Сыр елі қабырғасы қайысып, орны толмас қазаға душар болды. 2023 жылдың 21 тамызында 100 жастан асқан шағында Ұлы Отан соғысының ардагері, Ұлы Отан соғысының ІІ дәрежелі және «Қызыл Жұлдыз» ордендерінің иегері, «Шиелі ауданының құрметті азаматы» Сәрсенбек Байжанов дүниеден озды.
Сәрсенбек Байжанұлы 1923 жылы 9 мамыр күні Нартай Бекежанов (бұрынғы «Үлгілі») ауылының «Мыңбұлақ» деген жерінде дүниеге келген.
1942-1944 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, Сталинградтың солтүстік-батысындағы «Магеллан» жерінде жарақат алып, екінші топтағы соғыс мүгедегі болып елге оралады.
1944-1950 жылдары колхозда түрлі жұмыстар істеді.
1950-1953 жылдары Түркістан педагогикалық училищесінде оқып, мұғалім мамандығын алды. 1953 жылдан 1963 жылға дейін «Еңбекші» мектебінде ұстаздық қызмет атқарды.
1955-1961 жылдары Қызылордадағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың химия-биология факультетінде білім алды.
1963 жылдан 1991 жылға дейін Н.Бекежанов атындағы №156 қазақ орта мектебінде ұстаздық қызмет атқарды.
1985 жылы 29 наурызда Қазақ ССР Оқу министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Сәрсенбек Байжанұлы еліміздің бейбіт болашағы мен өңірдің өсіп-өркендеуіне, жастарды тәрбиелеуде өлшеусіз үлес қосты. Қай жұмыста болмасын абыройлы, елге сыйлы, халыққа қамқор бола білді.
Майдангер-ұстаз зайыбы Жәмила Сейітжановамен бірге 5 ұл, 6 қыз тәрбиелеп өсірді.
Өмірлік ұстанымы мығым, болмысы биік, парасатты жанның жарқын бейнесі халқының жадында мәңгі сақталады.
Қызылорда облысының әкімдігі,
облыстық мәслихат, облыстық Қоғамдық кеңесі,
облыстық Ардагерлер кеңесі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<