Поэзиядағы біздің әкеміз

389

0

сурет ашық дереккөзден

Көз аясына заманын, сөз аясына көркемдікті сыйдыра білген абыз ақын Әбділда Тәжібаевтің туғанына 115 жыл. Тап қазір кейінге бұрылып, Әбекең тұсындағы мықты таланттардың бірі – Қадыр Мырзалиевті сөйлетейік:

«Жазушы» баспасында «Поэзия» редакциясын басқарып жүрген кезім. Бір жігітті ертіп Әбділда ағамыз келді. «Қадыр, мен саған жақсы бір ақынды ертіп әкелдім, қолжазбасымен таныссаң қайтеді?» деді өтініш айтып. «Бұл ақыныңызды жақсы танимын. Менің үстімнен бұрқырата арыз жазып жүрген мықты жігіт» дедім. Әбекең әлгі жігітке: «Жоғал, көзіме көрінбей! Кешір, Қадыр! Бұдан былай ешкімді жетектеп келмеспін», деп ыңғайсызданып қалды.

«Жоқ, Әбеке, олай демеңіз! Біздің қасиетті қазақ поэзиясына қаншама дарын жетектеп келдіңіз? Олардың ішінде М.Мақатаев, Т.Молдағалиев, Ө.Нұрғалиев, Ф.Оңғарсынова, К.Ахметова, тағы басқалары бар, – деп шұбырта жөнеліп ем, Әбекең балаша қуанып: «Туу, шынында, өңшең «мықтыларды» өзім әкеліппін ғой! Мына бір «шіріген жұмыртқа» абыро-йымды әп-сәтте түсіре жаздады-ау!» деп басын изеді.

Қайран Әбекең! Әбділда Тәжібаев! Ол туралы да уақытында аз сөз айтылған жоқ. «Біз де – қазақпыз!» дейтін драмалық туындысы үшін «ұлтшыл» атанып, жоғары жаққа жақпай, сынға ұшыраған аңқау да астарлы Әбекең!

«Біз – қазақпыз!» пьесасын жазам деп мен таяқтың астында қалдым. «Мен – қазақпын!» атты поэмасын жазып сен Мемлекеттік сыйлық алдың. Бұл бақытқа дауа жоқ екен-ау!», деп қалжың айтушы еді Жұбан (Молдағалиев) інісін көргенде. Бірақ қалжыңының астарында шындық жатты… («Иірім» (104-107 бет) кітабынан).

Иә, Қадағаның қаламынан туған әсерлі естеліктер кімді де болсын бей-жай қалдырмауы анық. Енді біз Әбділда ақынның жастарға деген құрметін тереңірек сезіну үшін өз кітабын («Есімдегілер» 229-237 б.) парақтап көрелік. Ол күнделік бетіне мынадай сөздер түсіріпті.

«…Бүгін түсте (10.09.79 ж.) үйге жас ақын Жәленова Қатира келіпті. Ол менің жақын туысым Сыздықтың қызы. Қолына ұстаған «Бес қоңырау» дейтін кітабы бар. «Бес қоңырау дегеніміз – бес жас ақын дегеніміз. Тым болмаса осыны оқып, ұнатқан өлеңдеріңізді айтсаңыз… Мен авторларына «сүйіншілеп» жақсы атты болайын, Әбеке», дейді ол күле сөйлеп. Қатира кеткен соң кітапты лезде парақтап шықтым».

Жап-жас Аманханның (Әлімов) «Қарт» деген өлеңінің мынау бір шумағы маған ұнағандығы сонша екі-үш қайыра оқыған соң жаттап та алдым.

«Шынымен бойдан қуат кеткені ме?

Қария тұр сүйеніп кетпеніне.

Бала көзбен қарайды болашаққа,

Дана көзбен қарайды өткеніне…»

Көрдіңіз бе? Көз алдымызда өңі күнге күйген, көнерген, бірақ бұ дүниеге бекер келмегендігін терең сезінген сабырлы да ойлы қария тұр.

«Апыр-ай, мына Сәуле деген кім екен? Ақын қыздың өлеңіне үңіле отырып, дәл қасымнан көріп, арқасынан қаққым келгендей жан-жағыма қараймын. Иә, мен Сәуленің (Нұрмұхамбетова) мына шумағын жастар жылының жақсы дәрежесі деп білемін. Оқиықшы!

«Жыла, жүрек! Жыла, жүрек! Жеңілде!

Қайғысы жоқ өмір деген – өмір ме?

Балға соқса отты жасын төгеді,

Жансыз деген қара тас пен темір де».

Иә, осынау мен апарған «Бес қоңырау» кітабына енген бес ақынның бәріне өз бағасын бере отырып, Әбекең сөзін әдемі түйіндепті:

«Мұндай жас ақындарды біз де қадірлей білуіміз керек. Поэзиямыздың мәңгі тозбас асыл қазынасын, ең алдымен, жастар шығармашылығынан іздеп табуға тиіспіз!».

Міне, өз ойларын осылай бүкпесіз күнделік бетіне ақтарып салған ақжүрек ақынның адал сырына қалай сенбессің? Күнделік жан айнасы іспетті ғой.

Жоғарыда Қадағаң (Қ.Мырзалиев) айтқандай, шынында да, Әбділда Тәжібаев өте көп талантты қолтығынан демеп, әдебиет көкжиегіне дейін шығарып салған. Ақын Фариза Оңғарсынованың алғашқы таңдамалысы «Шілде» кітабын өзінің өтінішімен Әбекеңнің үйіне апарып, қолына ұстатқан мен едім. Ол кісінің көзіне ота жасатып, ауруханадан енді шығуына байланысты «Шілде» кітабын түгелдей өзім оқып бергенім бар. Әсіресе «Маңғыстау мұнаралары» топтамасын оқыған сәтте оны бірнеше қайтара оқытып тыңдады. «Неге?» деген сұраулы жүзіме: «Мен ол шумақтарға іштей ілесе алмай жатырмын… Тым шұбалаңқылау екен», дегені есімде қапты. Әбекеңнің Фариза жырларын көкке көтере дәріптеген ой-пікірлері кейінірек «Қазақ әдебиеті» газетінде басылды. Осыдан соң Фариза апамыз абыз ақынды өзінің қырық жасқа толған туған күні дастарқанына шақырып, бірге тойласқанымыз есімде. Қуандық. Жас ақындардың қай-қайсысы болсын дер мезгілде еленіп «дуалы ауызға» ілікпесе, жүзі пәс, шабыты кем болары сөзсіз. Сондықтан оларға қолдау ауадай қажет-ақ! Әбділда ақынның осындай қолдауына ие болғандар өте көп екендігін «өкіл қызы» болған мен жақсы білемін. Көбісін өз көзіммен көрдім де… Ал өмірден ертерек озған Төлеген (Айбергенов) мен Мұқағали (Мақатаев) ақындардың екеуін де алғаш құшағына тартып, Алматыға көшіп келуіне ықпал еткен Әбекең еді. Сенбесеңіз, академик-жазушы Мырзабек Дүйсеновтің «Сырдария кітапханасы» сериясымен шыққан күнделік кітабын парақтап көрейік. Ол кісі Әбекеңнің жұбайынан естіген Мұқағалиға қатысты қызықты хикаяттарды тамылжыта жазады. Айтуынша, Мұқаң бірде Әбекең есіне түсе салып ұрып үйіне жетіп келеді екен. Сосын төрінде шалқасынан жатып: «Ал енді мені бала-шағаммен қоса бағыңдар! Көшіріп әкелген өздерің ғой!» деп Сара апасына базына айтады екен. Бірақ Әбділда ағасынан қаймығып, оның үйде екенін білсе ішке кірмей кетіп қалатын көрінеді.

«Тұрғанда ұйқы-тұйқы ақ самайың,

Мен қалай, Әбе, сені жат санайын?

Абыржып асаңды ұстап отырғаның

Ашулы «Грозный патшадайын!»

Бой түзеп босқа кетпей сауықпенен,

Боз қырау босағасын тауыпты өлең.

Жаман жыр жазғанымда ақ таяғың

Арқамда ойнай ма деп қауіптенем».

Мұқағалидың осы өлеңінен-ақ көп нәрсе аңғаруға болады. Ұстазына деген айрықша ықылас-пейілі, үлкен махаббаты осы «тарының қауызындай» шумаққа сыйып тұр емес пе?

Ал жасын боп жанып, жұлдыздай ағып түскен Төлеген ақын Алматыға келгенде, ең алдымен, Әбділда Тәжібаевті іздеп тапқан. Әбекең оның өлеңдерін ұнатып, сол тұста өзі басқарып отырған «Қазақ әдебиеті» газетіне шығарады. Тіпті өз үйіне қонаққа да шақырыпты. Қайтарында «Мынау жақсы өлеңдеріңе – байғазы!» деп қолына қомақтылау қаржы да ұстатса керек. Бірақ осыншалық мейірімін төккен Төлегені ұзамай көзден ғайып боларын ол кезде кім білген?!

Ақын алақанының ыстық табын сезінген басқа да ақын-жазушылар жетерлік. Оның бәрін түгендеу қиын. Солардың бірі – «Тұмаш» деп еркелеткен ақын інісі Тұманбай Молдағалиев. Сол тұста жас ақын әрі сатирик Жарасқан Әбдірашев жазған бір пародия еріксіз ойға оралады.

«Аға болып ақыл қосқан ақылға,

Тұм-ағаңды тағы көрдім жақында.

«Жетіммін» деп айтады ма, апыр-ай,

Әбділдадай әкесі бар ақын да?!»

Әзіл болса да, әділін айтқан. Сол Тұмаш ақынның баласындай болса, мен туған қызындай болдым. Олай дейтінім, әкем Сыздық екеуі – балалық шағын бірге өткерген туыс кісілер. Шиелі ауданындағы Телікөл ауылында бірге бақшаға қауын-қарбыз ұрлауға түсіп, (өйтпесе бала бола ма?) бірге ауыл молдасынан сауат ашқан. Алайда тоғыз жасқа келгенде анасымен бірге нағашы атасы тұратын Қараөзекке көшіп кетіпті.

Екі дос араға ұзақ жылдар салып 1956 жылы ғана Алматыда жолығады. Әкемнің ақындығы бар кісі еді. Маған әрдайым «Сен ақын боласың. Мен сені Әбділда досымның қолына тапсырамын!» деп отырушы еді. Бірақ уәдесін орындай алмай ертерек өмірден өтіп кетті. Ал Әбділда ақынды мектеп бітіруге таяғанда өзім іздеп таптым. Енді сол кездері жазылған хаттарға назар аударайық.

«Шырағым, Қатира, үш хатыңды да алдым. Әкеңнің қайтыс болғанына мен де қайғырдым. Сол марқұм Сыздықпен көп кездесе де алмадық. Жолымызды тағдыр бөлді. Елге баруға сәті түспей-ақ қойды. Уақыт солай, шырағым, қартайған адамның көңілі «ауыл» деп алып ұшса да, қанатын кең жая алмайды. Оны өзіңдей жастар сезіне бермейді. Жауап жазуды кешіктіргеніме біраз өкпе айтыпсың. Мен оны көтеремін, сөйте тұра ақылшың, қамқоршың болуға да жараймын. Үй-ішіндегілерге тегіс сәлем! Ағаң Әбділда. 1967 жыл. 12 наурыз».

«Қарағым, Қатира! Сенің бауыры елжіреп, жас жүрегі дүрсілдеп, мейірім тілеп, жақын тілеп тұрған тағы бір хатыңды алдым. Өмірге құштарлығы көп, сөйте тұра мұңды шертетұғын жастығың маған ұнайды. Бірақ сол қасиеттерді де дұрыс ұстап, тұтына білу керек. Адамды әлдендіретін, әріге апаратын, жастай тоңазытып қалдырмайтын, ең алдымен, өз жылуы емес пе? Сол жылуыңды сақта дегенім ғой! Үй-іші аман. Бәріне де сәлем! Ағаң Әбділда. 20 март, 1968 жыл».

Иә, ол кісі уәдесінде тұрды. Сосын маған айтқан ақылы мынау: «Қатира, әрі қарай өмір айдынында өзің жүзесің. Мен де сөйттім. Өмірдің тезінен өтпеген адам жасық, әлжуаз боп өседі. Мен сенің күрескер, күшті болуыңды қалаймын!».

Осы сәтте Әбекеңнің бір топ өлеңдерімді «Лениншіл жас» (14.08.1972 жыл) газетіне апарып, маған алдағы ақындық сапарыма ақ жол тілегенін еске алдым. Ендігі биіктерді бағындыру өз қолымда екенін түсіндім. Қайран, әкемдей болған Әбекем! Өте еңбекқор кісі еді. Өле-өлгенше қаламын тастамай өлең жазумен кетті 90 жасына небәрі үш ай қалғанда…

Маған да, басқа шәкірттеріне де қамқорлық жасай отырып, еңбекқорлықты талап етті. Ол кісінің осы уәдесінен шыға алдық па, жоқ па? Оған төрелік айтар айналайын халық қой! Ол кісі өлең өртіне қалай шомылуды ғана емес, жастарға ой мен парасат кемесін қалай игеруді, өмір айдынында қалай жүзуді де үйретіп кетті. Тіпті шәкірттерінен үйренгісі келген сәттері де бар.

«Дірілдетіп, дүрілдетіп көк белді,

Нөсер алып келе жатты көктемді!» дейтін Ханбибі Есенқарақызының «Найзағайлы түн» атты өлеңіндегі шумақтарға қызыға да сүйсіне қарап: «Шынымды айтайын, осы өлеңді өзім жазбағаныма өкіндім!» деп ағынан жарыла айтқанын кезінде баспасөз беттерінен оқып таңғалғанымыз рас. Бұдан артық қарапайымдылықтың, әділ сөйлеудің үлгісін қайдан табарсыз?

«Бердіңіз батаңызды Төлегенге,

Түрі де, мазмұны да бөлек ерге.

«Ақын – деп – Ахметова!»

жар салдыңыз

Бесікке жыр-перзентін бөлегенде.

Жүрген біреу емеспін мен беталды,

Әбеке, қолыңды жай, бер батаңды!

Ел қатарлы азамат болғаныммен,

Ақын болғым келмейді ел қатарлы…»

Осы өлеңін жазған сол тұстағы жас ақын Жарасқан Әбдірашев бекерге жазбаса керек. Себебі ақынның батасымен көгергендердің барлығы дерлік кейін келе қазақ әдебиетінің ірі өкілдеріне айналғаны рас.

Ақын Әбділда Тәжібаев қай заманда да жастармен бірге! Рухы биік, көзі тірісінде-ақ «поэзия абызы» атанған ақын ұлтымен бірге жасай бермек.

Қатира ЖӘЛЕНОВА,

ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<