Мен үшін ең аяулы жан – әкешім. Былайғы жұртқа сұстылау көрінгенімен бізге мейірім-шапағаты төгілген, айтылмаған талай сыр жасырылған ойлы жанарыңнан көз жазып қалғанымызға да ширек ғасыр өтіпті. Жас кезде ата-анамыз мәңгі жанымызда жүретіндей жөнді сырласа да алмағаным жанымды жегідей жейді. Ата-анамен өткізген алаңсыз, қамсыз күндер алыстаған сайын сағыныштың сартабы қалыңдай түседі екен.
Алланың сүйікті құлы әрі елшісі Мұхаммед (Алланың игілігі мен сәлемі болғай) «Ата-анасына дұға етпегеннің ризық-несібесі кесіледі» деген хадис кейінгілерге өсиет болып жетіпті. Маңдайым сәждеге тиіп, намазға жығылғалы күн сайын өздеріңе дұға ету әдетіме айналған. Әкетай, мына жарық дүниенің дидарын ашқаныңа биыл бір ғасыр толады екен. Өзіңнің ізбасарың, тірлігіңде сүйенішің болған үлкен ұлың Сейдәліде бақиға аттанып, анам мен екеуіңнің әлеміңе кеткелі мені мазалайтын алыс-жақындағы ағайынды жиып, Алланың тоқсан тоғыз көркем есімінің бірі – Халықпен бірге дұға етіп, Құран бағыштап, ағайынның батасын алсам деген ой толғандырып жүр еді. Бірақ ас беріп, дұға еткенімен менің әкем жер бетіндегі жетпіс бес жылын қалай өткізді, артында қандай із қалды деген ойға шомып талай күнді ұйқысыз өткізетін болдым. Жастықта жатып қартайған ешкім жоқ. Ал өзіңіздің замандастарыңыз сияқты өмірдің берекесін кетірген уақытты бір адамдай көрген қиын күндер ше. Бай мен кедейді теңестірем деп бар малы тәркіге ұшыраған байдың ұрпағы «Арқа жылы болса, арқар ауып несі бар» дегендей атамекеннен ауып Сыр бойынан пана тапқан, ел шетіне жау тигенде ортақ отанын қорғауға аттанып, жаралы болып елге оралған соң елдің еңсесін тіктеу үшін еткен есіл еңбек ескерусіз қала бере ме? Ең болмаса өзіңнің артыңда қалған ұрпақтарыңа үлгі боларлық өмір жолың жайлы ой толғамаққа қолға қалам алдым.
Жоқ қараған жан тағы бір жоғына жолығады екен. Жылдың соңына қарай ас берсем деп жүргенімде, осыдан жарты ғасыр бұрын мектеп бітірген сыныптастарым елу жылдық мерекені өткізуге елге шақырту жіберіпті. Мамыр айының ортасына межеленген кездесуімізге екі-үш апта бұрын алып ұшып менде жеттім. Алғашында балалықтың бал күндеріне енгендей күй кешкен біздер емен-жарқын әзіл, естеліктер айтып, тойды қалай өткізсек деп күн аралатпай кездесіп тұрдық. Небір естеліктер айтылды, жылдар бойы бүгіп жатқан сыр сандықтар ашылды. Уақыт дегенін алады екен. Бірге оқыған достарымыздың ішінде ұжым, ел басқарған азаматтар салиқалы, салмақты ой айтып, есейген қазыналы қарттыққа бет түзеген достарды жаңа қырынан тани бастағандай болдым. Әркім өткен өмірін сараптай бастағанда әкемнің де бір ғасыр бұрын дүние дидарын көргені жайлы сыныптасымның әңгімесі менің ойымның жүгін ауырлата түскендей болды.
– 1969 жылы Сарысу өзені бойында ұлан-асыр той болып, Қызылордадан, Жезқазған өңірінен қонақтар келіп, бәйге болып еді. Біздің үйге Қызылордадан келген мәртебелі меймандар түсіп, екі күн бойы күттік. Қалада тұратын соғыс ардагері Әнуарбек әкеміздің жанындағы Басалқаұлы Сейтен басқалардан өзгешелеу көрінді. Бір аяғын сылтып басатын қонағымыздың ерекшелігі астында сол заманда аудан, облыс басшылары мінетін «Газ 69» жеңіл автокөлігі еді. Қолына су құйып зыр жүгіріп жүрміз. Өзенге суға түсуге барса да, түнемелік қоян аулауға шыққанда ауыл баласына арман болған әлгі көлікке біз де міну бақытына ие болдық. Өзеннің ақ шағыл құмына, суына түссе де «Шіркін-ай, атамекен өскен жерім-ай, сені де көретін күн бар екен» деп ерекше толқып еді. Қанша жылдан кейін әкең туралы жақсы естелік айтқан сыныптасымның бұл сөздері мені марқайтып тастады.
Қызылорданың іргесіндегі «Ақсуат» ауылында тұратын аталас ағайымыз, осы өлкенің шежіре қарты Қадыр Әмзеұлының «Ауылым сұлу Сырдың жағасында» кітабынан менің әкемнің суреті мен қысқаша өмірбаянын көрсеткен кезде көңілім алай-дүлей алабұртып, ерекше толғаныста болдым. Әкем туралы жұрт жазып, оқып, кейінгіге насихаттап жатқанда мен неге өз білгенімді жазып қалдырмасқа деген ой жетелеген еді. Бұл көркем шығарма емес Қадыр сияқты қазыналы қарттар жазған шежіре мен көнекөздерден естіген ескіден келе жатқан әңгіме, бауырларым мен өзімнің ата-анамнан естіген естеліктердің қысқаша баяны. Әр адам өз өмірінің жазушысы деген тәмсіл бар. Кімде-кім сол жазбадан өзіне ғибрат аларлық сөз тапса, онда ол адамның өмірі босқа өтпегені. Менің әкемнің де өнегелі өмірі біреуге ой салар болса еңбегімнің еш кетпегені.
Шежіреге сүйеніп тарқатар болсақ, біз орта жүздің Найман руынанбыз. Найманның Жұртшы аталығына жатамыз. Жұртшыдан екі бала Сағындық, Қалматай туады. Халық ақыны Болман Қожабайұлының «Сағындық батыр» жырында:
«Қайтпас батыр Сағындық,
Қорған болып ел баққан.
Қалмақтан алып теңдікті,
Қосылды қазақ жан жақтан» деп жырлай келіп, Сағындық батыр 17 жасынан 62 жасына дейін қанды майдан жорықтарда жаумен шайқасқаны айтылады. Батырлық атақ-даңқы осы арқа жерінде шыққан. Баспа беттерінде Сағындық батырдың шайқасқан жерлері Қараөткел, Бұланты, Білеуті, Аққұм, Сырдария, Ақтау, Орал екені атап көрсетілген. Сағындық бабамыздан Мәміл, одан Қаратоқа, одан Жанқара, одан Өтепберген, Өтепбергеннен байлығымен арқаға атағы шыққан Байқас, Байқастан Қазанғап одан Басалха. Басалхадан Саудағұл мен менің әкем Сейтен тарайды.
Басалхаұлы Сейтен 1924 жылы Торғай уезіне қарасты «Қызылжыңғыл» болысында дүниеге келген. Жер-жерде шаруалар шаруашылықтарын ұжымдастыру (коллективтендіру) кезеңінде ата-анасы Сыр бойына «Жаңатұрмыс» ауылына көшіп келіп, осы жердегі ауыл мектебінде білім алады. Неміс басқыншыларымен болған шайқастарда ержүрек батылдығымен көзге түскен. Жауынгерлік жорықтарда бір аяғынан айырылып, елге оралған. Қызылордада емделіп, денсаулығы қалпына келген соң, 1946 жылы «Жаңатұрмыс» шаруашылығында бухгалтерлік қызметін атқарған. Есеп-қисап жұмыстарына ерекше қабілетті әкем шаруашылық мүмкіндіктерін жан-жақты ескере отырып, экономикалық даму жоспарларының дұрыс жасалуына атсалысқан. 1952 жылы Қызылорда облыстық өнеркәсіп саласындағы «8 март» артелінде аға есепші, 1954 жылы осы артельдің басшысы болып тағайындалған. 1948 жылы анам Ысқаққызы Ұлбаламен отау құрып, үш балалы болған шағында 1957 жылы Мәскеудегі өнеркәсіптік кооперацияның жоғары оқу орнына түскен. 1960 жылы оны үздік бітіреді. Ауыл мектебінде оқыған баланың сол кездегі Одақтың астанасы – Мәскеуде жоғары оқу орнын үздік бітіру үшін қаншама жігер, білім керек екенін бағамдай беріңіз. Қызыл дипломды маман елге келгеннен кейін Қызылорда қаласындағы мебель фабрикасының директоры қызметін атқарады. 1962 жылы жергілікті өнеркәсіп басқармасының төрағасы, 1969 жылы шаруашылық есептегі жөндеу-құрылыс бөлімінің басшысы, 1971 жылы Қызылорда су құрылысы тресінің экономикалық талдау бөлімінің аға экономисі қызметіне тағайындалады. 1972 жылы трестің машина-есеп бюросының басшысы болып барады. 1975 жылы «Қызылордасовхозстрой» басқармасының экономикалық талдау лабораториясының меңгерушісі, 1978 жылы «Главриссовхозстрой» бірлестігі экономикалық талдау лабораториясының басшысы болды. 1988 жылы құрметті зейнеткерлік демалысқа шығады.
Біздің отбасымызда қалыптасқан ереже бойынша анамыздан бастап әкеміздің жұмыс жасауына барлық жағдай жасау болды. Біз бала болып басқа бастықтардың шолжаң балаларындай әкеміздің қызметтік көлігіне қыс боранды күндерді сылтау етіп, көктемге лайсаң жерде жүруді қиынсынып мектепке апарып тастау жөнінде өтініш айту ойымызға келмепті. Әкеміз сабағымызды қатты қадағалайтын. Оқу үлгерімі мен тәртібіміздің көрсеткіші күнделігімізді апта сайын тексеруді ұмытқан емес. Еркін өстік, жақсы оқыдық, бірақ ерке, шолжаң болғанымыз жоқ. Бәрімізге жоғары білім алуға жағдай жасап бақты. Әкемнің елге, қоғамға сіңірген қызметіне баға беру менің құзыретіме жатпайтын шығар, десе де оның өмірбаянын оқып отырған көзіқарақты кісілер от кешіп ұрыс даласынан бір аяғынан айырылып келген жанның жауапкершілікті сезініп елге қызмет етудің үлгісі бола білгенін бағамдай жатар. Әкем өзінің бүкіл өмірінде небір жауапты жұмыстарды абыройлы атқарып, елге еңбегі сіңген, өзінен кейінгілерге жақсы үлгі-өнегелерін көрсете білген тәлімі мол аға бола білді. «Өмір деген осы, ешкімнің емес досы, Болса егер досы аумас еді қосы» деп Шал ақын айтқандай біздің отбасымызға алғашқы қайғы 1999 жылы сәуір айының он бірінде келді. 1949 жылы туған үлкен ағайым Сейдәлі бақилық болды. Баланың қайғысын көтере алмай ардақты әке 1999 жылы 18 қазанда дүниеден озды. Халқымызға келген індет кезінде Райпа бауырымыздан айырылдық. Шүкірлік етерлігі Сейдәліден тараған Абылай мен Дәулеті бар және артында қалған үш қыз, бір ұл және олардан тараған он үш немере, жиырма төрт шөбере, үш шөпшегі бар. «Орнында бар оңалатынын» іспен дәлелдеп әулеттің көшін алға сүйреп келеміз.
Әкеміздің дүниеге келгеніне жүз жыл, анамызға тоқсан бес жыл, ағамыз Сейдәлі тірі болғанда жетпіс беске, әпкем Райпа жетпіске толар жылы марқұмдардың аруақтарына Құран бағыштап, ағайынның батасын алмаққа ниет етіп отырмыз.
Рая БАСАЛХАЕВА
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<