Қаламы ұшқыр ұстаз

634

0

Ауыл мектебінде отыз жылдай ұстаз болған Байназар аға өзінің сүйікті басылымы «Сыр бойына» хабар, өткір сын дүниелерді күн құрғатпай жолдайтын. Оқта-текте өлең, әзіл-оспақ жазатыны бар, қаламы ұшқыр азамат еді. Ауылдастар «өзіміздің тілші Байназар» деп құрметтейтін-ді. Бас редактор Ұзақ Бағаев іссапарға шығатын журналистерге «ауыл-село тілшілерімен кездесіңдер, ұсыныс-тілектеріне зер салыңдар!» деп жиі айтатын. Содан болар, іссапарға барған бойда алдымен ауыл-село тілшілерімен кездеспей кетпейтін едік.

Олар газеттің үлкен тірегі болды. Баяғы дәстүрлі мереке – 5 мамыр күні оларға құттықтау жолдау парыз болатын. Тұрғындар ауыл-село тілшілерімен есептесетін, сын-ескертпелеріне үнемі зер салып отыратын. Газеттің сенімді өкілдері осылайша құрметтелетін-ді.

Бір кездегі «Қызыл Ту» аталған қазіргі «Шіркейлі» ауылы айтқыш Қалтайдың, ақын Әбіраштың, еңбек ардагерлері Қыдырқожа, Бексұлу, Орынша, Балдырған, Қызкенже секілді тұлғаларды түлеткен. Ауыл келбетін, егіншілік мәдениетін көтеруге атсалысып із қалдырған басшы Жаңабай Азаматов сынды тұлғалар ел есінен ұмытылмақ емес. Міне, Байназар аға осыларды жиі дәріптеді.

Байырғы басылымның ауыл-село тілшілері С.Абдуллаев, А.Қоразбаев, Е.Оразов, І.Пірімов, Б.Мырзатаев, С.Мұсайымов, Ф.Сахиев, Ж.Әкімтаев, Т.Жылкелдиевтің жазған дүниелеріне оқырман қауымынан жылы лебіздер жиі айтылып тұратыны әлі есімізде.

Міне, осындай тілшілеріміздің бірегейі Байназар Сүлейменов еді. Ұстаз аға ұрпақ тәрбиесі, дін, мұғалім мәртебесі жайында, өзі тұратын ауылдың келбеті туралы бірнеше дүниелер жазды. Егіншілік мәдениетінің мәселелерін көтерді. Тіліп түсер әзіл-оспақтарына тәнті болатынбыз. Ауылдың көнекөз қарты Жақып Ыдырысов Байназар жайында ерекше толғанатын.

Ұлағатты ұстаз кезінде талай марапатқа ие болды. «Қазақстанның білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған, бірнеше рет мақтау грамотасын алған елдің құрметті азаматы еді. Дөңгеленген дүние жүйткіп барады. Қаламы ұшқыр ауыл-село тілшісі Байназар Сүлейменовтің туғанына 90, дүниеден өткеніне 20 жыл болды. Осыған орай, еске алу кештері өтуде. Қызы, ұстаз Гүлзабира Сүлейменова туған ауылынан бір көшеге есімін беруді өтініп жүр. Тиісті орындар көше есімін беруге мұрындық болса ұлағатты іс болар еді. Біз де осы тілектің ескерусіз қалмауына аудан, ауыл басшыларына қолқа салуды жөн көрдік. 

Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<