Шындықтың шырағындай шынарым

451

0

Өмір-өзен жылжып ағып, жылдар артта қалып жатыр. Сол жылдардың тасасында қалмайтын ұмытылмас тұлғалар болатыны даусыз. Олардың еліне, халқына жасаған қызметі – ескірмейтін, жаңарып жасара беретін рухани қазына. Ғасырдан-ғасырға өтсек те аяулы азаматтар бейнесін сағынышпен, үлкен құрметпен қадірлей еске алу – жер басып жүрген пенденің парызы.

Артына өшпес із қалдырған нар тұлғалы азамат Дүйсенбі аға қысқа ғұмырында ақыл-парасатымен, сабырлы мінезімен, әділдікті ту етуімен, айнала қоршаған ортасына сенім мен үміт арта қарайтындығымен, ең бастысы, мейірім шуағын шашып тұратын қасиеттерімен дараланатын жан еді.

Әкесі Смайыл ескіше сауатты жан екен. Балаларының білім алуына, олардың болашағы білімде екенін болжай алған. Дүйсекеңнің үлкен анасы Рахия апай мен қарындасы Раушан да бар ғұмырын бала тәрбиесіне арнап, ұстаздық еткен. Анасы Саракүл апа күйеуі Смайыл қайтыс болғаннан кейін, балаларының өсіп-қалыптасу ауыртпалығын қайыспай  көтеріп, ел қатарына қосқан аяулы ана еді. Сол бейнетінің зейнетін көріп, қадірменді әже болып тоқсанға таяған жасында  дүниеден өтті.

Дүйсенбі Смайылұлы 1932 жылы Ортақшыл ауылында дүниеге келіп, ауылдағы жетіжылдық мектепті бітіреді. Қызылорда педагогикалық училищесін 1950 жылы бітіріп, өзі оқыған мектепке мұғалімдік қызметін бастады. 1951 жылы ҚазГУ-дің журналистика факультетінің сырттай оқу бөліміне оқуға түседі. Шиелі аудандық комсомол комитеті мектеп бөлімінің меңгерушісі, аудандық «Стахановшы» газетінің редакторының орынбасары болып қызмет атқарды. Іскерлік қабілеті арқасында отызға толмаған жас жігіт облыстық партия комитетінің үгіт-насихат бөліміне нұсқаушы болып, қызметтік сатыда жоғарылайды. 1963 жылдан бастап облыстық «Ленин жолы» газетінің жауапты хатшылық қызметіне тағайындалып, журналистік мамандығын шыңдай түседі.

Шиелі аудандық «Коммунизм жолы» газетін қайтадан шығарып, оның жаңа атауы «Өскен өңір» атандырған да Дүйсекең болатын. Редактор кезінде өзінің әріптестеріне, жаңадан қанаттанып келе жатқан жас буынға қамқор, ақылшы болды. Бір мысал, ақын Серік Байхонов «Өзегі өршіл өлеңім» жыр жинаққа жазған алғысөзінде өзінің 1966 жылы аудандық газет редакторы Дүйсенбі ағасымен алғаш кездесуі, мектеп оқушысына баласындай ілтипат білдіріп, қамқорлық жасағанын үлкен ризашылықпен еске алады. Сол кездегі газет редакциясындағы қызметкерлер М.Арысбаев, М.Жұматованың құрмет пен ізетін, олардың журналистік қасиетін зор мақтанышпен жазған.

1967 жылдан бастап Дүйсекең Шиелі аудандық партия комитетінің идеологиялық істер жөніндегі хатшысы  қызметіне сайланады. Бұл қызметінде өзінің жаңа қырынан партиялық принципшілдігі, ұйымдастыру-басқару қабілетімен танылды. Сол кезеңдегі аудан халқының мәдени өміріндегі үлкен жетістіктің бірі – «Жас дәурен» ән-би ансамблінің құрылуы. Онымен бірге осы игілікті істің басы-қасында Перуза Жүсіпова, Жақаш Қоңыратбаев жүрді. Қазақтың белгілі композиторы Әсет Бейсеуов екеуінің шығармашылық достығының арқасында аудан жастарының гимніне айналған «Шиелі вальсі» дүниеге келді. Бұл  әрбір мерекенің, тойдың ең көп шырқалатын әніне айналды. «Жас дәурен» ансамблінің қатарында Ә.Ноғайбаев, Е.Қоңқабаев, Әлімхан және Әшімхан Оспановтар, Ө.Райымбеков, тағы да басқа өнерпаз жігіттер мен қыздар өнерін шыңдады. Халықтың сүйіспеншілігіне бөленді.

Дүйсекеңнің өзі де домбыра тартып, ән салатын. Жұмыстан қолы қалт еткенде өзінің сүйікті ісі – өлең жазуға ден қоятын.

Хатшылық қызметте жүргенде ауданның қым-қуыт тірлігінен қолы босау деген өте сирек болатын жағдай. Жылдың төрт мезгілінде де науқаншылық тірлік тіреліп тұратын заман еді ғой ол кез.

– Жиырма бес – ұрыншақ кез орға жығар,

Жігіттер отыз жаста орда бұзар.

Қырқында құландай-ақ желіп жүрген

Есіл ер елуінде зорға қызар,  –

деп өзі жырлағандай елуге жетпей-ақ, қаншама шаруаны тындырды. Ол шын мәнінде сегіз қырлы, бір сырлы жан болатын.  Құдайдың берген алып денесіне ақылы сай парасат иесі өзі жүрген ортада барынша кішіпейіл, ақжүректі ақ пейілімен үлкенге ізет, кішіге қамқорлығымен өзгелерден дараланды. Сұм ажал қырық үш жасында қиып түсірмегенде халқына берері ұшан-теңіз еді.

Ағамыздың қазасын есіткенде жерлес жазушы інісі, Дүйсенбіні өзіне ұстаз тұтатын Оразбек Сәрсенбай күнделігіне былай деп жазыпты:

«Д.Смайылов 15 мамыр 1975 жылы қайғылы қазаға ұшырапты деп естідім. Ғажап адам, асқан парасатты, аса қымбатты дос адамдарымның бірі еді. Есіл ер 43 жасында өмірден қыршын кетті. Соңғы кездері жазықсыздан-жазықсыз қызметінен босатылып, облыстық газет жұмысын ауыстырған. Енді біржола жазу-сызуға ден қоюды ойлай жүрген. Осы уақытқа шейін бірде-бір достың қазасын мен дәл бұлай азалап көрмеген шығармын».

О.Сәрсенбай. «Өмірнама». Алматы. «Қайнар» баспасы 2005 жыл.

Дүйсекеңнің қайғылы қазасын арқау етіп Оразбек інісі «Шеңбер» атты көркем роман жазып, ағасына әдеби ескерткіш орнатты. Осы еңбегі үшін мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды. Дүйсекеңнің өмірі тоқтағанмен, Жаратқанның арқасында соңында қалған ұрпақтарымен жалғасын табуда. Өмірлік қосағы Кеңескүл жеңгемізбен екеуіне  Алла берген перзенттері қазір Алматы, Қостанай қалаларында жүріп жатыр. Үлкен ұлы Ыдырыс қазір алпыстан асты, Алматыда тұрады.  Ағаділ  оттай жанып келе жатқан шағында өмірден тым ертелеу кетті. Кеңескүл жеңгеміз кіші ұлы Жандоспен немерелерінің қызығын көріп отыр. Екі қызы – Майрасы мен Розасы екі рулы елдің отын жағып, өсіп-өніп, әке атына кір келтірмей ғұмыр кешуде. Биыл аға бар болғанда бүкіл Шиелі өңірі дүркіретіп 90 жылдығын тойлар еді. «Орнында бар оңалар» демекші, ағамыздың соңы жақсы, немере-шөберелері өсіп келеді. Тәубә деп, ұрпақтарына амандық тілейміз.

Сөздің соңын Оразбек Сәрсенбай інісінің «Өмірнама» күнделіктер жинағында 1990 жылдың тамыз-қыркүйек айларындағы жазған сөзімен қорытындыласақ: «Туасы, бүгінгі Шиеліде баяғы Дүйсекеңнің – Дүйсенбі Смайылұлының орыны үңірейіп бос тұрғаны білініп-ақ тұр».

Бұл ойға қосарымыз да, аларымыз да жоқ. Әркімнің өз орны болатыны даусыз. Сыр өңірі өз перзентін ұмытпайтыны анық. Пейіште нұрың шалқысын, Дүйсенбі аға. Сіздің өмір жолыңыз ұрпаққа үлгі өнеге.

Асанхан  АҚПАНБЕТОВ,

ардагер ұстаз

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<