Шиелінің фотошежірешісі

692

0

Өткен ғасырдың 70-80-жылдарында, тіпті одан да әріректе «Суретті түсірген Саидхасан Хутаев» деп анықтама жазылған фотолар мерзімді басылымдарда жиі көзге шалынатын-ды. Халық шаруашылығының кез келген саласындағы еңбек адамдарының жарқын бейнесін кестелеген суреттер, өмірді әр қырынан көрсететін тосын көріністерге толы фотоэтюдтер ауданнан бастап, облыстық, республикалық, қала берді Одақтық мерзімді басылымдардың беттерінде жиі жарық көріп жататын. Солардың барлығы ақ-қара түсті жылтырақ қағаздарға түсірілгенімен, бояуының қанықтығымен, детальдарының анықтығымен көрген адамды бірден өзіне баурап алатын.

Бұл ел алғысына бөленген Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінің тәжірибелі фототілшісі Саидхасан Хутаев ағамыздың өрнектеген өнері еді. Расында, Саидхасан ағаны өрге шығарған   Шиелі мен Жаңақорған өңірінің шын мәніндегі шежіресіне, айналған еңбегінің жемісі десек жаңылыспаймыз.

Шиелінің фотошежірешісі

Иә, өмір өткінші, ақылман, әріптес ағамыз қазір арамызда жоқ, келместің кемесіне мініп кеткелі оншақты жылдың жүзі ауды. Алайда, Сәкеңнің алпысыншы жылдардың арғы басынан басталатын фотохроникалық архивінде кім болмады дейсіз?! Кезінде солардың бәрі фототілшінің үйінде қаз-қатар сақтаулы тұрды. «Елу жылда  ел жаңа, жүз жылда – қазан», демекші, өмірдің керуен-көшін бір мезет те кідірте алмайсыз, өзінің ырғағымен жылжып өте береді. Алайда, алаңкөңіл адам өткен шағын көргісі келеді, есінде қалған сол сәті қайталанса дейді. Ал ондай мүмкіндіктің орнын объективке түсірілген сурет қана алмастыра алады екен.

2010 жылы болуы керек, «Егемен Қазақстан» газетінің сол кездегі бас редакторы Жанболат Аупбаевтың Шиеліге келген сапарында «Қос алып» деп аталатын Ыбырай Жақаев пен Жазылбек Қуанышбаевтың бірге түскен әйгілі фотосын көріп: «Апырай, бұл суреттің авторы шиелілік екен ғой», деп таңданғаны есіме түсті. Иә, Сәкең Шиеліде өсті, өмір бойы аянбай еңбек етті, зейнетке де өзінің сүйікті «Өскен өңірінен» шықты.  Соңғы жылдары Ләйла жеңгеміз екеуі өмірдің ыстық-суығын бірге атқарысып, жарасымды өмір сүрді. Алла санаулы дәм-тұзын тауыспағанда осы кездері ардагер-фототілші 85 жасқа қадам басар еді-ау, деген ой келеді. 

Кәнігі фототілші Саидхасан Хутаевтың үйіндегі архивінде жүздеген фотокадр, бірнеше мың дана фотосурет  сақталып тұрды. Олардың арасынан кімдердің бейнесін кезіктірмейсіз, ғарышкер, ақын, жазушы, академик, атақты спортшы – бәрі бар.

Менің бір есімде қалғаны – бір  фотода Олимпиада чемпионы Нелли Ким «Дала академигі» Ыбырай Жақаевпен қатар бейнеленгені. Көпшілікке мағлұм, Шиеліден 41 Еңбек Ері шыққан, сол кісілердің көпшілігінің суреті Хутаевтың қоржынында сақталып келді. 

Әріптес ағамыздың үйіне облыстық «Кызылординские вести» газетінің тілшісі Мақсұт ініміз екеуміз соғып тұратынбыз. Бір барғанымызда,  ескі пленкаларын аударыстырып отыр екен.

– Қаншама замана алмасып, уақыт өзгергенімен, ел-жердің шежіресі қалады. Сол дүрмектің дүбірінде талай басшы келіп, кетіп те жатады. Бірақ, көне мұраға қарайласатын бірі жоқ. Сонда да бірде болмаса, бірде іздеушісі шығар деп отанымда сақтап отырмын, – деген еді сонда қарт фототілші.

Осы арада бір шегініс жасаудың реті келіп тұр. Сұрапыл соғыс кезі. 1944 жылдың ақпаны еді. Сталиннің бұйрығымен Кавказдағы бауырлас шешен мен ингуш халқы бір түнде жылы орындарынан қозғалып, Қазақстанға жер аударылды. Олардың арасында 3 баласын жетелеген Саидхасанның анасы да бар еді. Эшелондар мимырт жүрісімен кең даланы кесіп өтіп келеді. Қазақ жері. Бір стансада бала Саидхасан құтыға су толтырып алмақшы болып жерге түседі. Көпшілікпен таласа-тармаса шүмектен су алған 6 жасар бала қайтарында өз пойызын таба алмай қалады. Бір-біріне ұқсас өңкей қызыл вагон. «Нана, нана» (Шешен тілінде ана дегені) деп шырқыраған сәби сол стансада қала береді. Қараусыз бала аш-жалаңаш екі күн жүреді. Вокзал маңында бүрісіп ұйықтап қалған баланы сақшылар жетім балалар үйіне өткізсе керек. Тағдыр толқыны осылай Саидхасан Хутаевты Шиелі маңындағы № 23 разъезде орналасқан жетім балалар үйінен бір-ақ шығарады. Кейіннен оны Қарағандыдағы ФЗО-ға жібереді. Сол жерде тас қалаушы, пеш салушы, сылақшы, әрлеуші мамандықтарымен бірге сурет түсіруге де дайындайды екен. Несібесіне наны бұйырған шығар, ол осы мамандыққа икемді болады.

1955 жылы «Авангард» колхозында трактор тіркеушісі болып жүрген Хутаевты механизатор екеуін озат еңбеккер ретінде облыстық газеттің фототілшісі К.Пак суретке түсіреді. Жас жігіт фотоаппарат қолдану тәсіліне қызығушылық таныта бастайды. Аппаратты ұстап та көреді. Оның бұл іске икемі бар екенін, қабілетін аңғарған фототілші ауданның сол кездегі басшысы Исатай Әбдікәрімовке бұл жігітті фотограф ретінде пайдалануға ұсыныс жасайды. Ұсынысты Исекең де құп көрсе керек, тиісті сала басшыларына дереу тапсырма береді.

– Сол дүмпумен «Гигант» колхозының төрағасы Леонтий Хан «Старт» деген фотоаппарат сатып әперіп, артельден бөлме бергізді, – деген-ді Сәкең сол күндерді қайта еске алып. – Автобаза директоры Әбутәліп Бижанов, Түймебаев деген кісілер де көмектесті. Ол осындай қамқорлықтың аясында осы шаруаға қалыптасып кете барады.

Аудандық тұтынушылар комбинатында фотограф болып істеп жүрген жас жігіт өзін жақсы қырынан танытты. 1967 жылы оны аудандық  «Өскен өңір» газетінің редакторы шақыртып алып, редакцияға фототілші етіп жұмысқа қабылдайды. Содан бастап Саидхасан өңір өмірінен көріністерін кестелі көркем суреттер дайындайтын шежірешінің жолына түседі. Саналы ғұмырының 34 жылын осы салаға арнаған майталман фототілші 2001 жылы зейнет демалысына  шыққанға дейін өз қызметін адал атқарды. Және де штаттағы жұмыста болмаса да, аудандағы елеулі оқиғалардың ортасында жүргені көзкөрген бізге аян. 

Саидхасан ағаның орталық «Известия» газетінің белді қызметкерінің бірі Анатолий Топоровпен көп жылдар бойы қалыптасқан қарым- қатынасының өзі – бір бөлек әңгіме. Оның фототуындылары орталықтың «Правда», «Известия», «Огонек» секілді газет-журналдарда жиі жарияланды. «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттері байқауларының бірнеше рет жеңімпазы атанды. Ыбырай Жақаевтың «Өмір жолдары», Жадыра Таспанбетованың «Жүрегімнің жолдамасы», Орынбасар Бәйімбетовтің «Шиелі шамшырақтары» атты кітаптарына еңбектері енді.

– Өмір болған соң, неше  түрлі оқиғалар орын алып тұрады, – дейді елжірей күлген Сәкең. – Әйгілі фельетоншы Мырқы Исаевпен бірге ұйымдасқан қылмыскерлерді әшкерелейміз деп бір апта тоғай ішінде жатқанымыз бар. Маса гулеп тұр, жер сыз. Бірақ шыдадық. Менің тапқан пайдамның бірі – қолым қалт еткенде табиғат тамашаларын суретке басып ала бердім.  Олар да өз архивімде сақтаулы.

Иә, байырғы фотожурналист аудандық газет қабырғасында жүріп, елімізге белгілі қаламгерлермен бірге қызмет еткенін мақтаныш тұтушы еді. Дүйсенбі Смайлов, Мінер Арысбаев, Қанапия Дәрібаев, Зәкім Жайлыбай, Сәпи Құрманаев, Мария Жұматова, Серік Пірназар, Мұрат Күлімбетов, Бақберген Әбілдаев және де тағы басқалар аудандық басылымның сол кездегі уыздай ұйыған ұжым мүшелері болатын-ды.

Фотожурналист Саидхасан Хутаев Шиелі ауданының 80 жылдық мерекесіне орай шежірелі топтамаға туынды жасап ұсынып еді. Сондағы жүздеген фотосуретті өзіміз де көргенбіз. Бәрі де өткен жылдар тынысын айшықтап  тұрған туындылар еді, шіркін!

Шерхан Мұртаза айтпақшы «арқалағаны алтын, жегені жантақ» журналист қауымының өкілі емеспіз бе, Хутаевтың архивіндегі фотошежірелерді сақтайтын бір бөлме қажет, сол жерге қырық жылдық туындыларын топтастырайық деп талай басшыға ұсыныс айттық. «Мақұлдың» соңы тақыл-тұқыл болып, бәрінің де уәдесі аяқсыз қалды. Еңбегін де, өзін де елемегенге күйінген Саидхасан Хутаев бақилық болар алдында көптеген фотапленкалары мен дайын суреттерін өртеп жіберді дегенге өкіндік. Алайда, кейіннен хабардар болғанымыздай, оның кейбір фотожұмыстарының аудандық өлкетану музейіне жеткізілгенін көңілге демеу етеміз.

Шиелі ауданының қазіргі әкімі Нұржан Ахатов – осы жердің тумасы. Өзі өскен шырайлы Шиелінің кешегісі мен бүгінгісіне селқос қарамайтыны белгілі. Сондай-ақ, Хутаевтың газетте қызмет еткен кездері жас болса да, фототілшінің туындыларынан хабардар болуы тиіс. Елдің шежіресін кестелеген өнер адамының өзі де, еңбегі де ұмытылмауын қаперінде ұстайды деп сенеміз.

Иә, аудан әкімшілігінің қолдауымен ішкі саясат бөлімі, аудандық газет қызметкерлері және де оның көзін көрген ардагерлер тарапынан арнайы комиссия құрылып, Саидхасанның жұрт қолындағы мұраларын жиыстырып, музейден арнайы бұрыш ашса, өткен күннің белгісі болып тұрар еді.      

Нұрмахан ЕЛТАЙ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Ақпарат саласының үздігі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<