Қалам мен қаруды серік еткен

457

0

Соғысқа қалам мен қаруды қатар ұстап қатысқан қазақ ақын-жазушылары аз емес. Олар қалың жұртты жалынды жырларымен, орамды ойларымен қанаттандырып, жауынгерлер рухын көтерді. Солардың бірі менің атам Әбзәли Егізбаев еді. Ел басына күн туған қатерлі шақта атамның сағынышын, туған жерге деген махаббат пен жауды ертерек жеңіп елге оралсақ деген армандарын арқалаған хаттары келіп жатты.

Әбзәли Егізбаев 1907 жылы Қармақшы ауданының бұрынғы 9-ауылында дүниеге келген. Сауатын ауыл молдасынан ашып, 1928-1930 жылдарда Қызылорда қаласында Ғ.Мұратбаев атындағы жетіжылдық қазақ мектебінде оқуын жалғастырды. Мектепті бітіргеннен соң Қармақшы ауданына келіп комсомол, кеңес, қаржы мекемелерінде қызмет атқарды. 1933 жылдан бастап оқытушылық қызметіне кірісті. «Еңбекші», «Жаңаталап», «Қызылтам» және Ленин атындағы мектептерде оқытушы, мектеп директоры қызметтерін атқарды. Тұрмағанбеттің шәкірті болды.

1938 жылы «халық жауы» деген жаламен ұсталып, қамауға алынды. Ешқандай кінәсі дәлелденбесе де, 1939 жылдың 22 қаңтарында облыстық сот үкімімен 15 жылға сотталды. Қандай қиыншылық болса да мойымай, Отанына деген адалдығын, халқына деген сенімін жоғалтпай, бәрін көтере білді. 1939 жылы 13 тамызда анасы мен әжесіне жазған хатында «Мені ойлап, көп қайғырма! Мен жалғыз ғана жүргенім жоқ. Қызылордада жүздің бірі болсам, Қазақстанда мыңның бірімін, Советтер одағында миллионның бірімін. Солармен көрем! Үкімет күйдірмейді, ашады. Тілек тіле!» деп өзінің ақталатынына сендіреді.

Осылайша 1941 жылдың жаз айында ақталып, елге оралып, мектепте ұстаздық қызметін жалғастырды. 1942 жылдың 17 шілдесінде Қармақшы аудандық әскери комиссариаты арқылы майданға аттанды. Тотский қаласында әскери дайындық курсынан өтіп, Воронеж майданында шайқасқа қатысты. Осы шайқаста ауыр жарақаттанып, госпитальға түседі. Қаламын жанына серік еткен атам госпитальда емделіп жатып, «Жорық жолында» атты дастанын және басқа да бірнеше өлеңдерін жазады.

Госпитальда алты ай емделіп, қайтадан майданға аттанды. Барабинск қаласында тұрған теміржол батальонына жіберілген. Батальон Орел, Староосколь, Невель қалаларында 1943 жылдың қазан айына дейін болады. 1944 жылы 5 шілдеде Латвия жеріне аттануға бұйрық болғанға дейін теміржол әскери бөлімі құрамында қызмет етті, 1945 жылдың басында Шығыс майданына аттанып, Жапонияға қарсы соғысқа қатысып, осы жылы қыркүйекте Маньчжурияда қаза тапты.

Атамның Алматы қаласында болған кезде бір жолдасына тапсырып кеткен қойын дәптері көп жыл өткен соң табылды. Сарғайған дәптердің ішінде соңғы хат 1945 жылдың 5 тамызында Амур облысы Пояркова станциясынан жазылыпты.

«Талаптан, үйрен, ұмтыл, алға талпын!» деп, туған жер мен елді сағынған ыстық сезімін білдірумен қатар, елінің құмы – күміс, тасы – алтын екенін, табиғатының өзін ештеңеге теңестірмейтінін сипаттаған. Елге деген ыстық сезімге қоса жаңа өсіп келе жатқан жастарға алға талпынып өмірдің биігіне шығыңдар, техниканы меңгеріңдер деген үгітін қосқан. Сонымен қатар, соғыста жүріп ардақты анасына, жарына, туған жерге, ауыл адамдарына деген сағынышын арқау еткен «Анаға хат», «Ауыл адамдарына», «Ел-халыққа», «Тілек» дейтін өлеңдерін де тебіренбей оқу мүмкін емес.

«Орнында бар оңалар» демекші, әжеміз Қаншай балалары Нағмеддин және Амангелдіні ешкімнен кем қылмай өсіріп, білім берді. Үлкені Нағмединнен 8, кішісі Амангелдіден 5 бала және олардан немере-шөберелер бар.

Балалары 1969 жылы «Жазушы» баспасынан «Жауынгер жүрегі», 1996 жылы ҚР ҰҒА-ның «Ғылым» ғылыми-баспа орталығынан «Елімнің сырын еттім жыр», 2007 жылы «Алматы» баспасынан «Майдан хаттары» атты атамның өлеңдер жинағын кітап етіп жарыққа шығарды, халыққа таныстырды. 1987 жылы Қазақстан Жазушылары Одағы басқармасының шешімімен Қармақшы ауданында Әбзәли Егізбаевтың 80 жылдығы, 1997 жылы 90 жылдығы аталып өтті.

2005 жылы әкем Амангелді атамыз жерленген Маньчжурияға барып, зиратына ескерткіш қойып, елден апарған топырағын салып, құран бағыштап, тағзым етіп қайтты. Бүгінде Әбзәли Егізбаевтың есімі Қызылорда қаласы мен Қармақшы ауданындағы көшеге, Жосалы кентіндегі №121 орта мектепке беріліп, аудан орталығына бюсті орнатылды.

Жанат ӘБЗӘЛИЕВА,

майдангер ақынның немересі, облыстық мемлекеттік архивінің басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<