«Парасат майданындағы парасат»

42

0

Жазушы Айжарық Сәдібеков шығармалары көптомдығының төртінші томы «Парасат майданы» деп аталады екен. Біз бұған дейін қаламгердің «Жұмыр жерде біз бармыз» атты жинағымен де танысқан болатынбыз. Жалпы осы екі жинақ бір-бірімен тығыз байланыста, ішкі бірлікте, бірін екіншісі дамытып, бірінде көтерілген мәселелерді екіншісі жалғастыра жөнеледі. Олай болуының басты себебі – мұндағы шығармалардың тақырып, жанр жағынан өте жақындығы деп білеміз.

Бұдан бұрын да мақалаларымызда жазып жүргеніміздей, ұлттық әдебиет, ұлттық сөз өнері жойылса сол ұлттың да өлетіні, тілі жойылатыны, «өзге ұлтқа» айналатыны, оны ешбір экономикалық үдеріс және т.с.с. сақтап қала алмайтыны бесенеден белгілі. Қай дәуірде болмасын көркем әдебиеттің адамзат дамуындағы бағдаршырақтардың (маяк) бірі екендігі сан мәрте дәлелденгенін ескерсек, толқыны сапырылысқан қым-қуыт бүгінгі тірлікте, сан түрлі ақпараттар тасқынына тап болған тұста көркем шығармаға деген, кітап оқуға деген құмарлық пен қызығушылық деңгейінің төмендегені, жас буынның әдеби шығармаға деген көзқарасы өзгергені көңілге күдік ұялататыны да жасырын емес. Бұл – жөнсіз сарыуайымға салыну емес, мұны ұлт тағдырына, ел келешегіне алаңдау деп түсінген жөн. Осы жайт қазақ қаламгерлері алдына да көптеген міндет қоюда. Міне, осындай жауапты кезеңде А.Сәдібековтің жоғарыда аталған жинағын келешек үшін күрес деп отырған шаруаға қосылған үлес деп қабылдау керек. Олай дейтініміз, жинақта түсіне алған жанға түпқазық болар түйінді ойлар, адами қарым-қатынаста соқпақ таппай сабылған жанға тығырықтан шығар жолдар, көрсетілер үлгі, жеткізілер тәлім мол-ақ.

Жалпы көркем әдебиет те, оның қабатында публицистика да өмірдің, адам баласының нақты тіршілігі мен қоршаған ортаның шындығын бейнелеп қана қоймайды. Адамзат дамуының сырларына барлау жасап, оның табиғатын, қоғамның болмысын өзгертуге, жақсартуға үлес қосады. Тәрбиесіне, өмірді, тіршілікті түсінуіне атсалысады. Ал қаламгер оны қалай жеткізді, көкейтестілікті көтере алды ма, өмірлік сұрақтарға жауап бере алды ма, туындының көркемдігі, шынайылығы, мән-мазмұнының деңгейі қандай, мұның барлығы шеберлік, жазу шеберлігі, қаламгер дүниетанымы арқылы ғана ашылары хақ. Бұл тұрғыдан келгенде, сөз жоқ, Айжарық Сәдібеков – өзіндік қолтаңбаға ие қаламгер. Оның өзін толқытқан, ойландырған тақырыптарға әсіресе, өнер адамдары тақырыбына келгенде ойды толқыта жеткізетіні, кей тұста кішкентай детальдың өзін ойната отырып, жағаға бірін-бірі куып келіп, қайта толқып, ерекше сұлу сурет салар толқындардай баяндау тәсілі тәнті етеді. Тағы бір қызығы – бұл жай судыратып оқып шыққанда байқала қоймайды, тек үңіле қарап, ой жібере оқысаңыз тып-тымық сәттегі теңіз түбіндегі әлемдей мөлдіреп көз алдыңа келе қалады. Бұл қаламгердің әу бастан-ақ өнерге құштар, халық өнеріне іңкәр қалпын аңғартады.

Қазақ елі тарихындағы тәуелсіздіктен кейінгі уақыт үлкен өзгерістер кезеңі болып, ұлттық әдебиет пен журналистика алдына ел өткеніне қатысты көптеген ақтаңдақтарды ашу, көмескіленген ұлттық сананы жаңғырту, өткен ғасырдың алапат алақұйынына көмілген ұлт болмысын аршу, барымызды бағамдап, жоғымызды түгелдеу, сол арқылы халық келешегіне, ұлт келешегіне, қазақ елі болашағына қызмет ету міндеті қойылды. Жоғарыда аталған жинақ, міне, осы міндеттерді жүзеге асыру жолындағы істердің бірі болары анық. Жинаққа жазушының көсемсөздері мен толғаулары енген. Бұл тұстағы толғау, әдетте көпшілікке белгілі поэзиядағы толғау жанры емес, жалпы мақсат пен идеясы ұқсас болғанымен, бұлар – жыр ауылынан бөлектеу еңбектер, яғни қаламгердің қара сөздегі ой толғаулары.

Жинақтың бірінші бөлімі «Тәуелсіздік толғауы» деп аталады. Бөлімге топтастырылған «Қош бол, коммунизм елесі», «Тәуелсіздігімізге – бір жыл», «Аңсап күткен арманымыз еді» және т.с.с. туындылар – бірінің екіншісі жалғасы сынды дүниелер. Алғашқысында Кеңес одағының тарар алдындағы жағдайы жекелеген оқиғаларды қысқа ғана суреттеу арқылы берілсе, қаламгер «Тәуелсіздігімізге – бір жыл» атты шығармасында кеңінен толғайды. «Жер сілкініп, теңіз тулаған жоқ; тау қопарылып, құйын құтырған жоқ; дауыл соғып, орман қираған жоқ. Алайда, елдің ыңғыршағын айналдырып, есінен тандырған алапат апат 2,5 миллион қазақ халқын жалмап кетті. Бұл шығынды ұлтымызға күтпеген тұстан бұрқ ете қалатын соғыс әкелген жоқ. Бұл қазаны бас асау табиғат апаты да әкелген жоқ. Ондай жағдайды «көппен көрген ұлы тойдың» біріне балаған болар едік. Бұл апатты «ерікті мызғымас одақ» құрған большевиктер әкелді. Пәтуасыз солақай саясат жайбарақат халқымызды екі рет ашаршылық апатына киліктірді. Мәскеуден соққан мылтықсыз майданның ызғырығы астында табиғат-анамыздың тал бесігі 2,5 миллион перзентінен айырылып тербетусіз қалды. Атыраудан Алатауға, Аралдан Алтайға дейін керіліп жатқан ұлы даланың көз жасы көлге айналып, көкірегі шерге толды. Айтушылар 1922 және 1932 жылғы ашаршылықты қазақтың арғы-бергі тарихында көз көріп, құлақ естімеген зұлмат болды деседі…» деп зұлматты күндердің, зобалаңды жылдардың зардабын айтады. «Жасыратын несі бар, тап кешегі күндері келешегіміздің қалай болатынына сене алмай үмітіміз үзіле де жаздаған… Бірақ қалай дегенде де, мына жұмыр Жердің үстінде ме, әлде сонау жеті қат Көктің қиырында ма, иә, қалай болғанда да бұл Ғаламда құдыретті бір әділдік бар екен. Бар екен, әділдік! «Қазақ» деген қасиетті атынан айрылып, мың-мың жылдықтарда қалыптасқан ата салтынан және жеріп, тілі сақауланып, шұбарланып, құбылмалы заманның жалған интернационализмін жамылған қойыртпақ тобырына біржола сіңіп кете жаздаған момақан жұртымыздың тілегі қабыл екен. Екі ғасырға созылған жаттың жабайы бұғауын ең нәзік жерінен үзіп, ноқтасын сыпырып, қол-аяғын жазып, бойын тіктеді-ау әйтеуір. Бойын тіктеп қана қойған жоқ: «Мен бармын! Мен – Қазақ деген халық боламын! Қазақстан деген мемлекет боламын!» деп бүкіл әлемге бар дауысымен жар салды. Бұл кәдімгі атамыз қазақтың сабырлы да салтанатты үні еді.

Иә, бұл күнге де жеттік-ау! Араға екі ғасыр салып, осы екі аралықта мың өліп, мың тіріліп, ақыры туған топырағынан күш-жігер жинап қуаттанатын алып Антейдей тәуелсіздік тізгініне де ие болды-ау! Қиянатты көп көрген халқымыз көкірегін кере тыныс созып, бір сілкінді. Тәуелсіз мемлекетінің қыран қанатты туын желбіретті…» деп көсілтеді.

Кеудесін шаттық кернеген қазақтың жайын осылайша шабыттана жазған қаламгер бұдан кейінгі туындыларында қазақ елінің әр басқан қадамына, жеткен әр жетістігіне марқая, көңілі тола баға береді. Оның шығармаларынан қазақ елінің БҰҰ мүше болған тұсын, патша заманында орыс қоныстанушыларынан қорлық көргенін, тіпті жер-су атауларының да сол жерге лашық тұрғызған келімсек орыстар есімімен аталғанын, тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерді, жалпы 1991 жылдан бергі тұстағы барлық өмір шындығын көреміз. Барлық шығармалар нақты деректермен, фактілермен, құжаттармен әдіптеліп, көзі тірі куәгерлер сөзімен көмкерілетінін қайтерсің. Ел табысын, әлемдік саясаттағы жетістіктерін шаттана жаза отырып, ол өткен күндер қиындығын да естен шығармау қажеттігін ескертеді. «…Халқымыз тұщысынан ащысы басым тарихында бұл күнге оңайлықпен жеткен жоқ. Қисапсыз шығынмен жетті. Ежелгі дұшпандардың ен даламыздың қыруар қазынасын өтеусіз тегін сорып келгенін айтпағанда… малдан бұрын жан шығынын қалай ұмытармыз?

Өсірді, өркендетті деген жиырмасыншы ғасырдың да ауыртпалығы аз болған жоқ. Азамат соғысы кезінде 1,5 миллион, атышулы коллективтендіру мен ашаршылықта 2,5 миллион, одан кейінгі жаппай жазалау жылдарында 700 мыңнан аса, екінші дүниежүзілік соғыста жарты миллионнан әрі отандастарымыздың қырылғанына айдай әлем куә…» дей келе, ол Кеңес әскерилері әрекетінің Сыр бойына, қазақ даласына тигізген залал-зардабын нақты деректермен ашып көрсетеді.

Сонымен қатар Алаш ардақтысы Мұстафа Шоқай туралы жазған бірнеше туындысы құжаттарға негізделуімен және пікір сонылығымен құнды. Бұлардың баспасөз бетінде жарық көруі әлі шоқайтану жұмысы бастала қоймаған, ол туралы пікір қайшылығы мол тұс болатын.

Біз бұл бөлімнен де А.Сәдібековке тән жазу ерекшелігін байқаймыз. Ол деректі әңгімелері мен көркем очерктерінде байқалар қажетті тұста айтпақ ойды кейіпкер сөзімен жеткізу тәсілін мұнда да шебер қолданады. Кейіпкерінің бірі – ардагер қарт Тоқабай Егенбаевты былайша сөйлетеді: «…Әкемнің сүйегі қурап қалғаннан кейін «ақталды» деген хабары шыққасын КГБ дегеніне бардым. Ең болмаса әкемнің суретін көрейін деп. Бірақ облыстық басқарманың бұрынғы бастығы КГБ-ның маңына жолатпады. Көңілімнің қалғаны сондай, енді мен соларға ерегіскенде әкемнің заңсыз тәркіленген мал-мүлкін дауласам деймін. Әкемнің көкпарға салғанда ертеден қара кешке дейін тұяғы талмайтын бір ғана тұлпарының құны неге тұрады? Кезінде дәулетті болған әкемнің мал-мүлкі тізілген бір құжат бар шығар. Сол құжат бойынша маған тиесілісін үкімет қайтарып берсін? Бес жасар сәбиді жетім қалдырып, оған тиесілі мұраны талан-таражға салғандардың өздерін «халық жауы» атандырып, тарихтың қара тақтасына мәңгілік қашап жазар ма еді…

Бұған қауіпсіздік комитетінің облыстағы жауапты қызметкері Ф.Толстов былай деп уәж айтты:

– Біздің мекемеміз кезінде Ақтөбе, Шымкент, Алматыға қарапты. Сондықтан көптеген құжаттарды іздестіріп таба алмай жатырмыз. Кезінде осы облыстан екі мыңнан аса адам қамалған екен. Солардың атылғаны – 230. Сіздерге көмектесуге әзірміз… – деп жуып-шайды…»

Міне, осы қысқа үзіндінің өзінен сол жылдарға қатысты көп мәлімет аларыңыз ақиқат, ал осыны қаламгер кейіпкер тілі арқылы ғана жеткізіп отыр.

Жинақтың екінші бөлімі «Дарияның тұмасынан жыр боратқан» деп аталады. Бұл бөлімге жазушының Ә.Нұрпейісов, Ә.Тәжібаев, Ф.Оңғарсынова, М.Мақатаев, З.Шүкіров, Қ.Нұрмаханов, А.Сүлейменов, Б.Сарбалаев, М.Құттықов, Ә.Нарымбетов, С.Майқанова, Ә.Жұмабаев, Т.Нұрмағанбетов, О.Бөкей, О.Сәрсенбаев, Ә.Рахымбекұлы және т.б. туралы толғаныстары, пікір-ойлары топтастырылған. Мұнда қаламгердің «Жұмыр жерде біз бармыз» атты жинағынан аңғарған ерекшеліктеріміз ерек иіріммен көрінеді. Жалпы сол жинаққа қатысты айтқан «…Жинақтағы әңгімелер қаламгердің халық өнеріне, ән мен күйге, өнерпазға айрықша талғаммен қарайтынын аңғартады… әңгімелерінде детальдарды шебер пайдаланады. Бәлкім, өзінің де өнерге жақындығы бар ма, кім білген, кәнігі сейістей өнерпаздар тағдырындағы иірімдерді дөп басады. Дөп басады да кейіпкерінің бейнесін жарқырата ашады. Қиын да қасиетті өнер жолының иірімдеріне еркін барлау жасап, оқырманын ойға жетелейді…» деген пікірімізді қайталауға мәжбүрміз. Сонымен қатар қай өнер адамы туралы жазбасын негізгі желіні тамыршыдай дәл басып, айтпақ ойды ашар кілтті дәл табады.

Қаламгердің «Қан мен тер» экранға қалай шықты?» атты туындысы Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романы бойынша түсірілген көркемсуретті фильмге қатысты ой тербеп, киноның олқы тұстарын ашып көрсетеді.

«…Әттең, фильмді трилогияда автор суреттеген соғыс картинасымен байытып жасағанда ғой, ажарлана түсер еді, әсерлі болар еді. Фильм жасаушылар Қара қатын мен Судыр Ахметке келгенде де сараңдық жасаған. Кезінде кейбір сыншылар Судырды «дед Щукарьдың көшірмесі» деп бұра тартқан-ды. Олар әр халықтың ұлттық мінезі мен салт-санасына тән қалыптасқан өз Щукары, өз Судырағы, өз Момыны (Ш.Айтматовтың «Ақ кеме» повесіндегі) болатынын ескермегенсіді. Судыр Ахмет кинода персонаж кейпінде жүр. Тіпті олай болмауы керек еді. Бұл әділіне келсек, жазушының қазақ прозасына қосқан жаңалығы, тың бейне емес пе еді? Судыр Ахмет – тұла бойы тұнған паразиттік тип. Оның бойында жақсылықтан бұрын жамандықтың жиынтығы басым. Оның іс-әрекетін, мінез-құлқын экранда кеңірек беру арқылы сол кездегі қоғам мен адам рухының талай сырларын ашып көрсетуге болар еді.

Сценаристер – басқа тіл мен басқа ділдің адамдары ғой. Содан болар, диалогтерде жазушының суреткерлік талғамына кереғар «прости», «люблю» деген сөздер жиілеп кетіпті. Осының өзінен-ақ автордың фильм түсірушілер ісіне араласпағаны сезіліп тұр. Сол дәуірдегі қандастарымыздың құлағына түрпідей тиетін әлгі сөздерді фильм редакторы Төлен Әбдіковтің ескеруі керек еді. Ал енді, бәрінен де біздің күткеніміз – жер, су, қайда? «Қан мен тердің» «Жазушы» баспасы 1976 жылы шығарған басылымында: «…трило-гияның әрбір парағынан жусан иісі мен Арал даласының аптабы, теңіз сарыны есіп тұрады» деп өте ұтымды айтқан алғысөзі бар еді. Біз фильмнен соны аңсадық. Бірақ, басқа жердің аты басқа (Қапшағай маңы), тіпті тұщы судың түсіне дейін дараланып тұрады екен. Естеріңізде ме, генерал Черновтың армиясы Арал теңізін алғаш көргенде, жатжұрттықтардың «қандай мөлдір, қандай көгілдір» деп таңданғаны…». Ал осы пікірге қосыласыз ба? Әрине, қосыласыз, өйткені ақиқаты осы емес пе?!»

Бөлімнен бұдан да басқа толып жатқан мысалдар алуға болар еді, бірақ біз жоғарыда алынған үзінді де жеткілікті ғой деген ойдамыз. Бұл бөлімді жинақтағандағы тағы бір ерекшелік, жазушы кітаптың соңына қарай ұлы тұлғалардың әдебиетке, өнерге, руханиятқа қатысты ой-пікірлерін топтастырыпты және соларды негізге ала отырып өзі де ой қорытады, тұжырым жасайды тағы бір қызығы – қысқа-қысқа үзінділер болғанмен олардың осы кітаптың ой қорытушысы, түйіні сынды қызмет атқаратынын байқадық. Жинақтың тағылымдық, тәлімдік жағы өз алдына бір бөлек әңгіме желісі болса, оның әдістемелік құралға татырлық тұсы – тағы бір өзекті әңгіменің желісі.

Жинақ қаламгер шеберлігі, шығармалардағы пайым, тұжырым уәжділігі, мазмұн байлығы және ішкі байланыстар беріктігі арқылы құнды еңбекке айналған. Қаламгердің журналист болып ұзақ жылдар қызмет атқарғандығынан болар, шығармалардан екі саланың, прозашылық пен публицистіктің тұтасып кеткен тұстарын аңғару қиын емес. Бұл тіпті қаламгерге олжа да салған сияқты, оның очерктерінің әңгімеге бергісіз болып шығуы да осыдан болса керек. Туындылар А.Сәдібековтің парасат майданындағы парасатты қаламгер екенін көрсетеді. Ал жинақтың ел игілігіне айналарына сенім мол. Себебі, жинақта дәуір шындығы көркем бейнеленген.

Алдажар ӘБІЛОВ,

филология ғылымдарының кандидаты,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<