Пайда ойламай, арды ойлаған…

188

0

Фото: автордан

Биыл Сыр елінің біртуар азаматы, Қазалы мен Жалағаш аудандарының Құрметті азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері, абыз ақсақал атанған Қаһарман Тоғызбайұлы Табынбаевтың дүниеден өткеніне бес жыл толып отыр.

Қаһарман Тоғызбайұлы 1936 жылы 8 наурызда Жалағаш өңірінде дүниеге келді. Соғыс пен соғыстан кейінгі ауыр жылдарда балалық шағы өткен ол жастайынан еңбекпен шыңдалып, адалдық пен төзімділікті өмірлік серік етті. Әкесі Тоғызбай ақсақал ұрпағына халық даналығын, елге қызмет етудің қымбаттығын өнеге етіп қалдырды.

1959 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын тәмамдаған Қаһарман аға еңбек жолын қарапайым мамандықтан бастады. Жалағаш аудандық ауыл шаруашылығы инспекциясында, қаракөл қой совхозында, колхоздарда бас зоотехник болып жүріп, ауылдың тұрмысын жақсартуға күш салды. Еңбектің әр сатысынан өтіп шыңдалған азаматтың білімі мен тәжірибесін ел бағалап, жоғары жауапкершілікті қызметтерге ұсынды.

1967 жылы Алматы жоғары партия мектебін бітірген соң Қызылорда облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісінің орынбасары, Жалағаш аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болды. Кейін Қазалы және Қармақшы аудандарының бірінші хатшысы болып, халықтың сенімін толық ақтады.

Қай жерде еңбек етсе де Қаһарман Тоғызбайұлы қарапайым халықтың жағдайын жақсартуға, еңбек өнімділігін арттыруға, шаруашылықты дамытуға ғылымды енгізуге ұмтылды. Жүйелі ұйымдастырушылығының арқасында үлкен құрметке бөленді. Қызметтестері мен замандастары оны «еңбекқор, турашыл, әділ басшы» деп бағалады.

Оның елге сіңірген еңбегі мемлекет тарапынан да лайықты бағаланды. Қаһарман аға «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталды. Алайда ол ешқашан марапатқа масайрамады, «адамның ең үлкен бағасы – халқының құрметі» деп есептеді.

Қаһарман ағаның тағы бір ерекшелігі – әділдігі мен шыншылдығы еді. «Тура биде туған жоқ» деген қағиданы берік ұстанған ол, қандай жиын болмасын кемшілікті жасырмай ашық айтып, қоғам үшін қажет істі қорғады. Оның әділетті сөзі талайдың көкейіне демеу, жанына қуат болған.

Өмірлік серігі Ерші Рүстемқызымен бірге алты баланы тәрбиелеп, өнегелі әулеттің керегесін кеңейтті. Бүгінде ұрпақтары елге қызмет етіп, әкенің аманатына адалдық танытып келеді. Қаһарман аға отбасында мейірімді әке, дарқан көңілді ата болса, ел алдында адал еңбегімен абыз атанған ел ағасы болды.

Қаһарман Тоғызбайұлының ғұмырлық ұстанымы – «пайда ойламай, арды ойлау» еді. Ол мал-дүние жинауды мақсат етпей, бар саналы ғұмырын халқының игілігіне арнады. Өмір бойы қарапайымдылығынан айнымай, ел мүддесін бәрінен биік қойып өтті.

Оның жүріп өткен жолы – адалдық пен парасаттылықтың, елжандылық пен әділдіктің айқын үлгісі. Еліне адал қызмет етудің нағыз өнегесін көрсеткен азаматтың жарқын бейнесі ел есінде мәңгілік сақталары анық.

Бүгінгі ұрпақ үшін Қаһарман Тоғызбайұлының өмірі – үлкен мектеп, мәңгілік сабақ. Өмірінің соңғы сәтіне дейін елмен бірге болған абзал жан. Артында қалған ұрпағы да, ағайын-туғаны да, елі де оның өнегелі ғұмырын мақтан тұтады.

Б.САЙМАҒАНБЕТОВ,

 ҚР Мәдениет қайраткері