Қасиетімен қайран қылған

450

0

Әкем Жақсылық көргенін ұмытпайтын зейінімен, естігенін жадына сақтайтын құймақұлақтығымен таңғалдыратын. Айтқан әңгімелерін көзбен көргендей баяндап, өлеңдерді, хикаяларды ұмытпай, есте сақтайтынына риза болатынбыз. Айтқан естеліктерінің есімде сақталғандарын көпшілік назарына ұсынғым келді.

Әкем «Жаңақорған» шипажайында ем алған уақытында өзімен замандас бір азаматпен танысыпты. Бірде бізге сол туралы әңгімелеп берген еді.

– Бұл науқас маған 16-17 жасымда жабысты, – деп бастапты әңгімесін әлгі кісі. – Бір ақ күшік қасымнан қалмайды. Ол жаныма келсе болды, күшім бойыма сыймайды. Күндіз күлкі, түнде ұйқы жоқ, тамақ ішу жайына қалды. Менен басқаға көрінбейді. Ешкім айтқаныма сенбейді. Мәңгіріп, ауру жанға айналдым. Әке-шешем дүние салып кеткен, ағамның апармаған жері жоқ, ем қонбады. Содан «Қызыл ту» колхозында тұратын Әбдіғали есімді шопанның емшілік қасиеті жайлы естіп, сол кісіге көрсетпекші болып жолға шықтық. Ауылына келсек, қыстауға енді қонып жатыр екен. Абыр-сабыр, қарбалас тіршілік. Қысқы үй дайын болмаған соң, киіз үйде отыр. Ағама: «Келе жатқандарыңды білгенмін. Қазір емес, ініңді үш күннен соң қараймын, тастап кетесің бе, қайта алып келесің бе, өзің біл» деді. Әйтеуір қараймын деген ниетіне разы болды ма, әлде менің сол емшінің қасында жүргенімді дәтке қуат етті ме, ағам мені Әбдіғали емшінің қасына қалдырып кетті…

Емші ұзын бойлы, кең жауырынды, көк көзді кісі екен. Маған тапсырғаны – ауыл жанынан отын сындырып, оны жинау. Үш күнде сексеуіл мен жыңғылды тау қылдым. Күшім тасығаны соншалық сексеуілді томарымен қоса жұлып аламын. Емшінің отбасымен бірге киіз үйге қонып жүрдім, әлі ұйқы жоқ, жарытып тамақ та ішпеймін. Сол үйдің адамдарының әрекетіне қарап, уақыт өткіземін. Әбдіғали емшінің қолынан таяғы түспейді, кешке кіреберіс босағаға сүйеп қояды. Тағы бір байқағаным, күнде жатарда кемпіріне «Тас қып көм, тас қып көм» деп қадағалап тұрып, сексеуілдің шоғын күлмен жаптырады екен.

Емшінің айтқан уақытынан кейінгі күн болу керек. Бала-шаға ұйықтап қалған. Менде ұйқы жоқ. Түн ортасы ауа Әбдіғали емші орнынан ұшып тұрып: «Мына нәлет келді ғой!» деді де ошақтағы күлді жалаңаш қолымен көсіп-көсіп ашып жіберді. Сексеуіл шоқтанып тұр екен, таяғын қолына ала, сыртқа жүгіре басып шықты. Дала айқай-шу болып кетті, бір нәрсені қуып жүр ме, дауыс алыстап кетті. Біз емшінің кемпірі екеуміз үрпиіп, оттың жанында отырып қалдық. Таң атып, төңірек жап-жарық болған кезде Әбдіғали емші келді. Өзі шаршаған. «Бала ауруың ақ күшік екен ғой. Қуып едім, жете алмадым. Қашып өзенге түсіп кетті. Балдырға оратылғандай болды. Суға кетсе, бұл аурудан құтыласың. Тірі қалса, саған қайта келеді. Бірақ мен тіріде саған жоламайды» деді. Содан кемпіріне бір үлкендеу ағаш табаққа қатық құйдырып, үстіне жарты таба нан туратып, менің алдыма қойды. Қанша уақыттан бері аш жүрген жанмын ғой, дереу қолға қасық алдым. Одан соң ұйықтап қалыппын. Кеш бата оятып, қатыққа қалған нанды турап жегізіп, қайта жатқызды. Қысқасы, Әбдіғали емшінің үйінен дертімнен айығып қайттым.

Аман-есен тіршілігімді жасап, оқуға түстім, отбасылы болып, ел қатарлы жүріп жаттым. Бір күндері Әбдіғали емшінің дүниеден озғаны жайлы хабар естідік. Жүрегім зу ете қалды. Айналама сыр бермегенмен, іштей күдіктеніп жүрдім. Күткенім де көп ұзамады. Есік алдында отыр едім. Ана жақтан маған қарай арсалаңдап жүгіріп келе жатқан ақ күшікті көрдім. Ақ күшік мені сағынып қалғандай, үстіме секіріп, тіпті жанымнан шықпайтын болды. Баяғы дел-сал, ауру қалпыма қайта түстім. Мен жатпаған аурухана қалмады, ешқандай ем қонбады. Ағайындарым тағы да уайымға түсті.

Ағам бір жиында отырғанда Шіркейлі ауылында тұратын жасынан сопы атанған Спан қожаның тәуіптік қасиеті туралы естіп, мені ертіп бармақшы болды. Әлі есімде ақпанның сарышұнақ аязды күні Спан сопыға барғанымызда ол кісі сыртта дәрет алып отыр екен. Жапырлап сәлем берген бізге көз қиығымен қарады да үндемеді. Ағам бұл кісіге менің науқасымның тарихын түгел айтып берді. Менде үн жоқ, әйтеуір бір үміт, бір күдікке байланып отырмын. Түгел тыңдап болған соң: «Балаларым енді ат жалын тартып мініп еді. Өздерің білесіңдер, үкімет мұндай емге қарсы ғой» деді де маған барлай қарап отырып:

– Ауруың бір оқудан қалатын дерт емес, бірақ мен қартайдым, оны оқуға демім жетпейді. Мен емдей алмаймын, қайта беріңдер! деді.

Салымыз суға кетіп, ұнжырғамыз түсті. Бата сұрадық. Осы кезде:

– Тоқтай тұрыңдар, бәрі бір Алланың қолында, – деді де, кемпіріне бөлменің төрінде ілулі тұрған Құранды алдырды. Киіз қалтаға ақ матамен орап салып қойғаны, көп ұсталғаны көрініп тұр. Спан сопы Құранды қолына алып парақтап аша бастады. Бір кезде: «Е-е, мынау тұр екен ғой» деп қағаз бен қалам алдыртып, кішкене қағазға арабша жаза бастады. Кесеге жылы су құйдырып, ішіне әлгі ішірткі қағазды салып, әбден езді. Маған:

– Бала, «біссіміллә» деп мына суды ішіп жібер, сәтін салса, тәуір болып кетерсің, – деді. Кетіп бара жатқанымда:

– Бәрі бір Алланың қолында, Алла қаласа, жазылып кетерсің, – деп қала берді…

Машинаға мінгенімді білемін, жолда қатып ұйықтап қалыппын. Үйге ағамның көмектесуімен кіріп, ұйқыға қайта бас қойдым. Спан сопының ішірткі суынан соң дертімнен құлан-таза айығып ояндым. Біреу сенсе, біреу сенбейтін осындай оқиға басымнан өткен еді… Құдайдың құдіретінде шек жоқ қой. Түсініксіз дерттен сауығып кетуіме себепші, бірінші Алла Тағала болса, екінші Құраннан алып жазылған ішірткі сөз себеп болды деп ойлаймын. Міне, менің өмірімнен ерекше орын алып, маған шапағаты тиген қасиетті жандар жайлы іште жүрген сыр еді, – деп әңгімесін аяқтаған екен. Әкем әлгі кісінің кейінірек өз ажалынан қайтыс болғанын да айтқан.

Ел арасында, ақсақалдар ортасында талай оқиғалар баяндалды ғой. Соның көбін ескере бермеппіз кезінде. Ал бүгінгі айтылған естелік – ерекше қасиетімен елге аңыз болған, көпке шапағаты тиген жандар жайлы көп сырдың бірі ғана…

Әбдіғали әкеміз 1902 жылы дүниеге келіп, 1965 жылы өмірден өтті. Қази әжемізбен екеуі сегіз бала өсіріп, тәрбиелеген. Үлкені Ұзақкүл апамыздың айтуы бойынша әкеміздің алдына келген науқас жандардың дертіне шипа таппағаны жоқ көрінеді. Бірде екі көзі көрмей келген кісіні де бір айдай емдеп жазған екен. Ал Спан сопы 1902 жылы дүниеге келіп, 1989 жылы өмірден өткен. Иманды кісінің бауырынан он бір бала өрбіп, тәрбиеленген. Балаларының бәрі де дін жолын ұстанған. Мәселен, Әлішер Спанов ағамыз ҚМДБ-ның іс басқарушысы, қажылық бөлімінің меңгерушісі, «Зекет» қорының атқарушы директоры қызметтерін абыроймен атқарды.

Данабек АБДРАЙМОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<