Жоғары оқу орнын бітіргесін жылдан аса Тасбөгеттегі жиырма тоғызыншы жылжымалы механикаландырылған мекемеде мастерлік жұмыс атқардым. Аптаның бес күні даладамыз. Күріш ауыспалы егісін тегістеп дайындаймыз. Қарамағымда бес скреперші. Олар атыз бетін тегістейді. Менің қолымда нивелир, солардың жанындамын. Бірге батпақ кешіп, шаң жұтамын, олар не ішсе, менде соны ішемін. Өмір тәжірибем осылай басталды.
Институт бітірерде ғылым жолына түсемін деп ойлағанмын. Жоғары оқу орны кафедра ассистенттігіне бұйрық та шығып қойған еді. Дегенмен, ауылға бет алдым. Бірақ ғылым арманын жадымнан шығармадым. Сөйтіп 1970 жылдың үшінші қаңтарынан облыстық күріш тәжірибе стансасына аға ғылыми қызметкерлікке кірістім. Осы жұмысқа мені мекеме директоры Ыбыраев Әшім ағамыз қабылдады. Мелиорация бөлімінің меңгерушісі Ділімбетов Қареке ағамыз екен. Олардың бірі экономика, екіншісі ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты. Сол кезде осы ұжым облыстағы бірден-бір ғылыми мекеме. Стансада бар болғаны жеті-сегіз ғана ғылым кандидаты жұмыс атқарады. Бірақ сол аз ғана ғылыми атағы бар ғалымдарға өзге жұрт аса құрметпен қарайтын. Өйткені олар сол кезеңде егін шаруашылығы саласы бойынша облыс көлемінде атқарылатын барлық ғылыми жұмыстардың ұйытқысы, үйлестірушісі еді. Ол уақытта ғылым докторлары атымен жоқ. Соған қарамастан ғылыми ізденістердің қарқыны жедел, ауқымы кең, сапасы жоғары болды. Мұны сол уақыттағы зерттеулер әдістемелік бағдарламалардың мықтылығы және оларды орындаушы, ұйымдастырушы ғалымдардың биік кәсіби деңгейі қамтамасыз етті ғой деп ойлаймын.
Станса Қызылорда қаласынан шамамен он шақырымдай жерде орын тепкен. «Қарауылтөбе» қыстағында. Ғылыми қызметкерлердің көпшілігі қалада тұрады. Оларды жұмысқа арнайы автобус тасымалдайтын. Алғашқы кезде бөлімде жасалған зерттеулермен таныстым. Алдағы жылы салатын тәжірибе әдістемесін дайындадық. Су шаруашылығының маманы болғандықтан мені сол кезеңде облыста суды пайдалану тиімділігі ойландыратын. Осы мәселені зерттеп, тиісті мекемелерден дерек жинап, мақала жаздым. Әрине, ол мақала орыс тілінде еді, себебі мектеп, техникум, институтта орысша оқыдым. Жазғанымды Әшім ағаға көрсетіп едім, ол кісі «Қазақстан ауыл шаруашылығы» журналына жіберу қажеттігін айтып, мақаланы қазақшалау жөнінде тапсырма берді. Әйтсе де менің қазақша нұсқам дұрыс шықпады. Әшекең аудармамды оқыды да күлді. Сөйтіп өзі алып қалды. Төрт-бес күннен кейін мақаланы қолыма ұстатты. Әшекең сол жерде Алматыға телефон соғып, журналдың редакциялық алқасында қызмет атқаратын беделді азаматпен тілдесті. Мақала екі автор атынан барсын деп едім, ағамыз оған келісім бермеді. «Сенің бірінші, тырнақалды еңбегің, сондықтан тек өз атыңмен жарық көргені дұрыс» деді. Осылайша, бірінші мақалам сол жылы күзде аталған журнал бетінен көрінді. Бұл ағаның маған көрсеткен қамқорлығының басы еді.
Әшім аға басшы болған ауыл бұрын көзге қораштау көрінетін. Ал ұжымға, өңірге белгілі ғалымдар келіп, шоғырлана бастапты. Әкбар Құрамысов, Мәлік Айтбаев, Георгий Сырбу, Асқар Амандықов, Дүйсен Нұрымов, Келіс Жайлыбаев, Кешабадин Сыдықов, Әбсалам Шакиев сынды тәжірибелі ғалымдар зерттеулер мәнін салмақтандыра түсіпті. Осы түбегейлі, іргелі істердің түп қазығы міндетін білімді, көргені мен түйгені мол, қарамағындағы азаматтарды маңызды ортақ іске барынша жұмылдырушы іскер басшы ғалым Әшім Ыбырайұлы тұрыпты.
Сол жылдары «Қарауылтөбеде» негізінен екі көше ғана болатын. Үйлердің көпшілігі шағын, екі-үш бөлмелі. Көшелерге тас төселген. Әшім аға осы ауылдың көркеюіне мол күш-жігер жұмсады. Оның бір дәлелі екі көшеге асфальт төселді. Арнайы құрылыс мекемесінің күшімен жаңа жобадағы екі пәтерлі қыш үйлер салына бастады. Әрине осы істердің барлығы ағамыздың жоғары орындарға дәлелді талап қойып, оның соңынан қалмай, нәтижеге жету арқылы орындалғаны даусыз.
Сол кезеңде күріш өндірісінің түрлі салалары бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары қарқынды жүргізілді. Соның негізінде облыс шаруашылықтарында күріштің өнімділігі өсті, ғалымдардың беделі де көтерілді. Бұл станса болашағын одан әрі өркендету мүмкіндігіне себеп болды. Осы жерде Әшім ағаның өңір келешегі үшін аймақта ғылыми интеллигенцияның шоғырланып қалыптасуына қолайлы әсер беретін жаңа, тың шаруаға мол еңбек сіңіргенін айтуға әбден міндеттімін. 1972 жылы станса негізінде Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институты ашылды. Бұл облыстық күріш тәжірибе стансасы ғалымдарының еселі еңбегін биік бағалаудың негізінде келген үлкен жеңіс еді. Жергілікті басшылықтың қолдауы, Әшім ағаның Мәскеуге бірнеше мәрте тынбай, шаршамай баруы арқасында келген мол жеңіс еді.
Институтқа ғимарат Қызылордадан берілді. Алғашында институт бұрын облыстық газеттер редакциясы орналасқан ғимаратта тұрақтады. Кейін Әшекеңнің табандылығымен ғалымдарға қолайлы, ғылыми ізденістерді жүзеге асыру үшін барлық талаптарға сай келетін бүгінгі орталық алаңдағы Қорқыт ата университетінің бас оқу ғимараты салынды. Ғалымдар үшін қалалық мәдени-демалыс паркі жанынан көпқабатты үй пайдалануға берілді.
Осы жылдар институттың дәуірлеу кезеңі болды десек, артық айтқандық болмас. Ол кезде институт ғылыми кеңесінде бөлімдердің есептері қызу талқыланатын, алдағы жылғы ғылыми жұмыстар әдістемесі терең сарапталып бекитін еді. Институтқа мықты ғалымдар тартыла бастады. Олардың қатарында Айжігіт Нұрғазарынов, Хамза Рамазанов, Сара Рамазанова, Герман Верещагин, Лилия Котлярова бар еді.
Әрбір ауданда қыс бойы агрооқулар ауқымды көлемде өтетін, оған барлық шаруашылық мамандары мен бригадирлері тартылатын. Ал дәріс беретін негізінен институт ғалымдары. Осы маңызды жұмыс көктем алдында облыстық ғылыми конференцияда қорытындыланушы еді. Конференцияда жазда егісті күтіп-баптау жұмыстарына арналған ұсыныстар бекіп, көбейтіліп, әрбір маман, егінішінің қолына тиетін. Бұл сөз жоқ, дақылдар өнімділігін арттыруға мол үлесін тигізуші еді. Сол жылдары институтта 35-40 ғылым кандидаты жұмыс атқарды, жалпы ғылыми қызметкерлер саны жүзден асатын. Демек, сол уақытта біздің институт Алматыда орын тепкен ғылыми мекемелермен бәсекеге түсуге жарайтын жағдайға да жетіп қалған еді. Бұл Әшекең ағамыздың қажырлы еңбегінің арқасында орын алған үлкен жеңіс болатын.
Әшім аға дүние есігін 1931 жылы ашыпты. Ендеше, мен аға қолына ол кісінің қырықтың қырқасына шыға бастаған уақытта келіппін. Елуінші жылы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтына түсіп, оны соңында үздік дипломмен тәмамдайды. Сөз жоқ, еліміздің ауыл шаруашылығы саласына жоғары білікті мамандар дайындауда сол кезде осы жоғары оқу орны алдына түсетін ешбір білім ордасы жоқ болатын.
Ол кезде қызыл диплом алған студентті оқу орнында қалдырып, ғылым жолына түсіру мақсатты түрде жүзеге асып отырған. Алайда Әшекең аспирантураға қалудан бас тартып, шаруашылықта еңбек еткісі келеді. Оның үстіне, бүкілодақтық тың игеру науқанының басталуына орай ол институттың жолдамасымен Ақтөбе облысы Темір ауданы Дмитриевский МТС-не бас агроном болып, жұмысқа орналасады.
Жұмысқа кіріскен сәттен бастап, өзінің білімі мен еңбекқорлығы арқасында 1956 жылы «Тың жерлерді игергені үшін» медалімен, 1957 жылы бар жоғы 26 жасында «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады. Маңдай тер мен адал еңбектің жемісі ел алдындағы абыройын асқақтатып, мемлекеттік марапаттарға қол жеткізді.
Шаруашылықта шыңдалған Әшім Ыбырайұлы өзі оқыған сол іргелі жоғары оқу орны аспирантурасына түсіп, кандидаттық диссертациясын оқу мерзімі бітісімен-ақ сәтті қорғапты. Бұл, сөз жоқ, Әшекең ағамыздың жоғары ғалымдық қабілеті мен шығармашылық ізденістегі алғырлығын байқатса керек. Ол заманда көп азаматтар аспирантураны бітіргесін 4-5 жылдан кейін ғана қорғап жататыны кең тараған үрдіс болатын.
Әшекең тәжірибе стансасын басқарған уақытта «Қарауылтөбе» қыстағы өсіп көркейді, ауыл тұрғындары 450 метр тереңдікте жатқан өте таза суды пайдалануға мүмкіншілік алды. Әрбір көшемен барлық үйлер маңына арық тартылып су келді, екпе тал саны күрт көбейді, елді мекеннің экологиясы жақсарып, саяланды.Егіншілер мен сушылардың, жұмыскерлердің әл-ауқаты өсті. Бұл станса азаматтарымен бірге ауылдың абырой-атағын арттыра түсті. Жалпы ауыл жағдайының елеулі жақсарғанының дәлелі – ол Қызылорда қаласынан және өзге жерлерден де азаматтардың сол кезде осында қоныс аудара бастағанында. «Елге ел қосылса, құт» дегендей, бұл ауылдың одан әрі өркендеуіне өз ықпалын тигізбей қалған жоқ. Ал осы игілікті істердің басы-қасында ұйытқы болып Әшекең жүрді.
Стансаны институтқа айналдырардағы қыруар жұмыс Алматы мен Мәскеу қалаларында атқарылды. Институт ғимаратын жобалау, оған қаржы бөлгізу, құрылысты уақытылы және сапалы жүргізу оңай шаруа емес еді. Осы күрделі істердің лайықты жүзеге асуы басшыдан қажырлы қайратты, күрделі қабілетті, тартымды талапшылдықты, биік біліктілікті талап етті. Сол ізгі мінездер Әшекеңнің бойынан табылды.
60-65 жылдары Қызылорда облысында күріштің орташа өнімділігі гектарына 18-23 центнер аралығында болыпты. 75-80 жылдары сол көрсеткіш 42-48 центнер шамасында тұрақтапты. Осы екі аралықта бас дақыл өнімділігі 24-25 центнерге өскен екен. Басты себебі, біріншіден, сол жылдары күріш егісі тегістелмеген қарапайым жағдайдан инженерлік жүйеге айналдырылды. Екіншіден, осы екі аралықта күрішті өсіріп, баптау агротехникалық әдістері мен шаралары анықталып, өндіріске енгізілді. Бұл сөз жоқ, әуелі облыстық күріш тәжірибе стансасы, кейін Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының үлкен еңбегі еді.
Әшекең тәжірибе стансасын және күріш ғылыми-зерттеу институтын басқарған уақытта аталған мекемелер өсу, өркендеу кезеңінде болды. Бұл үшін халықтың, ұжымның ортақ ісіне басшының адалдығы, асқан жанашырлығы, мызғымас табандылығы, әріптестер алдындағы жоғары жауапкершілігі, ең соңында ел үшін еңбек жасайын деген азаматтың үлкен арман-мақсаты болуы қажет. Осыны лайықты еңбегімен Әшекең дәлелдеп берді.
Мен отбасыммен бір жылдай «Қарауылтөбеде» екі қабат үйдің екі бөлмелі пәтерінде тұрдым. Ол кезде әкем мен анам қалада үлкен ағайдың қолында болатын. Табиғатынан далада өскендіктен болуы керек, ата-анам «Қарауылтөбеде» бізбен тұрғысы келетінін сездіретін. Біз де ата-анамен бірге болсақ, шапағы мол екенін сезетінбіз. Сөйтіп, мен осы мәселені Әшекеңе айтып, кең үй жөнінде өтініш білдірдім. Сол кезде ауылда екі пәтерлі қыш үйлер салына бастаған еді. Өтінішімді қолдап, келісім берді. Сөйтіп, қыштан тұрғызылған көпбөлмелі жаңа үйге кірдік. Әкем мен анамды көшіріп алдық. Мен сонда жиырма бестен енді ғана асқан жігітпін, ел үшін атқарып, орындаған ешнәрсем жоқ, жас маманмын. Соған қарамастан, Әшім аға осындай ірі қолдау көрсетті. Мүмкін, ардақты аға жүрегін менің ата-анамды қолыма алғым келеді деген сөзім жылытқан болар. Әлде, бұл осы азаматтың санасын солайымен жайлаған адамсүйгіштіктің мықты белгісі шығар.
1976 жылы сәуір айында Әшім ағамыз облыс басшысының ұйғарымымен қала халқын ет, сүт, көкөніспен қамтамасыз ету үшін қала іргесіндегі «Комсомол» совхозына директор болып тағайындалды. Осы шаруашылықтың негізінде 1977 жылы ауыл шаруашылығы техникумы мен совхоз қосылып, Қызылорда совхоз-техникумы ұйымдастырылады. Ондағы мақсат – теория мен тәжірибені ұштастыру, шаруашылыққа қажетті мамандарды даярлау. Әшекеңнің бастамасымен қыруар жұмыс атқарылды. Бірінші кезекте жаңадан оқу ғимараттарын, жатақхана салдыру жұмыстарын жүзеге асырды. Сонымен бірге көкөніс өсірудің технологиясын меңгеріп, оны тәжірибеге енгізіп, жылыжайлар жаңартылды. Қала халқы азық-түлікпен қамтамасыз етіле бастады.
Осы ұлан-асыр еңбектің бағасы мен қайтарымы болар мемлекеттік марапаттар иеленді. 1970 жылы «ҚазССР-на еңбек сіңірген агроном» атағын алды. Сондай-ақ екі рет «Құрмет белгісі» және «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, бірнеше медальмен марапатталған. Бұл азаматтың ел болашағы жолында, асқан жанашырлықпен атқарған еселі еңбегінің қайтарымы болар.
Не нәрсе болса да, қандай да бір өнегелі құбылыс пен тірліктің түпкі бастамасы немесе сағасы болады. Ендеше, өңірдің ауыл шаруашылығы саласында өзіндік биік орны бар, Ыбырай Жақаев атындағы күріш ғылыми-зерттеу институтының сағасында Әшім Ыбырайұлы тұрды. Мұны сол тұлғалы ғалымның шапағатты тәрбиесін көріп-сезген ғалымдар ауыз толтырып айта алады. Бүгінде Әшекең ағамыздың ортамыздан мәңгілік сапарға аттанғанына тура 35 жыл толды. Бұл ретте Ыбырай Жақаев атындағы күріш ғылыми-зерттеу институты ғимараты кіреберіс фойесінде Әшім Ыбыраевтың бюсті тұрса, тарихты бағалаудың, бұрынғылардың өлшеусіз еңбегін ұрпақ санасына құюдың, ғалымдық, азаматтық мұраны айғақтаудың, тұлға шапағатын ардақтаудың мықты көрінісі болар еді.
Ал ағамыздың ірі тұлғалығына, азаматтығына Қапаш апамыздың ақжарқындылығы, қарапайымдылығы, зиялығы мен тектілігі үйлесіп-ақ тұрушы еді. Апамыздың ортамыздан кеткеніне де 16 жыл болыпты.
Бүгінде мәуелі бәйтеректен тараған ұрпақтары, Серік бастаған інілерім ел өмірінің түрлі салаларында абыройлы қызмет атқарып, халық алғысын алып, өсіп-өнуде. Аға-апа ұрпақтарына амандық, абырой, бақ-береке тілейміз.
Серікбай ҚОШҚАРОВ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры,
техника ғылымдарының докторы,
«Парасат» орденінің иегері





