетті. Артында жары Ақжарқын мен үштен төртке қараған ұлы Бегалы, бірден енді асқан қызы Айшагүл қалды. Жас ана жетілмеген балаларымен көрші ауылдағы туған-туысты паналап, таңның атысы, күннің батысы дала жұмысына жегіледі.

Соғыс аяқталып, бейбіт өмір басталады. Айшагүл әкесінің жоқтығы көңілін қатты құлазытса да өмірдің қиыншылығына төтеп берді. Өзін қайрап өсті. Мектепте өте жақсы оқып, комсомол бригадасымен құрылыста жұмыс істеді. Алматы қаласы С.Киров атындағы мемлекеттік университетінің заң факультетін ойдағыдай бітіріп, жолдамамен Қарағанды прокуратурасында, Қызылорда қалалық прокуратурасы мен облыстық прокуратура мекемелерінде аға тергеуші, бөлім басшысы қызметтерін абыроймен атқарды. Құқық саласында өзіне лайықты құрметке бөленді.

Өз қолы өз аузына жеткен тұста әкесіне іздеу салуға кіріседі. Хабарсыз кеткен жауынгер жайлы мәлімет сұрату барысында көп кедергіге кезігеді. Ол кезде бір жауынгерді табуға айлап, жылдап уақыт кететін. Әйтеуір не керек, көптен күткен хабар келеді. Онда: «Әділбек Күзембаев 1941 жылдан атқыштар полкінде болған. 1944 жылы кезекті шайқастың бірінде қаза тапқан» деп жазылған. Көп ұзамай, 25 жасында жесір анасы Ақжарқын бейдауа дерттен көз жұмады. Бұл – 1984 жыл болатын.

Ресейдің орталық мұрағатынан табылған деректі Айшагүл 1995 жылы Ұлы Жеңістің 50 жылдығы қарсаңында облыста шыққан «Боздақтар» кітабына кіргізеді. Жылдар зырғып өтіп жатты. Бірақ бұл іздестіру жұмысын тоқтатпады. Бірде үлкен қызы компьютер қарап отырып, ғаламтордан атасының аты-жөнін тауып алады. Онда: «Захоронен в братской могиле Житомирской области на Украине» делінген екен. Дереу военкоматқа барып сұрастырады. Алайда, одан еш нәтиже шықпайды. Сонан соң «Жди меня» бағдарламасына хат жазды. Сол бағдарламаның іздеушілер бөлімі ұрыс даласында қаза болған жауынгердің жерленген жерін тауып береді.

Айшагүлдің қуанышында шек болмайды. Ендігі міндет Украина жеріне барып, әкесі жерленген «Бауырластар зиратынан» еліне бір уыс топырақ алып келу, жерленген жеріне туған жерінен бір уыс топырақ апарып салу.

Қызы Ләйла мен тілші Әсел Асқарқызын жанына ертіп Украинаның Малиновский ауданы Иосифка селосындағы «Бауырластар зиратына» барды. Қызыл әскер Әділбек Күзембаев 479 атқыштар полкінің басшысы, Совет одағының батыры, аға лейтенант А.Егоровтың қарамағындағы 149 атқыштар дивизиясының құрамындағы 142 жауынгермен бірге 1943 жылы 26 желтоқсан күні сонда жерленген екен. Ондағылар мұны жақсы күтіп алды.

Осылайша А.Күзембаева 81 жасында майдангер әкесінің басына барып, Құран бағыштап, шерін тарқатып қайтты.

Елге келгеннен кейін арманда кеткен боздақтың есімін ұлықтау мақсатында болашақ ұрпаққа өнеге боларлық істерді қолға алған. Бүгінде ол әкесінің тұрғылықты тұрған жері Қызылорда қаласы «Қаратоғай» елді мекенінде Әділбек Күзембаевтың атына көше алу бойынша мекемелерге өтініш беріп, тиісті жұмыстарды қолға алуда.

Гүлдана АСАНОВА

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<