Рух қайраткері

209

0

Сурет ашық дереккөзден

(Оңалбек Сәпиұлын еске алу)   

Қайда жүрсе де, қандай қызметте болса да, кей адамның бүкіл болмысынан менмұндалап тұратын  ерекше бір  қасиетті бәрібір байқайсың. Еріксіз байқайсың да, сол дара  қасиеті алдында бас игің келіп тұрады. Ол жайлы не жазсаң да, қиялыңның терең түкпірінде сол ой ұялап тұрып қалады да, әрдайым  маза бермей, ақыры айтуыңа тура келер!   Біз елге  танымал болған мемлекет және қоғам қайраткері Оңалбек Сәпиұлымен өте жақын араласқандықтан да, ол кісінің бойындағы дегдарлықты ертеден байқадық дей аламыз. Содан да болар, ол кісі  жайлы көзі тірісінде бірнеше мақала жазып, баспасөзде жариялап,  оны оқыған ағамыздың  өз  ризашылығын  білдіргенін де өз құлағымызбен естігенбіз. Мақтағанын емес, замана жайлы кейбір ой-тұжырымдарымызды қостағанын, сосын одан  әрі өрбіте сөйлеп кеткенін көргенімізді айтып жатқанымыз ғой бұл. Оңалбек аға сөзге шебер еді. Төгіле айтатын, төгіп айтатын. Маңызсыз сөз емес, өте әсерлі, құлаққа жағымды, қиялыңа қанат бітірер әңгіме төгіні болатын онысы!

1981 жылдың көктемінде Сыр еліне жауын молынан жауды: бірнеше күн тоқтамастан, шелектеп құйып тұрып алған. Сондай ел-сел жауынға кеңседегі шағын кабинетімізден көз салып, аз-кем ойланып отырған сәтіміз болатын, алдымыздағы қызыл телефон шыр-шыр етті. Облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Оңалбек Сәпиұлының қабылдау бөлмесінен хабарласып тұр. Көтердік. Арғы жағынан хатшы қыз «сізді басшы шұғыл шақырады» деді. Дереу қаламсабымыз бен дәптерімізді қолтықтап, жүгіре басып, кіріп бардық. Шұғыл тапсырмасы бар шығар, жазып ала қояйын деп ыңғайланып жатқам. Ағам өте көңілді екен. Маған қарап:

– Бала, ертең Жаңақорған жаққа жол жүремін, – деді. – Қаласаң сені де ала кетейін. Аулыңды сағынып жүрген шығарсың?

Іштей қуанып кеттім. Расымен де ауылдағы қарашаңыраққа бармағаныма бірер ай болып қалып еді, әкем мен шешемді сағынып жүргенім де рас-ты. Бірақ абдырап отырып қалсам керек, ағам тағы да сөйлеп кетті.

– Туған аулыңды сағына білмесең, қаламгер тұрмақ, жай азамат болып қалыптасуың да екіталай! – деді толғана. – Сағыныш деген кісінің жан әлемін байытатын алапат күш қой.

Осы кезде ғана өз-өзіме келіп:

– Сіз   бірге жүр десеңіз, мен дайынмын ғой, – дедім іле жауап қатып. Аға ойланып отырып қалды. Қаламсабымен столын ұрғылап қояды. Сосын маған қарап қайтадан сөз бастады.

– Жас кезімнен сыртта жүрдім. Елден жырақ болдым. Мен сағыныштың не екенін біркісідей білемін, бала! – деді. – Қазақ жерінің бір қиыры – Өскемен жақта оншақты, Ресей аумағында оншақты жыл уақытым өткен екен. Әрине, босқа емес, қызмет жағдайында болдым, өстім, қалыптастым. Азаматтық бейнемді және қабілет-қарымымды тануыма ықпалы болды. Жастау кезде  барлық жер бірдей сияқтанады, бірақ уақыт жылжыған сайын туған жердің түтініне дейін ыстық екенін жүрегіңмен сезінесің. Ана Төлеген Айбергеновтің «Сағынбай барсаң таулар да сенің алдыңнан шықпас асқақтап, ойлауың мүмкін дүниені мынау кеткен екен деп тас қаптап» деп төгілуінде үлкен мән жатқан жоқ па, бала!

Мен басымды изеп қойып отырмын. Оңалбек ағаның төгіле сөйлеп, жан әлемін айқара аша әңгіме шерткенін тұңғыш рет көрдім. Арасында жан қалтасынан бірнеңені алып, пыш еткізіп аузына себеді де, тағы да сөзге кезек береді. Негізі сыртынан  білуші ем: ағам жас күнінде ауылда қой бағыпты, сол кезде аудандық газетке мақала жазып тұрады екен, өзі шығарған өлеңдері де бар дейтін. Ендеше бүгінгідей сағыныш жайлы тебірене ақтарылуын мен қалыпты жағдай ретінде қабылдауға тырыстым. Жаны нәзік жаратылған, егер мынадай ресми қызметке байланып қалмағанда, шығармашылық адамы болып шыға келер ме еді деп ішкі ой жетегіне ере түстім.

Ертеңіне Жаңақорған бағытын бетке алып, жолға шықтық. Алдыңғы орында өзі, артқы жағында мен отырмын. Кішкентай Еркебұланды да бірге ала шыққан еді сапарға, ол менімен отырмай, әкесінің алдына жайғасты. Жаңақорғанға бұрылмадық, жол бойында сол кездегі аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Рысбек Мәмбетов өз көлігімен күтіп алды да, «Бірлік» аулына қарай астық. Түскі дәм сол  ауылда дайындалып жатыр екен. Ол жерде көп бөгелген жоқпыз, әрі қарай біздің «Қыраш» ауылына қарай құлдиладық. «Мына Жолтайдың да аулын көріп алғанымыз дұрыс болар» деп маған қарап қойды. Жап-жас кезіміз ғой, ділмарсып сөйлеу қайда,  бас изеуден аса алар емеспін. «Қыраш» ауылының тұсына келгенде екі-үш аптадан бері тоқтаусыз жауған жауыннан қаулап өскен бидайық пен бетегені көріп, көлікті тоқтатты.

– Мына Жолтай қайдан журналист болып жүр десем, міне, табиғат өзі туғызбай қоймайды екен ғой талантты! – деп алып, көк майсаға шалқалап жата кетті. Маған ым жасап, бері кел дегендей белгі берген соң, жанына жақын бардым. Бір ақынның ауыл туралы өлеңінен үзінді оқыды. Тебірене оқыды. Оқып болды да «сен де ауыл туралы анау-мынау емес, шедевр жазуың керек, бала» деп, маған ауыр жүк жүктеп қойды.

Сол жолы мен Оңалбек ағамның адами бейнесін  шын танығандай болдым.

***

Арада талай жылдар сырғып өтіп кетті. Оңалбек аға Мәскеуге екі рет барып (әуелі комсомол мектебіне, сосын қоғамдық ғылымдар академиясына) оқып қайтты. Сырдария аудандық  атқару комитетіне төраға, Жалағаш ауданына бірінші хатшы болып, енді ғана облыстық партия комитетіне хатшылыққа  (идеология саласы бойынша) оралған  кезі. Мен облыстық комсомол комитетінде идеология бөлімін басқарам. Облыста ежелден бар қазақы әдет-ғұрып пен жаңа дәстүр сабақтастығына арналған семинар өткізілді. Басты баяндамашы – Оңалбек Сәпиұлының өзі. Әрине, өз қолымен жазған (өте сауатты жаза білетін) баяндамасының мәтінімен бізді таныстырды, қосып-аларымыз бар ма деп сұрады. Кім ол кісіден асып түсе қойсын. Бас изеп, қостап жатырмыз. Ал ертеңіне мінбеге көтерілген Оңалбек ағаны өзім де танымай қалдым. Ол бірде қағазға қарап, бірде өз сөзімен жалғастырып, ұзақ сөйледі. «Мәдениеті өлген елдің өзі де өледі», «Әдет-ғұрпын сақтай білмеген ел бейшараның күйін кешеді» деп, тағы да осындай қанатты сөздерді үстін-үстін төпеледі. Нәрлі сөйледі. Әсерлі әңгімеледі. Ең бастысы, тақырыпты аша білді. Сөз аяқталған кезде залдағылар дүркірете қол шапалақтады.

Бұл қазақтың айтулы қайраткері, Еңбек Ері Еркін Әуелбековтің біздің облысқа бірінші хатшы болып келген кезі болатын. Көреген басшы облыс идеологиясына Оңалбек ағаны ылайық көріпті. Біздіңше, дөп басқан, саланы нағыз майталманның  қолына ұстатқан. Міне, осы кезеңде Оңалбек аға облыстағы жоғары оқу орнының жұмыстарын жандандырды,  өнері мен мәдениетін, денсаулық саласы мен спортын, т.б. биікке көтеріп, республика деңгейінде дүркін-дүркін жақсы жағынан аталып жатты.  Шығармашыл жастарды көптеп шығарды, талабына қанат байлады.

Осы қызметте Оңалбек Сәпиұлы жасындай жарқылдады десе де болады.

***

Оңалбек аға 1997 жылы Парламент Сенатына  депутат болып сайланды да, көп ұзамай Астанаға келіп орнықты. Қалған ғұмыры осы жаңа астанамен тығыз байланысып жатыр. Депутат кезінде сол уақыттағы қазақтың марқасқа азаматтарымен қоян-қолтық араласты, бірлесе ауыр жүкті көтерісті.  Жай депутат емес, ең беделді депутаттар санатынан орын алған-ды. Өйткені, Оңалбек аға адалдықты ту еткен, өтірік пен жағымпаздыққа жаны қас, жемқорлар мен жебірлерді жанына жуытпайтын текті тұлға ретінде танылды. (Тегінде, адалдық қанында бар қасиеті болар-ау!)

Рас, жалғыз депутат бар мәселені шеше алмас, бірақ сауатты депутат қай кезде де сауатсыз заңдардың өмірге жолдама алуына тосқауыл қоя алады. Бұл ретте Оңалбек аға өзі айтатындай, ешқашан ел мүддесіне, халық игілігіне қиғаш келетін заңдарға қолдау көрсеткен емес, керісінше ондай шикі құжатты байқаса, ешкімнен тайсалмай, қос қолын көтере қарсылық жасай алды, оған батылдығы жетті. Сосын да ел құрметіне бөленген  күні кешегі абыз ағаларымыз Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Амангелді Айталы, т.б. жолымен жүрді, мақсаттас болды, ел келешегіне алаңдады. Парламент қабырғасында өткен, белгілі бір заң жобасы айналасындағы қаншама талас-тартыстар жайлы, сол кезде Сенат төрағасы болған  дос-құрдасы Оралбай Әбдікәрімовше  айтқанда, «Оңалбек – депутаттың өтімді пікірлері мен тапқыр сөздерін, әділетсіздікке қарсы тұра білетін батыл мінезін»  кеңінен толғап, тарқатып  айтса да болар еді. Бірақ мен ағамыздың руханиятқа, әдебиет пен мәдениетке жүйріктігі  және  шын жанашырлығын  көрсететін  тағы бір қасиеті жайынан  мысал келтіре кеткім келеді.

Бір жолы ағам маған телефон шалды. «Ертең үйде екі-үш кісі қонақ болады, сен кел, дастарқан тізгінін саған ұстатамын» дегені. Әлбетте, ағам  үйіне жай кісілерді шақырар ма? Қипақтап, «аға, менің басқарғаным қалай болар екен» дей беріп ем, дүрсе қоя беріп, «енді сен де алпысқа тақап қалдың, жас емессің, аралас үлкендермен» деді де, телефонды өшіре салды. Ертесіне ертерек дедектеп, үйіне жетіп келмеймін бе! Кіріп, амандасып болып «қонақтар кімдер» дегенімше алдымен шайқала басып Әбіш Кекілбай ағам есіктен ене берген. Қос қолдап амандастым. Үшеуміз диванға отырдық та, келесі қонақтарды күттік. Сол екі арада Оңалбек аға Әбекеңнің «Шыңырауын» қайталап оқып шыққанын тебірене айтып тұрды да, «сіз,  Әбеке,  Еңсепке құдық қаздырып, халқыңызға  тұнық су іздеген жоқсыз, одан да елеулісі – қазақ әдебиетін шыңыраудан сүйреп шығарып, өз биігіне қондырдыңыз» деп сөз сабақтағанда, марқұм жазушы ағам риза болып, екі көзін сүрткілеп жатты. Ендігі күткен қонақтар  –  академик Кенжеғали Сағадиев пен кезінде Жоғарғы соттың төрағасы болған Тамас Айтмұхаметов мырзалар болып шықты. Столға қай ретпен отырғызу керек? Жас жағына қарасам, үшеуі де құрдас екен. Сол бір қиналу сәтінде Әбіш ағам өзі жол тауып кетіп: «біз ғана емес, әлем халқы ғалымдарға құрмет көрсетіп, төр ұсынады, Кенжекең төрге шықсын» дегені.

Сол бір өнегесі мол отырыс пен дастарқан үстіндегі келелі әңгімелер менің есімнен ешқашан кеткен емес. Мен жүргізді  деген  аты ғана  болмаса, Оңалбек аға ара-тұра сөйлеп кетіп, қазақ әдебиеті мен ғылымы турасында қаншама ойдым-ойдым ойлар қозғап еді. Ұлттық ғылым академиясының деңгей-дәрежесі сонша төмендеп кеткеніне қынжылыс білдіріп, «ғылымына қыли көзқараспен қараған елде қандай болашақ бар» дегені есімде. Оның сөздерін Әбіш аға да, Кенжеғали аға да бас изеп қойып, қостап отырды.

Мен осы отырыстан кейін Оңалбек ағаның ұлт көркем әдебиеті мен ғылымы  жайлы әңгімеге  жүйріктігін жүрегіммен сезініп, риза болып жүрдім.

***

Осыдан жиырма жылдай бұрын, Оңалбек аға «Ерте ағарған шашым куә» деген естелік кітабын жазып, жарыққа шығарды. Қолжазба күйінде алдымен оқып шыққан едік. «Бала, сен мынаны бір қарап шықшы, артық-кем жерлері жоқ па екен» деп маған өз қолымен берген-ді. Кітап маған ұнады. Онда өмірде аралас-құралас болған, елге сыйлы ағалары мен өзімен қатар қызмет еткен дос-жарандары жайлы толғана, тебірене жазыпты. Бірқатарына, әсіресе аға-достарына,  жоғары баға беріп, кейінгі ұрпаққа үлгі етсе, кейбір  өзімен құрдас жандардың мінезіндегі ерекшеліктері мен кісі күлерлік әрекеттерін де жасырып қалмай,  ағынан жарыла әңгімелейді. Кітап, бәлкім, сосын да тартымды оқылар? Оқып шығып, қайтарып беріп жатқанымда «кемшілік байқадың ба, қол тигіздің бе» деп сұрады. «Жоқ, аға, жазбаңыздан кемшілік көріп, оған қол тигізу  үшін сіздің биікке көтеріліп, аталған тұлға-азаматтармен сізше араласу деңгейіне жетуіміз керек қой» дедім. Ол кісі күлді. Күлді де әрі қарай ештеңе айтпады.

Бұл естелік кітап Оңалбек ағаның шығармашылыққа деген үлкен жауапкершілігін аңғартып еді. Өмірінің соңына қарай ағамыз екеуміздің арамызда осы кітап жайында сөз болып, әңгіме аяғында «тағы да жинағандарым бар еді, жеке кітап етіп бастырсам деген арманым бар» деген-ді. Бірақ, ол арманына жете алмады, не керек!

***

Бұрын да тамсана жазып ем, тағы да қайталап айта кетейін, Оңалбек – ауылда қойшы боп бастап, мемлекет қайраткеріне дейінгі өнегелі жолдан сүрінбей өткен дара тұлға.  Басқасын былай қойғанда, Мәскеудің қақ ортасында, Бүкілодақтық комсомол ұйымында ауыз толтырып айтарлықтай жауапты қызметте болуының өзі қандай ерлік!  Қарапайым қазақ жігітінің Кеңес  Одағының бас қаласында, өңкей орыстың һәм орыстілділердің ортасында өзін көрсетіп, абыроймын қызмет істеуі – таңғаларлық жағдай. Өткен өмірі жайлы әңгімесін тыңдасаң, таңданбасқа амалың қалмайды. Сыр өңірінің Жаңақорған ауданына қарасты «Қожакент» деген кішкентай ауылда, қарапайым колхозшы Құдайбергенұлы Сәпи мен Әбішқызы Ұрқия апамыздың отбасында 1944 жылдың 11 қаңтарында жарық дүние есігін ашыпты. Жас күнінде текті әжесі, ақынжанды ана  Өтепқызы Зұлхияның қойнында жатып, арқасына мініп, еркелеп өсіпті. Оңалбек ағаның қазақтың көне сөздері мен мағыналы мақал-мәтелдерін өте көп есінде сақтағаны, сөйлесе төгіле жөнелері де сонан шығар!  Осындағы  төменгі сыныпты тәуір аяқтап, әрі қарай аудан орталығындағы малшылардың балаларына арналған мектеп-интернатта жатып оқиды. Оқуын аяқтаған соң, дереу білім жолына түспей, жастық көңіл қалауымен қой бағатын бригадаға жазылады. Қойшылық өмірді бастайды. Арада екі жыл өткенде аудандық комсомол ұйымы жас жігіттің бойындағы жалын атқан жігерді байқап, жоғары оқу орнына жолдама береді. Оңалбек аға Шығыс Қазақстан облысындағы педагогика институтына түсіп, оны үздік аяқтайды да, ректораттың ұйғарымымен сол оқу орнындағы комсомол ұйымына басшылық жасауға шешім шығыпты. Жастарға жетекшілік жасап һәм жастармен қоян-қолтық жұмыс жасау, міне, сол кезден бастау алып жатыр. Одан соң Шығыс Қазақстан облыстық комсомол ұйымының хатшысы, Бүкілодақтық комсомол ұйымының жауапты қызметкері, ал 1977 жылдан Қызылорда облыстық жастар ұйымының бірінші хатшысы болып тағайындалыпты. 

Оңалбек Сәпиұлы облыс комсомол ұйымын басқарған жылдары көптеген бастамаларды көтерді, жастарды жаңа істерге жұмылдырды, жас та алғыр кадрлардың өсіп шығуына тікелей ықпал етті. Мысалы, кейінірек республикаға есімдері бек танымал болған Қырымбек Көшербаев, Биғали Қаюпов, Болат Оразов, Гүлсара Алтынбекова, Кеңес Маханбетов, Ерғали Алдоңғаров, Зауыр Ақдәулетов, Махмұт Нәлібаев, Марат Есенов, Болат Ысқақов, т.б. Оңалбек ағаны ұстаз санап, көзі тірісінде үнемі құрметтеді.

Оңалбек Сәпиұлы отбасында да бақытты бола алды.  Жеңгеміз Қайырзада екеуі ұл-қыз тәрбиелеп, әлденеше немере сүйді. Екі қызы – Альмира мен Ардағы жоғары білім алып, өмірден өз теңін тапты. Альмира мен Бақытжан,  Ардақ  пен  Ұлан  тату-тәтті ғұмыр кешіп, ұрпақтарына өнегелі тәрбие көрсетуде.  Ұлы Еркебұлан қазіргі кезде Қазақстанның Түркиядағы елшісі қызметін абыроймен атқаруда. Отбасылы. Балалары өсіп келеді.

Әттең, көңілдегі үлкен өкініш – ағамыз сексен жасқа  толды да, көп ұзамай мәңгі мекеніне аттанып кете барды. Өзінің өмірінде айтулы орны бар, көзі тірісінде қоян-қолтық араласқан, аға-інідей сыйласқан, елге сыйлы зиялы азаматтарды іздеді ме екен? Есіме түсіп кеткенін қарашы, осы жылдың басында, ағамыз сексенге толғалы жатқанда үйіне әдейілеп барған едім. Әрі ақылдасып, әрі сөйлесіп қайтпақшы едім. Ағам кішкене жүдеу әлде шаршаулы көрінді, бірақ ескі әдетімен балаша қуана, жарқылдап  қарсы алды. «Сені өзім де іздегелі жатыр едім» деп арқамнан қақты. Зал жағына өттік. Столға отырдық.  «Сексен жасыңызды үлкен деңгейде  атап өткен жөн болмас па еді?» деп сөз бастай беріп ем, басын шайқады. «Бүкіл елді шулатып, дүркіретіп атап өтердей халқыма нендей айтулы еңбек сіңірдім, қарапайым ғана ғұмыр кешкем жоқ па» деп, жүдеу қабағын жазып, жылы жымиды. «Кейінгі ұрпақ  қазақ ішіндегі қазіргі көзі тірі  идеологтар тобына сізді де қосып айтып жүр» деп тағы да тақымдай бастағам.  Ағамыз былай деді: «Нағыз ұлт идеологиясының қамшыгері  кешегі Өз-ағаң, Өзбекәлі Жәнібек еді ғой, аты көп аталмай жүр, тойлағыш ел сол кісіні жылда еске алып отырса артық болмас еді» деп  бір қайырды. Содан соң Өз-ағасы туралы ойда жүрген естеліктерін айтып кетті. Тамсана айтты. Асыл ағасын сағынғандай, ерекше бір ынтызарлықпен сөйлеп отырды…

***

Сөйтіп, алдияр замандас, биылғы жылдың шілде айында осындай асыл азаматтан қапыда айырылдық. Сексеннің сеңгіріне көтерілді де, туған елі мен халқына қош деп қол бұлғап, мәңгі мекеніне бет бұрды. Тап сол кезде ауруханада ем алып жатсақ да, дәрігерлерден сұранып, ағамызды  жерлеуіне және Құран асына қатысып, соңғы парызымызды өтедік. Басқа қолдан не келеді?

Ал сөз басында біз кейбір кісілер қандай қызметте жүрсе де, бір елеулі қасиеті кеудеңде маздап тұратынын айтып едік. Енді соған келейік. Оңалбек Сәпиұлының бойында біреу біліп, біреу байқамаған бірнеше адами (бәлкім, қазақи) қасиет бар: сөйлесе сөзге шешен, ағытылып айтады, төгіліп сөйледі, жүрегіңді дір еткізетін; жазса жазуы жүйелі, ойы орнықты, санаңа сәуле құя түсетін; ең бастысы ол ұлт руханиятына (әдебиет, өнер, ғылым, т.б.) мейлінше жанашыр жан болып есімізде қалар! Үлкен мағынадағы рух қайраткері деп нық көңілмен атасақ жарасар!

Бір жолы жазушы Әбіш Кекілбай ағам зиялылар бас қосқан  дастарқан үстінде отырғанда  қанаттас інісі жайлы сөз қозғала қалып, сонда «Оңалбек кешегі Өзбекәлі Жәнібектей дара тұлғалар  салып кеткен жиекті жолдың жоқшысындай азамат қой, оның сан салалы еңбегіне уақыт әлі-ақ өз бағасын береді»  деп еді.

Бізге ендігі жерде  аңыз Әбіш аға айтқан осы сөзді қайталау ғана қалған сияқты! Жатқан жеріңіз жайлы болсын, асыл аға!  Адамдық пен адалдықтың эталоны!  Менің өмірдегі  діңгек-ұстазым! Сізді жүрегімнің төрінде ұстап өтем!

Жолтай ЖҰМАТ-ӘЛМАШҰЛЫ    

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<