Басынан өткен өмір сабағын ұрпағының зердесіне терең сіңірген қазекеңнің даналығы еріксіз қайран қалдырады. Ат үстінде күн кешіп, жан-жағынан аш қасқырдай жалаңдаған арам ниет дұшпандардан кең даласын қорғаған бабаларымыз ел тағдырын, ер намысын бәрінен жоғары қойғаны ежелден мәлім. Бүгінгі әңгіменің желісі – «жаным – арымның садағасы» деген қасиетті ұғымды ту көтерген, өскен-өнген әулет жайлы.
«Бойында Арыстың, өзіңмен таныстым» деп басталатын Шәкең, Шәмші Қалдаяқовтың әсем әнін білмейтіндер әй, қайдам жоқ шығар. Сол сазды әуенге арқау болған Арыстың жағасында Түлкібас аталатын іргелі кент бар. Топырағы құнарлы, табиғаты келісті, жері шүйгін төрт түлікке өрісті қоныста Рауан Ерболұлы есімді жігіт тұрады.
Екеуміздің таныстығымыз ойламаған жерден басталды. Бүгінде үлкен-кішінің көбі әлеуметтік желіде. Солардың қатарында өзім де жеке парақшама мақала, әңгіме, өлең жазып, оқырманға ой бөлісіп отырамын.
Бірде Қазалы өңірі жайлы әңгімеме пікір қалдырған Рауанның жазбасына елең ете түстім. Ойы шып-шымыр, сөз саптауы шебер өрнектелген қысқа лебізден туған жерге құрмет, сағыныш лебі еседі. Сұрастыра келгенде Рауанның Қазалының, оның ішінде Басықара ауылының азаматы екенін білдім. Ал тегін естігенде сүйсінуім арта түсті. Рауан Ерболұлы көпшілікке аты жақсы мәлім педагог, ұстаздардың ұстазы, Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, КСРО халық ағарту ісінің озық қызметкері, «Қызыл Жұлдыз» ордені, бірнеше мерекелік медаль иегері, марқұм Сәду Тасмағамбетовтің немересі болып шықты. Әп, бәрекелді!
Арада уақыт өте Рауанмен Қазалыда жүздестім. Ініміз атасы Сәдудің тағылымға толы тағдыры туралы маған біршама сыр ақтарды. Оның бал-бұл жанған өңінен атасына деген мақтанышын байқағанда кеудемді «бұл жалғанда ұрпақтарың ұялмайтындай ғұмыр кешкенге не жетсін?!» деген сезім кернеді. Әр сөзінен парасаттылық аңғарылған Рауан ұлтымыздың «Атадан ұл туса игі, атаның жолын қуса игі» деген даналығын жадыма салды. Ізімізден осындай жігерлі жастар шоғыры өсіп келе жатқаны неткен ғанибет?!
Рауанның әңгімесіне құмарта құлақ түрдім. Әлемді зобалаңға салған Ұлы Отан соғысы басталғанда бір шаңырақтан екі адам, яғни, Сәду мен әкесі майданға аттанған екен. Қанды шайқасқа ұшқыш ретінде қатысқан Сәкеңнің әкесі Украина, Белорусь аспанында жауға қырандай шүйіледі. Небір ерлік жасап, маңызды әскери тапсырмаларды орындайды. Қыран қазасы қияда болатынын естіген шығарсыз?! Сондай қиян-кескі әуе кеңістігіндегі ұрыстың бірінде қазақтың өжет ұлы ерлікпен қаза табады. Сәду әкесінің қазасын ауыр жараланып, елге оралғанда бір-ақ біледі.
1943 жылғы 24 қыркүйекте ауыр жараланған Сәду Мәскеу, Новосибирск госпитальдарында емделеді. Әскери медициналық комиссияның шешімімен «соғысқа жарамсыз» деп танылып, елге оралады.
Жарақаты жанына қанша батқанымен, қол қусырып отыруды ар санаған кешегі сарбаз көп ұзамай ұстаздық қызметке кіріседі. «Авангард» жетіжылдық мектебінде алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушысы болып бастаған еңбек жолында көптеген шәкірттерді білім жолына баулыды. Ізденуден жалықпайтын Сәкең алғашқыда педучилищені, кейін Қызылорда педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітірді. Қырық жылдан астам уақытта қарапайым мұғалімдіктен оқу бөлімінің меңгерушісі қызметіне дейін жоғарылайды. Өмірлік жары, Батыр ана Тәрбие апаймен бірге бауырынан өрбіген перзенттерінен немере-шөбере сүйді. Бүгінгі таңда Сәду салған сүрлеу даңғыл жолға айналды.
Жуырда Басықара ауылындағы көшенің бірі Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, КСРО халық ағарту ісінің озық қызметкері, «Қызыл Жұлдыз» ордені, бірнеше мерекелік медаль иегері, Сәду Тасмағамбетовтің есімін иеленді. Марқұмның аруағына құран бағышталып, ас берілді. Шара барысында облыстық мәслихат депутаты Ібайдулла Тілеп, Қазалы ауданының Құрметті азаматы Талайлы Бөріқұлақов өзге де ел ағалары сөз сөйлеп, естеліктер айтты. «Ерлік ұмытылмайды» деген осы шығар.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
«Сыр бойы»
Басықара ауылы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<