Қызылорда медицина жоғары колледжінде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай «Сағынышқа айналған сәулелі ғұмыр» атты еске алу кеші өтті. Мазмұнды шара 1962-1991 жылдар аралығында Қызылорда медициналық училищесінің директоры қызметін атқарған Сара Дәуітбаеваның рухына арналды. Сахна шымылдығы колледж студенттерінен құралған аспапты оркестрдің күйімен ашылды.
Өз саласының үздігі болған ұлағат иесін бірге қызмет атқарған замандастары, Сыр елі жұрты үлкен құрметпен еске алды. Аталған оқу орнында директор қызметін атқарған, Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарова елордадан арнайы бейнеқұттықтауын жолдады.
− «Жақсы ісімен мың жасайды» деген өнегелі өмір жолында бірге қызмет істеу бақыты маған да бұйырды. Балалар ауруханасында бірге жұмыс істеп ұлағатты жанның тәрбиесін көрдім. Өйткені Сара Төлегенқызының халық денсаулығының жақсаруына қосқан үлесі ұшан-теңіз. Жас мамандардың бойына білім мен өнерді, адамгершілік пен адалдықты, туралық пен тазалықты, рухани байлық пен ұлттық қасиеттерді сіңіріп, оларды азамат етіп қалыптастыруда еңбегі ерен. Оқу орнына ардақты жанның есімін беру туралы ұсынысты қолдаймын. Білім ордасын отыз жылға жуық басқарып, саналы өмірін ұрпаққа білім мен тәрбие беруге арнаған Сара Төлегенқызының есімі мен еңбегін құрметпен еске алып, аруағына тағзым ету біздің, кейінгі жас ұрпақтың міндеті, − деді Ақмарал Шәріпбайқызы.
Кеште сөз алған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов ұлағатты жанның есімін жағыртудың ұрпақ үшін өнеге екенін атап өтті.
Мұнан соң колледж ұжымының Сара Төлегенқызына арнаған «Сағынышқа айналған сәулелі ғұмыр» атты естеліктер жинағы таныстырылды. Әріптестерінің рухына арналған жаңа кітаптың лентасын «Ұрпақтан – ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, қоғам қайраткері Алмагүл Божанова, Қазақстанға еңбегі сіңген дәрігер, облыстың құрметті азаматы Тұрғанбай Маханов, колледж директоры қызметін атқарған, облыстық медицина саласы ардагерлер кеңесінің төрайымы Рая Көзденова кесті.
− Ұзақ жыл бір мекемені басқару − бұл тазалық пен тәртіп. Қызметіне деген адалдық. Сара медицина мамандарын дайындауда оқу-тәрбие ісіне қатты мән берді. Бәрі тапшы уақытта табанды еңбегімен оқу орнын жаңа ғимаратпен, медициналық құралдармен жабдықтады. Болмысы да ерекше еді. Қай жерде, кімнің алдында болсын ойын тура айтатын батыл, мейірімді болатын. Бір бала жыламасын деп әрбір балаға ерекше көңіл бөлетін. Кейін студенттері де білімді тәртіппен игерді. Артында ауыз толтырып айтарлықтай жарқын істері, үлгі тұтар өнегесі қалды. Ғазиз жанның асыл бейнесі, кісілік келбеті, адамгершілік қасиеттері әлі көз алдымызда, − деді Тұрғанбай Маханов.
Кездесуде әріптестері, достары, шәкірттері естеліктер айтып, рухына тағзым етті. «Анамның көзі де, сөзі де болған киелі шаңырақ − медучилище» деп Сара Төлегенқызының ұлы Серік Аймұрзаев оқу орнының ұжымына, әріптестері мен достарына алғысын білдірді. Студенттер концерттік бағдарламасын ұсынды. Өнегелі өмір сүріп, өшпес із қалдырған Сара Дәуітбаеваның есімі Сыр халқының есінде мәңгі сақталады. «Атың өшпей ел аузында жүрсін десең, артыңа өнегелі ұрпақ, жақсы кітап қалдыр» деп дана халқымыз осындай ұлағатты жандарға қарап айтса керек.
Гүлбану МАҚАЖАН,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<