Қадірлі Қырекем еді

269

0

Естелік жүріп өткен жолыңның ой-шұқырын бір шолып өту үшін жазылады. Соңымызға бұрылып қарап, «Балалық өтті, білдің бе? Жігіттікке келдің бе? Жігіттік өтті, көрдің бе? Үлкендікке көндің бе?» деп үлкендер айтқандай естелік ауылына ат басын бұрар болсақ, сағымы бұратылған бұйра белдің арғы қабағында қалған ағаларымыз бен замандастарымыздың асыл бейнесі көз алдымызға қалқып келе қалады. Бәрі-бәрі кешегідей көрінеді. Осылай көз алдымызда тұратын, маңдайы жарқырап жүретін замандас інілеріміздің бірі – Қырымбай Мұхамедияров еді. Қайран Қыреке!

«Адамның басшысы – ақыл, жетекшісі – талап, жолаушысы – ой, сынаушысы – халық, қорғаушысы – сабыр, таусылмайтыны – арман, барлығының ардақтысы – өмір» дегендей, бұл өмірдегі қызық та, қымбат та, жақсы да, тәтті де – сыйластық. Қырекеңмен біздің өміріміз осылай өрбіді.

Мухамедияров Қырымбай Сұлтангерейұлы 1944 жылы Арал ауданы «Құланды» елді мекенінде дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін Ақтөбе қаласындағы мәдени-атқару училищесіне түсіп, оны 1964 жылы бітірген. Сол жылы С.Киров атындағы (қазіргі әл Фараби университеті) Қазақ мемлекеттік университетінің биология факультетіне түсіп, оны 1969 жылы аяқтаған.

Совет армиясы қатарында болып, 1971-1974 жылдары облыстық комсомол комитетінің нұсқаушысы, он бір жыл Қызылорда қаласының мәдениет бөлімін басқарған. Облыстық кітап саудасы, облыстық филармония, қалалық паркке басшылық жасаған.

Халық шаруашылығының әртүрлі саласында қызмет істегенде, қалалық, облыстық комсомол, Қазақстан комсомолы, Бүкілодақтық Орталық комсомол комитеттерінің, Қызылорда облыстық советі, халық депутаттарының Құрмет грамоталарымен марапатталған. I разрядты шахматшы. Қызылорда қалалық ардагерлер ұйымы мәдени-көпшілік спорт жөніндегі комиссиясының ұйымдастырушысы болды. Сол кездің көзімен қарап, қоғамның дамуымен, өркендеуі және өсуімен бағамдасақ, комсомол жұмысы өмір өзенінің алғашқы арнасы іспетті. Ол партия, шаруашылық, саяси қызметтің нағыз қайнар көзі, бұлағы деуге әбден болар еді. Жастар арасында мәдени-көпшілік ұйымдастыру және саяси жұмыстардың сан түрі осы комсомолдан бастау алатын. Қырекең де осы жерде өмір сынағынан өтіп, тәлім алып, ел таныған азамат атанып қалыптасты.

«Ұрпақтан-ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшесі, өзекті мәселелерді қозғаған проблемалық мақалалары облыстық баспасөзде жиі жарияланды. Ардагерлер арасындағы шахмат пен дойбы жарысының бірнеше дүркін жүлдегері. Құрметті қайраткер Бименді Баймахановтың бастамасымен «Қазақстандық преферанс» кітабын тұңғыш рет қазақ тілінде жазды. Бірнеше халықаралық жарыстардың жүлдегері. Халықаралық преферанс лигасының шешімімен (Киев қаласы, Украина) 2012 жылы «Преферанстың құрметті шебері профессоры» атағы берілген.

Өзінің жора-жолдас, ағайын-туғандары бас қосқан отырыстарда:

– Әкем Сұлтангерей көзі тірісінде «Естеріңде болсын «үш нәрседен сақ болыңдар – даңқ, байлық, қызмет. Даңққа байлансаң көзің байланар, құздан құлайсың. Байлыққа мастансаң төгілесің, қайыршылыққа қадам тартарсың. Қызметіңнің биіктігіне берілсең, жалғыз қалып сандаларсың. Даңқты да, байлықты да қызмет биігінде уыстарыңда ұстай біліңдер. Тойшыл болмаңдар, көпшіл болыңдар» деген өсиет сөздерін әңгімесіне арқау ететін. Бұл да азаматтың бір кемеңгерлігі еді ғой.

Біз ұйымшыл едік, егер біреудің басына ауыртпалық түссе немесе қуаныш болса тез жиналып қолдан келген көмегімізді жасайтынбыз. Ауыртпалығын бөлісіп, қуанышын еселей түсетінбіз. Мен бастықпын, сен жай қызметкерсің деген мағына болмайтын, бәрі бір кісінің баласындай, бір қолдың саласындай, түсінісіп жұмыс істейтінбіз, – деп отыратын өткен уақытты еске алып.

Өзінің «Мен қайтып ораламын» атты естелік кітабында әулетінің шежіресін былай таратады:

– Кіші жүз Әлім, Қабақ, Қангелді, Пұсырман, Сексен, Бағым, Жолдыбай, Кенже, Қонай, Мұхамедияр, Сұлтангерей. Сұлтангерейден Қырымбай, Сарыбай, Мықтыбай, Талғат, Қаламқас, Асыл, Алтын. Қырымбайдан Қанат, Аманкелді, Қайрат. Қанаттан Айжұлдыз, Айсана, Аманкелдіден Айзере, Нұрасыл.

Құландылық Ақжолов Төлеумұраттың «Жүрек сыры» кітабында Қырымбайдың 50 жылдығына арнаған апасы Қаламқас, жездесі Қошан Мәмбетрзаев отбасының өлеңінде:

– Қосқасын Құдай сені Мәдинаға

Аққыран мен өзіңді Мекке деймін,

Мол бақыт қона берсін жанұяңа,

Тілегім кетпегейсің, текке деймін.

Келгенше сен 10 жасқа арқаладым,

«Көзі өткір» деген жаннан қалқаладым.

Бұл күнде сен 50-де, мен 60-та

Шарлаймыз қиял мен ой шартарабын,

– десе, туған інілері Сарыбай, Талғат:

– Қызық қой менің ағам-ай,

Мінезі таза баладай.

Көңілі бірақ даладай,

Ойлары ұлы данадай.

Ақындардың жырындай,

Ғашықтардың сырындай,

Өнері көп бірыңғай,

70-ке шықты шаршамай,

Менің ағам Қырымбай! – деп мақтаныш сезімін жолдайды.

Соғыс және еңбек ардагері Бименді Баймаханов ағамыз осыған орай:

– Мен білетін Қырымбай стратег те, тактик те ойыншы, онымен әріптестері әруақытта санасады. Ол преферансты өнер деп ғана емес, әдемілікті көре, сезе біледі, осындай қасиет барлық ойыншыларда бола бермейді, – деген.

Ал облыстық комсомол комитетінің бұрынғы бірінші хатшысы Амангелді Құдайбергенов:

– Қырымбай екеуміз мәдениет саласында жұмыс істегенде араластық. Іскер азамат, жан-жақтан хабары бар. Жолдастыққа таптырмайтын жігіт. Мәдина екеуі үйленгенде тойын басқарып, екеуінің үй болуына үлес қостым. Мәдина Қызылорда қаласында көп жыл мектеп директоры болды, – деп өзінің «Өмірімнің қуаты – жастығымның шуағы» атты еңбегінде мақтанышпен сөз етеді.

Иә, табиғаты таза адамдар жан-жағына жылуын шашып жүреді ғой. Көп ойланып, аз сөйлейтін. Жұмыста тазалықты, адалдықты, талапшылдықты, дәлдікті, көлгірсімеуді Қырекеңнің болмысынан аңғарушы едік.

«Ұлық болсаң, кішік бол» деген халқымыздың нақылы Қырекең сияқты абзал жанның болмыс-бейнесін баршаға паш еткендей.

Дүниедегі ең ауыры мезгілсіз бақилық болған жақыныңа естелік жазу болар. Оның үстіне мына қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заманда сап-сау ортамызда жүрген, айналасына, үлкенге де, кішіге де қамқор, өзіндік ұстанымы бар, ойын еркін, өте мәдениетті, арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей жеткізе білетін жоғары дәрежедегі психолог азамат еді-ау, біздің Қырекең!

Қуанышқали ШАПШАҢОВ,

Қызылорда облысының Құрметті қайраткері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<