Ресейдің әскери деректеріне көз жүгіртсек, Ұлы Отан соғысында 126 мыңға жауық қазақ жауынгері қаза тапқан. Бұл, Қызыл армияның жалпы әскери шығынының 2 пайызын құрайды екен.
Көпшілікке есімі жақсы таныс бір інімнен естіген оқиға көңілімді селт еткізді. Қолымда «Almaty aqshamy» газеті мен Қазалы ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің анықтамасы тұр. Газеттің 2019 жылы 9 мамыр күнгі санында жарияланған мақалада Қазалы ауданының тумасы Шайзада Әйтенұлының Ұлы Отан соғыс жылдарында ерлік көрсетіп, Украина жерінде қаза тапқаны жазылыпты.
Сондай-ақ, Қазалы ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімі берген анықтамада:
«Әйтенов Шайзада – қызыләскер, Жаңақазалы станциясында 1922 жылы туған, білімі ортадан төмен, жұмысшы, Қазалы АӘК арқылы 1942 жылы майданға аттанып, 96 АД, 234 Арт П құрамында зеңбірек оқтаушысы ретінде соғысқа қатысқан, 1944 жылғы 25 наурызда қаза тауып, Николаев облысы, Октябрь ауданы, Пересадовка селосында жерленген. (Николаев облысы, Жовтнев АӘК-нің №1112 қатынасы, Қазалы АӘК-нің мәліметі, ІҚАІЖБҒЗИ 39-21).
Негіз: Алматы қаласы 1997 жылғы «Боздақтар» кітабы 41-бет, Алфавиттік кітабы №1» делінген.
Шайзада майдан даласына өз еркімен аттанады. Соңында көзінің қарашығындай перзентін қимай еңіреген анасы, бауыры Мырзағұл, апасы Шаштықара қол бұлғап қала берді. Қаруластарымен нағыз қанды қасаптың ортасына түседі. Бойында бабаларынан жеткен өршіл рухы, арына кір шалдырмайтын декдарлық қасиеті бар жас солдат өмір мен өлім белдескен сәтте намысына дақ түсірмеді. Кеңес әскерлерінің бекінген жері өте маңызды нысан есептелетін. Сол маңдағы Ингул өзенінен жау әскерін өткізбеу басты мақсат. Мақалада көрсетілгендей «Ингул өзені арқылы өтетін қару-жарақ, азық әкелетін теміржол азат етілді» деген сөздер әр шайқастың қаншалықты қымбатқа түскенін аңғартады. Осындай сұрапыл соғыстың бірінде зеңбірік оқтаушы Шайзада Әйтенұлы ерлікпен қаза тапты.
Тағы да басылым бетіне көз жүгіртсек. «1974 жылы 9 мамыр күні осы Пересадовка ауылының қызыл із кесушілері Шайзада Әйтенұлының анасы Иіске сонау Украинадан арнайы хат жібертеді. Бұл кездері ол кісі өмірде болмағандықтан, сол хатты алған күйі Шайзаданың бауыры Мырзағұл Әйтенұлы мен апасы Шаштықара көрсетілген мекен-жайға, бауырының бейітінің басына барып, құран бағыштайды».
Арада қаншама жылдар өтсе де соғыс салған жара әлі толық жазылған жоқ. Сәуірдің жылы желі қиырда қалған қыран қазақ Шайзада Әйтенұлының еліне, туған жеріне деген сағыныш сәлемін жеткізгендей әсерге бөлендім.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
«Сыр бойы»
Қазалы ауданы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<