Қайталанбас қайраткер

338

0

Өмір деген осы, ұшқан құстай зымырап өте шығады. Күні кеше ғана жайраңдай күліп, ел-халық қамы үшін еңбек етіп жүрген мемлекет және қоғам қайраткері, тумысы текті тұлға Бердібек Машбекұлы Сапарбаев та өмірден өтті.

Тонның ішкі бауындай аралас-кұраласта жүрген азаматты өлді деуге әсте қимаймын. Өйткені, Бекеңнің артында өлмейтұғын ісі мен өшпейтұғын ізі қалды.

Менің пайымдауынша, Бердібек Машбекұлы төккен маңдай тері мен ерен еңбегін бұлдамайтын, күннен жұмыс, түннен тыныс сұрайтын, барға қанағат, жоққа салауат айтатын бала көңілді, дана сезімді жан еді.

Мен Бекеңнің ерекше екі қасиетін білетінмін. Біріншісі – дәулетті кезінде малын  бұлдамайтын, ал кедей кезінде одан сырт айналмайтын. Екіншісі, ел-халық басына іс түссе малын ғана емес, жанын беретін жомарт жүректі жан еді. Бұл – өмір заңы. Кезі келсе сөздің сарасын айтатын, көзі жетпейтін іске көлденең килікпейтін қалпымен өмірден өтті.

«Тектіден текті туар, ата жолын қуар» – деп атам қазақ бекер айтпаса керек. Бекең – текті әулеттің тұяғы. Оның әкесі Машбек арқалы бір ауылға басшылық жасап, ерен еңбегімен ел-халықтың алғысын арқалаған азамат болған. Ата-тегінен тәлімді тәрбие алған Бекең де әке жолымен жаза баспай жүруді мұрат тұтқан.

Қорқыт атамыз: «Адамзаттың, еліміздің өркендеуі мен дамуына сіңірген еңбегі оның жасаған жасымен емес, өзінен кейінгілерге қалдырған игілікті ісімен бағаланады» деген екен. Бердібек Машбекұлы бар-жоғы 71 жасқа қараған шағында артында ұрпақтарға ұлағат болар ұлан-ғайыр игілікті істерін қалдырып, жалғаннан көшіп кетті. Еліміздің бес бірдей аймағына басшылық жасаған оның туған жер топырағына сіңірген еңбегі мен қалдырған қолтаңбасы өлшеусіз.

Әлі есімде, 1995 жылдың 25 қыркүйегінде Бердібек Машбекұлы Қызылорда облысы әкімі қызметіне тағайындалды. Сол уақытта мен Арал ауданы әкімі қызметінде болатынмын. Бекең маған ҚР Парламент Сенатының депутаты болуыма ұсыныс жасады. Ол кезде «Қызылорда облысы тарайды-мыс, облыстың оңтүстік аймағы Шымкентке, ал солтүстік аймағы Ақтөбе облысына қосылады» деген сыбыс тараған-ды. Ашығын айтуымыз керек, сол жылдары Қызылорда облысының сақталып қалуына бірден-бір себепші, себепші ғана емес, басшы болған Бекең болатын.

Сыр елінің өсіп, өркен жаюына сіңірген өлшеусіз еңбегін санамалап айту әсте мүмкін емес. Бір ғана дерек айтайын. Бекеңнің ұтымды ұсынысымен Қызылорда қаласы еркін экономикалық аймаққа айналды. Осының нәтижесінде салық төлемдерінің басым бөлігі, яғни кеден төлемдері аймақ экономикасына қалдырылып, сан алуан салаларға қомақты қаржы құйылып, қарқынды жұмыстар қолға алынды. Қызылорда қаласы жыл сайын жасарып, адам танымастай көрікті қалаға айналды.

Қайталанбас қоғам қайраткері туралы том-том етіп жазуға әбден болар еді. Ол – уақыт еншісінде. Атам қазақ: «Жақсының аты өшпейді» деген. Сол айтқандай, Бекеңді өлді деуге болмайды. Ол өзінің ұрпақтарына қалдырған ұлағатты істерімен ел-халықтың есінде мәңгілікке сақталады.

Биғали КАЮПОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<