Отызбай Исабаев егер арамызда болғанда 80 жасқа толар еді. Өкінішке қарай, жасындай жарқырап жүрген азамат осыдан отыз жыл бұрын, ердің жасы елуге де толмай өмірден озған болатын. Облыстың ауыл шаруашылық саласында абыроймен еңбек еткен О.Исабаев замандасым әрі құрдасым еді. «Сыр бойы» газетінің көп жылдан бергі сырласы, оқырманы болғандықтан басылым бетінде осы азаматты еске түсіру үшін қолыма қалам алдым.
Отызбай 1942 жылы 13 шілде күні сол кездегі Тереңөзек ауданына қарасты 39 колхоздың бірі – «Көптің көлі» аталатын елді мекенде дүниеге келген. Бұл – қазіргі Сырдария ауданы Ақжарма ауылы. Әкесі Исабай Отан соғысы басталған кезде қызыл әскер қатарына алынып, туған жерді басқыншы жаудан қорғауға аттанды. Өкініштісі, әкесі майдан даласынан оралмапты. Отызбай жасында екі ананың тәрбиесінде болды. Бірі – анасы Гүлсім Шәрімбетова, екіншісі – шешесімен бірге туысқан, анасындай болып кеткен жан Бопыл Құмақбаева.
О.Исабаев 1966 жылы Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтын агроном мамандығы бойынша бітіреді. Сол жылы еңбек жолын туған ауылы Ильич совхозында агроном болып бастап, одан кейін Шіркейлі совхозында бас агроном қызметінде жалғастырып, жас маман абыройға бөленеді. Аудан және облыс басшылығы жас маманның ұйымдастыру қабілеті мен біліктілігін байқағаннан кейін 1969 жылы Тереңөзек ауданы (қазіргі Сырдария ауданы) Партияның XVIII съезі атындағы кеңшарға (қазіргі А.Тоқмағамбетов ауылы) директор етіп тағайындайды. Ол осы қызметін 1980 жылға дейін атқарып, артта қалған шаруашылықтың еңсесін тік көтеріп, экономикасы мен мәдениетінің артуына игі ықпал етті.
Алайда осы қызметінде жүргенде денсаулығы нашарлап, жоғары қан қысымына, жүрек дертіне шалдықты. Жұмысқа бірде жараса, бірде жарамай науқастанып қалуы жиіледі. Мұндай жағдайда шаруашылықты басқаруға мұршасы келмейтінін түсінген Отызбай 1980 жылы мамыр айында өз өтінішімен қызметінен босады. Біраз уақыт емделіп, кейіннен Қызылорда қаласында облыстық шаруашылық мекемелерінде басшылық қызмет атқарды. Атап айтқанда, облыстық тұтынушылар одағы басқармасында төраға орынбасары, облыстық дайындау мекемесінде басшы, облыстық ауыл шаруашылығы басқарма бастығының орынбасары болды
1990 жылы облыста алғашқы эксперименттік түрде ашылған жылыжай басшылығына ұсынылып, өмірінің соңына дейін сонда қызмет атқарды. Жасындай жарқырап жүрген азамат жүрек қысымы дертінен дүние салды. Қалалық аурухананың бас дәрігері, ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі Әскербек Төрекеев баспасөзде замандасы Отызбай туралы былай деп еске алған еді: «Ол реанимация бөлімшесіне түскенде үш тәулік бойы қасында болдым. Қолдан келген дәрігерлік көмектің бәрін жасадық, бірақ ажалдан алып қала алмадық. Бақилық болатынын сезді ме «Әсеке, достым маған жақындашы, қолыңды бер. Саған, дәрігерлеріңе көп рахмет! Нағыз азаматтық іс жасадың, достарыма, отбасыма менен сәлем айт, қош достым» деді де, көз жұмды» деп жазған еді. Сол мақаласында «Отызбай ердің жасы 50-ге жетпей көз жұмды. Ол аз ғұмырында ел-жұртына, туған-туысқандарына, жора-жолдастарына жасаған қамқорлығы қаншама дерсің» деп тебіренген еді Ә.Төрекеев.
Міне, бұған да 30 жыл өтіпті. Отызбай домбыра тартып, ән салатын сері жігіт еді. Өлең де жазатын. Өлеңдерінің барлығы «Аққан жұлдыз» деген кітапқа енген. О.Исабаев еңбек еткен жылдары үнемі ілгерілеу, ізденіс, оқып-үйрену үстінде болды. Білімін жетілдіріп, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге атсалысып, ауылшаруашылық өнімдерінің сапасын жақсартуға қол жеткізді. Ол бұл еңбекті атақ үшін жасаған жоқ, келешек ұрпақ үшін істеді. Отызбай жары Ұлдыгүл Бердібайқызы екеуі ұл-қыздарын тәрбиелеп өсірді, азамат етті. Перзенттері еліміздің белгілі азаматтары қатарында. Отызбайдың асыл бейнесі бәріміздің жүрегімізде сақталады.
Жеңісбек МАҚСҰТҰЛЫ.
Қызылорда қаласы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<