Қаһарман қаламгерді еске алу шарасы

523

0

Өткен аптада Жаңақорған аудандық М.Көкенов атындағы мәдениет үйінде аудандық мәдениет үйі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен турашылдықты ту еткен журналист, тәржімашы, баспагер, қоғам қайраткері Нұрмахан Оразбекті еске алуға арналған «Тұлға. Тарих. Тағылым» атты кеш болып өтті. «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, от ауызды, орақ тілді қаламгерді еске алу шарасына аудан тұрғындарынан бөлек Алматы қаласы және Түркістан облысынан ғалымдар мен ақын-жазушылар келді. Көршілес Шиелі ауданының ақсақалдары және қаламгердің туған ауылы Қандөзден жерлестері де келіп тамашалады.

Кеш алдында қонақтар Нұрмахан Оразбектің өмірі мен шығармашылығынан хабар беретін көрмені тамашалады. Қаламгердің әр кезеңде шыққан кітаптары, мемлекет, қоғам қайраткерлерімен, ақын-жазушылармен түскен суреттер галлереясы да жұртшылықтың назарын аудартты.

Шара аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының Нұрағаң туралы театрландырылған көрінісімен басталды. Сондай-ақ, қаламгердің ақын інілері Исрайл Сапарбай мен Серік Ақсұңқарұлының видеожазбадағы арнау өлеңдері тыңдалды. Аудан әкімі Руслан Рүстемов халқымыздың басынан өткізген небір тар жол, тайғақ кешу замандағы қилы тағдырына кеңінен шолу жасап, толымды ой айтты.

– 1991 жылғы 19 тамыздағы Мәскеудегі оқиғаға байланысты Одақтағы бар баспасөз әліптің артын бағып отырғанда Нұрмахан Оразбек «Бұл – мемлекеттік төңкеріс» деп бас мақала жариялаған, – деді ол.

Шараның ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өтуі оның маңызын арттыра түсті. Қаһарман қаламгер атына аудан орталығы Жаңақорған кентінен бір көше беру туралы мәселе күн тәртібінде тұр. Руслан Рүстемұлы қаламгер мұраларын көзінің қарашығындай сақтап келген жары Әлия Садырқызына құрмет көрсетті. Асыл аға кітапханасының қорына өзінің «Жадымдағы жазбалар» атты кітабын сыйға тартты.

Нұрмахан Оразбек – кезінде «Лениншіл жас», Социалистік Қазақстан» газеттері редакцияларынан шыңдалып шыққан батыл журналист. КазТАГ-та директор орынбасары болып жүргенде теледидар арқылы айына бір рет халықаралық жағдайға байланысты шолу жасайтын. «Қазақстан» баспасына басшылық жасаған кезде Оксфорд университетінің «Саясаттану», «Әлемтану» түсіндірме сөздігінің 10 томдығын қазақ тіліне тәржімалап, шығаруының өзі – үлкен ерлік.

Кеш соңында  қаламгер аруағына бағышталып ас берілді. Қонақтар мен абзал ағаның бауырлары, іні-қарындастары естеліктер айтты.

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

Жаңақорған ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<