Елім деп еңбек етіп өткен ерін елі неге іздемесін, оның есімін неге ардақтамасын?! Ондай асыл ерді ардақтау – елдіктің, ауызбірліктің, адамгершіліктің белгісі. Ал кейінгі жас ұрпаққа көрсетер үлгі-өнеге. Бізден де бұрын елі үшін еңбек еткен асыл ағаларымыздың бәрі де бір-бір тұлға десек, артық айтпағандығым болар. Өйткені, олардың көбісі Ұлы Отан соғысының майдангерлері еді. Соғыстың алапат сұмдығынан аман-есен шыққандары ауылға оралысымен, еліміздің еңсесін тіктеуге маңдай терін төкті. Өлім мен өмір үшін күрескен олар, қандай жұмыс жасаса да адалдықпен, жан тазалығымен, ар-ұяттарымен, аса жауапкершілікпен еңбек еткендігі жасырын емес. Оны бүгінгі аға буын – біздер жақсы білеміз.
Осындай ар-ожданды ерлердің қатарында үш рет Ленин орденінің иегері, майдангер һәм қоғам қайраткері, Кеңес және партияда жоғары басшылық қызметтер атқарған, КСРО және Қазақстан Жоғарғы кеңесінің депутаты болған Қонысбек Қазантаев ағамыз бар. Бүгінде оның есімі ел арасында мәңгі ұмытылмастай орын алған. Биыл елге белгілі қоғам қайраткерінің туғанына – 100 жыл. Сол абырой мен атақтың бәрі еліне жасаған адал, таза қызметінің арқасы болса керек.
Ол 1923 жылы дүниеге келген. Өзінің бала жастан алғырлығы мен зеректігінің арқасында 19 жасында Қазалы орыс-қазақ педагогикалық училищесін тәмамдасымен Ұлы Отан соғысына аттанып, жастығын жалынның ортасында өткізеді. Адамның зәресін алатын зуылдаған оқты көрген, айналаны шарпыған қызыл жалын отты көрген. Алғыр азаматты алапат соғыс аз уақытта есейтті, бұрынғыдан да ширатты, ширықтырды. Өмір қазанында от-жалынның арасында қайнап, пісіп, ысылып шықты.
Осыдан да шығар, Қонысбек Төрешұлының ой-өрісінің астары терең, саяси сауатты, күш-қажыры болаттай бекем, істің көзін табудағы тапқырлығы тез әрі жылдам, қашанда, қай істе де Алланың берген терең түйсігі арқасында қиналмай қиыннан қиыстырып шыға білетіндігін бір жан білсе, енді бірінің таңғала-тамсана қарайтындары да болған. Оның бойындағы іскерлігі Құдайдың берген қабілетінен десек болады. Қандай істе болмасын адамның қабілеті жоғары болуы тиіс. Сонда ғана ол адам өзіне білдірілген сенім мен мүддеден шыға алады. Бұндай қасиет Қонысбек ағамыздың бойында тумысынан бар екендігінде дау жоқ. Адам бойында кейде ұйымдастырушылық шеберлік, іскерлік қасиет, басшылық қабілеттер өзіне байқала бермейді. Оны байқай, көре білетін, тап басып аңдай білетін зерек азаматтар болады.
Қонысбек Қазантаевтың осындай жағын аңғара, көре, аңдай білген сол кезеңдегі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Мұстахим Ықсанов екен. Шиелі аудандық кеңесі атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарып жүрген жерінен алып, 1963 жылдың күзінде оны Сырдария (бұрынғы Тереңөзек) ауданының бірінші хатшысы етіп тағайындайды. Ол кезде бұл ауданның экономикасы құлдыраған, шаруасы божырап, халқының әл-ауқаты төмен болса керек. Жаңа хатшы аудан тізгінін қолға алысымен әрбір кадрлардың алдына жоғары талап қойып, аса жауапкершілік жүктейді. Бір жылдың ішінде ауданның қисайған жерін түзеп, төл алу науқанын жолға қойып, мал басын арттыруда жоғары көрсеткішке қол жеткізеді. Қаракөл елтірісін өндірудің сапасы артып, мемлекетке сүт-май, ет тапсыру жоспары межесінен шығады. Осының бәрі іскерлік пен біліктіліктің, ұтымды ұйымдастыра білудің, талап пен жауапкершілікті арттырудың жемісі екендігі шындық. Сөйтіп аудан экономикасына зор серпіліс пен сілкініс пайда болып, әлеуметтік ахуал арта бастайды. Бұл жетістік кадрларға талап қоя білу арқылы келсе керек. Жұмысты талап ету әрбір кадрды ширатады, шыңдайды, өсіреді. Қонекең ағамыз осы жағына аса мән бере білгендігін ол кісімен қызметтес, әріптес болған жандардың аузынан ел арасында көптеп естіп те жүрміз.
Әсіресе, менің Әбіш әкем ол кісіні ауызынан тастамайтын. 1962 жылдары Шиелі ауданында Қ.Қазантаев аудандық атқару комитетінің төрағасы болып қызмет атқарып жүргенде, бірнеше мәрте жұмыс бабымен кездескен болса керек. «Ойпырым-ай, көзінде оты бар, сөзінде шоғы бар, тілінде оғы бар мұндай іскер азаматты өмірімде алғаш көруім» деп тамсана айтқаны есімде. Тағы да бірде әкем: «Ол кісінің жетеңе жеткізе, түсіндіре, сараптап, талдап берген сөзінен кейін, ол істі жүзеге асыра алмайтын адам болмас» деп таңғала айтқаны да жадымда.
Әсіресе, ол кісінің жұмыс жасау стилінің ерекше болғандығын айтатын. Жиындарды дәл белгіленген уақытта өткізіп, шаруашылық аралауда ештеңені көзінен таса етпей ой мен сайды тегіс көріп шығады екен. Шаруашылық басшыларының өзі біле бермейтін жерлеріне дейін көріп, кеткен кемшілікті тез жөндеуді, қалпына келтіруді ескертіп, кейіннен сол жерді қайтадан арнайы барып көзімен көретін болған. Ондай кезде шаруашылық басшылары мен бас мамандарға ұрыспай, асқан сабырлықпен ақыл-кеңесін айтып, тапсырма беріп, оның қалпына келуін тікелей өзі қадағалайтын болған. Ол кісінің тағы бір ерекшелігі – шаруашылықтағы әр саланы соның маманындай жіті, егжей-тегжей талдап, саралап беретін аналитиктігі мамандарды таңғалдырған. Басшы ретінде кесім мен шешімді әбден ой елегінен өткізіп барып қабылдайтындығын көп жан үлгі еткен.
Қазақта «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген тәмсіл бар. Бұл сөз әр адамның еліне жасаған адал ісіне, еңбегіне қарай берілетін баға ретінде айтылса керек. Сондықтан Қонысбек Төрешұлының дара тұлғасының ерекшілігі мен көзін көргендердің берген сипаттаулары оның жақсы жан болғандығын айқындай түседі. Өйткені ел-халқы өз бағасын әлдеқашан жақсы адамдардың қатарынан орын беріп қойған. Оны ешкім жоққа, теріске шығара алмайды. Қонекең барынша парасатты, адамгершілігі биік, мүмкіндігі өте зор болған адам. Тіптен, ел алдында тап-тұйнақтай жүретіндігінің өзі көпке үлгі. Замандастарынан оқ бойы озық тұруы болмысының биіктігі, қолының тазалығы, арының адалдығы, мағыналы да мақсатты, мәнді де сәнді еңбегімен өмір сүре білгендігі шығар. «Қыран қияға қарайды» демекші, бұл кісі еңбектің биігіне ұмтылып, шындықтың шыңына қарай әділдіктің ақ туын тура көтерген десек, артық айтпағандық болар. Байқап қарасаң, өмір өзі қызық. Біреулер жұмысты жанын салып жақсы істесе де, кейде жоғарғы басшыға жақпай қалып жатады. Ал біздің Қонекең ағамыз асып-саспай, «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай», аса жауапкершілікпен өзіне берілген тапсырма мен межені дер уақытында орындай білген жан. Өтірік пен өсекке, мақтаншақтық пен бос сөзге жаны қас екендігі ісінен, елге жасаған адал қызметінен байқалады. Ұстамды, сабырлы, салмақты, артық әңгімеге жоқ адам екендігі аңғарылады. Бұл кісі өзгеге ұқсамайтын, ерекше тұлғалы адам болған.
Сұрапыл соғыстан аман-есен келгеннен кейін (1945-1963 жылдар аралығында) Қармақшы аудандық атқару комитетінде жауапты хатшы, одан кейін төрағаның орынбасары, төраға қызметтерін атқарған кезеңдерде мүлтіксіз қызметі мен адал еңбегі үшін 1958 жылы «Құрмет белгісі» орденін алады. Ол кезеңде орден мен медаль кез келген жанға беріле салмайтын. Сол наградаға ұсынылған адамның еңбектегі жетістіктері, бейнетқорлығы, көрсеткіштері әбден сараланатын. Сол жергілікті жердегі партия ұйымында қарап, оны бірнеше партия мүшелерінің дауысына салып, бекітіп, жоғары жаққа жіберетін. Жоғары жаққа барғасын тағы сараланып, берілу-берілмеу мәселесі тағы қаралатын. Осылай таза және адал атқарған еңбегі ел алдында таразыға салынатын. Бұны айтып отырғандағы себебім, қызыл империяның кезінде біздің елдің адамдары мұндай жоғары награданы сирек иеленетін. Ол 1966 жылы алғашқы «Ленин» орденін алады. Сол кезеңде бір «Ленин» орденін екінші рет алған адамға Социалистік Еңбек ері атағы қоса беріліп «Алтын жұлдыз» кеудесіне тағылатын. Біздің Қонысбек ағамыз – «Ленин» орденін үш рет иеленген тұлға. Демек, КСРО заманында-ақ «Еңбек ері» деген атаққа лайықты адам болғандығын осы марапаттан-ақ біле беріңіз. Бірақ, бұл атақты қызыл империя ағамызға қимағандай көрінеді. Адал еңбегімен алып державаны мойындата білгеніне біздер қуанамыз. Ал бүгінгі ұрпақтар үшін бұл мақтаныш.
Ол кісінің еңбектен жиған абыройы, беделі, салмағы бір басына жетерлік еді. Ақылдылығынан болар іскермін деп бұлданбады, мастанбады. Ол кісінің іскерлігінің тағы бір қырын осындайда кейінгі басшылық қызметте жүрген жастарға үлгі ретінде айта кеткен дұрыс шығар. Қонысбек Қазантаев ауданды басқарып жүргенде өзінің ауданда өтетін бюро мәжілісіне облыстық мекеменің сала басшыларын арнайы шақыртқан. Аудандағы соған қарасты бөлім басшыларының жарты жылдағы атқарған жұмыстарын бірігіп тыңдаған. Ондағы мақсат – сол саладағы түйткілді істерді бірігіп шешу. Сонда ауданды менсіне қоймайтын басқарма басшылары Қонекең ағамыздың айбатынан, білгірлігінен қаймығып, ол кісінің айтқандарын екі етпей орындауға тырысатын көрінеді. Қазақта «Өз өресін білген адам, он адамға төрелік жасай алады» деген нақыл бар. Алайда істің ұтымды жағын ойластыра білуі көпті көргендігінен екендігі анық.
Біздің облыс қашаннан ирриграция және мелиорациялық жұмыстарға басымдық беріп келеді. Ақ күріштің фабрикасы атанған Жалағаш ауданын басқарған 1975-1985 жылдардың алғашқы кезеңінде 17 мың гектар жерге күріш ектіріп, оның әр гектарынан 48,3 центнерден өнім жиналады. Жыл сайын өнім түсімділігі арта түседі. Ақырында 1984 жылы 17944 гектардың, әрқайсысынан 52,2 центнерден өнім алып, облыс бойынша рекордтық табысқа қол жеткізеді. Осылай тынымсыз еңбегі арқылы Қонысбек Төрешұлы аудан беделін жоғарыға көтерді. Ол кісі өзінің іскерлігі, тазалығы, әділ және турашылдық қасиетінің арқасында облыста «Қазантаев мектебі» қалыптасты. Өйткені Қонекең Сырдария және Жалағаш аудандарын басқарғанда кадрларды іріктеуде ешкімге алалық та, қысым да жасамай, білігіне, біліміне қарай жасақтағанын ел әлі күнге дейін жыр қып айтады. Өзі басшылық жасаған ауданда алдымен еңбек тәртібін орнатып, әрбір шаруашылық директорлары мен әр саланың бөлім басшыларының талап пен жауапкершілігін арттырады. Жұмыс барысында жалпақшешейліктен, көңілжықпастықтан аулақ тұрған жан. Оны бойына қондырса басшылар мен қызметкерлер тыңдамай, сыйламай кетіп, мемлекет тапсырмасы орындалмай қалатынын жақсы білді. Содан болар, алдына қойған істі соңына дейін апара білетін жас кадрларға баса көңіл бөлгендігі.
Ертеде бір грек философы «Дарынды және тәуекелшіл ерді уақыттың өзі тудырады» деген екен. Міне, қоғам қайраткері Қонысбек Қазантаев өз кезеңінде уақыт тудырған дарабоз тұлға десек, жаңыла қоймаспыз. Сонау соғыс өртінің бел ортасынан есен-сау шығып, қиын-қыстау, ел еңсесі езіліп тұрған шақта демін алмай, өз елінің келешегі үшін маңдай терін төге еңбек ете білуі, қоғам қайраткеріне тән қасиет болса керек. Сол кезеңде бойында осындай ұлттық патриоттық қасиеті болмаса, елін, туған жерін гүлдендіре алар ма еді? Бойына Алланың берген табиғи дарыны мен алғырлығы, зеректігі көшбасшы болуға жетеледі. Іскерлік қабілеті мен өз талантына сүйеніп өз ұстамымен жүрді. Сөйтіп, барлық өмірін тынымсыз еңбекке арнап, бұл жолда бақытын тауып, еліміздің дамуына, өсуіне, өркендеуіне зор үлесін қосты, қоғам қайраткері атанды.
Ол кісі жай басшы болған жоқ. Өзінің ой-пікірін, ұсынысын жоғарыға өткізе алатын, қазып та, жазып та нақты айтып, айналасына дәлелді дәйектермен мойындата білген. Қазақтың ақиық ақыны Сырбай Мәуленовтің:
«Сыр бойында болыс көп, Мықтысы оның Қонысбек» деп жырға қосуы оның қайраткерлік тұлғасын айшықтай түскендей. Ол кісі өзінің басшылық кезеңінде көптеген шәкірттерді тәрбиелеп шығарғанын жақсы білеміз. «Ұстазы жақсының, ұстамы жақсы» дегендей, «Қазантаев мектебінен» тәрбие мен үлгі-өнеге алып шыққан, есімі еліміздің төрт бұрышына әйгілі, Талдықорған және Қызылорда облыстарын басқарған, мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухаманов еді. Сырдария, Жаңақорған, Жалағаш аудандарын басқарған Сәмит Далдабаев, Алма Божанова, Дина Айсина, Дариха Ақмағанбетова, Жақай Бодықбаев, Қожахмет Баймаханов секілді азаматтар – осы Қонекеңнің мектебінен өтіп, ел басқарғандар. Бұл тізімді тізе берсек жетерлік.
Қонысбек Қазантаевтың өнегелі өмірін, қайраткерлігін ешкім де жоққа шығара алмайды. Осындай асыл азаматтарымызды, тау тұлғаларымызды әрдайым жас ұрпаққа жеткізе білсек, олар еңбекке ынталанып, отансүйгіштігі арта түсері анық.
Серік Дүйсенбаев,
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<