Қайталанбас тұлға

636

0

Оқтай зымырап өтіп жатқан уақыт. Мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухамановтың арамыздан кеткеніне 6 жыл толыпты. Соңында өшпес із қалдырған қайталанбас тұлға жайлы көргендерім мен ойға түйгенімді қағаз бетіне түсірген едім.

Атам қазақта «Жақсыдан сөз, жасампаздан із қалады» деген бар. Сейілбек Шаухаманов іскер, елжанды адам еді. Сырда туып, Сырда өскен, аты республикаға танымал қайраткер, зейнеткерлікке шыққаннан кейін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарып, соңына ұлағатты іс қалдырды. Жас ұрпаққа үлгі-өнеге ету үшін оны еске алып отыру азаматтық парызымыз деп ойлаймын.

Өткенге көз жүгіртіп көрейік, 1970 жылдардан бастап облыстың экономикасы мен мәдениетін өркендету бағытындағы сан салалы жұмыстың қайнаған бел ортасында жүрген жастардың арасынан бір топ іскер кадрлар легі өсіп шыға бастады. Олардың әрқайсысы бәйгеге түскен жүйріктей, еңбектің қайнаған қазанынан суарылғандай бір-бірінен дараланып, жұлдыздай жарқырап халықтың, басқару органдарының назарын аудартпай қоймады. Уақыт өткен сайын ұзаққа шабатындары оқшаулана түсті.

Ұрпақтан ұрпақтың асып түсуі – қоғамның одан әрі ілгері қарай дамуының басты шарттарының бірі. Бұдан ұғатынымыз, әр кезең қоғамның ілгері дамуына ықпал ететін тұлғаларды дүниеге әкеледі. Бұл – бұлжымас өмір заңы. Өмірге Қазантаев мектебінің келуі, оны жұртшылықтың риясыз мойындауы, одан тәлім алған кадрлар арасынан қайраткерлерінің өсіп шығуы – міне осының дәлелі.

Енді ойымызды одан әрі жалғастырайық. Егер менен «Ақыл мен жігер, тапқырлық пен табандылық, кісілік пен кішіпейілділік, әділдік пен адалдық, іскерлік пен біліктілік, сабырлылық пен шешендік сияқты қасиеттерді бір басына тоғыстырған азаматты кездестірдіңіз бе?» деп сұрай қалса, «тап осындай қасиеттерді бір басына тоғыстырып, іскерлігін ел-жұрты мойындаған, ауқымды істерді тындырған азаматпен 1975-1980 жылдары қызметтес болдым. Ол – Сейілбек Шаухаманов еді» деп айтар едім.

С.Шаухаманов 1939 жылы 15 мамырда Жаңақорған ауданының Өзгент ауылында дүниеге келді. Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтын және Алматы жоғары партия мектебін бітірген. Қатардағы инженерден облыстың бірінші басшысына дейін өскен, ширек ғасыр Шиелі, Тереңөзек, Жалағаш, Сырдария аудандарында комсомол, шаруашылық, Кеңес, партия органдарын басқарған, сегіз жылдың ішінде халық депутаттары Талдықорған облыстық атқару комитетінің төрағасы, Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, облыстық кеңестің төрағасы, облыс әкімшілігінің басшысы, облыс әкімі болып қызмет атқарған. Алты жарым жыл бір орында отырып, қызметінің бес рет өзгергеніне қарамастан жұмысты заман талабына сай халық, мемлекет мүддесіне бағыттап, үйлестіре білген. Қай жерде, қай жұмыста болмасын өшпес ізі, өзіне тән қолтаңбасы бар, туған еліне еселі де, елеулі еңбек сіңірген азамат.

Сейілбек Шаухаманов бұрынғы Одақ тұсындағы облыстық партия комитетінің соңғы хатшысы, Қазақстан азаттық алған кезеңде облыс әкімшілігінің бірінші басшысы, тұңғыш облыс әкімі, бірінші сенатор. Егемендігіміз бен елдігіміздің қалыптасу барысындағы тар жол, тайғақ кешуде саяси-экономикалық реформаларды алғаш ұйымдастырушылардың, мемлекеттігімізді нығайтуға белсенді ұйытқы болушылардың бірі.

Қызылорда облысын басқарған кезде Сыр өңірінде 5 елдің – Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттерінің басшылары бас қосып, Арал проблемасы туралы келелі кеңес өткізді. Арал өңірі тұрғындарын әлеуметтік қорғау жөніндегі заң қабылданды. Ол өзінің «Арал тағдыры – адам тағдыры» деген мақаласында: «Сыр елінде, Қызылордада 1993 жылы 26 наурызда сондай бір әлемдік маңызы бар тарихи оқиға болды. Арал проблемаларына арналған халықаралық конференция өтті. Бүкіл жер шары үшін бұл күнде аса ірі проблемаға айналып отырған Арал мәселесін шешуде ерекше орны бар бұл шараға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Қырғызстан Президенті  Асқар Ақаев, Өзбекстан Президенті Ислам Каримов, Тәжікстан Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Эмомали Рахмонов, Ресей Федерациясы Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары Георгий Хижа қатысты. Қызылордада бұрын-соңды мұндай мәртебелі, халықаралық маңызы бар ауқымды шара өткен емес. Арал тағдырының бүгіні мен болашағына арналған бұл маңызды мәслихат ортақ оймен, түбірлі пікірмен, терең түсіністікпен, асқан ұйымшылдықпен өтті. Халықаралық, мемлекетаралық саяси-әлеуметтік шараның жоғары дәрежеде өтуіне елдің, жердің егесі есебінде біздер елеулі үлес қостық», – деп жазады. 

Сол жылдары облыста мұнай өндіру қолға алынып, жаңа өндірістік сала игеріле бастады. Агроинженерлер институты ашылып, диагностикалық кеңес беру-емдеу орталығы және көпсалалы жаңа облыстық аурухана салынды. Облыстық телеарна іске қосылды. Басқа да іргелі істер жетерлік.

С.Шаухаманов Қазақстан КП Орталық Комитетінде жауапты қызмет атқарып, ҚР Көші-қон және демография агенттігінде басшылық жұмыста болған. Ол КОКП мен Қазақстан Компартиясы Орталық комитеттерінің мүшелігіне сайланған, XI және XII шақырылған Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты. Бірнеше рет облыстық партия комитетінің мүшесі, облыстық кеңес депутаты болды. «Қазан революциясы», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы» ордендері және бірнеше медальмен марапатталды. Ел Тәуелсіздігінің 10 жылдығы қарсаңында отандық «Құрмет» орденінің иегері атанды. 2009 жылы «Парасат» орденімен, Қазақстан мен Өзбекстанның Құрмет грамоталарымен марапатталды. Хорезмнің, Қызылорда облысының Құрметті азаматы, Жаңақорған ауданының «Ғасыр адамы», экономика ғылымдарының кандидаты, саясаттанушы.

Кісінің жолын ашып, алға бастайтын құдіретті күштің бірі – оның халқына деген шексіз ықыласы мен құрметі. Содан болса керек-ті, ол қай жұмысты болмасын тез меңгеріп, тез көзге түсетін. Тағы бір айрықша қасиеті, өзімен кездескен адамның ықыласын аударып, айтқан пікірлерінің дұрыстығына тез сендіре алатын. Аңғарымпаздығы мен сезімталдығы оны білетіндерді қайран қалдыратын. Ұйымдастырушылық қабілеті басқаларда кездесе бермейтін, сирек болатын құбылыс еді. Осы қасиетін облыстың бірінші басшысы болған кезде жарқыратып көрсете білді.

Өйткені оның облысты басқару кезеңі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы өмірдің өзі туындатқан жаңа реформаларды енгізумен тұспа-тұс келді. Бұл кезде мұндай жаңалыққа еңбекші халық та, басшы орындарда жүрген кадрлар да толық дайын емес-ті. Бір сөзбен айтқанда, елімізде нарықтық экономиканың қалыптасуына Сейілбек Шаухамановтың қосқан үлесі қомақты. Кадрларды қалай болса солай алмастырудан аулақ болды, халық шаруашылығын басқару құрылымының қанша рет өзгергеніне қарамастан елдің экономикалық ахуалы мен саяси өмірін бірқалыпты ұстап, облыс халқын жаңа заманның жаңа міндеттерін орындауға жұмылдыра білді.

Жоғарыдай айтқанымдай, Сәкеңмен бес жыл қызметтес болдым. Сол тұста одан ұғынып-сезініп, түсінген талай дүние есімде ұялап қалыпты. Ол сол кезде Жалағаш аудандық партия комитетінде екінші хатшысы болып қызмет атқарды. Мен аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісімін. Аудандық партия комитетінің аппарат жұмысындағы жауапты қызметкерлер уақытпен санасу дегенді білмейтін. Олар аудандағы 1500 коммунистің ішінен жұмыста ысылған комсомол, кәсіподақ, бастауыш партия ұйымдары деп аталатын мектептерден өткен білімді де саяси сауатты кадрлардан іріктелген еді.

Хатшылардың өзара жұмыс бөлісуіне қарай жетекшілік жасайтын салалары да алдын ала анықталатын, соған сәйкес Сәкең аудандағы мал шаруашылығы жұмысына басшылық жасады. Оның басты себебі, аудандағы мал шаруашылығында өмір талабына сай жолға қоюды талап ететін жұмыс баршылық болатын. «Оны Сәкеңдей басшы ғана жолға қоя алады» деген сенім бірінші хатшының көңіліне мықтап ұялаған-ды. Шын мәнінде солай болды. Ол мал шаруашылығы саласындағы басшылық жұмыстарға еңбекте ысылған жас мамандарды тартуға, оларды қолдауға айрықша назар аударды. Бұл жөніндегі ұсыныс-пікіріне аупарткомның бірінші хатшысы Қонекең, Қонысбек Қазантаев үнемі оң баға беріп отырды.

Нәтижесінде қысқа мерзімде аталған саланың басшылары мықты-мықты маман кадрлармен толықтырылды. Атап айтатын болсақ, Калинин атындағы совхозда Қыдырбай Бекжанов, Қазақстанның Ленин комсомолы атындағы совхозда Аралбек Қаршығаев, «Жаңаталап» совхозында Әбілқасым Молдашев, «Коммунизм» совхозында Сейтқан Аманжолов, «Мәдениет» совхозында Ахмед Бөдешов, «Таң» совхозында Мұрат Ойнаров, «Ақсу» совхозында Амангелді Елібаев жұмыс жасаса, бас зоотехник болып «Аққыр» совхозында Тұрсын Дүйсебаев, «Жалағаш» совхозында Рахманберді Тілеуімбетов, «Жаңадария» совхозында Әбілқасым Әмзебаев сынды азаматтар еңбек етті.

Мал шаруашылығына жетекшілік жасаған жылдары совхоздарының барлығында дерлік мал жемін дайындайтын цех салынып, осы озат тәжірибені аймақтың басқа шаруашылықтарына тарату жөнінде облыстық партия комитетінің арнайы шешімі шықты. Сүт дайындау цехы да осы кезеңде сүт өндіретін совхоздардың өндірісінде іске асырылған-ды. Бұл жылдары аудан совхоздарында 110 мың бас қой, 23 мың ірі қара, 5 мың бас жылқы, 2 мың бас түйе малы бар еді. Мемлекетке ет, сүт, жүн, қаракөл елтірісін тапсырудың жоспары жыл сайын артығымен орындалып отырды. Мал басын өсіру, оны аман сақтау, төрт түліктен жоспарға сай төл алу да уақыт талабына сай келді. Осындай қайнаған қызу еңбектің бел ортасында жүрген Сәкең өзіне сеніп тапсырылған жұмысты аса үлкен жауапкершілікпен атқара білді. Содан бері де қаншама уақыт өтіпті-ау! Осы мерзім ішінде қоғам да өзгерді, өмір де өзгерді.

Ол жылдары жиналыс көп болатын. Трибунаға шыққан шешендер жазып алған баяндамасын оқып шыққанша кейбір тыңдаушылар ұйықтап та қалатын. Ал Сәкеңнің трибунадағы мінезінің өзі өзгеше. Ол кісі ұзақ баяндама жасағанның өзінде ешкімді жалықтырмай, не айтса да құлшынып, өз темпераментімен өзгелерді де еліктіріп алып кететін. Тіпті кейде ойда жоқ тың мәселелерді айтып, көпті серпілтіп тастайтын. Жыл сайын өтетін шопандар, сауыншылар жиындарында көбіне екінші хатшы баяндама жасайтын. Ондайда Сәкең осы тақырыпта бұрын жасалған баяндамаларын алдына алып отыратын-ды. «Ал жігіттер, бұрынғы айтылып, жауыр болған сөзден аулақ болайық. Жаңа ой тастайық, жаттандылықты қояйық» деп жаңа міндеттер белгілейтін.

Совхозға не бір мекемеге бара қалса дереу жұртпен мидай араласып кететін. Сол жылдары ол аудан аумағында өсіп шығатын шөптің барлық түріне, оның ішінде шеңгел де, сексеуіл де бәрі-бәрі бар, солардың құрамында малазықтық қуаттың қандай дәрежеде екендігін арнайы лабораторияларға жіберіп, анықтатқан еді. Өкініштісі, көрші ауданға қызметке ауысып кеткеннен кейін мұнымен ешкім айналыспады. Бұл – оның әркез жаңалыққа деген талпыныспен жүретіндігінің бір мысалы. Ал облысты басқарған кезде «Жасыл өлке» атты бағдарлама енгізгенін айрықша атап өткен жөн. Өйткені соны жүзеге асырудың нәтижесінде аймақтағы елді мекендер мен үлкен жолдың бойы жасыл желекке бөленіп, жаңа саябақтар пайда болды.

 Ол бүгін істелетін жұмысты ертеңге қалдыруды қаламайтын, басқалардан да осыны талап ететін. Жақсы қасиеттердің барлығын бойына сіңіре білген азамат еді. Халықтан үйренген, жинақтаған мол тәжірибесін кешегі ел басқару кезінде орынды пайдалана білді.

Қызметтес болған жылдары басқа да сан қырлы адамгершілік қасиеттерін көрдік. Қазіргі күні мағыналы сөздері ел арасында афоризмге айналып кетті. Оған куә болып жүрміз. Өтініш-арызбен келген тұрғындардың бәрін сергек күйде, жылы шыраймен қабылдау оның жұмыс стиліндегі басты белгі болатын.

Бір ғажабы, оның орынсыз сөйлеп, ашуланғанын көрген емеспін. Бір естігенін ұмытпайтын, көргеннен жаңылмайтын жан-жақтылығына шек келтіруге болмайды. Өзінен кіші адамдарға да «Бәке», «Шәке» деп сөйлейтін кішіпейілділігі ол кісіге деген басқалардың жүрек жылылығын арттыра түсетін.

Енді Жалағаш ауданында қызмет атқарған кезінде онымен қызметтес болған азаматтардың пікірінен үзінді келтірейік. Егін жинау науқаны кезінде бюро мүшелері совхоздарға уәкілдікке бөлінетін. Сол кезде С.Шаухамановқа директорлар таласатын. Сондай кезеңде «Мәдениет» совхозының директоры Ұзақ Еспанов ағамыз «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, оның келгені, өзгені қайдам, өзімді өте қуантты. Неге десең, жаныңды түсінеді, айтса ұғындырады, сөйлесе сөзі өтеді. Оған қалай қуанбасқа?» деген еді.

Ол дауыс көтермей-ақ кемшілігімізді сыпайы ғана дәлелдеп беретін. «Былай етсе қайтер еді?» деп, өзімізбен ақылдаса отырып не істейтінімізді өзімізге тапсыратын.

1980 жылы «Аққыр» совхозында өткен шопандар тойына көршілес Өзбекстанның Тамды ауданының бірінші хатшысы Ақберген Исаев қатысқан-ды. Сонда ол Сейілбек Шаухамановтың жүріс-тұрысына, сөйлеген сөзіне, айтқан әңгімесіне назар салып отырып:

– Қонеке, мына жігітке екінші хатшылық аздық жасап жүрген сияқты ғой, – деген еді. Дуалы ауыздың сол сөзінен кейін көп ұзамай Секең Сырдария аудандық советі атқару комитетінің председателі болып сайланды.

…Қатар жүргенде адам көп нәрсені байқай бермейді. Албырт жастықтың әсері болар, уақыт өте барып қызметтес болған кезеңді еске алған сәттерде ғана көп нәрсенің байыбына бара бермегенімізді аңғарып отырмыз.

Зейнеткерлікке шығып облыстық ардагерлер ұйымының тізгінін ұстаған күннен бастап қоғамдық ұйымның тамырына қан жүгіртті. Егемен еліміздің тыныштығын сақтау, халықтар достығын нығайту, жастарға тәрбие беру, басқа да сан қилы шаралардың жүзеге асырылуына, ардагерлердің байыппен араласып кетуіне жол ашқанына бәріміз де куәміз.

2008 жылдан бастап облыстық «Сыр ардагері» («Ардагер айнасы») газетінің өмірге келіп, оқырман жүрегінен жол тауып, көпшілік қауымның сүйіп оқитын газетіне айналуы үлкен қабілетті талап етеді емес пе?! Жалпы Сәкеңнің шығармашылық еңбектерінің өзі тұтас бір дәуірде еңбек еткен тұлғалы азаматтар мен қарапайым еңбек адамдарының, солар арқылы қоғамның тарихи шежіресін көз алдымыздан кино кадрындай тізбектеп өткізетіндігіне риясыз риза боласыз. Оның жазбаларынан автордың парасат-пайымы биік, қабілет-қарымы аса ауқымды кең, ойлау қабілеті тұңғиық терең екендігі, сөйлем құрылымынан шешендіктің қайталанбас белгілері, сөзі ойды оятатындай орынды пайдалана білетіндігі көрініп-ақ тұрады.

Ол өзінің шығармаларында адамды, әсіресе, жастарды адамгершілікке, рухани тазалыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу бағытында терең ой қозғайды.

Мақалаларында айтылған тұжырымды пікірлері, болашақты болжаушылық ойлары, түйткілді мәселелерді шешу жөніндегі ұсыныстары, қандай да болмасын өмір ағысын алыстан аңғаратын халықтың нағыз қайраткер азаматы екендігін көрсетеді. Әрқашан да өз халқыңды, өз Отаныңды шексіз сүйе білуден асқан қасиетті іс жоқ деп түйіндейді. Демек, оның жазған жазбалары өміршеңдігімен қымбат. Кейіпкеріміздің қаламынан шыққан «Алтын алма, ақыл ал», «Бақытыңды бағалай біл», «Ер қанаты», «Мұхтар Әуезов – Мұхаммед пайғамбардың ұрпағы», «Иесі кім бұл елдің, киесі кім бұл жердің?», «Парыз бен парасат» атты кітаптары мен шығармаларынан ұлылықтың белгілерін көреміз. Алайда салыстырудың бәрі бірдей барлық уақытта әрі орынды, әрі сәтті шыға бермейді. Десе де өз басым осылай атауды енгізуге еншісіне айтатын мезгілі келді ғой деп есептеймін. Себеп оның өмір жолы – бүгінгі ұрпаққа өнеге, келешекке тәлімі мол қазына.

Қорыта айтсақ, Сейілбек Шаухаманов туған еліне еңбегін аямаған, елінің нағыз азаматы, зиялының зиялысы, үлкен ауқымдағы қоғам қайраткері бола білді. Бұқар жырау бір толғауында:

– Биік тауға жарасар

Ығынан тиген панасы.

Тиген сайға жарасар,

Тобылғылы саласы.

Ер жігітке жарасар

Қолына алған найзасы.

Би жігітке жарасар

Халқына тиген пайдасы, – деген. Біздіңше, Сәкеңнің халқына тиген пайдасы, қосқан үлесі, сіңірген еңбегі тарих беттеріне өшпестей болып жазылып қалды.

Қайталанбас тұлға туралы жазбамды пайғамбар жасына келіп, алыс-жақынды жинаған өзінің мерейтойында: «Алла тағаланың шапағатымен елағасы жасына келдім, лайым, ендігі жерде тілім ғайбат сөз айтпайтын болсын, көзім жаман нәрсені көрмейтін болсын, аяғым жаман жерді баспайтын болсын, қолым жаман нәрсені ұстамайтын болсын, бүкіл болмысым жаманшылық атаулыдан аулақ болып, жақсылыққа жақын болсын», – деп тәңірге тәубе етіп айтқан сөзімен аяқтауды жөн санадым. Бұл да болса ұлылықтың белгісі еді.

Шыңғыс АЙБОСЫНОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, 

Қызылорда облысының Құрметті ардагері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<