Қарт жауынгермен жүздесу

129

0

Екінің бірі жүзге жетіп жатқан жоқ, оған қоса өткен ғасырдағы ең алапат соғыстың от-жалынының ортасында кеудесін оққа тосып аман оралған соғыс солдаттарының аудандағы соңғы тұяғы ғой деп, Тәуелсіздік күні қарсаңында Тілеуберген Тобабергенов ағамызға сәлем беріп әрі ғасыр жасаған қарияның қолын алып қайтқанды жөн көрдім.

– Әкеміздің ең негізгі науқасы – ол күн өткен сайын қалжыратып келе жатқан қарттық, – дейді бар жағдайын жасап отырған қызы Марал Дүзбай. – Әйтпесе денсаулығы, өзге мұқтаждықтары қалыпты десе болар еді. Азанда тұрғызамын, қан қысымын өлшеймін. «Ас – адамның арқауы» деген ғой, тамағын беремін. Құдайға шүкір, тәбетінде мін жоқ. Әкеміз қандай тамақты ұнатады, қаншалықты, қай кезде жейді, оны ұзақ жылдық тәжірибемде жеке аспазы сияқты меңгеріп болғанмын. Дәл сол сияқты тәуліктің қай кезінде демалғысы келеді, тұрғысы келеді, сыртқа таза ауаға шыққысы келеді, денсаулығы аздап сыр берсе қандай ем қолдану керек – мұны да арасын үзбей денсаулығын тексеріп, ем-дом жасап жиі келіп тұратын «Болат жолы» емханасының меңгерушісі Сейілхан Артықбаевтың, дәрігерлерінің ақыл-кеңесіне сүйеніп, жеке дәрігері сияқты үйреніп алғанмын. Аллаға тәуба, әкеміздің арқасында бұл шаңыраққа талай жақсы мен жайсаңның табаны тиіп, дәм-тұздас болып жатырмыз. Кәріліктің емі болмайтыны рас, әйтсе де аудандағы соғыстың соңғы куәсі – әкеміздің 101-ші қаңтарын, кең көлемде атап өтілетін Жеңіс мерекесін Алла қуат беріп аман қарсы алуына тілектеспіз.

Адамзат баласына алапат қатер төндірген соғыс өртінің өшкеніне 80 жылға жуықтаса да, жері мен намысын жауға таптатпаған жеңімпаз аға ұрпақтың ерлігі естен кете қоймас.

Соғыс ардагерлерінің балалық, жастық өмірдеректері көп жағдайда ұқсас болып келуі қалыпты жағдай. Өйткені олардың басым көпшілігі енді ғана орнап есін жия бастаған кеңестік жүйе тұсында өмірге келді, жеті жұттың бірі – ашаршылық азабын жан-тәнімен сезінді, отбасы мүшелерін репрессия ойраны шарпымаған шаңырақ та кемде-кем шығар. Аталған аласапыраннан арылып болмай жатып кеуделерін оққа тосқан жанкешті жауынгерлердің бір бөлігі қыршын қалпында қан майданда жанын хаққа тапсырса, енді бір бөлігі жаралы жаны мен тәнін сүйретіп елге оралғанымен бейбіт заманның берекесін көру бұйырмай өмірден ерте өтті.

Ал Қазалы уезіндегі Жамбыл колхозының 2-ауылдық кеңесінде 1924 жылдың 1 қаңтарында дүниеге келген Тілеуберген Тобабергеновтің тағдырына Жаратушы ием ғасырдан да ұзақ ғұмыр нәсіп етіпті. Кеңестің колхоз жұмысында болған ата-анасынан өрбіген 4 ағайындының үлкені Тілеуберген еді. Жастайынан бейнетке бейімделіп, шыңдалып өскен жігерлі жасөспірім жетіжылдық білім алды. Одан соң болашағын бағамдауға да мұршасын келтірмеген кермек тағдыры алды-артына қаратпай соғыс соқпағына салды да жіберді.

Бүгінгі күні қайсысына қай жердің топырағы бұйырғаны, кейінгі тағдырларының қалай қалыптасқаны белгісіз Қазалы ауданынан жиналған 370 бозбаланы 1942 жылдың 1 қаңтарында эшелонға тиеп Өзбекстанның Шыршық қаласына жеткізгенде, Тілеуберген он сегізге енді аяқ басқан еді. Сол жерде он күн соғысқа бергісіз әскери ойын ойналды.

Батысқа жол тартқан әскери эшелон Смоленск түбіне жеткенде, қысқа күнді қаңтар айы да аяқталып қалған. Вагондардан жерге секіріп түсіп жатқан, әлі оң-солын ажыратып та үлгермеген ауылдың сарыауыз жасөспірімдерін жан-жағына қарауға мұршаларын келтірмей қысқа-нұсқа әмірлі дауыс пен сарт-сұрт еткен жіті қимылды кіші командирлер талапайлап бөліп әкетті. Тілеуберген артиллерияға түсіп, аз уақыт ішінде жетпіс алты миллиметрлік соғыс қаруын меңгеріп шықты. Маршал Жуков басқаратын Беларусь майданының 28-армиясына қарасты 34-артиллерия дивизионы сапындағы жорық жолында Смоленскіні, Минскіні жаудан тазартуға қатысты.

1943 жылдың соңында ауыр жарақат алып, Тбилисидегі госпитальда тоғыз ай он күн жатты. Бұл кезде елдегі ата-анасына қара қағаз да жіберіліп қойыпты. Дәм-тұзы таусылмаған екен. 1944 жылдың тамызында өз армиясына қосылып әуелі автоматшы, содан кейін барлаушы болып соғысты жалғастырды.

Кенигсберг, Румыния, Чехословакия, Польшаны азат етуге қатысты. Одер өзенінен өтуге бағытталған жиырма күндік қанды қырғыннан да аман шықты. 1945 жылдың 9 мамырын Берлинде қарсы алды. «Отан соғысы» орденімен, Кенигсбергті, Берлинді азат еткені үшін, Германияны жеңгені үшін медальдарымен марапатталды.

Елге келіп отбасын құрды, 1948 жылы әскерилендірілген күзет бөліміне жұмысқа тұрды. 1964 жылы Қазалыдағы ПМК-86 мекемесіне ауысып, сол жерден зейнетке шықты.

Уақыт соғыс жаңғырығын алыстатқан сайын, ел мен жерді қорғау жолында қан төгіп жанын берген, аман келген жеңімпаз жауынгерлерді ұлықтай жүру, ұмытпай жүру де ұрпақ үшін олардың алдындағы парыз бен қарыздың қайтарымы десек артық болмас.

 Әлімжан ҚИЯС.

Әйтеке би кенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<