Отанына оралмаған боздақ

780

0

Жарты әлемді шарпыған соғыстың тақсіретін тартқан, қолына қару алып, қан майданға кірген ерлердің қатары бүгінде тым аз қалды.  Ал жат жердің топырағын жамылып, хабарсыз кеткендердің бір  дерегін іздеушілер әлі де көп.

Мен де әкемнің ағасы Бағлан Оразбекұлы Жанатаевтың  хабарын «Память народа» сайтынан таптым. Онда қызыл әскердің Қазақ ССР Қызылорда облысы Тереңөзек ауданы Қараөзек станциясында 1924 жылы туғаны, 1943 жылдың 23 қыркүйегінде Курск облысы Конышев ауданы Толкачевка деген деревнядан солтүстік батысқа қарай 300 метр қашықта қаза тапқаны көрсетіліпті.  

Ал «Боздақтар» кітабында Қызылөзек ауылдық кеңесінде туғаны, 4 сыныптық білім алғаны, Тереңөзек әскери комиссариаты арқылы 1941 жылы әскерге алынып, бірден хабарсыз кеткені жазылған.

Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментке жолдаған хатыма Сырдария аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімдегі архив деректерінен табылған мәліметті ұсынды, яғни 1942 жылы әскерге алынғандардың есептік кітабында Бағлан әкеміз 20 тамыз 1942 жылы №59 батыс атқыштар полкіне әскерге жіберілгені жазылған.

Бүгінде Бағлан Жанатаев туралы білетін адам жоқ. Әкем Шайкамал бауырының алдымен Ташкентте екі айлық мергендікке дайындық курсынан өткенін айтып отыратын. Бала болып көп әңгімеге мән бермеуіміз де мүмкін. Бірақ Аязкүл әжем тұңғышын өмір бақи күтіп өткенін білемін. «Қара қағазға» сенбей, жолын тосумен жүрген. Балгерлердің «балаң келеді» деген сөзіне құлай сеніпті. Екінші әпкем кішкентай кезінде Бағлан әкеміздің жалғыз суретін жыртып алғанда, әжеміз қатты ренжіпті. Баласынан қалған мұраның бүлінгеніне жаны ауырған болуы керек.

– «Ташкенттегі оқуды аяқтаған соң әскерге кетіп бара жатқандар пойызбен өтеді» деген хабарды естідік. Шешем екеуміз бір сиырды сойып алып, қалаға келіп күтіп жаттық. Ана сорлы «балама ет асып беремін, қасыма бір қонады» деп ойлады. Жол тосқан еңбегіміз ақталмады. Шешем жүріп бара жатқан пойыздан Бағлан ағама ұқсайтын баланы көзі шалып, «ақ тон киген сол» деп зар илеп қала берді, – деп естелік айтатын әкем.

Тереңөзектегі «Тағзым» алаңында туған жерге қайтпаған ерлердің қатарында Бағлан әкеміздің де есімі жазылған. Кейін 10 бала тәрбиелеп өсірген Батыр ана, менің шешем Әнипа бір мал құдайы беріп, ауылдағы зиратқа соғыстан қайтпаған боздақтың есімі жазылған белгі орнатты.   Осылайша енесінің аманатын орындады.  

Менің ендігі мақсатым – Ташкенттегі оқыған жерінен суретін іздестіру,  өрімдей 18 жасында қаза болған боздақтың атына бір көше берілуін сұрап, ел есінде қалдыру. Сонда баласының бір хабарын біле алмай, шерменде болып өткен Аязкүл әжемнің аруағы риза болатын шығар. Ұрпағы ретінде мойныма алған міндетімді жүзеге асыру үшін ел ағалары ұсынысымды қолдайды деп үміттенемін.

Роза ЖАНАТАЕВА             

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<