Асылы, адам баласы кешкен ғұмырымен емес, сол азды-көпті ғұмырында халқына еткен адал қызметімен есте қалады. Адамгершілік бітім-болмысымен, кісілік келбетімен көп ішінде дара тұрады. Ал өмірлік өнегесі ұрпаққа ұласады. Асыл азамат, ақыл-парасат иесі, ҚР еңбегі сіңген дәрігер, «Құрмет» орденінің иегері Егенберді Әмитовтің еліміздің медицина саласындағы орны ерекше. Ол туралы айтылар естелік те аз емес.
Сонау бозбала шақтан бастап ел ағасы атанып, егде жасқа жеткенде де екеуміздің достығымызға сызат түскен жоқ. Себебі, ойымыз орайлас, сөзіміз сабақтас, жан дүниеміз жақын болатын. Оның үстіне, жауапкершілігі мың батпан медицина саласында қатар қызмет еттік. Жылдар жылжыған сайын тәжірибеміз толысып, мамандығымыздың қыр-сырын терең меңгеруге тырыстық, жас мамандардың ақылшысына айналдық. Иә, өмір-керуен, жолында кездескен белестерді кейінге тастап, өте береді екен. Ал адам сол – көш-керуеннің бір бөлшегі, солай болған, солай болып та қала береді.
Алматы дәрігерлік институтына емтихан тапсырған кезіміз. 1957 жыл еді. Оқуға қабылданғанымызға бір айға жетер-жетпестен бізді жаңадан ашылып жатқан Ақтөбе дәрігерлік институтына жіберді. Жастық жалын бойымызда, жаңалыққа құштармыз. Қалай дегенде студенттік өмір өз алдына тарих. Алғашында ұзақ болып көрінген алты жыл көзді ашып- жұмғанша өте шықты. Алайда өткен уақыттың өзіндік салмағы бар, ойымызға ой қосып, сүйікті мамандығымызды теория жүзінде толық ұғынып алғанбыз. Алдымызда тәжірибе алаңы, жолдамамен жан-жаққа тарадық. Айтпақшы, жас мамандар қайда баратынына таңдау жасап жатқанда, Еген досымыз еш ойланбастан туған жері – Жаңақорғанға жол тартты.
Жұмысын аудандық туберкулезге қарсы диспансерде дәрігерліктен бастап, жыл көлемінде осы аурухананың бас дәрігері лауазымына көтерілді. Әлбетте, бұл жас дәрігердің бойындағы білім мен іскерліктің көрінісі болса керек. Сол мекемеде 9 жылдай қалтқысыз қызмет атқарып, өзінің нағыз дәрігерлік болмысын қалыптастырды. Ел-жұрты азаматтың еңбегін лайықты бағалап, оған аудандық аурухананың бас дәрігері болуды ұсынды. Халықтың сенімінен артық қолдау бар ма? Сонымен 1972-1985 жылдар аралығында Жаңақорған аудандық ауруханасына басшылық жасап, бұл қызметін де абыроймен атқарды.
Адам өмірі үшін әрбір сәтте жауапкершілік арқалайтын дәрігер мамандығы – екінің бірі еншілей алмайтын аса жауапты міндет. Айталық, бұл салада қызмет ететін маманға, ең алдымен, адамгершілік, ар тазалығы, әсіресе, жүрек жылуы қажет. Сонда ғана елдің алғысын алып, ықыласына бөленесің. Бүгінгі естелігімізге арқау болып отырған Еген досым, Егенберді Әмитовтің бойында осы аталған қасиеттің бәрі бар болатын. Азаматтың басына қонған бақ, бойына тұнған абырой, ісіне дарыған береке оның кісілік келбетін айқындап, болмысын биіктете түскен еді. Әйтсе де тумысынан бойына біткен қарапайымдылығы соның бәрінен биік тұратын. Қазақта «Топырағына қарай дән өседі, тегіне қарай жан өседі» деген сөз бар. Сірә, қадір-қасиеті тегіне қарай берілген болар, ол қай қызметті атқарса да жан тазалығынан бір танбады.
1985 жылы ол аудандық партия комитетінің ұсынысымен, Бүкілодақтық «Жаңақорған» санаториясы мекемесіне бас дәрігерлікке тағайындалды. Атағы алысқа жеткен шипажайға ел аумағынан бөлек, алыс-жақын шетелден де емделушілер толассыз келіп жататын. Бұл орайда бас дәрігер ретінде емдік шараларға өзіндік жаңалықтарын енгізіп, іргелі орталықтың бет-бейнесін қалыптастыруға зор үлесін қосты. Бір ауданның немесе облыстың ғана емес, бүкіл еліміз бойынша денсаулық сақтау саласының қызметін жақсартуға, оның ішінде санаториялық ем жасауда, саладағы өзекті мәселелерді шешуде аянбай күш-жігерін жұмсады. Осы мекемеде он жылдан аса қызмет атқарып, зейнеткерлік демалысқа шықты. Білікті дәрігерге қашан да сұраныс жоғары, сол себепті, дәрігер-терапевт ретінде қызметін жалғастырды.
Еген өзінің еңбекқорлығымен талай шыңдарды бағындырып, адами қасиеттерімен абыройлы азамат болды. Өмірдің мазмұны тұрмысында да, қызметінде де, ең қызығы адаммен, айналасымен араласып, сыйласа білуден тұрса, Еген бұл орайда үлгі-өнеге көрсетті. Ол өзгені сыйлады, өзін де сыйлата білді. Жерлестерінің айрықша құрмет тұтып, сыйлайтындығы сол қасиетінің айғағы болар.
«Досыңның кім екенін айт, сосын мен сенің кім екеніңді айтайын» деген сөз ойға оралғанда, мен Еген секілді досым болғанына қуанамын. Шынында, көңілімді мақтаныш кернейді. Үзеңгі қағыстырып қатар жүргенде байқағаным, ол өзін көтермелеу үшін өзгелер жайлы ғайбат әңгіме айтқан емес. Бейберекет сөз сөйлемейтін, көзге түсуге тырыспайтын, әрдайым бетегеден биік, жусаннан аласа қалпын ұстайтын. Сонымен бірге, орынды әзілімен ойландырып қою да оның мінезінің бір қыры еді.
Оның өзіндік ұстанымы бар, сергек көңілімен сенімді сөйлейтін, көкірегі ояу, сезімі мол болатын. Осындай шынайы болмысымен елдің сеніміне ие болған азаматтың бірегейі. Табиғатынан тәкаппарлық жоқ, адал еңбекті, достықты, адамгершілікті ту еткен. Осының барлығын өмір жолында өз ісімен көрсеткен еді. Иә, бір сөзбен айтқанда, Алла берген қасиет – азаматтық, парасаттылық, кішіпейілділік Егенді биік сатыға көтергеніне біз куә болдық.
Жоғарыда айтып өттік, қандай қызмет сатысында жүрсе де, ол әрдайым халықтың сенімі мен қолдауын иеленді. Жаңақорған аудандық кеңесінің бірнеше шақырылым депутаты болып сайлануы, аудандық партия комитетінің пленум мүшесі болуы да елдің артқан сенімі еді.
1978 жылы Алматы қаласында өткен «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы» конференциясының делегаты. Осындай қоғамдық маңызы бар жиындардан өз ісіне қажетті тәжірибе алуға, оны жүзеге асыруға ынталы болатын. Мысалы, мамандығын шыңдау мақсатында Мәскеу, Қазан, Тәшкен, Новосібір, Фрунзе қалаларында біліктілігін жетілдіріп, жиған тәжірибесін туған жерінің медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға, сол арқылы халқын сауықтыруға жұмсады.
Денсаулық сақтау саласының ұйымдастырушы-дәрігері ретінде Е.Әмитовтің есімі Жаңақорған ауданы тарихында, оның ішінде медицина саласында үлкен әріппен жазылып қалды. Азаматтың еткен еңбегі, төккен тері лайықты бағаланды. КСРО «Денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгісін, «Құрмет белгісі» орденін, «В.И.Лениннің 100 жылдығы» медалін, «Еңбек ардагері» төсбелгісін иеленді. Сондай-ақ, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар өз алдына бір төбе. Еліміздің денсаулық сақтау саласының майталманы атанып, қалың елдің құрметіне бөленген абзал азаматтың өмірі өнеге, болмысы үлгі десек, артық айтқандық емес.
Өмірінің соңғы сәттерін өзінің құтты шаңырағында, аяулы жарының, аялап өсірген перзенттерінің жанында өткерді. Көңілін сұрай барғанымызда, еліне, халқына, жақын-жуық ағайынға разылығын білдірді.
Еген досымыз өмірден өткенде Сырдың абыз ақсақалы Сейілбек Шаухамановтың айтқан мына бір жұбату сөзі жадымызда қалып қойды:
«Құнанбай қайтыс болғанда, «Құнан өлді, қағбаның қақпасындай, Құнан өлді, құранның тақтасындай. Құнан өлді, алдынан жарылқасын, Алтын қалды, артында ат басындай» деп Абайға алып келген ғой. Сондай-ақ, Егенбердінің де артында әке жолын абыроймен жалғайтын ұрпағы қалды» деген болатын Сәкең.
Иә, бүгінде әке жолын қуған Нұриддин Әмитов – облыстық денсаулық сақтау саласының ірі мекемесі – «Көпбейінді облыстық аурухананың» бас дәрігері, облыстық мәслихат депутаты. Оның бойынан да әкеден дарыған ізгі қасиеттерді көруге болады. Ізінен ерген бауырлары да қоғамның белді салаларында белсенді қызмет атқарып келеді.
Сөзімді қорыта келе, бар саналы ғұмырын халқына қалтқысыз қызмет етуге арнаған асыл азамат, туған жерінің тұлғалы перзенті Егенберді Әмитовтің есімі ел-жұртының жадында ұзақ сақталатынына шүбәміз жоқ.
Тұрғанбай МАХАНОВ,
Қызылорда облысының Құрметті азаматы,
Қазақ ССР-не еңбегі сіңген дәрігер
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<