Қызылорда медициналық жоғары колледжінің ардагер-ұстазы, жарты ғасырға жуық жас мамандар даярлау ісіне еңбегін арнаған Оспанов Аманжол Әбжаппарұлының тәлім-тәрбиесі шәкірттерінің өміріне жол сілтер шамшырақ болды. Бір кездері тұлымшағы желбіреген жас балалар бүгінде тұлғалы, айтулы азаматқа айналды.
Оспанов Аманжол Әбжаппарұлы 1941 жылдың 8 желтоқсанында Шиелі ауданында дүниеге келген. Әкесі Әбжаппар атамыз әскерге шақырылғанда кіндігінің байланғанына небәрі бір апта болған екен. Бар ауыртпалық анасы Тұрсынкүл әжемізге түсті. Бала Аманжол жеті жасынан бастап үлкендердің ізін басып, егіс алқабында жұмысқа араласты. Кішкентайынан зерек болып өскен бала мектепте оқып жүріп, жазу-сызуға қатты құмар болды. Әсіресе, әдебиет пәнін аса қызығушылықпен оқиды. Қойын дәптеріне қай жерде не көргенін, не үйренгенін жазып, естелік етіп жүрді. Сегізінші сыныпта оқып жүріп-ақ Шиелі аудандық газетіне мақала бере бастайды. Онысын бүкіл ауыл жинала оқитын.
Мектепті бірге бітірген кластастары тамыздың ортасында Алматыға жүргелі жатыр екен. Жүгін жинап жатқан Аманжолға әкесі «Құлыным, бетіңді қақпайын. Қалаған оқуыңа бара ғой», деп ақ батасын берді. Сөйтіп Шиеліден оқуға барған бір топ жігіттердің ішінен бірінші болып 1960 жылы Алматы медицина институтына түседі.
Провизор мамандығының бірінші курсында оқып жүріп-ақ, спортқа бет бұрды. Жатақханада қол күресінен күш сынасып тұратын. Бала күнінен әбден шыңдалған шымыр денелі Аманжол қатарлас жігіттерді қиналмай-ақ жеңіп жүрді. Денешынықтырудан беретін ұстазы дене бітімін, салмақ шамасын сырттай бақылап жүріп, бірінші курста еркін күреске баулыды. Міне, осы тұстан бастап спорттағы шеберлігі шыңдалып, еркін күресті айтарлықтай меңгерді, үзбей жаттықты.
Оқуын бітіргеннен кейін туған жеріне оралып, еңбек жолын Қызылордадағы №1 қалалық дәріханада провизор болып бастады. Бұл медучилищеде фармацевт мамандарды даярлау қолға алынып жатқан кезең еді. Алғашқы жылдары фармация пәнінің оқытушысы, онан кейін бөлім меңгерушісі қызметін атқарған Аманжол Әбжаппарұлы қай істе болмасын аса жауаптылығымен, іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен танылды. Оның қызметтегі әріптестеріне, әсіресе, жас оқытушыларға ақыл-кеңес беруде өзгеше қарым-қатынасы болатын. Спорт пен медицинаның егіз екенін Аманжол ағай шәкірттеріне үнемі үйретуден жалықпады, өзі медицинаны, соның ішінде фармакологияны терең меңгеріп, оны қажетті жерінде өз палуан шәкірттеріне оңтайлы қолдана білді.
1965-1985 жылдары ұстаз әрі жаттықтырушы Аманжол ағайдың тәлімгерлігімен медучилищеден еркін күрестен 200-ден астам КСРО спорт шебері, спорт шеберлігіне кандидат және І разрядты жігіттер шығып, олар 110 рет одақтық, республикалық жарыстардың жеңімпаздары, жүлдегерлері атанды. Кейбір шәкірттері медицина училищесін тәмамдағаннан кейін үлкен спортқа бет бұрып, бапкер мектебін әрі қарай шыңдап, өздері де Әлем, Азия чемпионаттарында табысты өнер көрсетіп жүрген жас палуандарды шығарып қазақ спортын асқақтатты.
Қырық бес жыл бойы медицина колледжінде абыроймен еңбек еткен, оның ішінде 18 жыл директордың орынбасары қызметін атқарған өте талапшыл, қатал бола тұра мейірімді, жүздің көңілін тапқан, Аманжол Әбжаппарұлының артында жұбайы Ұлжамал анамызбен бірге қыздары Ақнұр мен Гүлнар, ұлдары Мейірман мен Дастан, олардан тараған 9 немересі, 5 шөбересі өріс жайып келеді. Ұлағатты ұстаздың денсаулық сақтау саласына маман дайындаудағы еңбегі бағаланып, «За доблестный труд», «За трудовую доблесть» медальдарымен, ҚазССР Жоғары кеңесі және облыстық Халық депутаттар кеңесінің, Спорт комитетінің Құрмет грамоталарымен, «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен және бірнеше Алғыс хатпен марапатталды. Ал 2018 жылы республикалық деңгейде аталып өткен Қызылорда медициналық жоғары колледжінің 90 жылдық мерейтойында оған «Ұлт қайраткері» төсбелгісі тағылды.
Әр адам қандай жетістікке жетсе де, білім берген ұстаздарын ерекше құрметтейді. Тарихта ақыл-парасаты мол тұлғалардың көпшілігі ұстазына ерекше құрметпен қарап, әрдайым ізетпен еске алғаны мәлім. Осындай құрмет ардагер-ұстазды еске алуға арналып, Қызылорда медициналық жоғары колледжінде «Шәкірттерін шыңға бастаған кемел ұстаз» атты рухани-танымдық кеш ұйымдастырылды. Аманжол Оспановтың медучилищені 1970-1990 жылдары бітірген жүзге жуық шәкірті еліміздің түкпір-түкпірінен бас қосып, «Мұз айдынында» еркін күрестен турнир өткізіп, тәлімгер тұлғаның рухына арнап Құран бағыштап, ас берді.
Халқымыздың сан ғасырдан бергі даналығындағы «Ұстазыңды атаңнан да әзіз тұт» деген сөзі тегін айтылмаса керек. Аманжол Әбжаппарұлының ұрпағы, тәлім-тәрбиесін бойға сіңірген шәкірттері, саналы ғұмырын арнаған медколледж ұжымы ғұмыр-ғибратын ұлықтауында негіз бар. Оның есімі білім шаңырағында шәкірттерін шыңға бастаған кемел ұстаз болып қала бермек.
Нұрлыбек ЕГІЗБАЙҰЛЫ,
Қызылорда медициналық жоғары колледжінің оқытушысы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<