Қалдырған ізің мәңгілік…

349

0

Ұлы Абай «Ұлықтардың басқан әрбір ізінде бір медресе жатқандай» деп өсиет сөзін қалдырған. Алты Алаштың анасы атанған Сыр топырағынан небір айтулы азаматтар түлеп шықты. Отан қорғау жолында кеудесін оққа төсеп, бейбітшілік заманда ел-халқы үшін еселі еңбек еткен айтулы тұлға, ардақты ұстаздың бірі – Бозғұлан аға Кеулімжаев еді.

Бозғұлан аға 1923 жылы Қазалы ауданына қарасты «Майдакөл» ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келді. Ел басынан өткен аласапыран уақытта өмірге келген ағамыздың балалық балдәурені қиындыққа толы болған. Жастық шағы Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келді. 1942 жылы, он сегізден асқан шағында майдан даласына аттанды. Ал әкесі Тышқанбай Кеулімжаев одан бір жыл бұрын, 1941 жылы сұрапыл соғысқа кірді.

Бозғұлан ағамыз мына бір әңгімені айтып отырушы еді. Баласы мен немересін қатар соғысқа жіберген әжесі Жаратқаннан немересінің аман-есен келуін сұраған екен. «Тағдыр екеуін бірдей менің маңдайыма сыйғызар дейсің бе? Тым жас еді, ең болмаса немеремді сақтай гөр!» деп Жаратқаннан жалбарына тілек тілеумен ғұмыр кешкен көрінеді. Кейуана өз баласы Тышқанбай туралы 1942 жылдың қаңтар айында «Сталинград шайқасында ерлікпен қаза тапты» деген бір жапырақ қаралы қағаз келсе, немересі Бозғұлан 1947 жылдың сәуір айында елге аман-есен оралды.

1942 жылы соғысқа аттанған Бозғұлан ағамыз Поволжье әскери округінің (қолбасшысы П.Рокоссовский) жауынгері қатарына қабылданып, оқтаушы болды. Одан әрі оның жауынгерлік жолы Дондағы Ростов өңіріндегі Новошахтинск қаласындағы 5-ші армияның 4-ші дивизиясының құрамында жалғасын табады. Осында жүріп кіші командир-сержанттық дәрежені иеленген ол талай мәрте кескілескен шайқасқа қатысты.  Сол шайқастың бірінде ауыр жарақат алған ағамыз Саратов қаласындағы госпитальда төрт ай бойы ем алып, майданға қайта оралады. Сол күндердегі жанқиярлық ерлігі үшін «За отвагу» медалі берілді.

1943-1944 жылдары атқыштар мектебінен дәріс алды. Сержант дәрежесін иеленген ағамыз атқыштар бөлімінің командирі болды. Бозғұлан ағамыз өзінің жазған естелігінде «1944 жылдың шілде айы. Кеңес Одағын төрт айда алмақ болған «Барбаросса» жоспары күйреген тұс. Гитлер армиясы бұл уақытта Брест-Литовскіге шегініп бара жатқан еді. Күн-түні кескілескен ұрыс бірнеше күнге созылды. Осы шайқаста мен сол аяғымнан ауыр жарақат алдым. Менің тірі қалуыма қол ұшын созған украиндық достарым Лагренко мен Оленич, Левгонканы сағынышпен іздеймін» деп еске алады.

Бас қолбасшының бұйрығымен 1944 жылдың қазан айында Бозғұлан аға офицерлер даярлайтын курсқа баратындар тізіміне енгізілді. Жауынгерлер Приморье өлкесінің Сызрань қаласындағы офицерлер даярлайтын әскери училищеден дәріс алып, лейтенант шенін иеленді. Соғыс аяқталса да, Бозғұлан аға 1946-1947 жылдар аралығында Кеңес Одағы әскері қатарында офицер-лейтенант шенінде қызмет атқарды.

Сол жылдары Тамбов жаяу әскер училищесінің басшылығы ұзақ мерзімге қызметте қалуға ұсыныс жасаған екен. «Екі ойлы болып жүрген едім  ауылдағы Әбу есімді анамнан келген хат маған дұрыс шешім қабылдауға әсерін тигізді. Елге қайтуыма кеңес берген екен. Ойланбастан Бас қолбасшыға өтініш хат жолдадым. Осылайша, 1947 жылдың сәуір айында өзімнің туған топырағыма оралдым» дейтін.

Бозғұлан Кеулімжаев Отан қорғаудағы ерліктері үшін «Ерлігі үшін», «Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуков» медальдарымен, III дәрежелі «Даңқ», II дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен марапатталған. Ал бейбіт жылдары «Ұлы Отан соғысының Жеңісіне 40 жыл, 50 жыл» медальдарына ие болды.

Бейбіт күнде ағамыз ұлағатты ұстаз атанды. 1947 жылдың шілде айында Қызылқұмға келіп, Қазалыдағы бастауыш мектепке жолдамамен жіберілді. Еңбек ете жүріп Қызылорда педагогикалық институтының тіл-әдебиет факультетіне сырттай оқуға түсіп, жоғары білім алды.

Ұлағатты ұстаз 45 жыл бойы балаларды тәрбиелеу мен сауаттандыруға бар күш-жігерін жұмсай білді. Ол білімді болды, жаңалыққа жаны құмар еді, оқушыларға тиянақты білім беруде ізденімпаз ұстаз атанды.

1947 жылдан бастап «Майдакөл» бастауыш мектебінде ұстаздық еңбек жолын бастап, бертін келе оқу ісінің меңгерушісі, №98 орта мектебінде бастауыш сыныптарының жетекшісі қызметтерін абыроймен атқарды. Қырық бес жыл ішінде білім нәрімен сусындаған жүздеген шәкірттері өмірдің тарау-тарау жолына түсіп, халық игілігіне кіршіксіз қызмет етуде.

Бозғұлан ағамыз тіл маманы болғандықтан ана тілін аса құрмет тұтатын, қамқоршысы еді. Мемлекеттік басылымдарда оқырмандарға ой салатын, ел өміріндегі жан тербететін өткір мәселелерді мақала етіп үздіксіз жазып, ел-жұртының ауызбірлігіне өлшеусіз үлес қосты.

«Мен соғыс жылдары Асқар Тоқмағанбетов, Әбдікәрім Оңалбаев, Меңдияр Киікбаев, Төлеген Үркімбаев, Қуаныш Баймағанбетов сынды ақындардың өлеңдерін жібермей оқитынмын. Олардың отты жырлары бізді ерлікке, Отанды сүюге шақырып, бойымызға қанат бітіретін» дейтін еді ағамыз ағынан жарылып.

Оның білім саласындағы, ұлағатты ұстаздық жолындағы еңбектері де ескерусіз қалған жоқ. Жас ұрпақ тәрбиелеудегі жетістіктері үшін аудан, облыс көлемінде бірнеше мәрте «Алғыс хат», мақтау қағаздарымен марапатталды. Білім беру жолындағы өлшеусіз еңбегі үшін «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» атанды. Біз де Бозғұлан ағамыздың алдынан әріп танып, шәкірті болғанымызды әрқашан да мақтан тұтамыз.

1948 жылы Алмаш есімді ару жеңешемізбен шаңырақ көтеріп, өмірге сегіз бала әкелді. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, өнегелі де өркенді отбасы болды. Балаларының барлығы  жоғары білім алып, сан алуан мамандық иелері атанды.

– Ел-жұртымның құрметіне, балаларымның қамқорлығына бөлендім. Немерелерімнің қызығына кенеліп жүрмін. Ендігі тілек Алла екі дүниенің абыройын беріп, бала-шаға алдында жамандығын көрсетпей кетсем арманым жоқ. Тағдырыма ризамын, – деген сөзді жиі айтатын еді.

Осындай салиқалы ой айтар сырбаз мінезді, алып жүректі ақсақал 2004 жылдың мамыражай мамыр айында 81 жасқа қараған шағында дүниеден озды. 

Ел-халықтың алғысын арқалаумен ғұмыр кешіп, артында өнегелі мұраны мәңгілікке қалдырған тұлғалы азамат жайлы жерлестері әлі күнге дейін жылы лебізін білдіреді. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген сөз осындай ізгі жандарға арнап айтылса керек-ті.

Баймырза ҚОЖАМБЕРЛИЕВ,

философия ғылымдарының докторы, профессор,

Қазалы ауданының құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<