Сарқылмайтын сағыныш

563

0

Аға! Сіз бізден алысқа кеткелі он жыл. Тура уақытпен санасақ солай. Бірақ маған да, өзге бауырлар үшін де бәрі кеше ғана болған сияқты. Бәлкім, өзіңізді сонау жоғарыдан сыртымыздан демеп жүр деп түсінгеннен шығар, шынымен алысқа әрі оралмас сапарға кеткеніңізді енді-енді түсінгендеймін. Жылы күздің басы сіздің туған күніңіз ғой. Қыркүйектің жетісі. Бұрын мәре-сәре болып құттықтап, Алматыға қоңырау шалатын кенже қарындасыңыз 10 жылдан бері телефонын қолына алып тілек жолдағысы келеді. Бірақ…

Он жыл бойы сол кенже қыз қазақы әрі мұсылмандық жолмен жеті шелпекті көршілерге жағалай таратып жүр. Мешітке барып, садақа тастайды. Құран оқытып, «тие берсін» айтудан жаңылған емес. Шын сағыныш шығар, өзіңізді есінен бір сәт шығармапты.

Аға, биыл 65 жас мерейтойыңызды бар ағайын, дос-жаранмен тойлар едік. «Әттең-айы» көп мына жалғанда оған жете алмадық. Сонда да шүкіршілік деймін, өйткені, артта қалған бауырларым, Бақыт жеңеше мен ұл-қыздарыңыздың ғұмыры ұзақ болсын деген дұғада жүремін. Сіз көріп үлгермеген бар қызықшылыққа солар куә болса деген арманым әрдайым өзіммен бірге, ағатай!

Талант Жалпақбайұлы Нұрмағанбет 1958 жылы дүниеге келді. Орта мектептен соң Қазақ Ауыл шаруашылығы институтын, Мәскеу халықаралық бизнес және ақпараттық технологиялар университетiн бiтiріп, еңбек жолын туған жері Қазалы ауданындағы №86 жылжымалы-механикаландырылған колоннада механик болып бастаған.

Аз уақытта жөндеу-механикалық шеберханасының меңгерушісі болып тағайындалды. Мұнан соң сатылап өсу басталған еді. Қазалы аудандық агроөнеркәсiптiк бiрлестiгiнiң жөндеу жұмыстары жөнiндегi жетекші маманы, Қазалы техникалық жөндеу кәсiпорнының директоры, өндiрiстiк-техникалық «Агросервис» кооперативi төрағасының орынбасары, аудандық «Агроөнеркәсіп-техника» бiрлестiгiнiң бас инженері, мемлекеттiк «Арман» шағын кәсiпорнының, «Қазалы» өндiрiстiк-коммерциялық орталығының ауыл шаруашылығы өнiмдерiн жабдықтау және тарату мекемесi және «Қазалы» ЖШС директоры қызметін атқарды. Қазалы ауданы әкiмi аппаратының шағын кәсiпкерлiктi қолдау жөнiндегi бөлім меңгерушісі, «Қазалы жарығы» консорциумының, «Қазалы жарығы» ассоциациясының президенті, «Даймонд-Групп» компаниясының облыс бойынша даму және инвестиция жөнiндегi аймақтық директоры қызметтерін абыроймен атқара білді. Ал кейінгі жылдары аудандағы «Ер-Нұр» сауда базарының құрылтайшысы және Алматы қаласында орналасқан «Астро-Люкс» ЖШС басшысы болды.

«Халық айтса, қалт айтпас» дегендей, жұрт айтатындай, ол iзденiмпаз, принципшіл, уақыт талабымен санаса білетін іскер азамат еді. Егемендіктің алғашқы жылдары кәсiпкерлiк тізгінін ұстап, онысын жұртқа насихаттай жүрді. Талапкерлiгi, еңбекқорлығымен қатар, өте сауатты болатын. Жастайынан ешкімнің сүйемелдеуін күтпей-ақ, өз бетінше талай игі істің басы-қасында болды.

Қонақжай еді, думанды ортада көк баянымен ән айтып, жандырып жіберетін. Алматыда оқып жүргенде Құрманғазы атындағы оркестрде баян тартыпты. Мәдина Ералиева апамыз шырқайтын «Сағым жылдар» әнін айтатын. Өміріңнің қысқа болып, сағымға айналатынын, көк баяныңның иесіз қалатынын, сездің бе екен, аға?

Бірде облыстың Құрметті азаматы, «РЗА» АҚ президенті, Сыр еліне белгілі қайраткер азамат Самұрат Имандосовпен сөйлескенімде, ағам жайлы ақтарылғаны бар еді. Алғашқы қызмет жолын Самұрат ағаның қарамағында бастағандықтан жылы естеліктер айтты.

– Бірінші күннен бастап өзінің қабілет-қарымын, білімі мен ата-анадан алған тәрбиесін көрсетіп жүрді. Оның ұйымдастырушылық қабілеті өте жоғары еді. Әсіресе, механизаторлармен жұмыс істеу, тіл табысу, жұмысқа қатысты талап пен тәртіп жағында өте белсенді болды. Ұмытпасам, бір-бір жарым жыл шамасында орталықтандырылған жөндеу-механикалық шеберханасына механик етіп тағайындадым. Ол уақытта мекемеде 700-ге жуық адам жұмыс істесе, оның 90 пайызы механизаторлар. Техника да көп. Осы техникаларды жөндеу жұмыстарын бақылауда, уақытында шаруашылық жұмыстарына қатыстыруда Талант өз ісін жоғары деңгейде алып шығатын. Ол болмысында үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеу деген қасиеттен ажырамаған жігіт, – деді.

Ағамның жолдасы, бірге қызмет істеген әрі отбасылық досы, облыстық мәслихат депутаты, белгілі кәсіпкер-меценат Ибайдулла Тілеп аға да көп әңгіме шертетін.

– Талант екеуміз бір жылдың төлі едік, қатар өскен құрдасым әрі досым. Екеуміз өте жақсы сыйластық, әзілдесе жүріп, талай қызықты шақты бірге өткізгенбіз. Талант паң, асқақ жігіттердің қатарынан еді. Әрі онысы өзіне жарасып-ақ тұратын.

Ниеттес едік, қатар өсіп келе жатқан ұл-қыздарымыздың қызығын көреміз, тойларын бірге өткізіп, талай қуанышты сәттерді қатар атқарамыз деген арманымыз бар-тұғын.

Тәкеңнің бір жақсы қасиеті – кітапты көп оқитын. Қазақ классиктерінен бөлек, орыс әдебиетін де терең меңгерді. Екіншіден, нағыз саятшы болды. Аңға шығып, құс атып, балық аулайтын. Сондай-ақ қазір біз істеп жүрген бизнесті ол алғаш бастап, кеңес үкіметі тараған сәттен нарық талабына тез бейімделді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына күш салған, шағын кәсіпкерлікте көп іске ұйытқы болып, өзінің қатарластарына да, кейінгі буынға да үлгі бола білген бірден-бір азамат еді, – дейді Ибайдулла аға.

Бүгінде артында қалған алтындай ұлдары мен қыздары, немерелері, жеңгеміз Бақыт аға орнын жоқтатпай, бастаған ісін жалғастырып жүр. Тұңғышы Ермек – Ақтау қаласындағы Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің проректоры, заң ғылымдарының кандидаты, профессор, келіні Махаббат – әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің доценті, заң ғылымдарының кандидаты, үш баласы бар. Қызы Меруерт – Алматы қаласындағы «Тұран» университетінің аға оқытушысы, күйеу баласы Нұрлыбек – әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің аға оқытушысы. Қызы Арайлым – Алматыдағы сақтандыру компаниясының заңгері. Шаңырақ иесі Ернұр – Алматы облысы, Қарасай ауданының аға прокуроры қызметінде, келінім Аяулымның мамандығы – мұғалім, жақында ғана аға шаңырағында немересі дүниеге келді.

Шүкіршіліктен таймайын, осы ұл мен қыз арқылы Құдай қосқан құда-жекжаттары бар. «Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді. Жоғарыда айтып кеткендей, балалар мен немерелер қызығын Бақыт жеңгем ұзағынан көріп, шөбере қызығына жетсін деген ізгі тілекті көп қайталаймын. «Аға алдында пейіліңді көрсет, іні алдында мейіріңді көрсет» демекші, расында арқа сүйеп, ақыл сұрап, қиналғанда демеген, жабыққанда жебеген, бір әулеттің үлкені болған аға жайлы естелік әлі де көп. Әсіресе, мені қуантатыны – ағам туралы көпшіліктің жақсы пікір айтып, игі істерін үлгі-өнеге ететіні. Иә, артыңда атыңды жоқтатпайтын бауырларың, жан жарың мен ұрпағың барда, сіз мәңгі бізбен біргесіз, асыл аға!

Эльмира НҰРМАҒАНБЕТОВА,

№7 «Балдырған» санаториялық

бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі, аудандық мәслихат депутаты.

Қазалы ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<