Сағыныш

1487

0

Бұл күндері облыстың құрметті ардагері, дербес зейнеткер, Сырдария ауданының құрметті азаматы Хамит Ембергенов бір қауым елге айналған немере мен шөберенің ортасында отыр. Әлі қуатты. Кенже ұлы Жаңабадин мен келіні Маржанның қамқор құшағына бөленгенін жиі әңгімелейміз. Сүйікті жары, еңбек ардагері, Батыр ана Ләтипа Еспенбетқызымен елу жылдан аса сыйласып, тату-тәтті өмір сүрді. Аққудың сыңарындай Ләтипа 75 жыл өмір сүрді.

Бүгін бір сәт дүниеден өткен жанды еске алып, өмірдерегінен әңгіме өрбітуді парыз тұттық, оқырман!

Бір кезде ауылдың шығыс жағындағы әудем жерде «Ақтүбек» атты жасыл жайлау болатын. Көл жағасы тұнып тұрған жиде, тораңғыл еді. Бұл жерде Бектеміс атаның аталас ағайындары қоныстанып, тіршілік етті. Мыңғырған мал өсіріп, егін екті. Бектеміс шалдың ұлы Еспенбет айрандай ұйыған елдің көшбастаушы ақылманы болғаны жайында Танат, Қаржаубай, Әжмағанбет, Көмірбай, Тапал аталарымыз талай майын тамызып айтқанын естігенбіз.

Еспенбет ата жасынан алғыр болып, арабша сауат ашып, балаларды оқытты. Содан 1929-1934 жылы сонау Араб еліне сапар шегіп, қажылық міндетін орындап, «Қоғалыға» алты ай жаяу жалпылап, арып-ашып оралғаны бар. Қиыр шеттен бір қаптай Құран кітаптарын арқалап, соны үй-үйге таратқаны ұзақ әңгіме. Асыра сілтеу кезінде сол кітаптарды белсенділер іздестіріп, маза бермеген сәтте Еспенбет қажы «Ақбүйектің» бір шетіндегі шұңқырға көміп, аман-сау құтылғанын ұлы Шахап аға бізге талай рет көзіне жас алып айтқан еді.

Білімгер Еспенбет ата 1934 жылы осы туған топырағында дүниеден өтті. Артында Шахап, Күлшан, Ләтипа қалды. Шахап аға соғыста тұтқынға түскен. Шәкеңнің үлкен апасы Күлшан ұл-қыз өсіріп, тамыр жайып, пәни дүниеге аттанғанына біраз жылдың жүзі болды.

Еспенбет атаның зайыбы Тәтен әже кенжесі Ләтипаны бауырына басып, шаңырақтың отын өшірмей, ұлы Шахаптың соғыстан оралуын сарыла күткенін жиі әңгімелеуші еді. Біз мектептен оралған бойда нағашы әжеміз Тәтен қызық әңгімелерін тамсана айтушы еді-ау. Әңгімешіл кісі болатын. Әлі есімде, 1948 жылдың жаймашуақ жазы. Әжеміздің үйіне Қызылордадан төрт-бес адам қызы Ләтипаға құда түсуге келді. Орталарындағы кісі өзін Бижанның Махамбетжанымын деп таныстырды. Қасында күйеу бала Хамит аға. Пединституттың тарих факультетінде екінші курста оқитынын айтты.

Сонымен, құдаларды шығарып салу жалғасты. Қазіргідей көлік жоқ. Қаладан түйемен келген. Құдалар Ләтипа мен Хамит ағаны қоршау жасаған нарға мінгізіп, Қызылордаға аттандырды.

Сол Ләтипа Еспенбетқызы Хамит Ембергеновпен елу жыл отау құрып, пәни дүниеге аттанғанына биыл жиырма жыл толып отыр. Жуырда ұл-қыздары жиналып Ләтипаны ескен алу мәзірін өткізіп, ас беріп, үлкен бір міндеттен құтылғанына біз де куәгер болдық.

Ас беру рәсімінде әңгіме өрбіді. Хамит аға, ұл-қыздары, құда-жекжаттары сыйластығы жарасқан Ләтипа жайында жүрекжарды әңгімелер айтып, жұртты бір серпілтіп тастады. «Ат тұяғын тай басар» демекші, әсіресе, немере-шөберелерінің лебіздері бәрімізді толқытты.

Батыр ана Ләтипа Еспенбетқызы он бала тәрбиелеп, отыз-қырықтай немере, шөбере сүйіп өмірден өтті. Жиырмаға жуық құдаларымен сыйлас болды. Отыз жылдай еңбек етіп, зейнетке шықты. Қыздары Қадиша, Шара, ұлдары Марат, Жаңабадин, Ғайнетдиндер бір-бір шаңырақ.

Шаңырақтың үлкен бәйтерегі, ардагер Хамит Ембергенов қазір тоқсаннан асып, жүздің ауылына шығар мерзімге бірер жыл қалғанын жиі әңгімелейді.

Ұзақ жыл обкомда, қалалық партия комитетінде, «Білім» қоғамында, «Боздақтар» редакциясында жұмыс істеді, сонан соң 25 жылдай Сырдария аудандық партия комитетіндегі бір бөлімді басқарды. Еңбек ардагерлері Төлек Сақтағанов, Ертуған Жүсіпов, Айтбай Ыстықбаев, Мырқы Исаев, Нұрмақ Тоқмырзаевпен бірге қызмет істеді. Бірінші хатшы Еламан Жүнісбаев мектебінен өткенін мақтан етіп, әңгіме өрбітіп отырады.

Кең бөлме төріндегі диванда Хамекең отыр. Сүйікті жары Ләтипадан көз жазып қалғанына биыл жиырма жылдан асқанын еске алды. Көзіне жас үйірілді. Сыңарынан айрылған аққудай кейпі байқалады. Шүкір деп бойын тіктеді. «Шара бастаған қыздарымның құшағындамын. Немере-шөберелерімнің ілтипаты бөлек. Келінім Маржанның бағымындамын. Әттең, сыңарым, сүйікті жарым Ләтипа есімнен кетпейді» дейді.

Өмір-өзен, ол ағысын тоқтатпайды. Әлі де көрер қызығыңыз көп болсын, Хамит аға!

Қайырбек Мырзахметұлы,

Қазақстанның құрметті журналисі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<