Ерназар Сахиевтің өнегелі өмірі хақында
Сонау студенттік шақтардан жақсы білетін Ерназар Сахиев замандасым туралы өткен шақпен айтуға тура келеді деп кім ойлаған?!
«Ертелеу кетті ғой» дейміз, пенде көңілмен. Бірақ адамның қолында не тұр, жазмыш тағдыр өзінің үкімін мойындататынына амалсыз көнеміз.
Өткен күндердің елесінде Ерназардың сабырлы бейнесі, еңбек жолы, қатар жүрген күндер көз алдымнан жүріп өткенде, көңілге жылы естеліктер жарқын күндердің белгісіндей ойға орала береді. Құрдас едік. Біз бір жылда дүниеге келген үзеңгілес дос едік. Алматыда бір жоғары оқу орнында білім алдық. Кейін Сыр бойындағы жоғары оқу орнында бірге қызмет істеп, қатар жүрдік. Иә, бәрін ретімен баяндайын.
Сахиев Ерназар Қуатбекұлы 1957 жылы мамыр айында Қызылорда қаласында өмір есігін ашты. 1974 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін ол Алматыдағы «Ядролық физика институтында» бір жыл сызушы болып еңбек етеді. Мектепті бітіре сала сызушы болып еңбек етуі оның жаратылысынан бейнелеу өнеріне, сызу жұмыстарына ерекше қабілетті болғандығын көрсетеді. Аса дәлдікті, нақты есептеулерді, қол шеберлігін талап ететін сызу, бейнелеу өнері екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Бойыңда осындай қабілетің, икемің болмаса осы бір қиын да күрделі саланы меңгеру еш мүмкін емес. Мұнан кейін, яғни 1975 жылы Ерназар Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының архитектура факультетіне оқуға түседі. Оны 1981 жылы архитектор біліктілігі бойынша бітірді. Бұл жерде нақтылап айтуымыз керек, 1980 жылы 1 қаңтарда құрамында ҚазПТИ-дің екі факультетін қамтитын Алматы архитектура-құрылыс институты дербес оқу орны болып бөлініп шықты. Ерназар осы жаңадан құрылған институттың түлегі болды. Өзінің жүрек қалауымен таңдаған мамандығы бойынша архитектор біліктілігін алып шықты. Архитектура – ерекше мамандық, архитектор болу үшін адамның бойында соған лайықты қабілеті болуы бұлжымас талап. Айта кетейік, ол кезде мектепті бітіре сала архитектура, дизайн мамандықтарына оқуға түсу сирек болатын, себебі оларға қойылатын талап өте жоғары еді. Біздің Ерекең сондай сынақ-емтихандардан ойдағыдай өтіп, өзі қалаған мамандығына оқуға түсіп, оны абыроймен бітіріп шықты.
Кейінге сәл шегініс жасап, еліміздегі сәулетшілер даярлайтын жоғары оқу орнының тарихына көз жүгіртейік.
1966 жылы В.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының Сәулет факультеті «Қала құрылысы» және «Сызба геометрия» сынды екі кафедра негізінде құрылады. Алайда сәулет мамандығына алғашқы қабылдау 1961 жылы жасалады. Отандық сәулет мектебінің негізін қалаушы – алғашқы қазақ ғалым-сәулетші, Ленинград сәулет мектебінің түлегі, профессор В.Гофман мен академик А.Щусевтің шәкірті Төлеу Құлшыманұлы Басенов еді. Т.Басенов – 1936 жылы құрылған Қазақстан Сәулетшілер одағының бірінші төрағасы, сәулет ғылымдарының кандидаты, КСРО Сәулет және құрылыс академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақ КСР еңбек сіңірген құрылысшысы. ҚазПТИ-да сәулет саласының кадрларын даярлау орталығын құруға зор күш салып, қажыр-қайратын жұмсаған үлкен ғалым-ұстаз. Ерназар Қуатбекұлы да осындай ғалымдардан, ұлағатты ұстаздардан тәлім алған өз ісінің білікті маманы болды.
Сәулетші дегеніміз – сәулеттік жобалауды жүзеге асыратын, ғимараттарға, құрылыстарға және олардың кешендеріне функционалдық, конструктивтік-техникалық, көркемдік-бейнелік талаптарды ескере отырып, сәулет-жоспарлау шешімдерін әзірлейтін, ғимараттар мен кешендердің, қаланың, елді мекендердің, үлкен мегаполистердің бас жоспарын, қайта құру жобаларын, сәулет және қала құрылысы саласындағы ғылыми-зерттеу қызметін жүргізетін маман. Ерназардың да бойында, алған білімінде осы кәсіби қабілеттер бар болатын.
Осындай білім мен біліктіліктерді игеріп, институтты тәмамдаған соң, Ерназар жолдамамен сол кездегі Шевченко (қазіргі Ақтау) қаласына жұмысқа жіберілді. Қарт Каспийдің жағасында бой көтеріп жатқан жас қаланың сәулеттік шешімдеріне, қала келбетін қалыптастыруға осындай жас мамандар қажет болғандықтан жасалған қадам болса керек. Онда барған соң ІІБ СМУ-6 шебер, Маңғыстау облыстық атқару комитеті ІІБ-да инженер-сметшы қызметін атқарады. Бір жылдан кейін туған жері Қызылордаға қызметке ауысып, Ауыл шарушылығын жобалау Арнайы шеберханасына І санаттағы инженер-архитектор болып келеді. Осында 90-жылға дейін жұмыс жасап, одан соң Қызылордада құрылған «Архфонд» (архитектуралық қор) мекемесі бас директорының орынбасары болып тағайындалады.
Мен бұл кездері Қызылорда агроөнеркәсіп инженерлері институтында қызмет ететінмін. Өзім жақсы білетін Ерназарды 1992 жылы институтқа аға оқытушылық қызметке шақырдық. Себебі институтқа Ерназар сияқты арнайы дайындықтан өткен, өндірістік тәжірибесі мол, теориялық білімін өндіріспен ұштастырған білікті маман аса қажет еді. Болашақ инженер-құрылысшыларды архитектурадан сабақ беруге дайындау үшін, бейнелеу өнерінен дәріс беруге қажетті маман ретінде Ерназар Қуатбекұлының келуі өте орынды шешім болды. Мұнан кейін Ерекең барлық еңбек жолында өзі таңдаған мамандығы бойынша жинаған білімі мен тәжірибесін жоғары білімді мамандар дайындап, шәкірттер тәрбиелеуге арнады. ҚАӨИИ-да, кейін 1998 жылы өңіріміздегі екі ЖОО – Қорқыт ата атындағы Қызылорда гуманитарлық университеті мен Ы.Жақаев атындағы Қызылорда политехникалық институты біріктіріліп, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті болған кезде «Бейнелеу өнері» кафедрасының академиялық доценті қызметін атқарды. Көптеген шәкірттер тәрбиеледі. Ерназар университетте ұстаздық қызметте жүріп, ғылыми ізденістермен айналысты. Қазақ БАС сәулет академиясымен тығыз шығармашылық байланыста болып, өзінің ғылыми жұмыстарын жалғастырып жүрді. Әрбір кезеңде білімін көтеруге барып, өзінің ізденістері арқылы білімін жетілдіріп, жаңалықтарды біліп, мамандығы бойынша үнемі алға ұмтылумен жүрді. Мен құрылыс саласының ғалымы ретінде, Ерназар сәулет саласының белгілі маманы ретінде ортақ тақырыптарда көп пікір алысып, ойларымызды бөлісіп отыратынбыз. Біздің мақсатымыз – білім сапасын көтеру, заман талаптарына сай білім беру процесін жетілдіріп отыру. Дәріс бергенде ол өзінің өмірлік еңбек тәжірибесіне көп сүйенетін. Белгілі шеберханаларда жұмыс істеген, біздің облыстағы, қаладағы сәулет саласының дамуына ерекше үлес қосып жүрген маман ретінде оның тәжірибесі оқу, ғылыми-әдістемелік жұмыстарда кеңінен пайдаланылатын. Сәулет саласында ғылыми жұмысын жалғастыру мақсатында 2003 жылы Сәулет-құрылыс академиясының «Графика және сәулет өнері тарихы» кафедрасына ізденуші болып бекітілді. Сәулет өнерінің теориясы мен тарихы тақырыбында кандидаттық диссертация қорғауды мақсат тұтты. Көздеген мақсатына жету жолында бірнеше мақалалар, оқу-әдістемелік құралдар дайындап үлгерді. Өмірінің соңына дейін барлық ғұмырын өзінің таңдаған сәулетші мамандығына арнаған Ерекең жоғары оқу орнында ұстаздық қызмет атқарды. Әріптесіміз, замандасымыз Ерназардың өмір жолы осындай, үлкен қызметтермен тікелей байланысты болды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Сәулетшілер одағының мүшесі ретінде де белсенді жұмыс атқарды. Сәулетшілер одағының Қызылорда филилалында оның жұмыстары ерекше атап өтілетін.
Осы жолда оның қол жеткізген айтарлықтай жетістігі де болды.
1986 жылы біздің әріптесіміз Ерназар Қуатбекұлы Сахиев КСРО КОКП ОК және Министрлер кеңесінің қаулысымен он бес одақтас республиканың бір топ құрлысшы-инженер және сәулетшілері қатарында жас архитектор «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Бұл оның Ақтау қаласында атқарған еселі еңбегіне берілген лайықты марапат еді.
Жұмыс бабында әріптес ретінде қарым-қатынаста болсақ, былайғы өмірде біз дос болып араластық. Достығымыздың дәнекері болған Сыр елінің белгілі азаматы, меценат Махмут Ыбырайханұлы Нәлібаев болатын. Отбасымызбен бірге өткізген талай қуанышты күндеріміз, мерейтойлық сәттер – бәрі-бәрі есте.
Ерназар құдай қосқан сүйікті жары Райханмен бірге екі ұл, бір қызды дүниеге әкеліп, үлкен азаматтар етіп тәрбиеледі. Үлкен ұлына Сәулет деген есім беруін Ерекеңнің өзінің мамандығына деген айрықша құрметі мен ықыласының белгісіне балаймыз. Сәулет Ерназарұлы Қорқыт ата атындағы университетте ұстаз болып қызмет етті. Кейін Мәскеудегі «Шығыстану» ҒЗИ-де саясаттану мамандығы бойынша аспирантурада оқып, диссертация қорғап, саясаттану ғылымының кандидаты дәрежесін алды. Одан кейінгі Мөлдір қызымыз бен кіші ұлы Дәулет те біздің университетті бітірген, жоғары білім алып, өз мамандықтары бойынша еңбек етуде.
Ерназар досымыз өмірден ерте кетті. Әрине, өкінеміз. Амал қайсы, тағдырдың ісіне көне отырып, «Орнында бар оңалар!» деп, артында қалған ұрпақтарына, отбасына амандық, абырой тілейміз. Ерекеңнің жатқан жері жайлы, топырағы торқа, иманы салауат болсын. Біздің ендігі қолдан келеріміз – оның атқарған игі істерін, жүріп өткен өнегелі өмір жолын қимастықпен еске алып, рухына дұға бағыштау. Бұл біздің азаматтық, достық парызымыз.
Қылышбай БИСЕНОВ,
ҚР ҰҒА академигі,
техника ғылымдарының докторы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<