От-жалыннан   оралғандар

433

0

Тарих көші үнемі жаңарып отырады. Десе де ескірмейтін, ұмытылмайтын оқиғалар қатарында қаншама тағдырды жалмаған сұрапыл Ауған соғысы интернационалист жауынгерлер мен қоғамның мәңгі есінде. Осыдан 35 жыл бұрын, 1989 жылдың 15 ақпаны күні Кеңес әскерлері Ауғанстан аумағынан шығарылды. Әскерге шақырылған өрімдей жас жігіттердің өмірінде өшпес із қалдырған әскери іс-қимылдар 10 жылға созылды.

Ауғанстан жеріне аттанған Кеңес әскерлерінің қатарында болған 22 мыңнан астам қазақ жауынгерлері Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің құрамында интернационалдық борышын өтеген. Олардың 889-ы ұрыс даласында қазаға ұшыраса, 30-ға жуығы хабар-ошарсыз жоғалған. Үш мыңнан астам қазақстандық Ауған соғысынан мүгедек болып оралды. Бір ғана Ауғанстандағы әскери іс-қимылдың қазаққа әкелген орны толмас зардабы осындай.

Уақыт пен тарихтың мәңгі жадында қалған оқиғаларды өз басынан өткерген ел ағаларының айтары да, бізге берер тәлімі де мол. Елдің ауыр аманатын арқалап, өмір мен өлім белдескен уақытта, батылдық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен қаһарман жерлестеріміз бүгінде біздің ортамызда, ал кейбірі өкінішке орай ақтық сапарларына аттанған.

Өмір тоқтамайды, ерлік өлмейді, замандарға жалғаса береді. Бұған дәлел бүгінде ортамызда болмаса да, өзіндік орны бар өр тұлға, Ауған соғысының ардагері, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік органдарының отставкідегі полковнигі – Абылай Еркінбайұлы Мырзабаев. Ол – 1949 жылдың 19 желтоқсанында Арал ауданы Сайғонды ауылында дүниеге келген. Белоруссия астанасы Минск қаласындағы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің жоғарғы курстарын аяқтағаннан кейін 1974-2000 жылдары Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Қызылорда облыстық басқармасының жедел уәкілінен Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаменті бастығының орынбасарына дейінгі лауазымдарында қызмет атқарған.

1981-1982 жылдары Ауғанстан демократиялық республикасында арнайы іссапармен болып, жедел операциялық іс-қимылдарға қатысып, интернационалдық борышын өтеп, елінің нағыз патриот, ержүрек офицері екенін дәлелдеді. Ел алдындағы жемісті еңбегі үшін Кеңес Одағының көптеген ордендері және медальдарымен марапатталған.

Абылай Еркінбайұлы отбасының басшысы ретінде де өзгелерге үлгі, өнеге көрсетті. Ол жасы үлкендерді ізеттілігімен сыйлап, жастарға қамқорлық жасады. Әрқашан да айналасына мейірім нұрын шашып, ағайын-туысқа, жолдас-жораға қолынан келгенінше көмегі мен қамқорлығын аямады. Әріптестерінің ортасында принципшіл басшы, абыройлы, сыйлы адам ретінде ерекше беделімен танылып, құрметке бөленіп, өкінішке қарай 2011 жылы өмірден озды.

Ауған жерінде қару асынып, мұң арқалаған уақытта бірін-бірі бауыр деп, өмірінің өлшеулі бір бөлігі, жалындаған жастық шағын оқ пен от астында өткізіп, елге аман-сау оралып, туған жерімен қауышқан майдангер ағаларымыздың бірі – Жұмабеков Құламқадыр Әбілқасымұлы.

Ұлттық қауіпсіздік органдарының запастағы полковнигі Жұмабеков Құламқадыр Әбілқасымұлы Сырдария ауданында 1961 жылдың 3 наурызында дүниеге келген. 1980 жылы КСРО қарулы күштер қатарына әскерге шақырылып, Отан алдындағы борышына адалдығымен Ауғанстанға әскери қызметін атқаруға аттанған. Ауған елінің Герат, Кандагар қалаларында орналасқан 5-гвардиялық мотоатқыштар дивизиясында Отан алдындағы борышын өтеген бүгінгінің батыры. 1982 жылы әскери қызметін абыроймен аяқтап, КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасы және «Ауған халқынан алғыс» медальдарымен марапатталған.

1997-2017 жылдары ҚР ҰҚК Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаментінің жедел уәкілі, аға жедел уәкілі, қаржы бөлімінің аға офицері, бөлім бастығы лауазымдарында қызмет атқарып, 2017 жылы зейнетке шығарылған.

Құламқадыр Әбілқасымұлының мына сөзі кейінгі ұрпаққа рух берері сөзсіз: «Әскери адамға рух беретін бірінші кезекте жұдырықтай жүрегіндегі Отанына, отбасына деген шексіз махаббаты мен құрметі. Еліміздің тәуелсіздігі үшін, рухы мықты, жүрегінде Отанға деген адал сезімі тұтанған азаматтардың барында болашағымызға еш алаңдамауымызға болады». Ардагердің естеліктері де, арнаулы мемлекеттік органда атқарған адал қызметі де, бүкіл ұлттың аманатын арқалаған азамат ретінде талай жылдарға дейін жетері сөзсіз.

«Өткенін ескермеген өшеді, өткенін қастерлеген өседі» демекші, берер тәлімі мол, Ауған соғысы тарихының тірі куәгерінің бірі – Аманқұлов Марат Сейтжаппарұлы.

Ұлттық қауіпсіздік органдарының запастағы полковнигі Аманқұлов Марат Сейтжаппарұлы 1965 жылдың тамыз айының 15 жұлдызында Тараз қаласында дүниеге келген. 1984 жылдың 1 маусымында әскер қатарына қабылданған жас сарбаз жақындарының уайымынан, Отан алдындағы борышын адал өтеуді алға қойып, ата-анасының келісімін алмастан Ауғанстандағы соғысқа аттанған. Елін, жерін қорғауға ант берген азамат үшін басқа таңдау болмайтынын да жете түсінген. Табиғатынан ширақ, спортқа жақын бозбаланың соғыс алаңында барынша шыдамдылық танытып, сабырлық көрсеткені көп жағдайда көмек болғанын еске алады. Әскер қатарындағы сарбаздардың спорттық дайындығы, моральдық тұрғыдан мықтылығы жоғары деңгейде болуы шарт. Дайындығы жоқ әлсіз сарбаз жаудың нағыз нысанына айналмақ. Бұған дәлел – әскер қатарында бірге қызмет еткен қарулас достарының басынан өткен оқиғалары. Кейбірі ұрыс даласында мерт болса, енді біреулері мүгедектік хәлге түскенін көзімізбен көрдік, жанымызға батты, олар жіберген қателіктен сабақ алдық. Жығылғанға жұдырық болған ауа райының қолайсыздығы. Ауған жерінің климаты, табиғи факторы – тау-тасты, аптап ыстық. Тастақты таулы шөл даланың ми қайнатар ыстығында үстіңе қару асынған, бір жұтым суға зар болған сынаққа толы соғыс жағдайында өз-өзіңді бір сәтке де еркін ұстап, босаңсуға болмайтын кезеңдер әлі де кешегі күндей көз алдыңда. Бұл ескірмейтін естеліктердің ең негізгі түйіні – азат елдің төл перзенттері санасы тәуелсіз, ойы озық жастарына жауапкершіліктің жүгімен қатар ауыртпашылықтың ащы дәмін де әбден татуы мүмкін екенін естен шығармағандары абзал.

Ауған соғысының қаһарманы Марат Сейтжаппарұлы 1992-2020 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаментінде қызмет атқарып, бүгінде кейінгі буынға қарсы барлау қызметі бойынша бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңесін айтып отыратын ел ағасы, ардақты ардагеріміз.

Мақсатымыз – өткен ғасырда тарих толқынында болған толқуларды талдау емес, тәуелсіз еліміздің төл перзенттеріне берер тәлімі мол тұлғалардың өнегелі өмірі мен Отан алдындағы адал қызметі турасында сүбелі әңгіме өрбіту.

«Ерлік – елдің туы». Ер қуаты – қару болса, ел – қуаты батырлары, сақадай сарбаздары мен сардарлары. Халық қашанда қаһарман ұлдарын пана тұтқан. «Отан үшін күрес, ерге тиген үлес». Халықтың осы даналығы қайда жүрсек те, қашанда жүрек төрінде, сана сахнасында сақтаулы жүрсе, қазақ баласы азаматтық парызын адал ақтауды ұмытпас.

Биік рух пен жігер, намыстан жаралған Ауған соғысының қаһармандарымен қазақ ұлтының қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында үзеңгілес қызмет атқарғанымды құрмет тұтып, батырлардың ұрпағына тағзым білдіремін.

Ата-баба даңқына дақ түсірмей, соған лайық азамат атын ылғи да биік ұстап жүрген жандардың өмірін үлгі ету – ортақ парызымыз.

Серік ДОСМАҒАМБЕТОВ,

«Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік органдарының ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының төрағасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<