Шиелілік Мәдіұлы Бердәлі ағаның Байділда Доскенов жөніндегі әңгімесін естігенмін. Ол кісі біраз біз білмейтін мәліметтерді ашты. Біз сол әңгімені көпшілікке бұзбай жеткізуді жөн көрдік. Ағамыз былай дейді.
Ел тарихында есімі қалған Байділда Доскенов 1902 жылы Шиелі өңірінде өмірге келген. Тұтас ғұмырын Отан тапсырмасын орындаумен өткізген Байділда әкеміздің болмысын жазушы Қалмақан Әбдіқадыровтан бөліп айтуға болмайды.
Қалмақан Әбдіқадыров – қазақ әдебиетінің тарихына алтын әріппен жазылған есім. Ұлы Отан соғысының ардагері, елін, жерін сүйген ер. Алматыдағы жылы үйінде жатып, тек кітап жазумен айналысса да оның халқына сіңірген еңбегі жоққа шықпас еді. Бірақ, ол сондайлармен сыйыспады. Олардың көрмей-білмей сырттай сипаттаумен жазып, оңай атақ іздейтіндеріне күйінді. Сосын таудың қалқасында бұғып жатқанша, туған жеріме барып, пайдамды тигізгенім мың есе артық деп ауылға тартып отырған.
Қалмақан әкеміз сөйтіп туған жері Шиеліге 1956 жылы келген. Аудандық газет редакциясында жұмыс істеген. Оның парсы тілінен аударған «Мың бір түн» аталатын кітабы өзінің көзі тірісінде 1949, 1955, 1962 жылдары үш рет басылып шыққан. Ол осы кітаптың қаламақысына ауылдан мектеп салдырған. Енді Байділда әкеміздің жайынан хабар берейін.
Байділда Доскенов өмір бойы СССР-дің мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің есебінде болған. Өте сауатты, орыс, арап, қытай, жапон, өзбек, тәжік тілдерін білген адам. Жиырмасыншы жылдары Қытайға барып, Кеңес өкіметінің астыртын жұмыстарын атқарған. Нақты айтқанда атаман Дутовтың жоспарларын іске асырмау операциясына қатысқан.
Дутов деген кім? Ол – Орынбор казак-орыс әскерлерінің атаманы, генерал-лейтенант. «Отан мен революцияны құтқару комитетін» құрып, Кеңес өкіметіне қарсы көтерілістер ұйымдастырған. Ақыры большевиктерден жеңіліп, Жетісуға шегініп, 1920 жылы наурызда Қытайдың Сейдун қаласына барып бекінген.
Кеңес одағының №1-ші қауіпті жауы Дутовты өлтіруге бірнеше шпион жұмсалған. Орыс болса тез білініп қалады деп, олар азиаттар ішінен таңдалған. Солардың бірі – Доскенов.
1920 жылы Байділда әкеміз өзін Кеңес өкіметінен қуғын көрген тұлғалардың бірі Досбол датқаның немересімін деп таныстырып, Қытайға өткен. «Досболов деген тегім қудалауға түсіп, Доскенов болып өзгердім», деген. Содан Шыңжан-Ұйғыр аймағында болып, Сейдун қаласына кірген. Бірақ, атаманды өлтірмек тұрғай, оның штабына жақындай алмаған. «Атаманның ақыры» деген кинода бейнелегендей, оны өлтірген чекист Шадияров емес екен. Бұл жөнінде айтқан әкеміздің әңгімелері шым-шытырық. Ол кісі «Барлық шындықты жазып, архивке өткіздім, іздесеңдер содан табасыңдар» деп кетті. Бірақ, іздеп жатқанымыз жоқ. Болашақ ұрпақтар іздесе табады.
Доскенов полковник шенін алған. 1944 жылы Шығыс Түркістан ұлттық армиясының қатарына кірген. Шығыс Түркістан армиясының Қытай еңбекшілері ұлттық-азаттық көтерілісін қолдағаны тарихтан мәлім. Байділда әкеміз осы кезде Қазақ азаттық халық армиясының қаһарманы атанған. Қытайдың даңқты қолбасшысы Чжу Де осындай ерліктері үшін Доскеновті алтын сапты қанжармен марапаттаған.
Енді тағы Қалмақан әкемізге келейін. Ол кісі маған: «Балам, жұрт Құдай жоқ дегенге сен де жоқ деме. Құдай бар, бізді Құдай жаратты. Осы күнгі «ЦК-да» істейтіндердің көбі тығылып әкелеріне құран оқытады. Тек саясат үшін ғана Құдайды мойындай алмай жүргендер көп» деуші еді. «ЦК» деп отырғаны – коммунистік партияның орталық комитеті. Ол кезде коммунистер үшін, оның үстіне орталық комитетте қызмет ететіндер үшін Құдай тақырыбы жабық. Сөйте тұра кейбір кісілердің тығылып құран оқытатынын естігенде таңғалушы едім. Қалмақан әке мұндай әңгімені үш адамның басы қосылса айтпайды, көбіне үндемей отыратын.
Қалмақан әкеміз қайтыс болғанда Алматыдан Байділда Доскенов келді. Ол кісі орысқа үйленген. «Бір кәпірді мұсылман қылдым» дейтін. Сол орыс шешеміз де дінге кіріп, бес уақыт намазын оқыпты.
Бір-екі күннен соң Байділда әкені пойызға шығарып салдық. Әкеміз Қызылордаға Әбенов Қалқабай ағаның үйіне бір қонып, Алматыға кетемін деді. Сондағы айтқанын да ұмытқаным жоқ.
– Қалмақан бақытты ғой, халқы жерледі, ағайыны жылады. Мен өлсем, өкімет жерлейді. Ешкімге естіртпей көмеді, – деді. Сөйтсек, КГБ-да істеген әкеміз сол кезде Мәскеудің ерекше есебінде тұрады екен. Сөзден сөз туып, әкеміз өзінен жалғыз қыз бар екенін, оның да осы құпия қызметте істейтінін, ағайынмен ешқашан араласа алмайтынын айтты.
1968 жылы студент кезімде Байділда әкенің үйіне бардым. Алматының Ташкентский деп аталатын көшесі бойындағы «Тұлпар» дейтін дүкені бар екі қабатты үйдің пәтерінде тұратын. Сонда төрінде ілулі тұрған алтын сапты қанжарды көрдім, ал, үстел үстінде қызыл мұқабалы Құран кітабы жатты. Ол кезде ешкім үйінде Құран кітабын ұстамайтын. Орыс шешеміз қазақы көңілмен қарсы алды.
Қалмақан ағаның жаназа асынан соң ол кісінің қырқы да, жүзі де, жылы да берілмеген еді. Оған уақыт, жоқшылық та мүмкіндік бермеді. Шалдар ақылдасып соның есебінен 1972 жылдың желтоқсан айында Алғабаста, Машрап әкенің үйінде Қалмақан әкеге арналып ас берілді. Айдарлы, Тартоғай жақтан Нұрмахан әке бас болып, біраз ағайын жиналды. Сол Нұрмахан әкенің де сонда төрде төбе бидей болып отырғаны әлі көз алдымда.
Байділда әке осы асқа үш күн бұрын келіп, біздің үйде жатты. Қалмақан екеуміз Бақтыатада тудық, бірге оқыдық деп отырушы еді. Екеуі бір-бірін ерекше сыйлады, сол сыйластықтарын ағайынның бірлігіне пайдаланды.
Байділда әкеміз 1973 жылдың қараша айында қайтыс болыпты. Баяғы өзі айтқандай, ешкім хабар бермеді. Біз бұл қазаны бір жылдан кейін естідік.
***
… Бердәлі ағаның айтқаны мұнан да көп. Әңгімешіл, жарықтық шежіре дерсің. Бірақ, мен ол әңгіменің Байділда Доскеновті еске түсірген аралығын ғана алып отырмын.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<