Сағыныштан сарғайған Сібір

509

0

Байқоңыр қаласындағы досы Балтабектің үйіне қыдырып барған Арманның жан дүниесі әлем-жәлем. Алуан ойлар шырмауында таңды ұйқысыз атырды. Көз алдынан ит тұмсығы батпас қалың орман, әр саусағы теректің бұтағындай алпамса денелі қара шал кетпей қойды.

Бәрі де аяқастынан басталды. Балтабектің мол жайылған дастарқанынан ішіп-жеп тоғайған соң, екеуі теледидардан Ресей жаңалықтарын тамашалауға кірісті. Кенет жұмсақ диванның үстінде отырған Арман орнынан ұшып тұрып «Нұртай! Нұртай Баспақов!» деп айқайлап жіберді. Сілтідей тынған үй-іші аң-таң. Экранда алыстағы Лесосибирск қаласындағы табиғат қорғау мекемесінің аға орманшысы сөйлеп тұр еді. Бұл кезде Арманның көз алдынан Сібір орманының төріндегі Нұртайдың үйі, Ертай ақсақал, Яшка шапыраш, көп жыл бұрын болған оқиғалар тізбектеліп өтіп жатты.

Кеңес өкіметінің дәуірлеп тұрған шағы. Іргелі шаруашылықтың құрылыс шебері болып істейтін Арман совхоз директорының бұйрығымен Сібір өлкесіне іссапарға жіберілген еді. Міндет – ондағы ағаш дайындау мекемелерімен келісіп, ауданға құрылыс материалдарын жөнелтіп тұру.

Бұлар төртеу еді. Топ басшысы  Самат орта жастағы елпілдеген адам болса, Нұртай, Айбар – өзімен қарайлас өндірдей жастар. Ақтөбеден алып ұшаққа отырған бұлар Новосибирск қаласына бірер күн аялдады. Мұнан кейін жүрдек пойызбен бір жарым тәулік жүріп Лесосибирск қалашығына жетті. Орталықтағы қонақүйге келіп бөлме сұраған-ды. Жирен шашын шолтита күзеген семіз келіншек «орын жоқ» деді қатқыл үнмен. Салы суға кеткен бұлар бірінші қабаттағы мейрамханаға бұрылған. Іште адам қарасы мол екен. Даңғаза әуенге ілесе жұлқына билеген қауым ешнәрсені елер емес. Шеттегі үстелге жайғасқан бұлар даяшы әкелген борщты құлықсыз ұрттап қойып, әңгімеге кірісті.

Талай жолсапарда жүріп, небір оқиғаларды басынан өткізген Самат қонақүйге қалай да орналасу қажеттігін айтып отыр. Көрші үстелдегі ұзын жігіт пен жас қыз шала мас. Ашаң денелі, шашы жалбыраған шапыраш көзді жігіт жан-жағына сүзіле қарап, тістеніп отыр. Бір сәт түтіні будақтаған шылымын бұларға қарай шиыра шерткен ол Саматқа ашықтан-ашық тиісе бастады. Арашаға ұмтылған Нұртайды баспен ұрып, мұрттай ұшырған бұзақы Арманның соққысынан бүк түсті. Орнынан сүйретіліп зорға тұрған әлгі жігіт бұларды балағаттаған күйі сыртқа қарай жүгірген.

Самат қалтыраған дауыспен:

– Айналайындар-ай, қойсаңдаршы. Түлей тайгада бәрімізді бауыздап кетер. Бала-шағаға аман-есен жетсек, – дейді жыламсырап.

Осы мезетте үлкен залдың әшекейлі есігі айқара ашылып, өңшең сом тұлғалы төрт-бес адам кіріп келді. Топтың алдындағы жігіттің ірілігі соншалықты, бойшаң саналатын Арман оның жанында кішкене баладай көрінген. Жігіттің салмағынан қара жер теңселгендей. Шайқала басқан кейпі тым айбарлы. Дәудің темірдей бұлшық еті, шойындай жұдырығына көзі түскенде бұлардың зәре-құты қалмады.

Іле-шала Саматтың:

– Арман, Нұртай, Нұртай өлдік! – деген даусы құлақты жарып өтті.

Дәу кілт тоқтады. Өңін таңданыс билеген күйі шала қазақшалап Саматқа:

– Сен, ким? – дегені.

Оның үнінен жақын тартқан сезім байқалады. Жанарынан жасы сорғалаған Самат:

– Айналайын-ай! Біз – қазақпыз, қазақтармыз. Алматы. Қызылорда, – деп асып-сасып, бір-біріне байланыссыз сөздерді шұбырта жөнелді. Мәссаған…

– Мен – казах. Кызылорда! – деп күлген дәу добалдай саусағымен өзінің кеудесін түртті. Бұлар бейнебір түс көріп тұрғандай күй кешті.

– Давай, Колян. Их убит мало! Зарежу! – деп ұмтыла берген қитарды дәу желкесінен ұстап, тік көтерген қалпы бұрышқа қарай лақтырып жіберді. Мұны көрген қалған серіктері қасқыр көрген қойша үркіп, безіп кетті.

Бар білетін қазақшасы таусылған дәу енді орысшаға көшті. Аз-кем тілдескеннен кейін ол бәрін үйіне қонаққа шақырды. Бұлар үнсіз келіскен. Тайгада жиі кездесетін жалғыз аяқ жолмен тізбектеле ұзақ жүріп, шағын үйдің жанына тоқтады. Сібірліктердің дәстүрімен шеге қағылмай, бөренеден қиюластырып қарағайдан салынған үйдің ауласында зор денелі, қалың сақал-мұрты кең кеудесін жапқан қара шал тұр.

Өздеріне қарай сүріне-қабына асыға беттеген қария Саматтың:

– Ассалаумағалейкүм, ақсақал, – деген сөзін естігенде сылқ етіп жерге отыра кетіп, жылап жіберді.

Сәлден соң өзіне-өзі келген қара шал төртеуін бауырындай аймалап, үйіне бастады. Қарттың есімі – Ертай, Сырдарияның жағасын мекендеген Қызылорданың қыпшағы болып шықты. Дәу жігіт шалдың жалғыз ұлы, әскери борышын Ауғанстанда өтеген, самбодан спорт шебері екен. Қарияның Бектұр атты немересін көрші-қолаң Виктор деп кетіпті.

Ертай ақсақал қонақтарына екі бөлмелі сарайын босатып беріп, сонда орналастырды. Өзі елдің жайын сұрап, ертелі-кеш бұлардың жанынан шықпайтын. Күніне қаз-үйрек, тауығын сойып астырып, жұмыртқасын қуыртып ас-судан кенде қылмады. Бейтаныс жанның мұншалықты қамқорлығына төртеуі қаралай қысылатын. Бірде Саматтың «базарлығымыз» деп, келіні Наташаға ақша ұсынғанын байқаған Ертай қария қатты ашуланды.

Бұлар елге қайтар алдында шал меймандарына ақтарыла сырын шертті:

– Мен Сырдарияның жағасында туып-өстім, – деп бастады Ертай ақсақал әңгімесін. – Әкем Баспақ жауырыны жерге тимеген палуан болатын. Біз бір кіндіктен тараған екі ұл едік. Мен сегізге толғанда анам, жыл өте әкем дүниеден озды. Бір шаңырақта ағам Нұртай екеуміз көзіміз жаутаңдап қала бердік. Өзімнен жеті жас үлкен Нұртайды мен «көке» дейтінмін. Көкем мені тұмсықтыға шоқытпай, қанаттыға қақтырмай ержеткізді. Есімізді енді жия бастағанда аты өшкір соғыс басталды. Алғашқылардың бірі болып мен де әскерге шақыру алдым. Көкем бала кезінде аттан құлап, жамбас сүйегін сындырып алғандықтан әскерге жарамады. Алайда «Ізіме ерген ботамды қанды қасапқа жалғыз жібермеймін» деп басшыларға жолығып, жалынып жүріп менімен бірге кетуге рұқсат алды. Қайран ағатайым-ай! Егер олай болмағанда қазір көкем үйлі-баранды болып, алаңсыз ғұмыр кешер еді-ау. Маңдайға солай жазса, амал қанша?

Біз мінген эшелон Сталинград маңайына келіп тоқтады. Аз уақыт оқу-жаттығуда атыс құралын игеруге машықтандық. Сол қасіретті күнгі ауыр шайқас кейін ұзақ жылдар бойы түсіме кіріп жүрді. Бір күні көкем, мен және тағы бір жауынгер тосқауылда қалдық. Үшеуміз қас қарайғанша дұшпанның талай мәрте жасаған шабуылын тойтардық. Соңғы ұрыста қасымыздағы серігіміз мерт болып, мен иығымнан жараландым. Көз байлана майдан даласынан сытылып шығып, батальонды іздеуге кірістік. Көкем өзінің пулеметіне қоса мені де арқалап алған. Қансырағандықтан қатты әлсіреп қалыппын. Түн ортасы ауа қалың ағашқа кезігіп, сәл тыныстадық. Сол азғантай демалыс аса қымбатқа түсті. Жарақатымды таңып, жаныма жантая берген көкем басын жерден жұлып алды. Мен де селк ете түстім. Жат тілде даурыға сөйлеген көп адам тура бізге қарай келеді. Жан-жағымызды қамап алған тәрізді. Қашқанмен құтылмасымыз анық.

Амалым құрыған мен:

– Көке, сен қаш, құтыл. Мен оларды бөгеймін. Екеуміз бірдей аман кете алмаймыз. Сен құтыл. Тездет көке, қаш! – дедім жалынып.

Алайда тістене қалшылдаған көкем:

– Жоқ, Ертайжан! Қарашаңырақтың иесі өзіңсің. Сен өлсең ұрпақсыз кетесің. Мен құрбандығың болайын. Қозғалмай жата тұр. Осы бағытпен жүрсең, өзенге жетесің. Арғы жағалауда біздің әскерлер алыс емес. Қош бол, ботам! – деп маңдайымнан сүйді де жүгіре жөнелді.

Менен сәл ұзай бере қол пулеметтен оқты боратқан күйі бір бүйірге жалт берді. Ойран-ботқасы шыққан жау солдаттары көкемнің ізінен қалмай атқылап, қоршай бастаған. Біршама уақыт өте сонау алыстан «Ертай, Ертайжан» деген ащы үн естілді де тына қалды, – деп Ертай қария жас балаша егілді.

– Осылайша көкем мен үшін өзін өлімге қиды. Қайран, боздағым-ай! Еңіреп жүріп батальонды іздеуге кірістім. Көретін жарығым бар шығар. Сүйретіліп құлап-тұрып, өзенге жетіп жығылған мені таң алдында өзіміздің жауынгерлер тауып алыпты. Сол бойы санитарлық бөлімге жеткізіпті. Есімді жиған шағымда батальон командирі Сергеев келіп, көкемді «Даңқ», мені «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынғанын жеткізді. Награданы кеудеме таққан сәтте көкемнің жарқын бейнесі санамда қылаң берді.

«Қырсық бір айналдырғанды, шыр айналдырады» деседі. Тағдырдың маған артар жүгі бұл ғана емес екен. 1943 жылы ұрыс даласында ауыр жарақаттанып, тұтқынға түстім. Көрмеген қорлығым қалмады. Лагерьден-лагерьге ауысып, кіріптарлықтың зарын тарттым. Жыл өте күзетшіні өлтіріп, қашып шықтым. Орман кезіп жүріп партизандарға қосылдым. Алуан сынақтан өттім. Қиналдым, бірақ жасығаным жоқ. Батылдығыммен ауызға іліктім. Қатардағы жауынгерден отряд комиссарлығына дейін көтерілдім. Кеңес әскерлерімен қауышқаннан кейін бізді армия қатарынан босатты. Көп ұзамай елге оралдым.

Жалғыз жанашырым – көкем соғыста қаза тапты. Өзге жақын-жуық менде жоқ еді. Отау құрғалы жүргенімде НКВД-ның қармағына түстім. Бір түнде ұстап, қалаға алып келді. Немістердің тұтқынында болғандарды қатты қудалағанын естіген боларсыңдар. Фашистердің айуандығынан «қызыл жағалылардың» қаталдығы кем түспеді. Тергеп-тексеріп «Отанын сатқан опасыз» деген саяси айып тақты. Он жылға кесіп, Сібірге айдады. Олардың айтуынша, қолға тірілей түскенше атылып өлуім қажет екен. Менің жасаған ерліктерім үш орден, медальдарым есеп емес. Лагерьде жүріп тағы да пәлеге ұшырадым. Түрмеде бәріне айтқанын жүргізетін бір озбыр болды. Өзі де түрінен жан шошитын еңгезердей, жүн-жүн неме еді. «Ерден ердің қаупі бар» демекші, оған жақындамауға тырысатынмын. Байғұсты қан тартты ма, бірде еш себепсіз маған тиісті. Әрі-бері байланысқым келмеген. Ақыры шыдамым таусылды. Ыңғайын тауып, тамақтың астынан алақанымның қырымен періп жібердім. Жалп ете құлап, үнсіз қалды. Өңеші үзіліп кетіпті. Бұрынғы жазама 10 жыл қосып, мені күшейтілген режимдегі түрмеге ауыстырды.

Сталин өлгеннен кейін саяси тұтқындарға тегіс кешірім берілді. Камераластарым босап шыққанда кейінгі қылмысыма байланысты маған жеңілдік жасалмады. Бұл жағдай мені өмірден қатты түңілдірді. Шынымды айтсам, бойымда аяушылық сезімі жоғалып, қасқырға айнала бастадым.

«Қандай кінәм бар, неге опасыз атандым? Не үшін қан төктім, көкем кім үшін опат болды? Қандыкөйлек жауынгер достарым қайда, маған қол үшін берер бірде-бір адам болмағаны ма?» деген сан сұрақ жанымды жегідей жейтін.

Қалың ойдың шырмауында жатып, қалғып кетіппін. Түсімде қасиетіңнен айналайын туған даламды, Сырдариямды көрдім. Көкем екеуміз шомылып жүр екенбіз деймін. Мен асау ағын ортасына беттесем, көкем қолымнан ұстап жағаға сүйрейді. Аяқастынан дауыл тұрып, мені ағызып ала жөнелсін. Жандәрменмен жағалауға құлаш ұрдым. Енді өлдім дегенде көкем белімнен ұстап жиекке шығарды. Өзі болса дарияны кешіп көзден таса болды. «Көкелеп» шырқыраған даусымнан шошып ояндым. Іштей күбірлеп, жақсылыққа жорыдым.

Таңсәріден түрме іші қарбалас қимылға толды. Сотталғандардың тізімін мұқият тексеріп, төсек-орындар қайта жаңартылды. Шамасы комиссия келетін тәрізді. Түскі тамақ алдында әр отрядты сапқа тұрғызып түгелдеу басталды. Көп кешікпей кеңседен шыққан шоғыр бізге қарай аяңдады. Топ басындағы кеудесінде батырдың «Алтын Жұлдызы» жарқыраған зерлі погонды генерал тым сұсты-ақ. Жайшылықта маңғаз көрінетін түрме бастығында жан жоқ. Жас балаша елпеңдеп жүгіріп жүр. Мен өз отрядымның алдыңғы қатарында тұрғанмын. Дік-дік басып жанымыздан өте берген генерал қалт тоқтады. Бұрылып келіп, аты-жөнімді сұрады. Тәртіп бойынша статьямды, кесілген жылымды мәлімдедім. Қадала қарағанымда оның жанарынан ауыр мұңды аңғардым. Сол сәтте өзім де іштей жылап тұр едім.

Бұл генерал менің бұрынғы батальон командирім Иван Сергеев болатын. Қарулас серігімнің арқасында түрмеден босадым. Кейін генералдың қарындасы Клаваға үйлендім. Перзент сүйдім. Қиындықтың бәрі артта қалды. Десе де, туған жеріме деген сағынышым сейілген емес. Елге оралуға сан рет талпындым. Бірақ көкейімнен қорқыныш кетпей қойды. Әбден жүрегім шайлығып қалыпты. Жас ұлғайды. Кемпірім дүние салды. Алла жазып сендермен жүздестім. Енді өлсем де арманым жоқ. Мына жалғызымды көкемнің құрметіне Нұртай атағанмын. Бұрын ел-жұрттан бөлек өскендігіне қамығатынмын. Тәңірге мың да шүкір. Өзінің жалғыз еместігін, іргелі жұрты барын ұқты. Есін білгеннен «Отаның – Қазақстан. Қызылорданың азаматысың» дегенді зердесіне құя бердім. Ана тілін білмегенімен, туған ұлтын ұмытпасын. Енді өзі де сендерден хабарын үзбес. Пейіл-ниеті еліне арналар. Әкесін құрметтесе, кең даласын жадында тұтар» деп егілген қарияға бұлар да қосыла толқыды.

Ертеңіне елге бет алғандарды Ертай ақсақал әулетімен шығарып салды. Желмен тербелген тал-теректің жапырағы алыстағы жерлестеріне олардың сәлемін жолдаған сынды. Төңірек алтын түске боялғандай жарқырап тұр. Бәлкім, Сібірдің нуы сағыныштан сарғайған шығар.

Арманның бүгін теледидардан көрген адамы Сібірдегі қандас бауыры  Нұртай Баспақов болатын.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы».

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<