Шуақ, нұрын төгеді ол рухымен

311

0

Туған жерінің әлеуметтік-экономикалық түлеуіне көп жылғы еңбегімен мол үлес қосқан ҚР Білім саласының үздігі, ішкі істер саласының ардагері, доғарыстағы полковник, Жаңақорған, Шиелі аудандарының құрметті азаматы Олжабай Сапарбаев ағамыз туралы сөз айту біз үшін бір ғанибет. Ол кісінің ізін басып, ізгілігін көрген жұртшылық тек осылай десе керек, ол – өмір  заңдылығы.

Кеңес өкіметі кезіндегі партиялық тәлім мен тәуелсіздік тұсындағы ата-баба рухына бас иіп, олардың өнегесін ұрпақ тәрбиесіне жарату ісін санадан өткерген Олжабай Сапарбаев есімі Сыр елі тарихында қалған тұғырлы, тұлғалы азаматтар сапында нық тұр.

Олжекеңді білетін зиялы қауым, аймағымыздың басқа да жұртшылығы ол кісінің ақиқатшыл, әділ болмысының өзгеден бір саты биік тұратынын мойындап, әңгіме арасында жиі айтатын.

Кешегі өткен кеңес дәуірінде коммунистік идеологияның моральдық кодекс деген қағидаты болатын. Адамгершілікке негізделген осы ұстаным Олжекеңнің бойында бұзылмай сақталды. Жалпы, ағамыздың адами қасиеттері қоғам қалыптастырған тәлім емес, қазақы тәрбиемен келген құндылық екені анық.

Олжабай ағамыз өмірге келген 1937 жыл дүние дүрбелеңге түсіп тұрған қиын кезең екен. Сол жылдары Олжекеңнің әкесі Сәдуақастың ағасы Сапарбай қайтыс болып, әмеңгерлік жолмен жеңгесі Күлжанға үйленген. Сәдуақас әке мен Күлжан анадан Олжекең туған. Ағамыздың тағдырында сол кезеңдегі қазақ өмірі, қиын заман бейнесі бар. Өзі осы әңгімені айтып отырушы еді.     

Ағамыздың айтқан өмір өткелдерін, басқа да әңгімелерін құмарта тыңдайтынбыз. Жазып алып қағаздан оқып отырғандай шебер сөйлейтін, тауып айтқан тұжырымына, парасатты ой-пікіріне дән риза болып, келесі кездесуді аңсайтынбыз.

Кешегіні көзбен көріп  көңілден өткізу бүгінгі біздер  үшін әрине оңай емес, оның астарында сағыныш деген ауырлау салмақ жатыр. Байдың отыз күн ойын-тойына татитын бір күнгі қызығымыз қандай еді. Сол ағаларымызбен қызметтес, қанаттас жүрген жылдарымыз естен кетпес бір дәурен. Өмірден өткен сондай асыл жандарды жадымызда тірілтіп, олардың рухына тағзым ету – басты парызымыз.

Енді азды-көпті білгенімше Олжабай ағамыздың өмір жолына қысқаша тоқталсам, ағаттық кетіп жатса кешірім болар деген үміттемін. Ағамыз мектеп бітірген соң туған аулы «Екпінді» колхозында кітапхана меңгеруші, бастауыш комсомол ұйымының хатшысы болып жұмыс істеген. Жаңа ғана мектеп қабырғасынан шыққан баланың болашағынан зор  үміт күткен басшылар оған осындай жауапкершілік жүктеген.

1958 жылы Қызылорда педагогика институтына «қазақ мектептеріндегі орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі» мамандығы бойынша оқуға түскен. Институтта Әбдіжәлел Бәкір, Амангелді Қошқаров, Әкімбай Әубәкіров, Жұмакүл Құдиярова секілді кейін қайраткерлерге айналған Сыр елінің игі жақсыларымен бірге оқыған.

1963 жылы оқуын бітіріп, Жаңақорған ауданындағы «Төменарық» орта мектебінде мұғалім болады. Бір жылдан соң білімді, еңбекке төселген, ортасында беделі, ықпалы зор жас Олжекеңді Шиелі ауданының Білім қоғамы қызметке шақырады. Ал 1966-1977 жылдары Жаңақорған, Шиелі аудандық партия комитеттерінде бірінші хатшының көмекшісі, нұсқаушы, бөлім меңгерушісі болады. Мұнан әрі Алматы жоғары партия мектебінде оқып, 1979-1983 жылдары облыстық партия комитетінде жауапты қызметтер атқарады.

Кеңес Одағы коммунистік партиясының Бас хатшысы Л.Брежнев қайтыс болған соң оның орнына бұрын одақтың қауіпсіздік комитетін басқарған Андропов келді де, партия саясаты мен ішкі істер жұмысына жаңаша леп беріп, саяси органдар құрды. Осы кезде обкомда қызмет етіп жүрген Олжекең облыстық ішкі істер басқармасы саяси бөлімінің бастығы болып бекіді. Бұл қызметте абыройлы бола білді. Олжекең ағамыздың зеректігі мен зерделігінің арқасы болар, сол кездегі білікті де азулы ішкі істер басқармасының басшысы, марқұм Асхат Бүркітбаев деген ағамыз Олжекеңмен санасып, ұсыныс пікірлерін қабылдайтын. Әсіресе кадр мәселелері қаралғанда Олжекең ағамыз әділдікті ту етіп, талай табандылық танытып, көптеген сол саладағы жастарға пана да, қамқор да бола білген. Кейін ішкі істер басқарма басшысы болған Есен Демесінов ағамызбен бірге қызметтес болды. Екеуі ерекше сыйласты, ел абыройын көтерді. 

Ағамыз 1991-1997 жылдары облыстық атқару комитеті құқық қорғау бөлімінің бас маманы, кәсіптік-техникалық білім беру басқармасының бастығы, облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары болып қызметтер атқарды.

Кейін облыстық білім басқармасына қосылып кеткен бұрынғы облыстық кәсіптік-техникалық білім беру саласына әсіресе 1993-1994 жылдары мән берілмей, әбден жүдегенін көпшілік ұмытпаса керек. Оның үстіне  қысқартулар басталған, егер бір оқу орны жабылса, үш жүзге жуық жасөспірімнің болашағы бұлыңғырлана бастайтыны белгілі. Олжекең бұл жайында талмай ізденіп, басшылық жағалап жүріп, КТУ-лардың жағдайын көтерді.

1994 жылы ҚР Білім министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевқа жерлесі ретінде Алматыға барып амандасып танысқаны, кейіннен Бекең 1995 жылы күзде облысқа әкім болып келгенде дәйекті ұсыныстарын айтып, ауыр кезеңде салаға жан бітіріп, барлық кәсіптік-техникалық оқу орындарының өндірген заттарынан көрмелер ұйымдастырды. Қоғамның қолы нарықтың беліне жетпейтін тұста егін егу, мал бағу қосалқы шаруашылықтарын жүргізіп, балаларды еңбекке тәрбиелеудің төте жолын ұстады.

Олжекеңнің астын сызып айтатын адами қасиеттерінің бірі жағымпаздыққа, жаба тоқуға жаны қас кісі еді. Ақиқаттың алдында айыл жимайтын.

1985-1988 жылдары облыс басшылығында болған Еркін Нұржанұлы Әуелбеков өте талапшыл, әділ басшы ретінде есте қалды. Ешкім де ол кісінің сөзін бөліп, қарсы пікір айтпайтын.

Бір күні кезекті бір үлкен жиында Олжекең облыстың бірінші басшысына: «Жолдас бірінші хатшы, партияның екі ұстанымы бар, бірі – талап қою, екіншісі – сенім арту. Сіз талап қоясыз, бірақ сенбейсіз, кадрларға күдікпен қарайсыз», – депті. Еркін Нұржанұлы қарсы уәж айтпай, көп жерде Олжекеңнің осы сөзін қаперге алған екен. Олжабай аға туғанына жақпайтын осындай туралығынан тайған емес, әділ адамның сөзі де өтімді болады емес пе?!

Жаңақорған топырағында жатқан қос баба – Қылышты мен Төлегатайдың кесенелерін жаңғыртып, қор құру мәселесі туындағанда Олжекеңнің бойындағы сол қасиеттері атойлап көрінді. Бүкіл еліміздегі Найман руынан тараған беделді кісілермен сөйлесу, оларды бір пікір, ортақ ойға жұмылдыру оңай жұмыс па, сол жұмыс Олжекеңнің қолынан келді.

Соның нәтижесінде Жаңақорған жерінде алты ғасырдан бері халық аузында келе жатқан әулие Төлегатайдың заманауи зәулім кесенесі бой көтеріп, бүгінгі таңда республикалық маңызы бар тізімге енгізіліп, тарихи-мәдени ескерткішке айналды.  Бұл – бір жағынан рухқа тағзым, екінші жағынан ұрпаққа ғибрат болған іс. Сол істің басында халық қаһарманы Қасым Қайсенов, халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов бастаған жақсылармен бірге Олжекең ағамыз жүрді.

«Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деп аталарымыз тегін айтқан ба?  Олжекеңнің үшінші атасы тарихта қалған Тұрсынбай, Досбол датқалармен қатар өмір сүрген Томпақ датқа болса, өз атасы Нұртаза да өз заманында ел басқарған, батылдық пен жомарттықты қатар ұстаған кісі болыпты. Ал өмірден ерте өткен әкесі Сәдуақас мұсылман қағидаттарын жақсы меңгерген, тілі жүйрік, зерек, ағайын-туысқа ағалық жасап жүретін жан екен.

Жолдастық пен достық, сыйластық қарым-қатынастың үзілмеуі, ағайындай болып араластыққа ұласуы Алла Тағаланың адамдардың мінез-құлық үйлесімділігіне байланысты болар.

Ағаның мінез қалпына келетін ұқсастықтары шығар, қасында үнемі Сәмит Далдабаев, Жарылқасын Шәріпов, Тұрғанбай Маханов ағаларымыз болатын. Өзара сыйластықтары мол, бір-бірін күн аралатпай іздеп, ас-тойда, басқа да іс-шараларда бірге жүріп тұратын. Осы төрт ағамыздың Бердібек Сапарбаев Шығыс Қазақстан облысына әкім болып барғаннан кейін көп ұзатпай Сыр елі жұртшылығы атынан жаңа қызметіне абырой, сәттілік тілеп қайтқаны тәлімді де, тағылымды іс қой. Сол кісілердің берік достығы, бір-біріне деген ерекше сыйластығы – өңірімізде аңыз, күні бүгінге дейін  көп адамға үлгі.

Ағамыздың шынайы жақын араласып достасқан, мемлекет және қоғам қайраткерлері Қ.Саржанов, генерал-майор Баекенов, С.Мұқашев, Ә.Кекілбаев, О.Сәпиев, О.Әбдікәрімов, С.Арыстанбаев, С.Шаухаманов, Н.Уәлиев, тағы басқа көптеген апа-ағаларымызбен сыйластығы мен достығы – өзінше жеке-дара бір тарих.

2013 жылы ағамыздың 75 жылдық мерейтойына осы кісілердің қатысып, жүрекжарды тілектерін айтқаны жадымызда. Біз сонда ел ағасы болған өз ағамызға інілері атынан бұрынғының ат мінгізетін салтымен жеңіл көлік сыйлаған едік.

Міне, біз білетін Олжабай аға осындай азамат болатын. Әрине, бір еске алу сезіммен ағаның тұтас болмысын суреттеу қолдан келмес іс.

Елімізге аты белгілі ақын Ибрагим Исаев Олжекең ағасына арнаған бір өлеңінде:

«Азаматсыз ғой, ел сенер,

Кеудеңіз толы шуақ, нұр.

Сіз отырған сол кеңселер,

Есігі жүдеп, жылап тұр», – деген екен. Осы бір шумаққа сыйып тұрған қанша сыр бар, мұнда ең біріншіден, Олжекеңнің әділдігі, ақеден көңілі айтылады. Сол екі қасиет барда, жақсылық та бола береді.

Мұндай асыл қасиеттер бұрынғы ағаларымыздың болмысынан көбірек байқалатын. Ал біз қазақтың ақылды, ел алдына шыға алатын ақсақалында болатын адами биіктікті Олжекең ағамыздың тұлғасынан танығанбыз.

Осындай орны дара адамның өмірінің арты да жақсы. Ағалап, жарқылдап амандасып тұратын ұлдары Ғани мен Жәнібекті көрген сайын,  олардың мінез ерекшеліктерінен Олжекең ағаның тәлімін танимыз.

Асыл азаматтың қазасы баршамыздың қабырғамызға батты. Содан бері он жыл уақыт өтсе де, ағамыздың бейнесі кешегідей көңіл төрінде тұр. Еліне жақын болған ердің есімі қашан да халықпен бірге жасай беретіні анық.

Ардақты ағамыздың кеудесіндегі шуақ, нұр ел-жұртына оның рухы арқылы тарап, ұрпағының өмірін жарықтандырып тұра берері хақ.

Дайрабай ЫСҚАҚОВ,

еңбек ардагері, Шиелі ауданының,

Қызылорда қаласының құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<