Ұлтымыздың рухани биіктігін танытқан ойшыл жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы бізге несімен қымбат, неліктен біз оған жиі-жиі орала береміз? «Ымырт», «Сергелдең», «Күйреу» атты үш кітапқа терең үңілсеңіз, жазушының суреткерлік құпиясы мен өзіндік ерекшелігі ашыла түседі. Бұл трилогия – ел, халық туралы әлеуметтік психологиялық типтік шығарма. Былайша айтқанда, кейіпкерлердің ішкі монологынан тұратын, ұлттық мінезді көрсететін – замана эпосы.
«Қан мен тер» трилогиясының тақырып – идеясы, сюжеті, образдар жүйесі, мәні мен маңызы туралы сан рет айтылып, талданып жүр. Бұл жолы біз трилогиядағы психологизмге тоқталмақпыз. Өмірде болып жатқан әртүрлі жағдайлардың көркем шығармада шындыққа айналуына байланысты кейіпкердің көңіл-күйіндегі күйініш пен сүйінішін, құбылыстарын жазушының психологиялық ішкі монолог арқылы көз алдымызға елестету шеберлігін сөз етпекшіміз.
«Қан мен терде» кейіпкерлердің ішкі күйзеліске түсуі, жан азабы, сергелдеңі, күйреуі – кім-кімді де ойландырады. Шығармада кейіпкердің көңіл-күйіне орай трагедиялық ахуал мен ащы шындықты, ауыр мұңды Ә.Нұрпейісов әрқилы нысанда көрсетіп, оқырманға оңтайлы жеткізіп берген. Академик З.Қабдолов: «Қан мен тер» трилогиясында табиғат қаһарманның ішкі дүниесімен астасып, сезіммен тұтасып, оймен өрілгенде оқырманның қиялы да ұшып, қия кезіп кетеді. Қаһарман, автор, оқырман үшеуі біртұтас психологиялық үндестікке көшеді» деп трилогиядағы кейіпкерлердің ішкі әлеміндегі тартысқа, психологиялық ерекшеліктеріне баға береді.
Жазушының өзі бір толғаныстарында: «Бүкіл оқиғаның жанды қозғаушысы, соны тудырушы характердің бар сипатын, мәнін болжап білу, тамырын басып байқау болмақ. Үлкен шығарма жазу үшін ерекше характерді тауып қана қоюға, соған мәз болуға болмайды. Әрине, суреткерге сол характердің әлеуметтік мәнін түсіну, көре білу керек болады» деп адам психологиясының арпалысы қиындықтан жол табуға бастайтынын айтып өтеді.
Әдебиет зерттеушісі, ғалым Б.Майтанов: «Психологизм – көркем әдебиеттің тұтас болмысынан ажырамас қасиет. Сонымен бірге психологизм – көркемдік бейнелеу принципі, ойлау типі, жазушы талантының төл белгісі әрі стиль көрінісі» деп көркем шығармадағы психологизм кейіпкерлер психологиясының шынайы болмысын танудың жолдары екенін айтады.
Трилогиядағы бас қаһармандар Еламан, Ақбала, Тәңірберген, Кәлен, Қарақатын, Судыр Ахмет, Есбол, Сүйеу қарт, Мөңке, Рай, Қаратаз, Айғанша, Төлеу, Қалау, Кенжекей, Балжан, Ебейсін, Темірке, Тентек, Шодыр, Дос, Чернов, Федоров, тағы басқаларды шынайы өрнектеу үшін психологиялық портреті, яғни, ішкі-сыртқы мінездемесі ашылады.
Мәселен, трилогиядағы мына бір эпизодты алайықшы:
«Еламан кешкі ымыртта ауды жинап алып, балықшылар тұратын жертөлеге үйіне оралады. Есігінің алдында қаңтарулы тұрған бәйге күреңге көзі түскен бойда Еламанның жаны аяғының басына кетіп, жар кемердің жиегінде сілейіп қалды. Сол сәтте әлдеқайдан сары қаншық мұп-мұздай тұмсығымен бұның қолын жалап алды. Еламан бойын жиып ала қойды». Жаратылысынан момын Еламанды жазушы мінез-құлық психологиясы өрнектерінен іздейді.
Келтірілген үзіндіден Еламан тағдырын ашуда жазушы оның жолы екінің бірі өтетін ауыр өткел емес, оның жан дүниесінің тұңғиықтары арпалыстардан тұратынын көрсетпек болған.
Федоров пен Еламан диалогындағы Федоровтың жанұшыра қорқуы мен Еламанның бойындағы жан арпалысы, кек кісі өліміне әкеледі. Жазушы кейіпкер психологиясын аша отырып, оқиғаны әлеуметтік жағдаятқа тірейді.
– Ау, құралдарың қайда? – деп ақырды Федоров. Еламан қолындағы сүйменді сығымдай ұстады. Федоров сүйменді жаңа байқап, зәресі ұшып кетті. Жолдастары келе жатқан жаққа жалт қарады.
– Сен ит… адамдарың қай деп сұрамайсың? – деп Еламан қарсы ақырды. Темір сүйменді де құлаштай сілтеді.
Келесі бір эпизодта Еламан ішкі сырын анасына:
– Кісі өлтіру кәсібім емес еді, балықшы едім, – деп деміккендей боп тоқтады да, қысқа күнде қырық өле бергесін, бірін өлтіріп, жастығымды алып жатқым келді. Қадірлі ана, біздің жайымыз осы», – дейді.
Келтірілген үзіндіден Еламан жан дүниесіндегі арпалыс, адамгершілікке қарсы зұлымдық жасағанына аһ ұрып өкінеді. Сең соққан балықтай сергелдеңге түскен жаны соқтықпалы өмірден соқпақ іздеп бара жатады. Ішіндегі қайнап жатқан ыза-кекті осылай шығарады. Ақбалаға да көңілі суып, басын тауға да, тасқа да ұрады.
Ә.Нұрпейісов әйел психологиясының жұмбақ сырларын Ақбала бейнесі арқылы шебер бейнелейді. Ақбаланың Тәңірбергенге бірден құлай кетуіне қандай психологиялық негіз бар? Біріншіден, Ақбаланың сезімталдығы, жұмбақ сезім, екіншіден, ішкі түйсігі, Еламанды жақсы көргенмен, Тәңірбергенге бейтарап емес, бірден көне салады.
Әбдіжәміл Нұрпейісов кейіпкер мен қоршаған ортаның арақатынасындағы қайшылықты Ақбала психологиясы арқылы ұлттық мінезді танытып, әйел сезімінің ешқандай жағдайға мойынсұнбайтын құпия құдіретін ашады.
Қаһарманның көңіл-күйін, терең психологиялық иірімдерін ішкі монологтармен беруде де жазушы шеберлігін байқаймыз.
Мәселен, Мөңкенің он баласының тоғызы өліп, қалған бір баласы да әл үстінде жатқандығы Есбол қарияның: «Пұсырдан қалған бұл да жалғыз із, соңғы зүрият! Ойдөйт десейші! Ойдай, заман-ай» деп, тақия киген ақ құйқа басын түңіле изеп қояды деп келетін тұс.
Бұл үзіндідегі Есбол қарттың іштегі өкініші, ыза, аһ ұрған арман, бәрін бір күрсініске сыйғызып психологиялық мінездеме берген. Жазушы адамның психологиясын, әр алуан көңіл-күйін мейлінше әсерлі, нанымды бейнелейді.
Трилогияда психотрагизм кейіпкерлердің көңіл-күйіне орай әртүрлі нысанда көрініс береді. Сүйеу қартты: “Ызалы ашу қысқанда ақ кірпігі қырғи қанатындай лып-лып етеді» десе, Судыр Ахметтің: «Неменеге айналдыра бересің мені, қыр соңымнан қалмай? Ойбай-ау, судағы балық түгел» Судыр Ахмет жер тепкілеп отыра кетті. – Ойбай ғана құдай-ау, мына қара жердің бетінен несібемді таппай жүрген сорлы емеспін бе мен», – деп ойбай салып, маңдайын ұрғылай бастайды деп суреттейді.
Психолог жазушы, Тәңірбергеннің рухани ішкі дүниесінің тас-талқан боп күйреуін суреткерлікпен өрнектейді. Аштық пен шөл қажытқан қалың тобырдың ішінде Тәңірберген осынау опасыз жалғанды өзінің кеш байқағанына өкініп, айқайлағысы келеді, оған шамасы да келмеді, даусы да шықпайтынын Тәңірберген пиғылы мен ойын осылай күйретеді.
«Мына көк зеңгір аспанның рақымы мен әділдігінде шек жоқ. Көкірегінде күдік оятқан осы бір сауалға жауап іздегендей жас мырза тәлтіректеп, толықсып тұрып тас төбедегі көк аспанға қайта қарады» деп Тәңірберген көкірегіндегі күрсініс пен күңіреністі жеріне жеткізіп, рухани ішкі дүниесінің тас-талқан боп күйреуін үлкен суреткерлікпен берген.
Ә.Нұрпейісов «Қан мен тер» трилогиясында ұлттық сезімді жоғары қояды. Халықтың тағдыры бас кейіпкердің атынан шебер беріледі. Қарыз бен парыз, ар мен ұят, еңбексүйгіштік пен жалқаулық арасындағы арпалыста адамның жан азабы, сергелдеңге түсуі, кейіпкерлердің күйзелісін терең психологизм арқылы бейнелейді. Адам характерін жасау жолында психологизмді меңгере, шеберлікпен сәтті пайдаланған. Оның психологиялық табыстары ерекше таланты мен суреткерлік дарынын танытатыны сөзсіз.
Ұлжан Жанбершиева,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<