Қан майданның қаһарманы

582

0

«Мен атқыш болып қызмет атқарған 19-гвардиялық Сиваш атындағы корпустың танк полкі 1945 жылдың ақпан айында эшелонмен Германия жеріне қарай қозғалды. Мемлекеттік шекарадан өткен соң  күндіз орманның ішінде демалып, түнде жүріп отырдық. Осы мардымсыз жүріспен сәуір айының басында Одер өзенінің жағасына жетіп, ІІІ Украина майданының құрамында шеп құрып тұрдық.

Біз өзеннің жағасынан 500 метрдей қашықта орналастық. Өзеннің жағасы көкорай шалғын, қалың орман. Арнасы жарты шақырым келеді. Арғы жағына неміс армиясы, бергі жағына біздің армиямыз орналасты. Күндіз-түні сарбаздар да, техникалар да ағылып келіп жатыр. Осыған қарап, алда үлкен шайқас болатыны өзінен-өзі белгілі болып тұрды.

Бір күндері түнде самолеттерді бақылайтын, жарық шашатын құралдарды тасып әкеліп, арақашықтығын бір-бірінен 20-30 метр шамасындай етіп орналастыра бастады. Қараңғылық түскеннен таң атқанша тасыды. Соғыс деген тактика, яғни қарапайым тілмен айтсақ, қулық. Кімнің қулығы асады, сол жеңеді. Құралдарды орналастыру аяқталысымен, қалқымалы көпірлерді таси бастады. Біздің жақ алдағы шайқасқа орасан зор даярлық жасап жатқанын көзіміз көріп отырды. Одер өзенінің біз тұрған жағалауы Берлиннен 60 шақырым, бір қимылдасақ жетіп баратын жер. Минометтен, катюшадан үздіксіз оқ жаудырып тұрады. Азанда және кешке таман, кемі 4-5 сағатқа созылады. Бірақ шабуылға шықпаймыз. Осылайша сәуірдің жиырма бесіне дейін тұрдық.

Кеш болды, қараңғылық орнаған соң алдыңғы шепке әкеліп қойған жарық беретін құралдарды жағып жіберді де, шабуылды бастады. Күндізгідей көріп отырмыз, ал немістер жағы жарыққа көздері шағылысып көрмей, далаға атып жатыр. Өзеннен демнің арасында өте шықтық. Неміс армиясы он екі қорғаныс, күшті бекініс жасаған екен. Шабуылды бұзып-жарып, төртінші күні Берлинге қарай жол тарттық. Неміс армиясының көрсеткен қарсылығына қарамастан, 2 мамыр күні Берлиннің шеткі көшесіне кірген едік. Осы Одер бойындағы шайқаста көрсеткен ерлігім үшін «І дәрежелі Ұлы Отан соғысы» орденімен наградталдым.

Төрт жыл бойы шыбын жанын шүберекке түйіп, өлім мен өмірдің арасында жүрсе де Жеңіс туының желбірейтініне ешбір күдіктенбеген, «Жеңіс» деген қуанышты хабарды Берлиннің түбінде естіген сәтте шаттыққа бөленген қарапайым солдаттың көңіл толқынысын сөзбен жеткізу мүмкін емес еді. Олар бірін-бірі құшақтап, бас киімдерін аспанға атып, мәре-сәре болды. Осындай бақытты сәтте ұрыс даласында қапияда айырылған, күні кеше тай-құлындай тебісіп, ыстық-суықты бірге көріскен достарын, қандыкөйлек жолдастарын естеріне алысып, көз жасына ерік беріп жатқандар да баршылық.

Сонымен төрт жылға созылған Отанымыздың миллиондаған боздағының өмірін жалмаған алапат соғыс Жеңіспен аяқталып, аман қалғандар елге қайта бастады. Мен де соғыста үш рет жеңіл, бір рет контузия алған ауыр жарақатым болған себептен елге қайттым».

Бұл қан майданда Отан үшін қан төгіп, бейбіт өмірде оқу-ағарту ісіне үлес қосқан қайраткер, ІІІ дәрежелі «Даңқ», «Қызыл Жұлдыз», «І дәрежелі Ұлы Отан соғысы» орденінің иегері, Халық ағарту ісінің озық қызметкері және КСРО оқу-ағарту ісінің озығы Мәткәрім Досжановтың естеліктерінің бірі еді.

Ол 1924 жылдың көктемінде Жаңақорған ауданы «Бесарық» ауылдық кеңесіне қарасты «Ақтас» (мешіті) елді мекенінде дүниеге келген. Ата-анасынан жастай жетім қалып, балалар үйінде тәрбиеленіп өскен ол 1942 жылы майданға аттанған.

Бейбіт күнде ұлағатты ұстаз атанды. Ұстаздық жолын Жаңақорған ауданындағы «Жайылма» жетіжылдық мектебіне әскери жетекші және соғыс ісі пәнінің мұғалімі болып бастап, бертін келе «Детдом» жанындағы жетіжылдық мектептің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі, №165 «Тақыркөл» жетіжылдық мектебінің директоры болған. Одан әрі №223 сегізжылдық мектептің негізін қалаған және осы мектепке директор болған. Кейін №192 орта мектептің директоры қызметіне ауыстырылып, осы мектептен зейнетке шықты. Ұлағатты ұстаз 45 жыл бойы балаларды тәрбиелеуге бар күш-жігерін жұмсады.

Осы қызметте жүріп өзіне лайықты ізбасарлар дайындап, олар аудан, облыс және республика көлемінде жақсы қырынан танылды. Ол кісінің оқу-ағарту саласындағы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Жас ұрпақ тәрбиесіндегі жетістіктері мен ерен еңбегі үшін мемлекеттік наградалардан тыс аудандық халық ағарту бөлімінің, облыс әкімі мен Білім және ғылым министрінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Мәткәрім Досжанов зейнеткерлікке шыққан соң да қоғамның талабын, мемлекеттің саясатын жүзеге асыруға белсене араласты. Ауыл, аудан өмірі мен тұрмыс-тіршілігіндегі өзекті мәселелерді шешуге білек сыбана кірісті. Басылымдарға оқырмандарға ой салатын, ел өміріндегі өткір мәселелер туралы  мақала жазып, ел-жұртының ауызбірлігіне өлшеусіз үлес қосты.

Осы кезеңде «Келінтөбе» ауылына алғаш типтік мектеп пен балабақша салынуына қол жеткізді. Тіл маманы болғандықтан ана тілін аса құрмет тұтатын еді. Соның дәлелі болар, ол кісі №192 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнін үздік оқып, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласқан жоғары сынып оқушысына әр тоқсан сайын өз қалтасынан шәкіртақы тағайындаған.

Соғыстан аман оралып, елінің өркендеуіне үлкен үлес қосып, артында өнегелі мұра қалдырған тұлғалы азаматты танып, құрмет көрсету бүгінгі ұрпақтың міндеті болып саналады. Өйткені бұл – алдыңғы буын ағалар алдындағы біздің парызымыз және борышымыз.

Берік ОРАЗБЕКҰЛЫ,

№8 облыстық арнайы санаториялық

мектеп-интернаты оқу бөлімінің маманы.

Қызылорда қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<